• Басты мақалалар
  • 18 Қыркүйек, 2019

«АУРУҒА ЕМ, САУҒА ҚУАТ, ДӘРІ ҚЫМЫЗ...»

Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер ­жү­­зіне Ұлы даладан тарағаны ­та­­рих­­тан белгілі» екенін атап өткен еді. Күні кеше Арқа төсінде Жаңаарқа ауданының әкімдігі мен «Атасу»­ қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық және ауданның 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шарада елімізде алғаш рет қымыз пісу бойынша әлемдік рекорд орнады.­ Бұған ауданның 12 ауылдық округі мен екі кентінен жиналған мың адам қатысып, бір уақытта он мың литр қымызды күбіге құйып, пісті. Рекордты ресми түрде халықаралық сарапшылар тіркеді. Осылайша, аудандағы қос мерейтой барысында жаңаарқалықтар туған өлкесін әлемге танытты.

«Тәуелсіздік» саябағында салтанатты жиынды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөзімен ашты. Ол бүгінгі өт­кізіліп отырған қос мерейтойдың мән-маңызына тоқталып, ұлттық құн­ды­лықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруде ұлт жолында қызмет еткен қай­раткерлердің өмір жолын үнемі есте ұстау қажеттігін тілге тиек етті. «Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы көп қиындықты бастан кешірді. Сол кезде халық мүддесін қор­ғаған ұлы қайраткерлердің бірі Сәкен Сейфуллин болатын. Сол бір қиын-қыстау заманда ұлтжанды азаматтар өз өмірін ел үшін қиюға дайын болды. Біз Алаш ардақтыларын мәңгілік есімізден шығармай, болашақ ұрпаққа олар туралы кеңінен айтып отыруымыз керек» деді облыс әкімінің орынбасары А.Нүкенов өзінің құттықтау сөзінде. Ал әлемдік рекордқа енген қымызға келсек, Арқаның бал қымызы ел арасында­ да сұранысқа ие. Қазақтың қымызы дегенде, кешегі өткен дүлдүлдер Жамбыл Жабаевтың «Үйірілген сары ­алтындай сары қымыз, Ауруға ем, сауға қуат, дәрі қымыз. Елімнің баяғыдай сүйген асы, Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз» немесе Кенен Әзірбаевтың «Сапырған сары ожаумен сары қымыз, Ысталған сары местен дәрі қымыз» деп жырлағаны еске түседі. Қымызды бұдан артық суреттеудің, бейнелеудің үлгісі жоқ-ау, сірә. Қазақтың ұлттық тағамының ішіндегі ең құрметтісі әлемдік рекордтар кітабына еніп жатса, бұл халқымыз үшін сүйіншілер жаңалық емес пе, ағайын. Гиннесс рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас Кубадан арнайы келгенін жеткізді. «Мен бұл рекордты жазу үшін Кубадан арнайы ұшып келдім. Бізде әртүрлі рекордтар көп. Бірақ бір мезетте мың күбі дайындалып, он мың литр қымыз пісуді алғаш рет көріп отырмын. Ол акцияға қатысушылар санымен, қымыздың көлемімен және пайдаланылған ыдыспен саналады. Барлығын тексеріп, өлшедік. Бір айдың ішінде осы рекордтың нәтижесі біздің сайтта жарияланады» деп, өзінің ерекше­ таңғалғанын атап өтіп, Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожинге рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат табыс етті. Гиннесс рекордтар кітабының ­Қа­зақ­стандағы ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков күбінің соңғы кезде халық тұрмысында сирек қолданылатынын, сондықтан мың күбіні көргенде ерекше толғаныста болғанын тілге тиек етіп, «мұндай жетістікті қайталау қиын болатынын» меңзеді. Халыққа ерекше көңіл күй сыйлаған мерекелік шара Атасу кентінен үш шақырым жерде орналасқан Қарауыл­төбеде жалғасты. Сәкен Сейфуллиннің ұрпақтары, белгілі ақын-жазушылар арнайы қонақ ретінде шақырылып, «Сәкен туған – Жаңаарқа» атты театр­ландырылған қойылым көрсетілді. Алпыстан астам киіз үй тігіліп, қазақ күресі, аударыспақ, қол күресі және т.б. ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, дода десе делебесі қозатын дүйім жұрт үшін ат жарысының орны ерекше­ болды. Шетелдік және еліміздің өнер жұлдыздары ән-жырмен тербетіп, жұртшылық шара соңында отшашуды тамашалады.

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

2656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы