• Тіл
  • 11 Қыркүйек, 2019

Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі

Қазақстан халқы тілдері күні мен Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесе отырып, «Рухани жаңғыру: қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесінде дамуы, қоғамдық қолданыс шеңберінің кеңейуімен қатар, А.Байтұрсынұлының құнды мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен конференцияны институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сәрсен Құлманов жүргізіп отырды. Шара аясында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов пен Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың құттықтау хаттары оқылды.

Алқалы жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбаев­ сөз алып, қазақ халқының ХХІ ғасырда дербес ұлт, егеменді ел ­болып қалуының ең басты кепілінің бірі – қазақ тілінің толыққанды ғылым тілі болуы қажеттігіне тоқталды. «Біз тілдің не екенін Ахаң арқылы түсіндік. Ахаң арқылы тілге қалай қызмет жасау­ды үйрендік. Қазір біздің тіл аясында, тілді жаңғырту жұмыстарымыздың бәрінің жетекшісі – Ахаң. Әліпбиді де, жазуды да, сөйлеуді де үйреткен, үлгі-өнеге еткен – Ахаң. Біздің ең әуелгі мәселеміз – ең алдымен қазақ тілін дамыту керек» деді Ө.Айтбаев. «Жаңа емле: ізденістер мен көз­қарастар» тақырыбында баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Нәзира Әміржанова жаңа емлені дұрыс жаңғыртудың жолдарын ұсынды. Ол баяндамасында: «Қазіргі кезде шеттілдік сөздерді қазақша орфографиялауға байланысты екі түрлі пікір бар. Біріншісі, қазақы айтылымға негіздеп жазу. Екіншісі, осы кезге дейін қалыптасқан сөздердің тұрқын бұзбай, дәстүрлі орфографиялық ұстаным бойынша жазу. Шеттілдік сөздердің ­жазылымын қазақы айтылымға негіз­деу дегенді орфография ғылымы «фоне­тикалық принцип» терминімен түсіндіреді. Фонетикалық принцип түрі шеттілдік сөздерді икемдеу үшін әрине өте ыңғайлы. Бірақ емле ережесі жүйелілікті, стандарттылықты ­талап ететіндіктен, жазу тәжірибесінде болған орфограммалау тәсіліне көз жүгіртуге болады» дегенді алға тартты. Н.Әміржанованың айтуынша, түркітілдес халықтардың ішіндегі өзбек тілінің емлесіне көз жүгіртер болсақ, латын графикасына негізделген өзбек әліпби бойынша кірме сөздерді жазу үшін қабылданған принцип түрі – транскрипциялық принцип. Транскрипциялық принцип – таза тұпнұсқалыққа жатпайтын, бірақ түпнұсқаға жақындатып жазу түрі. Өзбек ғалымдарының айтуынша, бұл принцип кірме сөздердің дәстүрлі тұрқын бейнелейтін елесті бұзбауға, сөздің мазмұнын дұрыс тануға көмектеседі. Ал «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев «А.Байтұрсынұлы – тіл туының тұғыры» атты баяндамасында Ахмет Байтұрсынұлының «сөзі ­жо­ғалған жұрттың өзі де жоғалатыны» жайындағы тұжырымының әлі де өзектілігін бүгінгі таңда көріп отыр­ғанымызды ашып айтты. «Советтік республикамыздың ғұмыры үзілерден екі жыл бұрын, 1989 жылғы 22 қыркүйекте тіл туралы арнайы заң қабылануына, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілуіне қол жеткізді. Содан бері, міне, отыз жыл болды. Қазақ тілі 1993 және 1995 жылдардағы Конституцияларда мемлекеттік тіл ретінде бекітілді. Осы отыз жыл ішінде биік дәрежеде түрлі құжат дүниеге келіп, мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасау тетіктері атап көрсетілді, мемлекеттік істің барлық салаларына мемлекеттік тілді белсенді түрде енгізу, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, іс қағаздарын кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіру жайы­нан нақты тапсырмалар берілді, осы мәселелермен шұғылданатын ­комиссия да құрылды. Тіпті тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 және ­2011-2020­ жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары да жасалды. Алайда сол шаралардың ешқайсысының қуантарлық нәтиже бермегенін білеміз» деді баяндамашы. Жоғарыда аталған екінші бағдар­ламаның орындалу мерзімі де келесі жылы аяқталмақ. Алайда тіл мәселесі әлі де өткір тұр. Осындай іргелі мәсе­лелерді ортаға салған ғалымдар қазақ тілінің пәрменін күшейту мақсатында тіл басқармасын қайта құрып, осы бағытта тіл, әдебиет, тарих салалары бірлесе жұмыс істеуі қажет деген ортақ тұжырымға келді. Жиынға тіл жанашыры Асылы­ Осман, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Сүмер ­Вакур, Экономика институтының ­директоры Әзімхан Сатыбалдин, Түркия Республикасынан тіл профессорлары Мұтлұ Хүсейін Қахраман, Мұстафа Өнер, Осман Қабадайы, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының директоры Мақсат Қалимолдаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының президенті Әділ ­Ыбыраев, сонымен қатар тіл мамандары қатысып, ­баяндама жасады. Ғалымдар Президент Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» ­деген ұстанымына зор сенім білдіріп, тіл болашағына мол үміт артты.

Ақбота ҚУАТОВА

1817 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы