• Руханият
  • 11 Қыркүйек, 2019

Ұлттың тағдыры оюда қашалған

Байахмет Жұмабайұлы тағдырдың айдауымен қиыр қонып, шет жайлап, үркіншілікте туған мекеннен үдере көшкен әулеттің өкілі. Жат жерде туса да ата-баба дәстүрін жастанып өскен азамат. Ұлттық дәстүр-салтымызды жай ғана күнделікті өмірде қолданып қана қоймай, ғылыми тұрғыдан зерттеген, жинақтаған, этнографиялық құндылықтарды жүйелеп, тасқа ­басып кітап етіп шығарған. «Ою-өрнек әлемі», «Жартастар үн қатады», «Балбалдар мен кешендер», «Сауда мәдениеті» сынды оншақты кітаптың авторы. Туған Отанға оралғанына он жылдың ғана бедері болыпты. Ұлттық дәстүр-салтымыз бен ою-өрнегімізді 30 жылдан аса уақыт зерттеп, зерделеп келе жатқан этнографтың жанкешті еңбегінің бір парасын оқырман ­назарына ұсынуды жөн санадық.

Байахмет Жұмабайұлының осы бір қажырлы еңбек, қарпулы ізденісінің нәтижесінде дүниеге келген «Ою- өрнек әлемі» атты кітабының көтерген тақырыбы да, оқырманына ұсынатын идеясы да осы бір халық даналығы сынды­ ұлылықты ұрпаққа таныту. Ендеше,­ осынау даналықты ашу үшін де оған үлкен қажыр, зерделі қабілет, объектінің тәуелді ортасына сай дұрыс ұлттық ұстаным қажет болады. Байахметте осының бәрі де болды. Мен ұлт тірлігін әріден тануға үлкен құлшыныстар ­жасап жанкешті еңбегімен «Балбалдар мен кешендер», «Жартас жазулары», «Ою- өрнек әлемі» қатарлы үлкен дүниелермен қауыштырған Байахмет Жұмабайұлының әуелі шығармаларымен, сосын өзімен танысқаныма да ширек ғасырдан асты. Әуелі ол жасампаздық еңбек жолын шағын прозалық шығармадан бастап, әдеби шығармашылықтың қай жанрына­ да тайсалмай қалам тартып, отызға жуық кітабын оқырманына ұсынған қарымды қаламгер. Ал оның келесі бір керемет қыры – халқымыздың естен шыға ескіріп бара жатқан тұрмыс-салтына, халық фольклорына қатысты ізденістері мен зерделі зерттеу еңбектері. Мұнан сырт арғы-бергі елдегі қазақ халқы ­жасап жатқан қоғамдағы ұлт азаматтарымыз бойынан көрініп қалып жататын түрлі келеңсіздіктер мен кейбір қоғамдық формацияларда жүз беретін қисынсыздықтарға да ол үнсіз қалмайды. Оның осындай мазмұнда көптеген сыни шығар­малары жарық көріп, жақсы қоғамдық пікірлер тудыра алған қайраткерлік қасиеті деп білемін. Жалпы алғанда, Байахмет Жұмабайұлы ешқандай мақтанға, атаққа, пайда­көстікке бой алдырмаған қарапайым да қажырлы, ізденгіш, рухқа бай, қай елде жүрсе де бойында бардың бәрін елінің бүгіні мен ертеңіне арнаған арда мінезді азамат. Бүгін тілге тиек етіп отырған «Ою-өрнек әлемі» атты үлкен еңбек кесек дүниесіне қайта оралайық. Ою-өрнек – ұлт мәдениетіміздегі негіздік жауһарлардың бірі. Ол қазақ халқының бүкіл өмірінің әр саласына біте қабыса кіріп кеткен ең үлкен ұлттық бөгенай, айқындық белгі. Байекең бір ұлттың тұтас өміріндегі киім-кешек, үй жиһаздары, ер-тұрман, ыдыс-аяқ, жеке бастық сән- салтанат әсемдік бұйымдары, т.б. қатарлы жақтарының бәрінен ойып орын алған ою-өрнектің келіп шығу, қалыптасу ­тарихын халқымыздың көшпенді өміріндегі әлеуметтік жай-күйімен байланыстыра зерттейді. Атап айтқанда, біріншіден, ою-өрнек — жазу мәдениеті қалыптаспаған есте жоқ ескі замандағы ұлт тұлғаларының елі, жері, ұлысы үшін жасаған игі еңбектері мен жанбағыс тәсілдерінің ым-ишаралық өрнегі болған балбалдар, кешендер, жартас жазулары қатарлы тарихи деректердегі аңдардың мүйізі, құстардың қанаты, садақ-жебе қатарлы тұлғалық қимыл көріністерден бастау алғандығы дәлелді де нанымды көрсетіледі. Екіншіден, ою-өрнектің халқымыздың көшпенді өміріндегі жағрапиялық ортасы болған тау-­дала, орман-су, шөп-жапырақ қатарлы ұлы табиғаттың көркем көріністерінен туындағандығы да көптеген құнды дәлелдермен дәлелденетіндігі. Үшіншіден, ою-өрнектің — халқымыздың ең негізгі тірлік қайнары болған мал шаруа­шы­лығы мен аңшылық кәсібіндегі көздерінен таса болмайтын төрт түлік мал мен олармен жандаса өмір сүретін аң-құстардағы мүйіз-тұяқ, қанат-құйрық, бас-көз, өркеш, табан, т.б. мүшелерінен бейімдік ұқсау таба туындағандығы да ойға қонымды ашылады. Ұлт өміріндегі осы ең негізгі үш ­саладан тыс армандау, ұлықтау, тілек білдіру жақтарынан да образдық ұқсатулар таба ою-өрнек ­тарихын ойға ұнамды, өмірге жанасымды ете байыта түседі. Тарихи материалық даму көзқа­расы бойынша қандай заттың да, құбылыстың да туу, даму, шарықтауы болады. Жоғарыда баяндалғандар ұлтымыз мәдениетіндегі үлкен эстетикалық әсем өнер — ою-өрнектің өнертанушы ғалым Байахмет Жұмабайұлының көкірек көзімен өріле өлшенген тек туу, қалыптасу және түрлене даму барысы ғана. Ал оны бір арнайы ғылыми өнер биігіне көтеріп, шарықтау шегіне жеткізу тәуелсіз ел билігінің де, жетелі ұрпақтың да мойнындағы бұлтармас міндет. Ұлтқа да, ұрпаққа да керегі осы. Ендеше, «Ою-өрнек әлемінің» астарында не жатыр? Біз маманның ой түйіндері арқылы саралап көрейік. Бірінші, халықымыздың төл мәде­ние­ті болған ою-өрнекті оның туу, қалып­тасу жолы арқылы еш күмәнсіз ұрпақ санасына ұялату. Мұнда автор тамыры терең, тарихы ұзақ осы бір киелі өнерді жоғарыда үшжақты көрсеткендей, халықтың тұрмыс қайнарынан тудыра зерделеп ұрпақ көзін жеткізуге құлшынған. Бұл, әрине, зерттеу әдіснамасындағы үлкен заңдылық. Автор осы заңдылықты өте жақсы ұстанған. Екінші, түрлі дәуірлердегі саяси мақсаттарға байланысты әрқандай тық­паланған бөгде мәдениет үлгілері арқылы одан айрылып қалмау. Халқымыздың ұзақ ғасырларға жалғасқан тағдырлы тарихы неқилы саяси қойылымдарды басынан кешті. Ұзаққа созылған шапқыншылыққа қарсы соғыс жылдарында болсын, онан кейінгі «бөліп ал да билей бер» сынды­ бөлшектей әлсіретуді негізгі тәсіл еткен­ заманда болсын, біздің дін, діл, тіл сынды рухани өмірімізде, қолданбалы өнерімізде күрделі қауіп-қатер астында қала қойған жоқ. Жасыратыны жоқ, дін, діл, тіл сынды ұлт рухының жан тамырын қармана жүріс-тұрыс, киер киім, ішер тамаққа дейін араласа бір қалыпқа түсіруге мәжбүрлеген заманда ұлт құндылықтарының біразынан айрылдық. Ою-өрнек те сол көз жазып қала жаздаған ұлт мәдени құндылықтарының бірі болды. Ендеше, оның халқымыздың мәдени өміріндегі орнын таныту, тұрмысымыздағы қажеттілік әлемін ашу ұлт болмысындағы маңызы жоғары ерекше­ белгілердің бірі екенін ұрпақ ­санасына сіңіру, оны тұрмыста орнын таба жарасымды қолдану мәселелері де қазіргі таңдағы рухани жаңғыру үрдісімен қолға алынуға тиісті маңызды міндеттердің бірі деп қараймыз. Үшінші, ою-өрнек болмысындағы тұлғалық қасиетіне құрмет ете отырып, бейімдік ерекшеліктеріне қарай түрлендіре дамыту. Мұны автор ою-өрнектерде қамтылған ішкі мазмұндар мен эстетикалық бейімдерін аша көрсеткен. Бұл осы өнерді түрлендіре дамытудағы басты негіз. Біз — ішкі заңдылыққа құрмет ете отырып қажетке қарай ұсақтау, ірілеу, біріктіру және кіріктіре күрделі тұлға жасау негізінде онан ары байыта кемелдендіруіміз керек. Төртінші, ою-өрнектердің тұлғалық пішімі мен тарихи қолда­нысына қарай өз орындарына қоя қолдануды игеру. Автор кітабында ою-өрнектердің неше жүздеген түрлерін көрсетіп оның жоғарылық, төмендік (тағандық), босағалық, жиектік, орта және бұрыштық түрлері мен үлгілерін көрсеткен. Бұл қасиетті өнерімізден көз жаза қайта қауышқан бүгінгі дәуірде орнын таба қолданудағы басты заңдылық ретінде қарастырылуы тиіс. Бесінші, бүктеу, қию, ою, шабу, таптау, тігу, бояу, шаптау, т.б жасалу жолдарын үйрену және түрлендіре тереңдей зерттеу. Әрқандай өнер атаулының бәрінің жасалу жолдарында өзіндік рет тәртіп те, әдістемелік үлгі де болады. Автор оның бәрін де тайға таңба басқандай көрсетуге барын сала тырысқан. Оны онан ары кемелдендіру, киіз, шүберек, түсті метал, ағаш, тері, қағаз, пластмас, т.б. заттардан қалай жасау, жобалау істері – ғаламдық мәдени өмірге жарасымын тауып кірігу мәселелері де кезек күтпей қолға алынуға тиісті міндет. Бәрін айт та бірін айт, жоғарыда дәріптелген дәйектердің бәрін ұрпақ ­жадына ұялату керек. Ол үшін осы мазмұндар негізінде шағын еңбек оқулықтарын жасап, оқыту бағдарламасына кіргізу ғана тиімді де жұғымды өміршең тәсіл деп қараймын. Қасиетті өнеріміздің қазіргі таңдағы қолданыс көлемін арттырып, өрісін кеңейтуде әр дәрежелі биліктің шындап мән беруі мен кәсіп орындардың арнайы бір ұлттық өнер құндылығы ретінде қолға алуы ауадай қажет. Бұл жөнінде Қытай ­реформаторы Дэн Сяопин тұсында мынадай тамаша тәжірибеге куә болғанбыз. Қытай елінің коммунистік партиясының көсемі, халық респуб­ликасының құрушысы Мао Цзэдун замандардағы ұлтсыздандыру үрдісі басым болған коммунизмдік жүйеде аталмыш өнеріміз де көзі құртылуға тиісті «Төрт көненің» бірі болып, осынау ұлттық өнердің иесі де, киесі де болған Қазақ халқының тұрмысынан шеттетіле қудаланған. Кейін осы бір таптық күрестен көз ашпай, халықтың аяқ-қолын саяси науқанмен шырмап, қоғамды ұзақ уақыт тұмшалап ұстаған жүйеге өзгеріс жасап билікке келген әйгілі реформатор ақсақал, жалпы халықты ұлтына, діни сеніміне, қолданыстағы тіліне, салт-санасына қарамай, жасап жатқан өңірлік ерекшелігі негізінде қолынан не келсе соны жасап базарға салу, мүмкіндігі болғандардың бәрін де мемлекет және жергілікті билік қолдап тиімді саясат жүргізу сынды базар шаруашылығын ортаға қойды. Осы дәуірлік ерекшеліктен тиімді пайдалана білген Мори қазақ автономиялық аудандық үкімет арнайы кестешілік негізіндегі байырғы ұлттық өнерді жандандырып базарға салу қоғамын құрды. Халық ішінен ұлттық өнердің көне үлгілерін жиды. Арнайы кесте шеберлерін тәрбиеледі. Тек ­кесте ғана емес, ел ішіне танымал әйгілі ұста Қамбар бәкісінің үлгісімен «Мори бәкісі», әйгілі алтын-күміс айшық ер шебері ағайынды Сейіт, Қабыштардың үлгісімен «Мори айшықты ері» қатарлы ұлттық өнер аз-ақ жыл ішінде Мори ауданының үлкен қолөнер кәсібінің негізі болып қалыптасып, көптеген жастар тәрбиеленіп, мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылды. Ауданнан шаңырақ көтерген кестешілер қоғамы күллі Шыңжаңға, Іле қазақ автономиялық облсының Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарына дейін өріс алып, Баркөл, Ақсай автономиялық аудандары мен басқа да қазақ ұлты қоныстанған өңірдің бәріне тарады. Кейін ішкі қытайдың ірі халықаралық базары болған Гуанжоудағы әлем нарығына шығып және жаңашыл рухы күшті Жапон халқын таңдандырып, Мори ауданының әйгілі кесте маманы К.Жәнімханқызы бастаған топ қазақ кестешілігі туралы Токио қаласында арнайы оқу дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінде тәуелсіз елімізде қолға алына бастаған осы бір халықтық өнердің сол Мори ауданынан қайта тіріле түлеп, ұшқыннан үдеп осыншама ел аттаған ұлттық брендке айналып бара жатқанын ұмытпауымыз керек. Міне, бұған биліктің шындап мән беру-бермеуі маңызының не іске болса да аса зор екенін білуіміз керек. Өзге елде өрісін кең ашқан, қанда бар қасиетпен келген киелі өнер — түп тек атажұртында онан ары кең өрістеп, әлем нарығына құлаштай араласуына әбден қақылы деп қараймын. Осындай болғанда ғана оның өміршеңдік қуаты артып, ұлт брендіне айналатын аса қымбат мәдени үлгіге айнала алады. Қасиетті өнеріміздің қанаттана қарыштай дамуына Алла сәтін, билік орайлы мөрін беріп, мамандарымыз пейілдене, өнеріміз өрістене бергей!

Жұмашәріп ШАҺАДАТҰЛЫ

756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы