• Тіл
  • 04 Қыркүйек, 2019

Шежірелі қазақ тілі

Біз білетініміздей, Қазақстан әлемдегі жер көлемі бойынша ең ірі елдердің алғашқы ондығына кіреді. Осы мақалада сол тізімдегі Қазақстаннан бөлек тағы тоғыз елмен салыстыра отырып, Қазақ елінің географиялық жағынан үш басты ерекшелігін байқауға болады. 

Бірінші ерекшелік – мемлекеттің унитарлы формасы. Ең алдымен, Қазақстан Республикасы саяси тұрғыдан біртұтас республика, ал халық құрамы бойынша көп ұлтты ел. Салыстыр­малы түрде алсақ, жер көлемі бойынша 10 ең үлкен елдер арасында унитарлы Аргентина, Аустралия және Алжир. Ал Ресей, Қытай, АҚШ, Бразилия және Үндістан – федеративті республикалар, демек олар өз тарихи даму барысында түрлі штаттар, провинциялар және автоно­миялы республикалар бірлестігінен құрылып, дамып, бүгін «азаматтық ұлт» түрінде қалыптасты. Және сол елдердің халықтарын заңнан бөлек, мемлекеттік тіл және мәдениет ұғымы да біріктіреді. Мысалы, АҚШ-та мексикалық адам болсын, қара нәсілді адам болсын және ирландық болсын, олардың барлығы да өздерінің ұлтын «американдық» деп атайды және «American english» тілінде сөйлеп, бала кезден американдық мәдениетті бойларына сіңіріп өседі. Үндістандағы адамның туған тілі урду болсын, бенгал болсын, кашмир болсын – барлығы да хинди тілінде сөйлей алады. Қытайда моңғол да, ұйғыр да, тибеттік те, барлығы да хань, яғни қытай тілін жақсы меңгерген. Тіпті Ресейдің өзінде мәдени және азаматтық тұрғыдан өздерін «ресейлік» ретінде сезініп, татар­лар, башқұрттар, шешендер және чуваштықтар орыс тілінде емін-еркін сөйлей алады, әлбетте олар өз ана тілдері мен мәдениеттерін де ұмытпайды. Ал Қазақстанда тілдік жағдай әлдеқайда түсінікті, негізгі тіл қазақ тілі, ресми тіл орыс тілі және халықаралық қатынас тілі ағылшын тілі. Тек, өкінішке қарай, кейбір азаматтар, әсіресе қазақ азаматтардың өздері мемлекеттік тілді (яғни, өз ана тілін!) әлі өз деңгейінде үйрене қойған жоқ, дегенмен бүгінгі қазақстандық қоғам тіл мәселесін жылдан жылға баяу болса да, шешуде. Екінші ерекшелік – негізгі мемле­кеттік тілдің (қазақ тілінің) байырғы тіл екендігі. Әлбетте, Қазақстандағы қазақ тілінен бөлек, Ресейдегі орыс тілі, Қытайдағы қытай (хань) тілі және Үндістандағы хинди тілі – өте көне тілдер. Сол тілдердің табиғи лингвистикалық қалыптасу та­рихы 700 жыл, тіпті 1000 жылдан да көп уақытты құрайды. Тілдің даму ерекшелігі географиялық жағдайға да байланысты, мәселен, Канада мен Аустралия мәдени тұрғыдан Ұлыбританияға қанша жақын болса да, аустралиялық ағылшын тілі мен канадалық ағылшын тілі британиялық ағылшын тілінен белгілі бір дәрежеде ерекшелінеді. Біз білетініміздей, қазіргі таңда Канаданың негізгі тілі француз тілі, тура сол Канаданың, АҚШ пен Аустралияның, жаңа ғана меңзегендей, негізгі тілдері ағылшын тілі, Бразилия мен Аргентинаның негізгі тілдері португал және испан тілдері. Дегенмен, дәл сол аталған географиялық өңірлер үшін нақты бұл тілдер салыстырмалы түрде «жаңа лингвистикалық жүйелер» деп айтуға болады, себебі бар-жоғы 700 жыл бұрын француз тілінде тек Франция, ағылшын тілінде тек Ұлыбритания, португал тілінде тек Португалия, испан тілінде тек Испания сөйледі. Тіпті Алжир бербер және басқалай қара нәсілді тайпалардың жергілікті көне тілінде сөйлеп, ал араб тілінде, яғни бұрынғы көне классикалық араб тілінде бастапқыда тек Арабия түбегі ғана емін-еркін сөйлегені белгілі. Ал жоғарыда атап өткен Америка құрлығының елдерінде бұрынғы ғасырларда тілдер болмаған ба? Әрине, болған! Мысалы, Канадада гурон және чероки тілдері, АҚШ аймағында апачи және ирокез тілдері, Бразилияда гаранни және инк тілдері, тіпті Аустралияда абориген тайпаларының тілдері, Арген­тинада мапуче және туельче тілдері, ал Алжирде бербер және қара нәсілді тайпалардың тілдері болған. Шамамен, сол заманда Қазақстан аумағында Көне Түркі Қыпшақ тілі (бүгінгі қазақ және басқа да түркітілдес елдер тілдерінің тікелей арғы тегі) кең таралған еді. Осы шежіре күні бүгінге дейін үзілмегендігі қуантады. Әлем бойынша жер көлемі бойынша ең ірі он елдің ішіне кіретін, жер көлемі бойынша 9-шы орындағы Қазақстанның негізгі ерекшеліктерін тағы атап өтейік. Біріншіден, сол он ең ірі елдің ішінде (Аустралия, Алжир және Аргентинаны қосқанда) унитарлы республика, демек мемлекеттік ұлттық бірлікті сақтау стратегиялық тұрғыдан жеңілірек. Оның үстіне, Қазақстан әрі толерантты, әрі көп ұлтты бейбіт ел. Екіншіден, біздің мемлекеттік тіл – әдеби қазақ тілі – көне түркі тілінің көп «перзенттерінің» бірі ретінде – жер көлемі бойынша он ең ірі мемлекеттер арасында қолданылатын тілдердің ішіндегі ең көне тілдердің төрттігіне кіреді (хинди тілі – көне үнді тілінің ізбасары, қытай тілі – көне қытай тілінің ізбасары және орыс тілі – көне славян тілінің ізбасары). Әрине, араб тілі де көне тіл, дегенмен ол тілдің классикалық түрі тек Ислам діні пайда болғаннан соң (біздің дәуіріміздің VII ғасырынан кейін ғана) барынша қарқынды дамып, әсіресе жоғары деңгейде өркендеп, гүлдене бастады. Мәселен, ағылшын тілі, француз тілі, испан тілі және португаль тілі кезінде католицизм және протестантизм конфессияларының барынша кемелденген тұсында (XVII ғасыр мен XIX ғасыр аралығы) мәдени-лингвистикалық тұрғыдан өте жоғары деңгейде дамыған еді. Көріп тұрғанымыздай, жер көлемі жағынан он ең үлкен мемлекет қатарында тоғызыншы орында болып ғана қоймай, Құдайға шүкір – бірлігі басым біртұтас республикамыз бар, мемлекеттік тіліміз – қуанышқа орай – көне тарихы бар қазақ тілі (және төл ұлттық салт-дәстүр мен үлкен төл мәдениет те!) күні бүгінге дейін сақталып ғана қоймай, одан әрі дамып, байып келе жатыр. Сонымен қатар, бүгінгі мазасыз заманда бізідің көп ұлтты еліміз толеранттылықтың, бейбітшіліктің және келісімнің сирек үлгісі болып отыр. Осының барлығын бағалап, қадірлесек, сақтап, келесі ұрпаққа жеткізсек болғаны. Лайым солай болғай!

Батырбек ҮРІСТЕМБЕКОВ

1188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы