• Мәдениет
  • 24 Қазан, 2019

ЖАҢА МАУСЫМНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма­ театрының 94-маусымы Г.Томскийдің «Аттила мен Аэций» тарихи драмасымен ашылды. Әйгілі шығарманы аударған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова.

Маусымашардың алдында баспасөз жиынын өткізген театр ұжымы жақсы жаңалықтарымен қатар, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Алдымен сөз алған театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов маусым ашылардың алдында ұжымның бірнеше өңірге гастрольдік сапармен барып келгенін айтты. Атап айтқанда, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларына Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын (режиссері – Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев), Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді..» драмасын (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров), Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қожанасыр тірі екен...» комедиясын (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев), Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасын (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева), Бақыт Беделханның «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық қойылымын (режиссері Әридаш Оспанбаева) ұсынған. «Біз театр фойесінде арнайы «Мұхтар ауылы»,­ «Шәмші ауылы», «Мұқағали ауылы», «Поэзия бұрышы» сияқты театрландырылған көріністерді ел назарына ұсынып отырмыз. Сонымен қатар ­сонау 70-90 жылдары театрымызда фототілші болып істеген Қалиғұмар Қабдешевтің архивте жатқан, бұрын еш жерде жарияланбаған суреттерін ел ­назарына ұсынып, театрда ағамыздың фото көрмесін өткіземіз. Ең бастысы – бұл маусымды жаңа премьерамен ашып отырмыз» деді С.Әбдіхалықов. Ал театрдың соңғы алпысыншы маусымына куәгер болып отырған Халық артисі Асанәлі Әшімов қазір театрға сын жазыла бермейтінін, зерттеу жүргізілмейтінін айтып, осы жанрларды қолға алу керегін жеткізді. «Бұл – сонау 94 жыл бұрын Қызылордада ұлылардың ашқан театры. Ұлылар жұмыс істеп кеткен киелі театр. Солардың ізін, стилін жоғалтпай, өткен өмірін, шеберлігін, шеберлік класын жастарға сіңіру – біздің мақсатымыз. Сондықтан бұл театр – үлкен қара шаңырақ. Баяғыда Құндақбаевтың, Қуандықовтың тұсында Көбетай деген кісі болған. Одан соң, Әшірбек Сығайлардан кейін жақсы жазылған, актерларға жәрдем беретін сындарды ести алмай жүрміз. Қазір театр спектакльдерін талдап, сын жазуды көп көрмейтін болдым. Театр – сыншысы болса ғана өседі» деді Халық артисі. Баспасөз жиынына фотокөрме қорының иесі, фотограф, КСРО Журналистер одағының мүшесі, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері Қалиғұмар Қабдешев те қатысты. Ол өз сөзінде фотоөнердегі көп ғұмырын театрға арнаған айтты. «Мен бала кезімнен театр өнеріне ғашық болдым. Студент болып Алматыға келгенімде фотоаппарат сатып алып, қойылымдарды суретке түсіріп жүрдім. Кейін жұмысым бағаланып, штатқа жұмысқа кірдім. Жарты ғасыр өмірімді осы іске, сүйікті ісіме арнадым. Жеке қорымнан алынған фотосуреттер көрмесінің әкемтеатрда ашылғанына өте қуаныштымын» деді Қ.Қабдешев. Жиынан кейін Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңа маусым премьерасының шымылдығын қазақ театрының абыз ақсақалдары, Қазақстанның Халық артистері Асанәлі Әшімов пен Есмұхан Обаев сөз сөйлеп, ашты. Мұны да бір жақсылыққа балаған театр көрермендері «Атилла мен Аэцийді» тамашалауға отырды. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Алма Кәкішева, қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов, ­костюм үлгісі – Балауса Әбдіманапова, балетмейстер – Шұғыла Сапарғалиқызы, визуалды көріністер – Мақсат Күзенбаев. Аттила – б.з.б. ІІІ-І ғасырларда Азияны дүр сілкіндіріп, Қытайды жеңген ғұн-түркілердің ұрпағы. Ол б.з. 434-453 жылдары батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрып, әлемдік тарихта ерекше орын алған тұлға. Тарихи драманы сахналап отырған ­театр интерпретациясында Аттила басқыншы емес, керісінше Еуропада құл иеленушілік құрылыстың шайқалуына әсер еткен, ондағы халыққа азаттық әперген ұлы қолбасшы, Ғұн-Рим империясын құруды армандаған көрнекті мемлекет қайраткері, діни сенімдерді қадірлейтін дипломат ретінде көрсетілген. Біз де қойылымнан әскери қолбасшы, қайрат­кер, көшпелі және отырықшы мемлекет арасында­ғы рухани, мәдени, сауда дипломатиясын жүзеге асыр­ған билеушіні, оның іс-әрекетінен салт-дәстүрді қатаң ұстанған, сондай-ақ өзі басқарып отыр­ған халқының әдет-ғұрпы мен мәдениетін, тілін, т.б. жоғары бағалаған билеушінің бейнесін көре алдық. Сонымен қатар қойылымда Атилла мен римдік белгілі генерал Аэциймен достығы да шебер бейнеленеді. Аэций Аттилаға дос қана емес, қарсылас та болады. Атақты Аттила көп әйел алса да, сүйікті жары Кере-коға деген махаббаты көркем көрініс тауып, қойылымның шырайын аша түседі. Біз тарихтан білетін Галла Пласидиа кәмелет жасқа толмаған әрі әлсіз император Вален­тинье­нің анасы еді. Әкемтеатр сахнасында ол Вален­тиньенің анасы ретінде емес, нағыз билеуші әйел ретінде көрсетіледі. Әмірі жүріп тұрған Галла Пласидиа мен күші тасып тұрған генерал Аэцийдің арасында ашық та, жасырын да шайқастар жүреді. Ал Валентиньенің батылдығын қойылым соңында ержетіп, анасының кегін алып, Аэцийді өз қолымен өлтіргенде ғана көре аламыз. Қойылымның нүктесі де әдемі қойылыпты. Айбыны асып, жарты әлемді табанға басып, жер-жаһанның байлығын иемденген, алтынға шомылған Рим империясын тәубесіне келтірген Аттила Рим папасы Леонмен жасырын кездесіп, ортақ мәмілеге келеді. «Дініңе тиіспеймін. Керісінше Қытай шекарасына дейін қанат жаюыңа жағдай жасаймын» деген Аттиланың шешімінің өзі оның дінді, салт-дәстүрді ерекше құрметтейтінін байқатады. Оның осы шешімінен-ақ аса ірі ­саясаткер, тамаша дипломат, мәмілегер, көптеген мәселелерді келіссөздер арқылы шешіп отырған билеуші екенін аңғаруымызға болады. Әкемтеатрдың сахнасында қойылған «Атилла мен Аэций» спектакліндегі Мақсат Күзембаевтың визуалды көріністерін ерекше атап өткіміз келеді. Сол арқылы көрермен Аттиланың заманына түсіп, қойылым ішінде бірге жүргендей күй кешеді. Жалпы­ визуалды көріністер драма театрына келген жақсы жаңалық болып отыр. Сөз соңында театр ұжымы «Аттила мен Аэций» қойылымын келесі жылы Италияға апарып қоюға ниетті екенін айта кетейік.

Ақбота ҚУАТОВА «Ана тілі»

1398 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы