• Тіл
  • 15 Тамыз, 2019

ЖАТ СӨЗДІҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕЙІК

Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы

«Ана тілі» газетінде жарияланған белгілі жазушы, тіл жанашыры ­­       Б.Нұржекеұлының жанайқай мақалалары (18.10.2018 ж., 10.01.2019 ж., 21.02.2019 ж.) және оған жауап ретінде жарияланған Е.Қажыбек (24.01.2019 ж.)­ пен Ә.Жүнісбек мақалалары (31.01.2019 ж.) қазақ жазуы реформасындағы түйткілді мәселелерді ашық көрсетті және туған тіл тағдырына алаңдаған қауымды бұл мақалаларда көтерілген мәселелер бейжай қалдырмайтыны да анық. Бұл мәселелерді шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілетті ұлттық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес. Сондықтан да әліпби құрамы мен емле ережелеріне ұлттық тіл мүддесі тұрғысынан сараптама жасап, өзгерістер енгізу қажет деген пікірді қостаймыз. Әлі де кеш емес, «ұлт үшін деген ұлы істі» ­                 (А.Байтұрсынұлы) түзу де даңғыл жолға түсірейік, ағайын!

Қазақ жазуына реформаның ­ қа­­жеттігін, латын жазуына өтудің маңыз­дылығын бүгінде қазақ қоғамы түгел түсінді деуге болады. Ал әліпби құ­рамына, дыбыстардың таңбалануына, жаңа емле ережелеріне көзқарас бірдей емес. БАҚ пен әлеуметтік желілерде мәселеге қатысты кереғар, қарама-қарсы пікірлер айтылуда. Бір жағы «бұл емле ұлт үшін үлкен жаңалық, тіліміз жаңарды, дамудың даңғыл жолына түсті, өзге тілдің тілбұзар ықпалынан құтылды, ұлттық жазуға көшеміз» деп сүйінші сұрап жатыр. Ал екінші жақ «жаңа әліпби бұған дейінгі тіл бодандығын жалғастыра бере ме, қосамжар емле мен тиянақсыз тұжырымдар тағы да тілді тұсайды, ештен кеш жақсы, әліпби мен емлені тағы да сүзгіден өткізейік, талдайық, талқылайық, жетілдіре түсейік» деген ой айтуда. Бір-екі пікірді келтірсек: «Біріншіден, бұл емле қабылданған соң біздің жазу, оқу санамыз қандай да бір тілге байланбайды, толық тәуелсіз болады» (Г.Мамырбек «Жаңа емленің жаңашылдығы неде?», Abai.kz, 29.01.2019). «Бұл кирилл жазуының емлесін қайталағанымыз болып отыр. Ендеше, латын әліпбиіне қазіргі кирилл орфогра­фиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кириллдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз» (Ә.Жүнісбек «Әліпби де, емле-ереже де сараптаудан өте түсуі керек», «Ег. Қаз», 17.01.19). 2019 жылдың 17 қаңтарында «Егемен Қазақстанда» жарияланған жаңа емле ережелері – қоғамға ұсынылған үшінші нұсқа. 2018 жылдың қыркүйек, жел­тоқсан айларында көпшілік талқысына ұсынылған жобалармен салыстырғанда азды-көпті өзгерістер болғанымен, негізі – сол ұстаным. Туған тілдің тынысын аштырмай тұқыртып келген бір ғана мәселеге, жат тілдік ықпалға тоқталсақ. Қазір ұлт үшін де, тіл үшін де шешуші тұстағы негізгі міндет пен мақсат – жазу реформасы арқылы туған тілдің тынысын ашу. Ал бұл қазақ тілін өзге тілдің, нақты айтқанда, орыс тілінің тілбұзар ықпалынан босату арқылы ғана мүмкін болатыны анық. «Біз орыс тілінің ықпалынан арылуымыз керек. Мәселе, тілдің тәуелсіздігін алуда тұр» (Ғ.Есім, №16, «Ана тілі», 2018). Б.Нұржекеұлы ағамыз «Ана тілі» газетінде (18.10.2018 ж.) «Жаңа әліпби тіл бодандығын жалғастыра бере ме?» деген сұрақты да тектен-тек қойып отырған жоқ. Мәселе, қазақ тілінде шет тілдерден келген сөздерді қолдануға, әліпби құрамындағы жат әріптерге байланысты болып отыр. Шет тілдерден келген сөздердің жазылымына байланысты ұсынылған емле жобасында 22 параграф берілген, ал нақты тұжырым жоқ. Жеке әріптердің жазылымына байланысты ережелерден бұрын, жалпы өзге тілдерден алынатын сөздердің қолданылуына байланысты басты қағида, тұжырымды айқындап алмаймыз ба? Жаңа әліпбидегі жат әріптер мен өзге тілдік сөздердің жазылымы мәселесі жалпыхалықтық талқылаулар бары­сында жиі сөз болды. Бұл мәселелердің туындауы да заңды. Өйткені біз жазу реформасын бастадық, бірақ күні бүгінге дейін халықаралық термин сөздерді қолдануға қатысты бірыңғай ережеміз бен ұстанар нақты қағидатымыз болмай отырғандықтан, қиындықтарға ұшырап жатырмыз. Нәтижесінде екіұшты ере­желер мен қосамжар емле тағы алды­мыздан шықты.

Сондықтан да қазақ тіліндегі жат тілдік заңдылықтар және халықаралық сөздердің қазақ тілінде айтылымы мен жазылымы мәселесі қазіргі жағдайда тіл болашағымен тікелей байланысты ең қиын, күрделі мәселеге айналды. Бұл мәселені тү­бегейлі шешпей, ұлттық жазу туралы айту да қиын. Қазақ сөзінің саздылығы мен әуез­ділігі жұтаңдап, бояуы кете бастауының басты себебі де осы тілбұзар жат тілдік заңдылықтарда жатқаны анық. ХХ ғасыр басында осы мәселе көтерілгенде Алаш зиялылары бекер дабыл қақпаған екен. Өз тарихымызда өзге тілдің ды­быстық-әріптік құрамы мен жазу ережесін түгел алған тәжірибеміз бар және оның арты неге әкелгені де белгілі. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тәсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде қазақ ғалымдары ашық айтып отыр (Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы, ­ Ә.Жү­нісбек,­ Б.Қалиұлы, Ш.Құрман­байұлы, Б.Қапалбек, т.б). Ал жаңа әліпби мен емле арқылы осы тас бұғау тілбұзар ере­желерден құтыла аламыз ба? «Русизм­­­дерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруынан» (Ө.Айтбаев «А.Байтұрсын­ұлының өнегесі мен Ә.Қайдар қа­ғидасы», «Ег.Қаз», 25.09.2017 ж.) арыла аламыз ба? Бұл аурудың бізге өтіп кеткендігінің бір дәлелін жаңа әліпбидің емлесінен көруге болады. Туған тілдің мүмкіндігіне сенбей, шет тілден енген сөздердің басым бөлігін түпнұсқа үлгісіне жа­қындатып жазамыз деп отырғанымызды басқаша қалай түсіндіреміз? Қазақ тілінің жаңа емлесінде өзге тілдерден енген сөздер кірме және шеттілдік сөздер деп ажыратылған, яғни кірме сөз – қазақ тілі заңына бағынған, игерілген сөздер (самаурын, кәстөм, рөл), ал шеттілдік сөздер – «жазба тұр­паты түпнұсқасынан үлкен айырмасы болмайтын өзге тілден енген сөз». Келесі пікір бұл түсінікті то­лықтырып тұр. Шеттілдік сөздер, негізінен, әліпби шегіндегі әріптермен қазіргі донор тіл – орыс тілінің орфографиясымен таңбаланады: akvarel, stil, lager, artıkl, kegl, fılm; moderator, marker, vaýcher, sýpervaızer, blokbaster» (Қ.Күдеринова «Жаңа емле – сындарлы қадам», «Ег.Қаз», 22.01.19 ж.). Жоғарыдағы «жазу, оқу санамыз қандай да бір тілге байланбайды, толық тәуелсіз болады» деген сүйінші сөзіміз қайда қалды? «Донор тілге» күні қалған тіл қалай тәуелсіз болады? Орыс тілі қазақ тіліне қашанғы донор болмақ? Шеттілдік «сөздің жазба тұрпа­тының түпнұсқа тілге жақын болуы мен көзшалымға қораш болмауы». Шет­тілдік сөздерді таза қазақы үлгімен жазуға қарсылар осындай да уәж айтып жүр. Бұл уәждер мен тұжырымдарды ­қа­лай­ түсінуге болады? Жазу реформа­сының өзі санада жатталып қалған кирилл жазуының тілбұзар ықпалынан құтылу үшін қолға алынған жоқ па? Қазақ тілінің төл заңынан туындайтын айтылым, жазылым үлгілері сол тіл иесіне көзге қораш көрінетін болса, қазақ тілінің жаңғыруы, табиғи болмы­сын сақтау туралы не айтуға болады? Бұл сол ұлттық сананың жаңғыруынан гөрі өзгені зор, өзін қор санайтын ­бо­дандық сананың, кертартпа психоло­гияның мысалы сияқты. Жаңа емле ережесінде «Шеттілдік бірқатар сөздер түпнұсқасына ұқсас жазылады» (§76) деп көрсетілген. Бұл арада түпнұсқа тіл ұғымы нақтылықты қажет етеді. Қай тілді айтып отырмыз? Осы уақытқа дейін біздегі термин сөз­дердің басым бөлігі халықаралық сөздердің орыс тіліндегі нұсқасы болып келгендігі аян. Жаңа емле де осы жолды жалғастыратыны көрініп тұр. Емле ере­желерінің он жеті параграфында мысал ретінде берілген мына сөздердің таңбасы өзгергенмен, жазылым ережесі сол күйінде, дәлме-дәл орыс тілі емлесімен алынған. Мысалы: stepler, vaýcher, sýpervaızer, banknot, bıznesmen, dızaın, chempιon, avtor, pop-mýzyka,breın-rıng, kofe-breık, market-meıker, shoý-bıznes, т.б. Ал жекелеген әріптер ауыстырылды деп берілген сөздер жазылымының тұпнұсқа орыс тіліндегі жазылымынан көп айырмасы жоқ. Мысалы: fılologıa, kvars, ýchılıshe, stil, sýbekt, poetıka, т.б. Сонда «жаңа әліпби тіл бодандығын жалғас­тыра бере ме?» деген сұраққа қалай жауап береміз? Өкінішке қарай, осы жолмен жүрсек, тіл бодандығы жал­ғасатын түрі бар, «тіліміздің болашағын бұлдыр нәтиже күтіп тұрғаны даусыз» (Б.Нұржеке). Сол сияқты біздің айтылым-жасалым (акустика-артикуляциялық) жүйеміз бұл шеттілдік дыбыстар мен сөздерді айтуға дағдыланды, бұл сөздер қазақ тіліне сіңісіп кетті деген де пікір бар. Қазақ тіліне сіңісіп кеткен деп тек қазақ тілі заңдылығына толық бағынып, игерілген сөздерді айтпаймыз ба? Мысалы, «са­маурын, болыс, көпес, тұрба», т.б. Ал өз заңдылығын өзімен ала келген сөз тіл басқыншысы есебінде, тіл болмысын бұзушы ретінде бағаланатынын білеміз ғой. Біз жеке дыбыстарды ғана емес, сол дыбыстармен айтылатын тұтас сөздерді өзге тілдің заңдылығымен айтуға, жазуға дағдыланып қалдық. Ал ол дағдының тілбұзар сипатын бүгінде біз айқын сезі­ніп отырмыз. Жат тілдік сөздердің жазылым, айтылымына қарай тілін икемдеп өскен ұрпақ өзінің ана тілінде сол өзге тілдің мақамымен сөйлей баста­ғаны, өзінің төл сөздерін өзге тілдің заңымен жазып жүргені жасырын ба? Жаңа емледегі шеттілдік сөздердің жазылымына қатысты тағы бір пікір: «Шеттілдік сөздерді ұлттық тіл заңдылықтарына сәйкес игеріп жазу тіліміздің сыртқы әсерге қарсы тұру иммунитетін қайта қалпына келтіретін тетік болмақ» (А.Фазылжан «Жаңа емле ережесі туралы бірер сөз», «Ег.Қаз», 18.01.19 ж.). Айтылған пікір дұрыс, бірақ сол қазақ тілінің шеттілдік сөздерді тіл заңдылығына сәйкес игеруін біз жаңа емле ережелерінен көре аламыз ба? Тұтас шеттілдік сөздер жазылымына арналған сегізінші тараудың жиырма екі параграфының біреуінде ғана бұл сөздерге мысалдар келтірілген: «taýar, nómir, poshta, kástóm, pálte, poıyz, sıez, slesir, vedimis, vedimistik, ketchúp [6]. Бұлардың ішіндегі «slesir, vedimis, vedimistik, ketchúp» сөздерін толық игеріліп тұр деп айту қиын, жат ды­быстар таңбасымен (в,ч), сөз басы тіл табиғатына жат дыбыс тіркесімен жазылса (сл), қалайша қазақы болмақ? Ал сол тараудың қалған емле ере­желерінде қазақ тілінің шеттілдік сөздерді игеруі ретінде келтірілген сөздердің кирилл әрпімен жазылымын, айтылымын салыстырып көрейік. «Мanо́vr – манөвр, kompúter – компүтер, knáz – кнәз, аnsámbl – ансәмбл, batalón – баталөн, vestıbúl – вестибүл, parо́l – парөл, álbom – әлбом, brıfıń – брифиң, narád – парәд, búldog – бүлдог, т.б». Игеріп жазуымыздың түрі осы ма? Шынын айтсақ, бұл сөздерді қазақ тілі заңдылығын керісінше бұзып тұрған сөздер ретінде мысалға алуға болады. Сөз­дерді толық қазақ тілінің заңдылы­ғымен жазуға, айтуға не кедергі? Мысалы: «мәнебір, кәмпүйтер, кінәз, әнсәмбіл, бәтәлөн, бестебүл, пәрөл, әлбөм. Әлде біз өзімізге өзіміз сенбей, қазақ тілінің мүмкіндігіне күмәнданып отырмыз ба? «Легионер дыбыстар» мен «донор тілсіз» қазақ тілі күн көре алмай ма? Әлемнің кез келген тілінен келген сөзді қазақ тілінің заңына толық бағындырып айтуға, жазуға қазақ тілінің шамасы келсе де, осы тілдің иесі болып отырған біздің шамамыз келмей отыр, нақты айтсақ, батылымыз бен санамыз жетпей отыр деп ашығын айтқан дұрыс болар. Әрине, тап осы күйде, кирилл жазуы­мен бергенде орыс тілі заңына бауыр басып қалған қазіргі ағайынға ерсілеу, көзге қораш көрінуі мүмкін. Ал латын әліпбиімен жазсақ, жазуда ешқандай қораштық байқалмайды. Мысалы: «mánо́bir, kámpúıter, kináz, ánsámbil, bátálón, bestebúl, páról, álbóm, birepiń, parat, bóldók». Тілдің айтылым норма­лары да біртіндеп қалыптасар еді. Ең бастысы, келешек ұрпақ қазақ тілінде өзге тілдің ықпалынсыз таза сөйлеу, жазу мүмкіндігіне ие болар еді. Жазу реформасының өзі тіл болашағы үшін қолға алынғаны анық қой. Бұл арада басты мәселе жаңа әліпби құрамына, әліпбидің емлесіне бай­ланысты болып тұрғаны анық. Қазақ тіліне жат дыбыстар таңбалары әліп­биден орын алса, олардың жазылымын реттейтін ережелер де жазылатыны сөзсіз. Жаңа әліпби құрамында «я, ю, ё, э, щ, ц, ь, ъ» таңбаларының болмауы туған тілді өзге тілдің ықпалынан арылту мақсатына сай келеді. Өте дұрыс. Заңды сұрақ туындайды. Бұл бағыттағы шара­лар неге жартылай жүргізіледі? Әліпбиде ұсынылған «ch – (ч), v – (в), f – (ф), h – (х)» әріптері мен «кино, инженер, институт, курс» сөздеріндегі «и,у» әріптері де қазақ тіліне жат дыбыстардың таңбалары емес пе? Осы жат дыбыс таңбаларын әліпбиде қалдырудың өзі өзге тілдің ықпалына қайта көнуді, тіл бодандығының жалғаса беруін білдіріп тұрған жоқ па? Төл сөздерде жазылып, көп сұрақтар тудырып келген и [ый], [ій] әрпі мен сөз басында және дауыссыздардан кейін жазылып келген у [ұу], [үу] әрпінің жазылымы емле ережелері концепциясы жобасында төмендегідей түсіндірілген, жаңа емледе осы үлгімен берілген. «Ерін қатысы жағынан [ұу], сондай-ақ езу қатысы жағынан [ый, ій] түрінде бір-бірімен кірігіп кеткен тел дыбыс­тарды (қосар дыбыстарды) бір әріппен орфографиялау орынды деп танылады». Біріншіден, бұл дыбыс тіркестерін бір-бірімен кірігіп, бір бүтінге айналған дыбыстар деп тану қаншалықты орын­ды? Қазақ сөздері буынға бөлінгенде бұл дыбыстар әр буын құрамында айты­латыны анық қой (қы-йын, құ-уат, ұ-уақ, і-йін, кі-йім). Cол «ту» сөзіне тәуелдік жалғауын қоссақ (тұ-уы), бір бүтін деп отырған дыбыстар екі буында айтылмай ма? Сол сияқты «ый» тіркесінің «сыйлық, тыйым» сөздерінде жазылып, тап сол үлгімен айтылатын «жиын, миық, қиық, тиын, т.б» сөздерде жазылмауын түсіндірудің өзі оңай емес. Ал осы сөздерде және «жиі, ие, суы, қуан, биі» сияқты сөздерде қос дауысты қатар келеді деп тілбұзар ережемен түсіндірген кезең де болды. Осы мәселеге қатысты бұрынғы ережені қалдыру арқылы емлемізге басы артық, керексіз ережелер қайта келді. Бұл арада бізде бұрын бірде дауысты, бірде дауыссыз деп келген «у» (сөз басында және дауыссыздан кейін) мен қазақ сөздерінде (жиі, қиын, иық) дауысты дыбыс деп түсіндіріліп келген «и» дыбыстары мен әріптеріне қатысты «тілбұзар ережеге» нүкте қойылғаны дұрыс. Ғалым пікіріне құлақ ассақ, «и, у» әріптерінің қазақ сөздерінде жазылы­мына қатысты шешуші сөзді академик Р.Сыздықова айтты деп ойлаймыз («Қазақ әдебиеті», 14.09.2018 ж.). Ал бұл дыбыстардың (й,у) жаңа әліпбиде таңбалануына келсек, фоне­тист-ғалым Ә.Жүнісбек пікіріне тоқ­тағанымыз жөн. «Әлеми жазу дәстүрі мен жазу теориясына лайық қазақтың У (дауыссыз) дыбысы [w] таңбасымен, Й дауыссыз дыбысы [y] таңбасымен міндетті түрде белгілену керек». Екіншіден, бұл әріптер өзге тілден енген (орыс тілінен) сөздерде қалай оқылады? Емленің қазанда (2018 ж.) ұсынылған жобасында «ı (и), ý (у) әріптері шеттілдік сөздерде дара дауысты дыбыс ретінде таңбаланады: ınstıtýt, kıno, granıt; ýnıversıtet, fýtbol, resýrs» (§8) деп берілген еді, ал кейінгі нұсқасында («Егемен Қазақстан», 17.01.2019) бұл ереже алынған. Оған да шүкір. Сөйтсе де, осы емле ережелерінде берілген мына «ýnıversıtet, sýpervaızer, skrınshot, hımıa, gımnazıa, komýna, sılabýs, týnel, kýrs» сөздерінде ı, ý әріптері дауыссыз дыбыс таңбасы ма, дауысты дыбыс таңбасы ма? Бұл сөздерге дыбыстық талдау жасағанда қалай түсіндіреміз? Дауыссыз болса, қалай буын құрап тұр? Дауысты болса, қай тілдің дауысты дыбысының таңбасы, орыс тілінің бе? Бұл қазақ тілінің емле ережелері емес пе? Егер орыс тілі дауыс­тыларының таңбасы десек, онда біз тағы да «жартыкеш жазу, қосамжар орфогра­фияға» қайта ораламыз ғой. Шеттілдік сөздердегі «и,у» (сөз ба­сында және дауыссыздан кейін) дыбыстарын «ый, ій, ұу, үу» әріптерімен жазсақ, шұбалаңқылыққа ұшыраймыз деген де уәж айтылуда. Өзге тілден алынған сөздерде бұл дыбыстарды қос әріптермен жазу міндетті емес. Орыс тілінде (ал біз терминдерді «донор тіл» арқылы алып келдік) бұл әріптер (и,у) қос дыбыстарды емес, дара дауысты дыбыстарды таңбалайды. Сондықтан бұл дыбыс әріптерін қазақ тіліндегі ұқсас дара дауысты дыбыс әріптерімен берген дұрыс және бұл біздің жазу тарихымыз үшін жаңалық емес. Ертеректе тілімізге енген кірме сөздердің жазылымын қарайық. «Бәтеңке (ботинка), керзі (гирза), тұрба (труба), орыс (руский), әртіс (артист), кәрзеңке (корзина), кірпіш (кирпич), сот (суд), пұт (пуд), көшір (кучер), рөл (роль) шенеунік (чиновник), көпес (купец), бө­телке (бутылка), дүнген (дунган) немесе Мемтерминком бекіткен Ыстамбұл (Стамбул), Бейжің (Пекин), режім (режим), станса (станция), Ұлан – Батыр (Улан – Батор), т.б. Осы тәсілмен кірме сөздерді қазақ тілі заңдылығымен жазып, «и» әрпін келген орны мен айтылымына қарай «е, ы, і» әріптерімен (enstetót, derektir, enjener, minister, depozet), «у» әрпін «ұ, ү, o, ө» әріптерімен (únibersetet, pakúltet, bópet, potbol, Ulan-Úde) таңбалауға әбден болады ғой. Сол сияқты «ch – (ч), v – (в), f – (ф), h – (х)» әріптеріне де қазақ тілінде баламалар бар. Сһ – ш, v – б, у, п, f – б, п , x – қ, к. Мысалы: шот, пошта, тауар, зауыт, пітір, дәптер, қылор, рақым, т.б. Тілге тек өз заңымен өмір сүруге толық мүмкіндік берсек болғаны. Шеттілдік сөздерді қазақ тілі заңды­лығына бағындырып айту мен жазу, ең алдымен, тіл болмысын сақтайтын, тілді өзге тілдер ықпалынан қорғайтын қуатты құрал екендігін ұмытпайық. Жазу реформасының басты мақсаты – қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тілдегі «тілбұзар ережелерден» арылу деп түсінеміз. Сондықтан да жат (кірме) дыбыс пен таңбалардың, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байла­нысты түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс. Өзге тілден сөздерді біз қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, сол тіл заңына бағынуы керек. Бүгінде осы әліпби мен емле ереже­леріне қатысты өтпелі кезеңдегі нұсқа деген де уәждер айтыла бастады. Сонда ертең өтпелі кезеңнен кейін қыруар қаржы жұмсалған оқулық, сөздік, анықтағыштар мен көмекші құралдар қайтадан шығарыла ма? Ең бастысы, бұл кезеңде осы жартылай ұлттық жазумен сауат ашқан ұрпақ алдында кім жауап береді? Қазақ орфографиясы ережелерінің тұжырымдамасы мен емле ережелерінен біздің күтетініміз – қазақ жазуының негізі мен ұлттық сипатын анықтайтын нақты да анық тұжырым мен қағидалар. Жалпыұлттық маңызы бар ұлттық жазу, оның емлесі туралы асығыс шешім де, қателіктер де болмауы тиіс. Бұл мәселеде «біз тарихтың сабағын айқын түсінуі­міз керек» және «бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды» (Н.Назарбаев). Сондықтан да, ең алдымен, ұлт және ұлт тілі болашағы алдындағы жауапкершілік пен міндетті түсіне де түйсіне отырып, шешім қабылдаған дұрыс. Ұлттық санасы, рухы күшті халық қана өз мақсатына жететіні анық. Туыс­қан түрік елі тарихынан бір сабақ. Өткен ғасырдың 30-жылдары Түркияда жазу реформасын жүргізген М.Ататүріктің басты мақсаты түрік тілін өзге тілдердің ықпалынан босату болды. «Өз Ота­нының биік азаттығын қорғай алған тү­рік ұлты тілін де өзге тілдердің бұғауынан босатуы тиіс». Тәуелсіз қазақ ұлты да туған тілін жат тілдік ықпалдан босатуы керек.

Жазу реформасының басты мақсаты – қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тілдегі «тілбұзар ережелерден» арылу деп түсінеміз. Сондықтан да жат (кірме) дыбыс пен таңбалардың, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байла­нысты түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс. Өзге тілден сөздерді біз қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, сол тіл заңына бағынуы керек.

Бүгін тарих ұлт пен ұлт тіліне даму мен өркендеуге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанда, тіліміздің Ата заңына өріс беру арқылы ғана біз тілімізді табиғи таза қалпында сақтап қала аламыз. Ол – жаңа ұлттық әліпбидің қазақ тілінің сөз­дік қорындағы барлық сөздерді (кірме сөздерді, терминдерді қоса) сингар­монизм заңы, яғни үндесім нормалары бойынша қолдануға мүмкіндік беруі. Қазақ тілінің 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбыс, барлығы 28 дыбыстан тұратын дыбыстық қоры арқылы әлемнің барлық тілдерінен келген сөздерді айтуға, сол дыбыстар таңбалары арқылы жазуға болады. Бұл жазу мен әліпби үлгілерін ғалымдар (Ә.Жүнісбек) ұсынып та жүр. Ә.Жүнісбек ағамыз ұсынған әліпби жобасының (34-1.01.2019 ж, «Ана тілі») артықшылықтары: – төл дыбыстар таңбалары ғана қамтылған; – тілдің басты заңы үндесім арнайы жіңішкелік белгі (қос нүкте немесе акут) арқылы әріп, буын, сөз таныту қызметін атқарып тұр; – «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымы сақталған; – туысқан түркітілдес халықтар әліпбилеріне жақын. Әрине, бұл арада қалыптасқан көзқарас, дағды бар екені, белгілі бір кезеңде қиындық туындайтыны аян. Бірақ «қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес» (Н.Назарбаев). Қазақ тіліне де тіл тынысын ашатын, тілді бодандықтан құтқаратын тәуекелшіл қадам қажет. Бүгінде біз туған тілімізді шын мағы­насында жаңғыртамыз, азып-тозудан сақтап қаламыз, болашақ ұрпаққа асыл қалпында жеткіземіз десек, осы тәуекелшіл қадамды жасауымыз керек деп ойлаймыз. Ең алдымен, Үкіметтің тиісті органдарына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен, басқа да мүдделі мекеме, ұйымдармен бірлесіп, қазақ жазуының өзекті мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі жалпыұлттық арнайы жиын өткізу туралы ұсыныс түсіреміз. Басты мақсат – ұлттық жазу мәселесін ұлттық деңгейге көтеріп, ұлттық мүдде тұрғысынан ортақ пікірге келіп, шешім қабылдауға қол жеткізу. Сонымен бірге жазу реформасы арқылы ұлттың рухани жаңғыруын жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің барлық өркениетті елдердегі сияқты конституциялық мәртебесіне сай қолданылуына қол жеткізу, қуатты ұлттық идеологияның негізі болатын мемлекеттік тіл идеологиясын қалып­­тас­тыру мақсатында «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау мәселесі талқыланып, Президентке, ел Сенаты мен Мәжілісіне арнайы ұсыныс түсірілсе, «ұлт үшін деген ұлы іс» (А.Бай­тұрсынұлы) түзу де даңғыл жолға тү­седі деп ойлаймыз.

3344 рет

көрсетілді

55

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы