• Тіл
  • 03 Қазан, 2019

«МЕНІҢ ТІЛІМ – ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ»

Елорда төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында «Менің тілім – ұлы дала рухы» ХХІ қалалық тіл фестивалінің салтанатты мерекелік кеші өтті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған салтанатты кешке қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Кешті танымал театр және кино әртісі Қуандық Қыстықбаев пен әнші Мөлдір Әуелбекова жүргізді.

Кешті ашқан қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жыл сайын тіл фестивалі аясында Елордада 300-ге дейін түрлі бағыттағы іс-шара өтетінін, оның барлығы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталғанын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, Б.Мәкен Абай даңғылы бойында қазақ жазушыларының аллеясы ашылғанын, сол аллеяда Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын да айта кетті. Бірер апта бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегі үшін бірнеше тіл жанашырларын мара­пат­таған болатын. Осы кеште қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары – Көпболсын Бекмағанбетов, Бекжан Әбдуәлиұлы, Қайнар Олжай мен Кенжегүл Тергембаевалар Алғыс хатпен марапатталды. Ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ руханиятының алтын арқауы, ұлтты біріктіруші тұғыр – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және елдік мұраттарды насихаттауға қосқан үлесі үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Тіл тұғыры» құрмет марапатына Алдан Смайыл, Ерден Қажыбек, Оспан Сүлейменұлы, Әнуарбек Қайкенұлы, Нәсіпжан Абдрахманқызы, Нұрлан Әуезханұлы, Арнұр Қайнарбекұлы, Алмас Сырғабай, Владислав Тен, Алексей Ширяев ие болды. Кешке жиналған көпшілік «Наз» би театрының «Самғау» биін тамашалап, жас айтыскер Мейірбек Сұлтанханның арнауы мен танымал күйші Айбек Бекбосынның «Алаш» күйін ұйып тыңдаса, Шахаризат Сейдахмет пен Әсем Омардың әндеріне ерекше қол соқты. Сондай-ақ Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері мен №2 «Өнер» мектебінің шәкірттері сахна төрінде театрландырылған қойылымды көрермен назарына ұсынды. Рухты әндерімен танылып, соңғы кездері бокс рингінен де көрініп жүрген Ибрагим Ескендір патриоттық ән шырқап, халықты бір серпілтіп тастады. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі «Қазақ елі» композициясын, ал Мөлдір Әуелбекова «Туған елім» әнін орындады. Ал кешті қорытындылаған Қайрат Нұртас төрт бірдей әнін шырқап, халықтың ерекше қошеметіне бөленді.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы