• Қоғам
  • 14 Қараша, 2019

Өңірлік ынтымақтастық – өзекті міндет

Алматыда «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы мен Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған гендерлік теңдік саласындағы міндеттерді орындауға бағытталған жиын өтті. БҰҰ-ның, азаматтық қоғамның, жеке сектордың және басқа да мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге арналған жиынға қатысушылар қоғамдағы әйел-ананың рөліне тоқталып, баяндама жасады.

БҰҰ-әйелдер ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директорының орынбасары Блерта Чела өзінің құттықтау сөзінде М.Әуезовтің «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөзін мысал ретінде келтіріп, гендерлік теңдік күн тәртібінің 2030 жылға дейінгі негізгі басымдығы екенін, мұны жүзеге асыру – бүгінгі заманның өзекті мәселелерін шешуде, әсіресе нәзікжандыларүшін жақсы мүмкіндік екенін тілге тиек етті. «Әйелдер мен қыздардың құқығын сақтауды қамтамасыз ету арқылы ғана біз әділдік пен интеграцияға қол жеткізе аламыз, сондай-ақ болашақ ұрпағымыз үшін қоршаған ортаны сақтайтын экономиканы құра аламыз» деді ол.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев еліміздің болашаққа қарқынды дамуы жолында әйел-ананың әлеуетін пайдалану көзделіп отырғанын айта келіп, сонымен қатар бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланатын жиынның маңызына назар аударды. «Қазақстан әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдік мәселелерін алға жылжытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті, гендерлік саясаттың ұлттық моделі сәтті дамуда. Біз гендерлік теңдік стратегиясын, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдадық, оны әзірлеуге БҰҰ-ның жетекші сарапшылары белсене қатысты. Қазір статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі шағын және орта бизнестің 40 пайыздан астамы әйел-аналардың еншісінде. Ал саяси деңгейде 30 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі таңда Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталарында әйел депутаттар – 23%, ал жергілікті мәслихаттарда – 22%. Сонымен қатар әйел-аналарға жасалатын теңсіздік немесе құқық бұзу актілерін, т.б. кемсітушілік мәселелердің алдын алу, болдырмау, әйелдер мен қыздарға тең мүмкіндік беру жөнінде қарастырылып, арнайы іс-шара жоспары бекітілді» деп түйіндеді сөзін Е.Ашықбаев.

«GreenTechnology Industries» ЖШС-ның атқарушы директоры Клара Әбдірахманова жиынға Шымкенттен бизнес өкілі ретінде арнайы келгенін, өз тәжірибесінде ауыл әйелдерін жұмыспен қамтуға көбірек мән беретінін жеткізді. «Шымкенттің маңында Бадам ауылы бар. Өкінішке қарай, ауылда жұмыссыз отырған әйелдер көп. Сондықтан бірінші кезекте әйелдерді жұмыспен қамтуға тырысамын. Олар тек үй жұмысымен айналыспай, өзін-өзі дамытса, деңгейін көтерсе, білімін жетілдірсе деген мақсат» деді К.Әбдірахманова.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Экономикалық зерттеу институтының басқарма төрағасының орынбасары Шахарбану Жакупова, Қырғызстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің гендерлік мәселелер департаментінің директоры Роза Бекматова, «NIHOL» бастамаларын дамытуды қолдау орталығы, ҮЕҰ Кеңесінің төрағасы Ширин Рашидова және т.б. сөз сөйледі.

Жиында Орталық Азия елдері өңірдегі тұрақты даму мақсаттары шеңберінде гендерлік теңдіктің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізудегі ілгерілеуді жеделдету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдау үшін сарапшылардың өңірлік кеңесі құрылды.

Бағдагүл Балаубаева

1922 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы