• Тіл
  • 28 Қараша, 2019

Тілші-ғалымның жаңа кітабы

Кітаптың да түр-түрі бар: бірі жылдардың қажетін өтеп, бірте-бірте жылыс­тап тарих қоймасына сіңіп кетіп жатса, енді бірінің қашанда көз алдыңда, қол астыңда тұрғанын қалайсың. Кітап шығарудың соңында жүрген соң хабардармыз: бұл күнде жасқа да, үлкенге де керек дүние – интернеттен табыла бермейтін мәліметі мол, ақпараты айқын анықтамалық сынды кітаптар. Әрине, күнделікті қолданыстағы оқулықтардың жөні бір басқа. Өз кәсібінің  қыры мен сырын, ұңғылы мен шұңғылын біле түссем деген талапты маман өз саласы­ ­бойынша айтылған әрбір тың пікірді іздеп жүреді, жазылған жаңа еңбек, толымды­ дүние қолыма тисе екен деп ұмтылады. 

Сіздерден сүйінші сұрап, жар сала таныстырып отырған жаңа кітабымыз – көрнекті тілші-ғалым, ұлағатты ұстаз, Ұлттық Ғылым ака­­демиясының корреспондент мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Оразбаеваның «Қазақ тіл білімі мәселелері» атты бірегей еңбегі. Бірегей болатын себебі – кітап қазақ тілтанымына қосқан өзіндік жаңалығы бар, тың тақырыпты қаузаған, өзіндік ғылыми бағыт-мектебі бар ғалымдарға ғана тиесілі «Қазақ тіл білімінің антоло­гиясы» атты жоба аясында жарық көріп отыр. Көлемді еңбек (656 бет) лингвистиканың соңғы жылдары қанаттанған соны саласы – ком­муникация теориясына бағыш­талған, тілдік коммуни­кацияның ғылыми концептуалдық негізін саралаған, осы теорияға сүйенген қазақ тілін деңгейлік оқытудың әдістемелік базасын жасақтаған. Қазақ тілі туған топырағында, төл мемлекетінде төрге оза алмай пүшәйман болған алмағайып заманда туған тіл табиғатын тануға ғұмырларын арнап, әрқайсысы тіл білімінің белгілі бір саласының бастау-көзінде тұрған айтулы ғалымдардың сүбелі зерттеулері бүгінде ұлт игілігіне айналса игі. Осы мақсатпен де біз өткен ғасырдың соңғы жылдарынан бері «Қазақ тіл білімінің озық үлгілері» атты серияны А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының атынан жалаулатып, бірақ өзіміздің жеке қаражатымызбен шығарып келген едік. Алайда не моральдық, не материалдық қолдау таппаған аталған мегажобаның көрер жарығы осылайша бірте-бірте сарқылды... Қоғамымызда сәл «жылымық» кезең орнап, биліктің жуан мойны ана тілімізге бір бұрылған сәтінде «Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты жаңа жобаны жоғарыға жөнелттік. Сәтін салып, 2013 жылы осы топтаманың ізашары ре­тінде қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы мен ғылыми лингвистиканың негізін қалаушы профессор Құдайберген Жұбановтың өлмес мұралары мол таралыммен қалың жұртшылықтың қолына тиді. Осы ізбен 2014 жылы тағы 8 ғалымның (академик І.Кеңесбаев, Ш.Сарыбаев, Ы.Маманов, Қ.Өмірәлиев, т.б.) толымды еңбек­тері жарыққа шықты. Өкінішке қарай, осы жобаны қаржыландыруды қолға алған Тіл комитеті уәдесінен тайқып, күні бүгінге дейін жобаның болашағы күмәнді қалпында қалып отыр. Кезегін күткен марқұм­дардың аты-жөні де еш құпия емес: С.Аманжолов (қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы), Н.Сауранбаев пен Ә.Құрышжанов (түркология, қыпшақтану), М.Томанов (тарихи грамматика), Ә.Қайдари (этнолингвистика), Ә.Ибатов (тарихи морфология), Е.Жұбанов (фольклор тілі), т.с.с. Осындай 30-дан аса том еңбек, заманында қазақ тіл білімінің іргетасы болып қаланған, бүгін де күресінге лақтыруға көз қимайтын дүниелер толып-ақ жатыр. Ал оларды «ескірді» дегеннің өзінде орнын басар, қадыры олардан артық неміз бар?! «Мынадай керемет бір ғылыми еңбек шықпай жатыр» деңізші бізге – сүйіншілеп жалпақ жұртқа жаюға біз дайынбыз. Көрнекті ғалым Фаузия Шәмси­қы­зының, өкінішке қарай, шектеулі тара­лыммен осы топтама аясында жарық көрген еңбегіне қайта оралсақ, әрі ғалымдар үшін, әрі ұстаздар үшін таптырмас бұл айырым еңбек те және «Антология» топтамасының басқа да інжу-маржандары алдағы күндерде арнайы мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің өсе түсуіне пайдасын тигізер деген үміт зор.

Ғарифолла ӘНЕС, профессор, «Қазақ тілі» баспасының директоры

1440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы