• Тіл
  • 03 Қазан, 2019

Терминдерді қалай біріздендіреміз?

Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін «Терминдерді іріктеудің критерийлері мен принциптері» тақырыбында республикалық әдістемелік семинар өтті.

Алматы қаласында өткен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдас­тырған жиынға Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, жетекші ғалымдар, Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері, тіл саласы бойынша өңірлік басқарма басшылары мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды жазушы,­ «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының бас ­директоры Әлібек Асқаров жүргізді. Семинардың жұмысына арнайы келіп қатысқан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов әр ұлттың тілі, діні, ділі, әдебиеті болмаса ол ұлт болып қалыптаспайтынын атап өтіп, министрлік тарапынан нақты әрі жүйелі жұмыстар істеліп жатқанын, оған әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін жеткізді. Терминология саласының түйткілдеріне зер сала келе, мектеп табалдырығын аттаған баланың тілі аударма тілмен шығып жатқанын, олар бір-бірімен таза қазақ тілінде емес, аударма тіл арқылы сөйлесетініне алаңдап, бұл тұрғыда ғалымдарды, тіл жанашырларын әркім өзінің позициясын алға тарта бермей, қазіргі заманда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірігіп жұмыс істеу қажеттігін ашып айтты. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы керек екеніне баса назар аударды. Күні кеше Біріккен Ұлттар Ұйымында да, Қытайға барған сапарында да қазақ тілінде сөйледі. Оның алдында Елбасы да Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, қазақша сөйлегені мәлім. Мұның барлығы біздің үлкен жетістігіміз. Мемлекеттік тілді құрметтеу өзімізден басталады. Терминология саласында өзекті мәселе көп. Әркім өз позициясын ұстанатын болса, бұл мәселе ары қарай созыла береді, бітпейді. Сондықтан мемлекет тарапынан берілген қолдауды дер кезінде пайдалану керек» деп, қазақ тілін бәсекеге қабілетті тілге, ғылым тіліне айналдыру қажеттігіне баса назар ­аударды. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология­ ғылымының докторы Ш.Құрманбайұлы баянда­ма­сында терминдерді іріктеудің критерийлерін және принциптерін белгілеу мәселесін көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. «90-жылдардан бастап, яғни Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ өзінің терминдерін іске қосып, жаңа термин туғызып, бұрынғының орнын алмастырып, кейбірін қалдырып, қазақ тілінің терминологиялық қоры жаңа сипатта дами бастады. Сол кезеңнен басталған Әнұран, Елтаңба, демеуші және т.б. терминдер жасалып, қалыптасып, 20-30 жыл ішінде сіңе баста­ғанда, өздеріңіз байқап отырсыздар, соңғы кезде біздің Терминологиямыздың бағыты өзгерген сияқты. Бұрынғы бекітілген, жасалып жатқан терминжасам, терминдерді бекіту мәселесіне қатысты бағытымыз өзгергеннен кейін көзқарас қайшылығы туындай бастады. Қазіргі терминологиялық сөздің көбейіп кетуінің басты себебі осы. «Бұрын былай депті, енді мына терминді былай аударайық» деп, жасалған жұмыстарды қайта қараудың астарында бір гәп жатыр. Оны бәріңіз біліп отырсыздар. Ол – терминологияның ұлттық сипатын және халықаралық сипатын арттыру деген екі бағыттың біз қайсысын ұстанамыз деген сөз» дейді ғалым. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология­ ғылымының докторы Қ.Күдеринова жаңа әліпбиге көшу барысындағы терминдердің жазылу үлгісі жөнінде сөз қозғады. Оның ­айтуынша, қазіргі таңда сөздерді бірге әлде бөлек жазамыз ба деген екі өзекті мәселе бар екен. Әрі жаңа емле ережесіне байланысты қазақ тілінің орфографиялық сөздігі мен осы сөздікті түсіндіретін орфографиялық анықтағыш жасалып жатқанын түсіндірді. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымының докторы Қ.Айдарбек терминологияның тілдік нормативтік шарттарын талқыға салды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология бөлімі басшысының айтуынша, еліміздің жоғары оқу орын­дарында терминология саласы мүлдем оқы­тылмайды екен. «Терминдер бірізділікті талап етеді, сондықтан ол бірізді, не бөлек, не бірге жазылуы керек. Ал мына жағдайда бірге, ал мына жағдайда бөлек жазылады деген тер­ми­но­логия саласында жүзеге аспайды» дейді маман. Жиын барысында ҚР Президентінің Әкімшілігі жалпы бөлімінің редакциялық ­сараптама және актілерді шығару секторының меңгерушісі С.Бекзада «Бұл бағыттағы жұмыс бір күндік емес, жүйелі атқарылуы керек» дей келе, «әркім келіп түзеттіре беретініне тыйым салып», мемлекеттік бағдарламаға термин­қордың түзілген, сәтті жинақталған қорын енгізу әрі түсіндірме сөздік жасау қажеттігін тілге тиек етті. Экономика ғылымының докторы Әзімхан Сатыбалдин болашақ үшін, немерелері үшін алаңдайтынын жеткізіп, теледидардан күніне бір сағат қазақ тілін үйрететін бағдарлама ашу жөнінде ұсыныс айтты. Ұлттық аударма бюросының ­редакторы, философия ғылымының кандидаты Ә.Құранбек «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысында кездескен қиындықтар мен оларды шешу жолдары жайында, ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қолданбалы лин­гвистика басқармасының басшысы, филология ғылымының кандидаты С.Итеғұлова терминтану ғылымының бүгінгі ахуалы мен терминжасамның басты қағидалары бойын­ша көпшілікке ақпарат беруге арналған электрондық алаңды таныстырды. Бағдарлама бойынша қосымша баяндамалар да жасалуы тиіс еді. Уақыттың тығыздығына байланысты бұл баяндамалар оқылмады. Солардың бірі еңбегімен елге танылып жүрген білікті аудармашы, журналист Шынар Әбілдаеваның пікірін білдік. «Әнұран, сынып, қағидат, пайыз, үдеріс секілді бала күннен құлаққа сіңіп қалған сөздер бар. Қазір Терминком осының бәрін түпнұсқасына қайтып түсіріп, қайта бекіткен. Неге сіңіп қалған сөздерді қайтадан өзгертіп жатыр? Бір лауазым иесі келіп ұнатпай қалған сөздер, елдің игілігіне айналып кеткенін неге ескермейді? Онсыз да аударылмайтын кірме сөздер көп. Ағылшынның Оксфорд сөздігі 130 жылдан аса уақыт құрастырылып келеді. Оны жыл сайын жаңартып, жаңа сөздерді қосып отырады. Соңғы он жыл электронды нұсқасы шықты. Ел керек сөзін іздеп, мағынасын, этимологиясын түсіне қояды. Орысша сөз іздесеңіз де «Грамматика.ру» деген сайт алдыңыздан шығады. Әр сөзді талдап, бар мағынасын алдыңызға жайып салады. Түсінікті. Қазақша сөздің мағынасын іздесеңіз, мұндай түсіндірме сөздік жоқ. Егер түсіндірме сөздік электронды түрде шықса, терминсөздердің бәрі соның ішіне кіріп, мағынасы ашылып тұрар еді. Осындай­ сөздік құрып, соны ел игілігіне ұсынса. Сонда­ ­арнайы бағдарлама жасаудың да керегі болмас еді. Бекітілетін терминсөздер талқыға салынса деуші ек. Қазір Терминком сайтында талқылайтын арнайы алаң барын жиыннан естіп, қуандық. Бұл құптарлық жаңалық. Енді осындай алаң барын лингвист мамандардан бастап, әрбір журналист, жазушы, аудармашы, сала мамандарының бәрін құлағдар ете беру керек. Жаңа терминдерді дер кезінде бекітіп, тілге сіңіруде Терминкомның рөлі зор. Терминолог ғалымдардың да еңбегі ерен. Тек сол еңбекті дер кезінде ел ішіне тарата білсек» дейді аудармашы маман. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық терминология жаңа арнаға бет бұрды. Оның ішінде терминдерді іріктеудің критерийлері мен принциптерін айқындау, терминдерді аудару, терминдерді біріздендіру мәселесі және т.б. жайында тың ой айтылып, талқыланды. Кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижелері практикалық тұрғыдан қолданысқа енгізіліп те жатыр. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама көрсеткішінің индикаторы бойынша 2020 жылға дейін – 27000 термин бекітілуі тиіс болса, бүгінге дейін 24300 терминсөз және сөз тіркесі бекітілген. Аталған терминдер қазақ тілін әлемдік ғылым мен білімнің жоғары интеграциялық деңгейіне сай жетілдіру бағытында қызмет атқарады. Әйтсе де, терминдердің сапасы әлі де зерделей түсуді қажет етеді.

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

1134 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5810

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5480

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2604

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2565

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2544

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы