• Қоғам
  • 29 Желтоқсан, 2010

«Самұрық-Қазынаның» қолдауымен

Жақында ғана елордамыз Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бастамасымен отандық өнімге баса мән берілген тауар өндірушілер форумы өткен еді. Аталған форумның мақсаты бұдан былай елімізде шығарылған өнімге қолдау көрсету және оны өндіруге жағдай жасау болды. Қазір Қор компанияларының сұраныста­ры машина жасау, химия және металлургия өнеркәсібі, мұнай өнімдері мен электр энергиясын өндіру салаларында көрініс тауып отыр. Осыған байланысты Ұлттық әл-ауқат қоры отандық тауар өндірушілерді кешенді қолдауға бағытталған арнайы бағдарламаны жүзеге асырмақ. Ол ұлттық компаниялардың қажетті сұранысына сай жаңа өндірісті құруға бағытталатын болады. Бұл дегеніміз Қазақстанда шығарылған отандық өнім сапасының өсіп, импорттық тәуелділіктен арылып, бәсекеге қабілетті елдер көшіне қосылу болып табылады. Ұлттық әл-ауқат қоры сондай-ақ шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуде де бірқатар ауқымды әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, 2009 жылы шағын және орта бизнес саласында жалпы сомасы 132 миллиард теңгенің 2500 жобасы қаржыландырылды. Мұны қаржы дағдарысы­на түскен бизнеске жасалған қамқорлық демей көріңіз. Ал 2010 жыл басталғалы қолға алынып келе жатқан жұмыстар ауқымы жағынан былтырғы жылды екі орайтын түрі бар. Елбасының биылғы Жолдауы кезіндегі тапсырмалары негізінде Қор «Бизнестің жол картасы-2020», «Инвестор-2020», «Лизинг-2020», Экспортер-2020» бағдарламаларының белсенді қатысушысы болғанын білеміз. Бұл кәсіпкерлікті, отандық өнімді қолдау үшін жүзеге асырылып келе жатқан бағдарламалар болатын. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қ.Келімбетовтің айтуынша, 2001-2009 жылдары орта және шағын бизнесті қолдау үшін бөлінген мемлекеттік инвестиция 2012-2013 жылдары өз нәтижесін беретін көрінеді. Ол өз кезегінде кәсіпкерлік салаға жағымды әсер етпек. Тұтастай алғанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры шағын және орта бизнесті қолдап, несиелендірудің бағытындағы барлық бағдарламаларға 370 миллиард теңге көле­мінде қаражат бөлді. Оның ішіндегі 50,7 миллиард теңге қайтару қаражаты есебінен беріліп отыр. Атап айтарлығы, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға арналған мемлекеттік инвестицияның кәсіпкерлік секторының өркендеуіне ықпалы мол. Бұл бағыттағы іргелі жобалар 2012-2013 жылдары да ұлғая түспек. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының еліміздің экономикасы саласындағы жақын бес жыл мерзімдегі басты стратегиялық құжат екендігі әрі зор жауапкершілік жүктейтіндігі белгілі. Қор құрамында бірнеше даму институты бар. Бұл даму институттарын атап айтсақ, «Қазақстан Даму банкі», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстан инвестициялық қоры, Kazyna Capіtal Managtent және Экспортты сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорация болып табылады. Бүгінгі таңда бұл компаниялардың 146 инвестициялық жобаны қаржыландырып отырғанын, оның ішінде 96 нысан пайдалануға берілгенін, осы өндіріс орындарында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын айтсақ та өркендеу бағытындағы айқын жұмыстар тізбегін көреміз. Мәселен, отандық орта және шағын бизнесті қолдауда «Даму» қоры елеулі істер тындыруда. Осы ретте 8500 субъектіге көмек көрсетіліп, соның арқасында 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға 120 млрд. теңге бағытталған болатын. Соның нәтижесінде көп күттірмей, 2009 жылдың шілдесіне дейін-ақ 4760 жұмыс орны құрылып әрі қолдау тауып, 2550 орта және шағын бизнес субъектілері несиеленген-ді. Бұл орайда қамтылған экономика салалары – сауда, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және байланыс, тағы басқалары. “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуына жүгінсек: “Елдің Ұлттық әл-ауқат қоры алдағы 5 жыл ішінде 24,4 млрд. АҚШ долларына теңесетін 40-қа жуық инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға инвес­тиция салмақ. Сөйтіп, соның барысында 45 мың адамға жұмыс беріп, жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 10 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек”. Бұл отандық бизнестің өркендеуіне және отандық экономиканың жаңа тынысының ашылуына елеулі үлес қосатын басым бағыттар екені айтпаса да түсінікті. Демек, “Самұрық-Қазынаның” самғауы арқасында еліміз Орта Азиядағы үдемелі индустриясы бар, өнеркәсібі дамыған көшбасшы мемлекетке айналатын жаймашуақ кезеңнің қыр астында тұрғаны анық. Сұлтан ҚАДЫРБЕК

2478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы