• Ақпарат
  • 14 Қараша, 2019

Өңірлік ынтымақтастық – өзекті міндет

Алматыда «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы мен Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған гендерлік теңдік саласындағы міндеттерді орындауға бағытталған жиын өтті. БҰҰ-ның, азаматтық қоғамның, жеке сектордың және басқа да мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге арналған жиынға қатысушылар қоғамдағы әйел-ананың рөліне тоқталып, баяндама жасады. 

БҰҰ-әйелдер ұйымының ­Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директорының орынбасары Блерта Чела өзінің құттықтау сөзінде М.Әуезовтің «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тер­бетеді» деген сөзін мысал ретінде кел­тіріп, гендерлік теңдік күн тәртібінің 2030 жылға дейінгі негізгі басымдығы екенін, мұны жүзеге асыру – бүгінгі заманның өзекті мәселелерін шешуде, әсіресе нәзікжандылар үшін жақсы мүмкіндік екенін тілге тиек етті. «Әйелдер мен қыздардың құ­қы­ғын сақтауды қамтамасыз ету арқылы ғана біз әділдік пен ин­те­грацияға қол жеткізе аламыз, сондай-ақ болашақ ұрпағымыз үшін қоршаған ортаны сақтайтын эко­но­миканы құра аламыз» деді ол. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев еліміздің болашаққа қарқынды дамуы жолында әйел-ананың әлеуетін пайдалану көзделіп отырғанын айта келіп, сонымен қатар бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланатын жиынның маңызына назар аударды. ­«Қазақ­стан әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдік мәселелерін алға жылжытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті, гендерлік сая­саттың ұлттық моделі сәтті дамуда. Біз гендерлік теңдік стратегиясын, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын қабыл­дадық, оны әзірлеуге БҰҰ-ның жетекші сарапшылары белсене қатысты. Қазір статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі шағын және орта бизнестің 40 пайыздан астамы әйел-аналардың еншісінде. Ал саяси деңгейде 30 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі таңда Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталарында әйел депутаттар – 23%, ал жергілікті мәслихаттарда – 22%. Сонымен қатар әйел-аналарға жасалатын теңсіздік немесе құқық бұзу актілерін, т.б. кемсітушілік мәселелердің алдын алу, болдырмау, әйелдер мен қыздарға тең мүмкіндік беру жөнінде қарастырылып, арнайы іс-шара жоспары бекітілді» деп түйіндеді сөзін Е.Ашықбаев. «GreenTechnology Industries» ЖШС-ның атқарушы директоры Клара Әбдірахманова жиынға Шымкенттен бизнес өкілі ретінде арнайы келгенін, өз тәжірибесінде ауыл әйелдерін жұмыспен қамтуға көбірек мән беретінін жеткізді. «Шымкенттің маңында Бадам ауылы бар. Өкінішке қарай, ауыл­да жұмыссыз отырған әйелдер көп. Сондықтан бірінші кезекте әйелдерді жұмыспен қамтуға тырысамын. Олар тек үй жұмы­сымен айналыспай, өзін-өзі дамытса, деңгейін көтерсе, білімін жетілдірсе деген мақсат» деді К.Әбдірахманова. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық ­саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Экономикалық зерттеу институтының басқар­ма төра­ғасының орынбасары ­Шахарбану ­Жакупова, Қырғыз­стан ­Республикасы Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің гендерлік мәселелер депар­та­ментінің директоры Роза Бекматова, «NIHOL» бастамаларын дамытуды қолдау орталығы, ҮЕҰ Кеңесінің төра­ғасы Ширин Рашидова және т.б. сөз сөйледі. Жиын соңында сарапшы­лардың өңірлік кеңесін құру жө­нінде шешім қабылданды.

Бағдагүл Балаубаева «Ана тілі»

3228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы