• Мәдениет
  • 11 Қыркүйек, 2019

«Фариза, Фаризажан...»

Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз, — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырға қосқан Фариза Оңғарсынова арамызда жүргенде биыл 80 жылдығын тойлап жатқан болар едік. Жалғыздықпен алысып, өлеңін жанына серік етіп, өмір бойы қолы жетпес қиялдың жетегінде өмір сүрген, болмысы бөлек, шеңберге сыймайтын жұмбақ тұлға болған ақын қыздың тағдырлы болуы талантын да шыңдай түскендей. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді, адамның да шынайы қадір-қасиетін ол келмес сапарға кеткеннен кейін түсініп, оны жоқтайтынымыз тағы бар. Ақын өмірден өткелі бес жылдан асса да, сағынып, өлеңін іздеушілер күн санап артпаса, кеміген емес.

М.Әуезов атындағы драма театрында тұсауы кесілген «Фариза» спектаклін жұртшылық екі ай бұрын күтіп, билеттерді алдын ала алған. Аншлагпен өткен премьераға алматылықтар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен ақынымен «қауы­шуға» келгендердің қарасы көп болды. Әркім өз қиялындағы Фаризасын іздеп келді. Коммерциялық жобаның авторлары ақынның болмысына да, өлеңіне де, көпшіліктің қиялына да қиянат жасамауға ты­рысқан. Қойылымда ақынның өзіндей өршіл өлеңі мен мінезі, жан қасіреті, адалдығы мен батылдығы, әйелдік нәзіктігі мен арманы, махаббаты көрініс тапқан. Ол өлеңдерін жұрт оқысын деп емес, «Құдай алдында отырғандай» жазды. Өйткені оған Өлең-Фариза «Ақиқатты жаз!.. Өлеңді еркектің тізесінде емес, Құдайдың алдында отыр­ғандай жаз!..» деп бұйырады. Қойылымның осы жері көрерменнің жүрегін дір еткізіп, ары қарай өзіне елітіп ала жөнелді. Автоөмірбаяндық шығарманың хронологияға айналмауы, одан көр­кем шығарма тудыру, сюжет желісі көркем оқиға мен адам жанының терең толғанысына толы дүние... Бұл белгілі жазушы-драматург Роза Мұқановаға тән қасиет. Иә, пьеса авторы – Роза Мұқанова. «Егер ақын қазір өмірде болса, бұл пьеса жазылмаған болар еді. Жазылса да сахналанбаған болар еді. Мен оны іздеген шығармын... Еңбегімді оның табиғатына қиянат жасамай жаздым. Фаризаның жанына үңілдім, ішкі құпиясын ашқым келді. Өзі көріп отырса, міндетті түрде «Не бүл­діргенсің?» дер еді... Осындай ­тамаша мүмкіндік берген осы жобаға, оны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз» деп толқыды жазушы сахнада. Иә, «Фариза» – коммерциялық жоба. Спектакльдің бас продюсері және идея авторы Айнұр Көпбасарова. «A+A Idea Fabric» орталығы бұл қойылымды 2016 жылдан жоспарлай бастаған. «Фариза өзінің ішкі драмасын поэзияға, философияға айналдырған. Бұл дүниені біз кеше ғана ойлап тауып, бүгін қойып жатқан жоқпыз. Өзі қаншалықты жұмбақ адам болса, бұл спектакльдің дүниеге келуінің өзі соншалықты мистикаға толы болды. Кеше ғана өмірден өткен Фаризаны сомдау біздің актерлерге, режиссерге, бүкіл ұжымға оңай емес деп ойлаймын. Сіздердің алдарыңызға үкілеп өзіміздің ойымызды, арманымызды ұсынып, Фариза­ ақынның образын шығарып отырмыз» деді А.Көпбасарова. Фаризаның рөлінде М.Әуезов атындағы драма театрының актрисасы Назгүл Қарабалина, ақынның жан дүниесі, Өлең-Фариза рөлінде Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Лейло Бекназар-Ханинга, сонымен қатар Астана жастар театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы ­балалар мен жасөспірімдер театрының актерлары да бар. Басты рөлдегі Назгүл Қарабалина бұған дейін де Фариза рөлінде ойнаған, сондықтан бұл рөл ­актриса үшін өте жақын. «Мен 2004 жылы опера және балет театрында Фариза апайды сомдағанмын. Ол кісінің мерейтойына байланысты қойылым болған. Өзі спектакльді көріп, қолымнан сүйіп, алғысын айтқан сәт менің есімде мәңгілік қалды» деді ол. Спектакль мистикаға толы көрі­ністермен әсерлі, форматы өзгеше. ­Заманауи технологиялық құрылғылар көмегімен дыбыс арқылы әсіреленген, образға сай декорация – жас режиссер Фархад Молдағалидың қолтаңбасы. Режиссер портреттік ұқсастық пен тарихи деректерге қарағанда ақынның жанына үңіле түскені көрінеді. «Бұл спектакльде Фариза апайдың өзі бар. Бұл оның ішкі дүниесінде, жан-жүрегінде болған оқиға деуге болады. Қойылымда осынша өнердің иесі бола тұра, оның өмірінде қандай қиындық, қандай жетіспеушілік болды деген сұрақтарға жауап іздейміз» дейді ­режиссер. Сонымен қатар сахна көңіл күйіне сәйкес арнайы жазылған музыкасы басым қойылымның ұжымына Ренат ­Гайсин де кіреді. Ол арнайы музыка ­жазып, тіпті ақынның сөзіне жазылған әнге бейнебаян да түсірілген. «Фариза» спектаклінде ақынның Мұқағалимен нәзік те шығармашы­лық байланысы, әдебиетшілер ара­сын­­дағы түсінбеушілік, қызметтегі жауап­кершілік, өлеңдегі адалдық, өмірдегі жалғыздық – бәрі-бәрі бір-бірімен үндесіп жатты. Фаризаның өлеңдері « нәзік табиғатты қыз балаға жат қылықты жырлар» деп сыналып жатқанда да ақын сынбады. Қойылым барысында Фаризаның «Сәби сүйгім келеді» деген өлеңі мен Мұқағалидың «Сәби болғым келедісі» әдемі үйлесіп, екі ақынның ішкі жан дүниесін аша түседі. Ақын өмірінен спектакль қойғанда тек оның өлеңдерімен шектелу – көрерменді жалықтырады. Ал «Фаризаның» жөні бөлек. Қойылымда ақынның өмірі мен өлеңі бірге өрілген. Спектакль соңында Фаризаның қиялында өмір бойы күткен образының бейнесінде келген Әзірейіл келіп ақынды алып кетеді... Бұл Фаризаның Ажалы еді... Пьесаның нүктесі де әдемі қойылған. Тура өмірдегідей. Ақын Фариза келмес­ке кетіп, Өлең-Фариза мәңгілік жасап қалады. Жаңбырлы сахнада көкке ұшқан Фаризамен қоштаса алмай жабырқаған көрермен театрдан шыққанда Алматы кеші де жаңбырлатып тұрғанына куә болды. Екі күн бойы Алатауды жырға бөлеген спектакль Қазақстанның Ресей­дегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен қазан айында Мәскеудің «Современник» театрының сахнасында қойылатын болады. Аталған жобаға сұраныс болып жатса, алдағы уақытта ақынның туған жері мен Қазақстанның өзге де аймақтарында қойылуы мүмкін.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2181 рет

көрсетілді

164

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы