• Ақпарат
  • 04 Қыркүйек, 2019

ТҮБІРЛІ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа тұңғыш Жолдауын­ жариялады. Мемлекет басшысының елдегі ішкі-сыртқы ахуалға байланысты басты ұстанымын байқатып, маңызды шешімдерін жария ететін бұл Жолдау – Тоқаевтың тырнақалдысы. Тарихи миссия арқалаған, саяси мәнісі қатпар-қатпар стратегиялық құжат. Дүйім ел болып тыңдаған Жолдаудың жалпы мазмұны көзі қарақты оқырманға аян, ал біз оған мәтіндік талдау жасап, сапалық категорияларға бөліп, жілік майын шағуды жөн көрдік. Ишарамен, теңеумен айтылған жайттардың көп сыры осындайда ашылады. 

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМ (3) Президент өзінің сайлауалды бағдарламасына кемі 3 мәрте сілтеме жасады. Яғни өзіне сенім білдірген сайлаушылардың 70,96 пайызына сайлауалды уәделерін еске салды. Мұнысы – «мен бұл туралы сай­лау­алды бағдарламамда айттым» дей келе, «мен халыққа берген уәде­лерімді міндетті түрде орындаймын» дегенді мәлімдеу. Осылайша, Қ.Тоқаев өзінің президенттік легитимдігіне өте кіді екенін аңғарт­ты. Әлемдік саясаттағы тәжірибеге сәйкес, сайлауалды уәдесін орын­дамаған саясаткер келесі сайлауда додаға түспесе де болады. АҚШ-тың қазіргі президенті Д.Трамптың өзі Мексикамен арада дуал салу, америкалық нарықты сыртқы ықпалдан қорғау сияқты уәделерін орындауға тырысып бағуда. Ал Қазақстанның президенті өзінің сайлауалды бағдарламасы тек үгіт-насихат тетігі емес, алдағы 4,5 жылда атқарылатын жұмыс бағдары болуға лайық құжат екенін аңдатты. Яғни өз сөзімен айтқанда, «транзиттік жолаушы» емес, ұзақ стратегиялы жоспары бар саясаткер екенін ­дә­лел­деуге бейіл. БІЗ (44) Біз дегенде, «біз» деген кім екенін анықтап алу маңызды. Қазақстан халқы ма? Мемлекетқұраушы ұлт – қазақтар ма? Билік тармақтары ма? Мемлекетті басқарып отырған шоғырдай топ па? Жолдаудың кіріспе бөлімінде «біз» деген есімдіктің барша қазақстандықтар екені «Отандастар» деген қаратпа сөзден айқын. Ал «Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек» дегенде мемлекеттік органдар мен билік институттарын айтып отырғаны түсінікті. Одан әрі «біз» дегеннің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» екенін нақтылап кетеді. Дегенмен, «Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз» деп пысықтайды.Осылай деген Қ.Тоқаев саяси реформалар жасаудың қажеттігін айтып өтті. Бұдан әрі «біз» – «Нұр Отан» партиясы, «біз» – мемлекеттік органдар, «біз» – мемлекетқұраушы қазақ ұлты, «біз» – Үкімет, атқарушы билік. Үкіметтің білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы саясаты туралы мәселе қозғап, қолға алатын бағдарламалар туралы айтқанда, Президент «Біздің қателесуге құқымыз жоқ» деп кесіп тастады. Яғни атқарушы биліктің, Үкіметтің бұдан әрі қателесуге құқы жоқ. Әсіресе, әлеуметтік саладағы реформаларды жүзеге асыруда бұдан былай барынша әділ әрі кәсіби болуы тиіс. Халықпен, қоғаммен диалог түзу үшін, ол диалог құрғақ сөз немесе жеміссіз келіссөзге ұласпас үшін халықтың әл-ауқатын көтеретін, тұрмысын жақсартатын, қабілет-қарымын дамытуға мүмкіндік беретін жағдай жасалуы тиіс. Ондаған жылдар аяқсыз қалған реформалардан көз ашпаған білім беру саласы, кәсібилігі әлсіз болған денсаулық сақтау саласы, жетілмей қалған отандық кәсіпкерлік, қоғамның қанына сіңіп, өзегіне өтіп кеткен жең ұшынан жалғасу тұрғанда билік пен қоғам арасындағы диалог ешқашан өз жемісін бермейді.

Сонымен, «біз» категориясына тікелей-жанама түрде 50-ге тарта сілтеме жасағанда, Президент барша қазақстандық азаматтарға, мемлекеттік институттарға, билік тармақтарына, «Нұр Отан» партиясына қарата қолданады. Ендеше, Президентпен бірге елдегі өзгерістерге мемлекеттік органдар, билік тармақтары, «Нұр Отан» партиясы – бәрі қоса жауапты.

МЕМЛЕКЕТ (19) Жолдаудың бірінші бөлімі «Заман талабына сай тиімді мемлекет» деп аталады. Ол қандай мемлекет? Мемлекет – баршамыздың ортақ үйіміз, бірден-бір панамыз және әрқайсымыздың азамат ретінде, тұлға ретінде жетіліп, кемелденуімізге жағдай жасайтын жүйе. Тоқаевтың «заман талабына сай» дегені, ең әуелі саяси реформаларды іске асыру. «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді Президент. Ел болып күткен сөз осы еді. Ұзақ күттірсе де, дер шағында айтылды. Бұдан кейінгі критерий – «халық үніне құлақ салатын мемлекет» құру. Осы Жолдаудың өне бойындағы ең соны тіркестердің бірі. Расында, Қ.Тоқаев мұны орысша айтты, яғни «слышащее государство» деді. Наурыз айында президенттік қызметіне кірісе салысымен, одан соң сайлауалды науқаны кезінде Қ.Тоқаевтың мемлекет пен халық, билік пен қоғам арасында диалог орнату керектігін үнемі айтып жүргенін білеміз. Бір жағынан, соңғы жылдары мемлекеттік институттар мен органдардың қара халықтан тым алыстап, шенеуніктердің өздерін үстем тап өкілдеріндей сезіне бастағаны әмбеге аян. Бірақ мұның елдегі ең жоғарғы атқарушы билік тарапынан мойындалып, Президент аузымен ашық айтылуы бұрын-соңды болған емес. Әлбетте, Қазақстанның екінші президентінің сөзден іске тезірек көшуі – оның бұдан кейінгі абыройының кепілі. Осы орайда, «аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық ­қо­ғам­ның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қа­жет.­­­ Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкіл­дерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық» деді мемлекет басшысы. Яғни белсенді азаматтар мемлекеттегі аса маңызды шешім қабылдау процесіне атсалыса алады деген сөз. Демократияның бір талабы – қоғам мүшелерінің билік пәрменіне араласу мүмкіндігі болуы, мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды шешімдердің төменнен жоғары қарай қабылдануы. Оның үстіне, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ротациялық тәртіппен жұмыс істейтіні де көңілге қонымды. Билікті ешкімнің жекешелендіріп алуға құқы жоқ болғаны сияқты, «билікпен диалог жасау» құқы да ат төбеліндей белгілі бір белсенді топтың еншісіндегі іс болмауы тиіс. «Елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын» дегені – халық алдында берілген кесек уәденің бірі. Президент «азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар» екенін, «митингтер туралы заңнаманы жетілдіру» керектігін кесіп айтты. Ең бастысы, бұл Жолдау Қазақстанның мемлекет құраушы ұлты – қазақ халқы, яғни бұл – қазақтардың мемлекеті екенін нақтылады. Сондықтан да мемлекеттік тіл бұдан былай этносаралық тілге айналмақ. Осы жерде Тоқаевтың «даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс істейік» деген үндеуімен келсіуге болады. «Ұлы істер үндемей бітеді» демей ме? Есіңізде болса, осыдан он шақты жыл бұрын дипломат Тоқаев қазақша көсіле сөйлей алмайтын еді, мемлекеттік тілдің қажеттігін мойындап, жұмыс арасында қазақ тілін оқыды, енді, міне, мемлекет басшысы дәрежесінде халыққа жолдауын мемлекеттік тілде жасайтын деңгейге жетті. Мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеруде жеке басына ғана емес, тұтас мемлекеттік билік органдарына да сондай қатаң талап қоя біледі деп үміттенейік. Бұған қоса, Жолдауда айтылғандай, «біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет». Мемлекет өз азаматтарының бақуатты өмір сүруіне, жайлы тұрмыс кешуіне, сапалы білім алып, кәсіби медициналық көмек алуына, өз қабілет-дарынын жетілдіріп, тұлға ретінде дамуына барынша жағдай жасауға міндетті. «Мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс» деді Президент. Оның ішінде, ең әуелі көмекке мұқтаж жандарға, көп балалы отбасыларға, жас таланттарға, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға айрықша көңіл бөлінеді.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ (5) «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін ең әуелі азаматтық қоғамның әлеуеті артуы тиіс. Тоқаев «азаматтық қоғам», «азаматтық диалог» ұғымдарын қолдана келе, «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деп, көптің көкейіндегі мәселені дөп басты. «Аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген сөздер де биліктің трансформациясын тілеген қоғам сұранысына берілген жауап іспеттес. Бұл бағытта жасалған алғашқы қадамның бірі – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болса, алда одан да маңызды саяси шешімдер қабылдайтын күн жақын. Қоғамдағы пікір ашықтығын, саяси бәсекелестікті, көппартиялық дамытуды Қ.Тоқаев өз мойнына алып отыр. Бұған қоса, «Нұр Отан» партиясына басқа партиялар мен қозғалыстармен ынтымақтаса жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Азаматтық қоғамды дамытуды үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттырудан баста­ғанды жөн көрген Президент, ең әуелі Аза­мат­тық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейін­гі­ тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бұдан бөлек, 2020 жылы «Волонтер жылы» деп жарияланды. Әлбетте, Ұлттық кеңес құру, үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау жасау, тіпті Азаматтық қоғам құрудың тұжырымдамасын қабылдау (оның біріншісі 2006 жылы қабылданған) – бұл шешімдерде жаңалық жоқ, бұған дейін болған, талай айтылған, қағаз жүзінде «жүзеге асқан». Ал енді мұның бәрі шын мәнінде орындала ма? Президент Тоқаев бұған барынша күш салатын сияқты. Мемлекет басшысы мұны жақсы түйсінген тәрізді. Себебі ол «мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі» деп атап көрсетіп, «өз міндетім деп санаймын» дегенде, дәл осы азаматтық қоғамды дамыту мәселесін айтқан еді. Бәлкім, бұл – тәуелсіз Қазақстанның екінші президентінің тарихи миссиясы.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ (1), ҚАЗАҚ ТІЛІ (1) Мемлекеттік тіл – халық санасының біртұ­тастығы, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттің абы­рой-беделінің мәселесі. Сондықтан дамыған мемлекеттер өзінің мемлекеттік тіліне жан-жақты қолдау жасап, оның өз елінде және халықаралық қолданыста мәртебелі болуына қаражатын аямайды. Бұл орайда, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген сөз – Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мем­лекеттің азаматы ретіндегі жеке пікірі ғана емес, осы мемлекеттің басшысы ретіндегі ұстанатын саясаты болады деп үміттенуге себеп бар. Бұл жердегі маңызды тіркес «ұлтаралық қатынас тілі» деген тіркестің мемлекеттік тіл – қазақ тіліне қарата қолданылуында. Себебі бұған дейін ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп орыс тілі ғана мойындалып келгені мәлім. Жолдау сияқты аса маңызды стратегиялық құжаттың әр сөзі қатаң сүзгіден өтетіні анық. Президент кеңесшісінің сөзіне қарағанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл Жолдаудың мәтінін өзі қарап, соңғы нұсқасын өзі жөндеген. Құрылымы мен мазмұны жүз ойланып, мың толғанып жазылған құжатта мемлекеттік тіл сияқты маңызды құндылыққа қатысты айтылған әр сөз – болашақ мемлекеттік бағдарламаның және қажетті заңнаманың өзегі деуге негіз бар.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ (1) Президент осы жолы қазақ халқының Қазақ­станның мемлекет құраушы ұлт екенін баса айтып өтті. «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет». Осы бір ауыз сөзде осы мемлекеттің діңгегі – қазақ халқы екенін мойындау бар. Ұзақ жылғы қоғамдық тұрақтылық – ең әуелі қазақ ұлтының сабыры мен шыдамынан екенін ашып айтатын кез келді. «Ұлт» деген терминді осы Жолдауда дәл осы тұста, тек қазақ ұлты деген тіркесте ғана қолданылғанын айту керек. Байқасаңыз, Президенттің риторикасы бұдан кейінгі мемлекеттік саясаттың кескін-келбетінің түбегейлі өзгерістерге ұшырайтынын меңзейді. Себебі Жолдауда «ұлт» деген термин тек «мемлекет құраушы ұлт» ретінде қазақ халқына қарата қолданылды да, қазақтан басқалар «этникалық топтар» деп аталды. Ал этностар арасындағы коммуникация мемлекеттік тілде, қазақ тілінде жүргізілуі керек екенін тағы пысықтап өтті. Осылай деп Қасым-Жомарт Кемелұлы көпжылдық мемлекеттік тіл мәселесінің түйінін бір-екі ауыз сөзбен шешіп берді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқы, мемлекеттік және этносаралық қарым-қатынас тілі – қазақ тілі. Жаңа Президентін сайлап, жаңа заманға сай өзгерістерге бейімделіп, мемлекеттілігін мықтылап, өсуге бет алған Қазақстан атты елдің басты бағыт-бағдары – осы.

ЕЛБАСЫ (11), НАЗАРБАЕВ (3) Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік биліктің билігін қолына алған күннен бастап өзінің өткенді жоққа шығаратындар қатарынан емес екенін көрсетті. Президент ретіндегі тұңғыш Жолдауын әлқиссасында Қазақстанның тәуелсіздігіне отыз жылға жуықтағанын, бүгінге дейінгі жетістіктердің Тұңғыш Президенттің еңбегі екенін қадап айтты. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Кіріспе сөзінде ғана емес, мемлекеттің ішкі саясатына қатысты «Бұл – Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз» деп, Н.Назарбаевтың жолын жалғастыратынын тағы бір рет анықтап айтты. «Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады» деп мақтауын асырды. Сөз соңында «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз» деп тұжырды.

ЖОЛДАУДЫҢ СТИЛІ

Жолдауды баяндау, жеткізу стилі – Қазақстанда осы уақытқа дейін қалыптасқан үлгі. Әлқиссасын қазақша бастап, бір жарым минуттан соң орысшаға көшіп, ара-тұра кей мәселені қазақша айтып (мысалы, жерді шетелдіктерге сату сияқты ұлттық маңызы бар шешімдерді), негізгі желісін орысша жеткізіп, қысқасы, қазақша – орысша – қазақша – орысша кезектескен тәртіппен екі тілдің арасында он бес мәрте «тіл ауыстырып», қорытынды сөзін қазақша тұжырды. Бұрынғы Жолдаулардан стильдік және мазмұндық тұрғыда ерекшелейтін тұсы да бар. Біріншіден, Қ.Тоқаев бір сағаттық жолдауын бастан-аяқ халықты, қоғамды толғандырған нақты мәселелерге арнады. Артық сөз айтқан жоқ, «бүгінге дейінгі жетістіктеріміз» деп, сандық көрсеткіштерге тоқталмады. Екіншіден, Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде қоғаммен диалог жасауға, халықпен санасуға өзі дайын екенін сездірді. Мемлекеттік тіл, жер, саяси реформалар, сыбайлас жемқорлық, азаматтық қоғам, «кері байланыс» сияқты дәл қазір ушыққалы тұрған мәселелерді ашық айтып, Мемлекет басшысы ретінде өз ұстанымын білдіруі, шешімдер ұсынуы, қоғамдық талқылауға шақыруы – осының көрінісі. Енді оны Президенттің командасы мен қазіргі Үкімет мүшелері іліп алып кетсе, Жолдау – жоғары мінберден айтылған, құрғақ сілтеме жасалатын қағаз құжат болып қалмай, алдағы он екі айда қабылданатын аса маңызды шешімдерге түрткі болары кәдік. Тоқаевтың тағы бір тосын мінезі, Жолдауды тыңдап отырған Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері бұған дейін қалыптасқан әдеттеріне салып, үш тұста қол соғып, қошемет көрсеткенде көрінді. Әдетте, әлемдік тәжірибеде Президент Жолдауына қол соғу – оның шешімдеріне қызу қолдау білдіру. Осы айтылған шешімдерді одан әрі дамытатын, тапсырмаларды орындайтын – Парламент үйіне жиналған мемлекеттік қызметшілер армиясы емес пе. Бірақ Президент залдағы қауымның қошеметін әлде сыпайылыққа, әлде басқаға жорыды, содан болса керек, оған еш мән берместен, қарқынын бәсеңдетпестен, сөзін одан әрі жалғай берді. Екі мәрте беті қайтқан зал үшінші ретте тіпті дағдарып, бұдан соң ешкім алақан дыбысымен Президент сөзін бөлуге ынталы болмады. Жазушының отбасынан шығуы да мемлекет басшысының сөз қорына, тілді қолдану мәнеріне әсер еткені сөзсіз. Әдеби тіркестер, аллегория мен метафоралар Президент Тоқаевтың стиліне тән ерекшелік болып қалыптасып келеді. «Мен транзитті жолаушы емеспін» деп, бір ауыз сөзбен өзінің ұзақ мерзімді мақсаттарынан хабар берген Президент осылай қысқа-нұсқа, бояуы қалың сөз тіркестерінің қарасын көбейтті. Мысалы, «шөп қорыған ит» («собака на сене), «құмға сіңген судай» (ушли в песок»), «шенеуніктердің кереңдігі» («глухота чиновников»), «халықпен кері байланыс» («обратная связь с народом»), «азаматтық диалог» («гражданский диалог»), «үйлесімді мемлекет» («гармоничное государство») деп тізе беруге болады. Сөздің қадірі мен салмағын сезінетін адам іске мығым болады деп тұжырып қоялық.

ЖАСТАР, ЖАСӨСПІРІМ, ЖАС МАМАН (8), БАЛА, БАЛАЛАР (13) Қазақстан – жас мемлекет. Азаматтық қоғам­ның қозғаушы күші – жастар. Мемлекет те жастарды билік ісіне етене араластырып, бойында қуаты тасыған жас ұрпақты мемлекеттілікті нығайтуға, елді күшейтуге жұмсауға ынталы. Бұл «мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту», «оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу», «дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау», «аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасау», «жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу», «волонтер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту» сияқты кешенді шараларды қамтиды. Әлеуметтік бағдарлама аясында аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Президенттің сөзінен үзінді келтірсек, «мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу» түрінде мемлекет тарапынан тұрақты көмек жасалуы тиіс. Осылайша, «балам дейтін жұрты бар» Қазақстанның мемлекеттік саясаты түзілетін болды. Жастар категориясынан бөлек, Президент балалар құқығына айрықша мән берді. Соңғы жылдары көбейіп кеткен бала өлімі, бала құқығының тапталу оқиғаларының өршігені сонша, қазір мемлекеттік деңгейде дабыл соғуға лайық. «Балаларға қатысты қылмыстарға қолда­нылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген сөзі қоғамның қолайына жаққан сөз екеніне дау жоқ. Бұл үшін «Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнін­де толыққанды бағдарлама» дайындалатын болды. Ал «аз қамтылған және көп балалы отбасы­ларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын» дайындау туралы Үкіметке берген тапсырмасы – Ұлттың болашағы үшін жасалған қадам. Бұдан былай мемлекет көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бала оқыту ісінде, балаға дұрыс өсіп-жетілуіне жағдай жасауда тірек болады деген үміт бар. Қазақстанның әр баласы – осы елдің ертеңгі үміті, тірегі, қорғаны және жасампаз тұлғасы екенін үнемі есте ұстауымыз керек.

ЖЕР (10) «Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек» деді Қ.Тоқаев. Тәжірибелі дипломат ретінде шетін мәселені айтуда барынша салиқалылық танытып, ұлттық мәселені экономикалық мәселеге бағыттады. Яғни «жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету». «Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген әділ тұжырымға қарсы дау айту қиын. «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті» деді. Расында, латифундистер арасында қара халық өкілдері жоқ екені мәлім, халықтың басты байлығы – жерді рәсуә етіп, тек мақтан үшін, даңғой атақ үшін «қожалық» ететіндерге тосқауыл қойылуы керек-ақ. Жер – бағзы заманнан бері, қазақ деген халық жаратылғалы оның қанымен, жанымен, рухымен суарылған құндылық. Мұны түсінген Мемлекет басшысы, ең алдымен жер ресурстарын рәсуа етпей, халықтың игілігіне пайдалануды қолдаса керек.

ЭКОНОМИКА (19) Жолдаудың үшінші бөлімі тұтастай экономика саласына арналған. «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика». Экономикалық даму, экономикалық тәуелсіздік – ел тәуелсіздігі тіреуіштерінің бірі. Бірақ дәл осы жолы бұған дейінгі, соңғы ширек ғасырдағы «әуелі – экономика, сосын – саясат» деген бағыттың өзгергенін байқаймыз. Қоғамдық трансформациялар, мемлекет құрылысы, елдегі саяси ахуал, билік пен халық арасындағы түсіністік мәселелері Жолдауда бірінші сөз болып, ұлттық экономиканың түйткілдеріне құжаттың орта шенінде ғана орын берілуі басым бағыттарға деген басты көзқарастың түбегейлі ауысқанын аңғартады. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деп айшықтап өтті. Яғни енді «әуелі – саясат, сосын – экономика» парадигмасына көшеміз. Дамыған мемлекеттердің жолы осы. Ал ұлттық экономика көшін түзеуді ши­кі­зат­тық экономикадан бас тартып, бұ­ған дейінгі қателіктерді мойындаудан бас­таған жөн. «Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында жіберілген барлық қателіктерді, олқылықтарды ескеруіміз керек» деді Президент. Бұған қоса Тоқаев «білім экономикасы», «қарапайым заттардың экономикасы», «цифрлық экономика», «дата орталық», «блокчейн» сияқты неологизмдерді еркін қолданады. Мұның бәрі – экономиканың қай бағытта өрістейтінін білдіретін терминдер.

Р.S.

Қ.Тоқаевтың алғашқы Жолдауы негізінен Қазақстанның ішкі жағдайына, елдің тұрақтылығына арналған. Бұған қоса, бұл Жолдау алдағы бір-екі жылда Қазақстан қоғамы түбірлі өзгерістердің алдында тұрғанынан хабар береді. ЕҚЫҰ мерейтойлы саммитінде төрағалық жасаған, ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған, Сириядағы қарулы оппозицияны өз жерінде қабылдап, бейбітшілік келіссөздерін ұйымдастыруға ұйытқы болған, бұдан басқа көптеген халықаралық бастамаларға белсене араласып, ғаламдық жобаларға қатысуға әрдайым бейіл болған Қазақстан қазіргі таңда бар күш-қуатын, қажырын, назарын өзіне, ішкі жағдайына, қоғамның күре тамырында бүлкілдеп жатқан өзгерістерге бұруы тиіс. Бұл үшін ең әуелі Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» болу өте маңызды.

Гүлбиғаш ОМАР Нұр-Сұлтан

 

177326 рет

көрсетілді

62358

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы