• Қоғам
  • 12 Қаңтар, 2011

Отты судың лаңы

d0b0d0bbd0bad0b0d188Күні кеше еуропалық жыл санау бойынша Жаңа жыл есігімізді қақты. «Бұл – Батыстан келген үрдіс» дегенмен, өзіміздің қасиетті Әз Наурызды алға тартқанмен, бұл жағынан бүкіл әлеммен бірге болуға мәжбүрміз. Осы орайда Исаның туған күні-міс деп айдарланатын Жаңа жыл мерекесінің арақ-шарапсыз өтпейтіні бесенеден белгілі. Кейбіреулер үшін тіпті мерекенің өзі емес, сонда түбін түсіре ішу түпкі мақсат болып табылады. Сондықтан ондай сабаздардың 1 қаңтардың таңында аңқасы кеуіп, оянуы – үйреншікті жағдай. Бірақ дағдылы «алып қоялыққа» бастамас бұрын, сіздердің назарларыңызды «арекеңнің» алыс-жақын көршілерімізде және өз аумағымызда туындатып жатқан мәселелеріне аударғымыз келеді.

Әрине, «Арақ – атамыздан қалған ас емес». Дей тұрғанмен, соңғы статистикалық мәліметтерге сү­йенсек, бүгінгі таңда Ішкі істер органдарының профилактикалық тізімінде бас-аяғы 300 мыңдай отандас-қандасымыз есепте тұрса, оның 126 мыңы спирттік ішім­діктерді шамадан тыс пайдаланатындар қатарынан екен. Сол қызыл тырнақшадағы 126 мыңның 38 мыңы, яғни 40 пайыздайы отбасылық-тұрмыстық жағдайда заң бұзушылықтарға жол берген, ал 32 мыңы нашақорлар ретінде тіркеуге алынған. ІІМ аясында қызмет етіп жатқан Әкімшілік полиция комитетінің хабарлауынша, өткен жылы орын алған 1759 кісі өлімінің 30 пайызы осы мастықтың салдарынан туындапты. Отбасылық-тұрмыстық жағдайдағы кісі өлтірушілік те осы спирттік ішімдіктерді даурыға ішіп алудан кейін ғана өрістеп отырған. Тіптен тәжірибелі криминалистер әрбір оныншы қылмыстың азаматтардың ес-түсін білмейтін, мас кезінде жасайтынын айтады. Бұлардан бөлек тағы бір айта кетерлік жайт, ішімдік ішу мен маскүнемдіктің ақыры көп жағдайда қайғылы жағдайларға апарып соқтырған үлкен апаттарға да себепші болып отыр. Мысалы, бас-аяғы 3 жылдың ішінде еліміздің аумағында мастықтың кесірінен 55962 өрт шығып, 1932 адам ажал құшып үлгерген. Олардың 1138-і мас күйінше көз жұмған. Ол – ол ма, соңғы 6 жылда республика бойынша масаң күйде көлік айдау салдарынан 4833 жол апаты орын алып, оларда 977 адам қайтыс болып, 7027-cі ауыр жарақаттанған көрінеді. Соңғы 2 жылда медициналық ұйымдардың қарауына алкогольді ішімдіктерге уланып 31 мың мүшкіл халдегі науқас жеткізіліп, олардың 2100-і өлімге душар болған. Эпидемиологтардың сөзіне құлақ түрсек, осынау қысқа уақыт аралығында арақ-шараптан уланушылар санының 25 пайызға өскендігі байқалыпты. Ал енді калькуляторды қолға алыңыз да, алып-қоса бастаңыз. Бар болғаны 16 миллионның айнала­сындағы халқы бар байтақ үшін бұл көрсеткіштер аз ба, көп пе? Төрелігі – өзіңізде... Оны қойшы, тіпті ата-ба­баларымыз «малым – жанымның са­дағасы, жаным – арымның садаға­сы» деп ғасырлар бойы дақ түсірме­ген абырой-атағымыз да осы жағым­сыз құбылыстың «себімен» былғану үстінде десек, артық айтқандық емес. Жақында ғана посткеңестік кеңістіктегі БАҚ құралдарында резонанс туғызған ресейлік «Союз-Виктан» арақ-шарап өндіруші ком­паниясының өкілі Ярослав Бон­даренконың алкогольді ішім­діктерді тұтынуы жағынан рейтингі жоғары елдерге қатысты бөліскен бейресми мөлтек сырлары біраз жайдың бетін ашып өтті. Оның айтуынша, «денсаулық үшін алып қояйықтың» көшін бастаған денсаулығы нашар Ресейден Қазақстан да бір елі қалмай, ілесіп келеді. Сол компанияның маркетологтары жариялаған са­раптамаға сүйенсек, нарықтық зерттеулер барысында ресейліктердің арақ-шарапты жылына 15 литр мөлшерінде, қазақстандықтардың 12-15 литрге дейінгі аралықта қағып тастайтындығы, ал арақтан атасының беті қайтпаған славяндардың тағы бір қаны – белорустардың 10-11 литрге дейін ішетіні мәлім болған. Славянтекті, кезінде «самогонымен» атағы шыққан Украина да бұл жағынан бізден екі саты төмендегі төртінші орынды місе тұтқан Полшамен бірге 6-7 литрдің айналасында болып шықты. Осы ретте өз-өзінен туындайтын заңды сауал: неге Ресей мен өзге де онымен тамырлас ТМД елдері алкоголизм дертіне ерекше бой алдырды? Бұған мәдениеттанушылардың берер жауабы қып-қысқа: өйт­кені Еуразияның шетсіз-шексіз кеңістігін мекендеуші халықтардың оған қарсы иммунитеті қалыпта­сып үлгермеді. Ерте замандардан еуропалықтар жүзім өсіріп, одан шарап алып, оны мәдениетті түрде аспен бірге іше білді. Олар үшін бұл ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан қалыпты үрдістің бірі еді. Ал Ресейде алкогольдік құрамы өте төмен дәстүрлі ішімдік түрлері ретінде қайың сөлі мен балдан жасалған сусындар қолданыста болды. Олар онда да тек жаһилдік мерекелер мен рәсімдерде ғана ішілетін. Бұндай сусындардың қатарына отырықшылар кеңінен тұтынған квас пен көшпенділердің сүйікті сусыны қымызды да жатқызуға болады. Жалпы, ащы су Ресейге ХVI ға­сырдың ширегінде келіп жетті. Тарихшылар «алғашқы кабактар Иван Грозныйдың кезінде ашылған» дейді. Содан бері аймақта арақ-шараптың жеңімпаз жорығы басталды деуге болады. Жергілікті халықтарда бұндай ішімдік түріне қарсы иммунитеті мен тұтыну мәдениеті болмағандықтан, ол оба дерті секілді тез жайлады. Қиыр Солтүстіктің аз халықтары кейінгі жаңа дәуірде ауызданғанына қарамастан, «кіп-кішкентай бойы бар, құлатпақ ойы бар» арақ «батырдан» түбегейлі жеңілді. Нәтижесінде ол жердің адамдарының жаппай ішімдікке бой алдыруы орын алды. Сол замандардан бері арақ Ресейдің, бертін келе оның ықпалында болған елдердің тұрмыс-тіршілігіне тереңдей еніп, тамыр жайып, тіпті мәдени-қоғамдық дәстүрлерді алмастыруға дейін жетті. Орыстардың өз арасында кеңінен тараған түбі жаһилиятта жатқан аруақтарды арақ ішіп еске алу дәстүрі (православие діні үшін де бұл үлкен күнә) кейінгі уақытта адам танымастай өзгеріп, жаңа заттарды, қуанышты жағдайларды, туған күнді, балалы болуды. үйленуді, бір сөзбен айтқанда, қоңыр өмірді шаттыққа бөлеп, боямалап, құлпырта түсетін күллі қуаныш атаулыны «жуу» дәстүрі пайда болды. Өз арамыздағы қит етсе «жу» деп шыға келетіндердің түп-тамыры, міне, қайдан арна тартады. Ертеректе пра­во­славие дінін­дегілердің өзінде арақтан өлгендерді өз-өзіне қол жұмса­ғандардың есебіне жатқызып, ортақ моладан бөлек, жекелеп жерлеген деседі. Исламның асыл мәйегімен ұлт болып ұйыған біздің халықтың дәл осы тұста жіберіп алған бір кемшіні байқалмай ма? Қалай десек те, Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының белгілеген межесі бойынша, алкоголь өнімдерін жылына 8 литрден артық тұтыну өліммен пара-пар болып есептеледі. Егер бұл қисынмен ой қорытар болсақ, адам өмірі мен денсаулығына қауіп-қатердің қайдан екенін көреміз. Не деген жаны сірі халықтар едік? Тағы да таңғалмасқа шара жоқ. Бәрін айт та, бірін айт, өзге жұрт­тан қалыс қалуды ар көретін біздер арақ майданындағы статистикалық рекордтарымыздың арқасында осы күннің өзінде Ресей, АҚШ, Финляндия, Украина, Польша, Беларусь, Германия, Англия, Румыния секілді елдермен иықтасып, еңсе жарыстырып тұрмыз. Осы аталған мемлекеттердің әлемдік нарықтағы өндірілетін алкоголь өнімдерінің 94 пайызын тұтынатынын ескерсек, жетер жерімізге жетіп, жетіскендігіміз талас тудырмаса керек. Рас, әлемдегі әрбір елдің өзіндік жақсылы-жаманды маскүнемдікпен күресу әдісі бар. Өкінішке қарай, Қазақстан бұлардың бірде-бірінің тәжірибесін өз қолданысына енгізбей отыр. Мәселен, Еуропада спирттік ішімдіктерді тұтынудың жаман да залалды екенін жас ұрпақтың құлағы­на кішкентайынан құйып өсіреді. Ал Америкада болса, алкогольді ішімдіктерді өндірушілерге шығыны көп болатындай қолайсыз бизнестік атмосфера жасалған. Араб елдерінде темекі шегу мен маскүнемдік тү­бірімен Құран аяттарына негізделе отырып, тыйым салынған. Ал алыс-жақын шетелдердегі өзге де алкоголизм мен маскүнемдік тарапындағы жүргізіліп жатқан майданға келсек, бүгінде дүниежүзінің 80-дей мемлекетінде алкоголизм мен мас­күнемдіктің алдын алу туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатыр. Онда азаматтардың сауда саламатты өмірі кеңінен насихатталады. Тіпті қайсыбір елдерде алкогольді ішімдіктерді тұ­тынуға қатысты қатаң шаралар қарастырылған. Халықаралық са­ламаттылық академиясының (Меж­дународная Академия Трезвости (Украина)) мәліметтеріне қара­ғанда, жер шарының 3/2-сі саламатты – арақ-шарапсыз өмір сүреді. Дәлірек айтқанда, 600 ұлт алкоголь­ді ішімдіктерді татып алмайтын ха­лықтардың қатарында. Ендігі туындайтын мәселе, біздер есебі түгел елу бай-бағылан елдің емес, ең әуелі, осынау руханияты берік, дені сау 600-дің сапына қашан тұрамыз? Тезірек қамданбасақ, Құдайы көршіміздің кеселінің бізге де жұғатыны анық. Ресейде әрбір жыл сайын арақ-шараптың «игі шапағатымен» 42 мың адам о дүниелік болып жатады. Бұдан бөлек отты судың жанама салдарынан (дерттердің одан сайын күрделенуі, мас болып шекісу, т.б.) шамамен 800 мыңдай азаматтың ажал табуына да әкеп соғады. Орташа статистикалық ресейлік, жаңа айтып өткеніміздей, жылына 15 литр спирт тұтынады. Ресейде қазына қоржынынан алкогольді ішімдікке дуаланып қалғандарды емдеу үшін жылына 25 млрд. рубль (әрбір маскүнем үшін үкімет айына 7000 рубль шығын шегеді) қаржы жұмсалады. Ал бүкіл байтақ басына шаққандағы жалпы шығын ұлттық ІЖӨ-нің 3,3 пайызын, яғни 530 млрд. рубльді құрайды. Ресей Федерациясының есебінде 2,5 млн. асқынған түрдегі алқаштар легі (тұрғылықты халықтың 1,7 пайызы) тізімделіп тұр.

ТҰЖЫРЫМ:

Сонымен тұйықтан шығар жол қайсы? Көршіңнің қорасын өртеген өрт, жел тұрса, сенің де аулаңа кірмей ме? Кіріп те қойған тәрізді. Бірақ «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» деген мәтелді ұмытпасақ жарады. Ресейді етектен тартқан арақтың күні ертең Қазақстанды жағадан алмасына кім кепіл? Себебі жағдайдың осындай сценариймен дамуына алғышарттар жеткілікті. Вирусты кірпіштің қалануына берік негіз де бар. Тек бұл нәубетке қарсы күресетін риясыз күрескерлер армиясы оңайлықпен табыла қояр ма екен? Міне, мәселе қайда жатыр. Ерболат Мамырайхан

2959 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы