• Ақпарат
  • 04 Желтоқсан, 2019

Дала өркениетінің данагөй жыршысы

Жұмат ТІЛЕПОВ, филология ғылымының докторы, профессор

Далалық өркениеттің сан ғасырлық тарихында ерекше орны бар, атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлының туғанына 160 жыл толуына орай таяуда Ақтау қаласында «Ноғайлы жырлары және Мұрын жырау феномені» атты II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған ғылыми жиынды құттықтау сөзімен ашқан Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов бастауын­ сонау XIV ғасырдан алатын ноғайлы жырлары атанатын мұрамыздың маңғыстаулық Мұрын жырау арқылы әлем назарын аударумен келе жатқан баға жетпес жәдігер екеніне тоқтала отырып, конференция жұмысына ел күткендей елеулі сәттіліктер тіледі. Конференцияға қатысқан шетелдік көрнекті ғалым-профессорлар: Н.Суюнова (Қарашай-Черкес елінен), Л.Мұхаметзянова (Татарстаннан),­ Р.Баязитова (Башқұртстаннан), сондай-ақ өзіміздің белгілі ғалымдарымыз С.Сәкен, Б.Қорғанбек, Б.Нұрдаулетова, А.Еділхан, жыршы Б.Тойғұлиевтардың ғылыми баяндамаларында тарих, этнография, әдебиеттану, фольклортану­ секілді көптеген қоғамдық ғылымдардың елеулі жайларымен тікелей байланысты Мұрын жырау мұрасының келелі мәселелері кеңінен сөз болды. Төменде сол жиынға қатысқан профессор Ж.Тілеповтың мақаласын жариялап отырмыз.

Мұрын жырау! Ол өз заманының ұлы жыршысы! Мұрын жырау!.. Мұндай ­жаратылыс иесін ұлттың құты деп қабылдаса жарасар... Ал енді осы кісі – бүгінгі, кешегі өмір кешкен аяқ ­жетер, сөз естілер жердегілердің барлығын таңдандырған таңғажайып жан иесі болатын. Оның таңғажайыптығы 360 әулиелі Маңғыстау түбегінің перзенті болғандығында ғана емес еді. Оның елді таңдандырар ерекшелігі «Ноғайлы жырлары» немесе «Қырымның қырық батыры»­ атанатын таңды таңға ұрып, бірнеше ай бойы жырлайтын жер бетіндегі көзі тірі жалғыз жыршы екендігінде еді.Жоқ, тек бұл ғана емес, оның ерекшелігі 1300 жылы өмірден өткен Ноғай атты қол бастаған ер, ел басшысы ұлы ­тарихи тұлғаның көзі тірісінде Ноғай жұрты, Ноғай елі атанған атақ-даңқы зор қауымының ғұмырын жырмен өрнектеген, елдік ­тарихын әлемге паш етуші жалғыз эпостың иесі болғандығында еді. Ол аз десеңіз, оның ерекшелігі – осынау елдік тәбәрік, елдік жәдігерлікті айтушы Мұрын жырау аталатын абыздың хат танымайтын көненің көзі екендігінде еді. Мұрын жырау Сеңгірбекұлы – берісі қазақ халқының, әрісі бүгінгі таңда 200 миллионға жуықтап отырған, отыздан астам ұлт пен ұлысты құрайтын бүкіл түркінің мақтан етуге лайық, бірнеше ғасырда дүниеге бір рет келетін ерекше жаратылыс иесі. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен фольклоршылардың Бүкілодақтық ғылыми конференциясының Мұрын жырлаған «Қырымның қырық батыры» эпосын дүниежүзілік маңызы бар ерекше­ қазына деп қаулы қабылдауының өзі аса кірпияз ғылыми қауым өкілдерінің тарапынан жырау шығармашылығына берілген сындарлы бағасы болатын. Бұл кезде даңқты жыршы 85 жаста еді. 1942 жылдың 12 қаңтарында Қазақ КСР халық комиссарлары советінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновқа КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының басшысы­ Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен осы филиалдың Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтар өтініш етіп, оны Маңғыстаудан алдыртқан кезде ол 83 жаста еді. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті аспанды шарпып тұрған шақ болатын. КСРО атты алып елдің басшысы И.В.Сталиннің өзі жұмыс кабинетіне А.В.Суворов, М.И.Кутузов, П.С.Нахимовтар секілді орыс жұртының қолбасшыларының портреттерін іліп, әртүрлі дәрежедегі әскери қолбасшылар қанды айқас алдындағы әр халықтың жауынгерлеріне өздерінің батыр бабаларының рухы жар болуын тілеп, жалынды тілектер айтылатын тұс еді. Қазақтың аты шыққан Абылай, ­Кенесары, т.б. тарихи тұлғалары да сол уақыттарда осындай ілтипатқа бөленген-ді. Олар туралы жинақтар шығару сол кездерде қолға алынды. Бірақ кейін сол ­Абылай, Кенесарылардың есіміне «Күндей күркіреген» соғыс басылысымен-ақ, олардың халқы алдында атқарған игі істерін айтуға тыйым салынды. Олар туралы жазған ғалымдар мен көркем сөз иелері түрмеге жабылды. Айдауға түсті. Ал Мұрын жырау жырлаған батырлар әулетінің дені КСРО атты империяның негізгі жұрты – орыс халқының бағзы бабаларымен соғысып өткен, бірсыпыра жағдайда тізесін батырған, билігін жүргізген жандар еді. Олар орыс тарихын білетіндер үшін Абылай, Кенесарылардан да гөрі айбыны артығырақ болып есептелінетін-ді. Олай болса, бұлар туралы 1944-1945 жылдардан басталып, 1951 жылдың сәуірінде нүктесі қойылған қуғын-сүргіннен кейін барды бардай сөйлеп, шындықтың пердесін ысыруға елуінші жылдардың ақырына дейін мүмкін болмағаны өзінен-өзі белгілі еді. Тіптен, онан беріде де үнемі шетқақпай көріп, зәрезап ­болып қалған қазақтың зиялы қауымы – ғалымдар қосыны айтар сөзін айта алмай бүгежектеп келді. Бірақ елдің көңіліне жұбаныш ­болар бір жай бар-ды. Ол – ұлы жыршы­дан біздің елдігіміздің ескерткіші «Қырымның қырық батыры» эпосының хатқа түскендігі еді. Сондықтан небір ­елжанды, ұлтжанды деген азаматтарымызға үлкен жұрттың кіші халыққа деген көзқарасын өзгертер мемлекет ұстанып отырған саясаттың жылы қабағын күтуден басқа амал қалған жоқ-ты... Сөйтіп күткен үміттің қоламтасы ақыры от алып, тұтана ­бастады. Батыс пен Шығыс әдебиетінің білімпазы В.М.Жирмунский секілді әлемдік даңқы бар ғұлама «Түрік ерлік эпосы» сынды іргелі еңбегінде Мұрын жырау репертуарындағы ерлер туралы,­ бұл туындылардың өмірге келуіне, бүгінге жетуіне себепкер болған Сыпыра жыраудан басталатын ұлық туындыгерлер жайлы игі лебіз білдірді. Өзіміздің М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, О.Нұрмағамбетовалар зерттеулерінде де азды-көпті сөз бола бастады. Осы тұста Мұқаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов Мұрын жырау шығармашылығын өзінің аспиранты Сұлтанғали Садырбаевқа диссертация тақырыбы етіп бекіттірді де, ол жыршы туралы тұңғыш рет кандидаттық диссертация қорғады. Зерттеуін кітап етіп шығарды. Кейін заманның райы түзеліп, ұлтымыздың рухани қазынасын жасқанбай іздестірер тұс келгенде, жырау аузынан жазып алынған мұралар екі том кітап болып жарияланды. Бұл шаруаның тұсында қазақ ғылымы үшін балалық кезеңде жүрген мәтінтану саласының үлкен білімпазы, ақын, жазушы, ­ХVІІІ-ХХ ғасырларда өмір кешкен сандаған көркемсөз шеберлерінің туындыларын халқымен қауыштырған көрнекті ғалымымыз Қабиболла Сыдиықов ерекше еңбек етті. Ұлтымыздың қайсар қызы, көрнекті ақын Мариям Хакімжанова мен белгілі стенографист Мариям Исаева апайлардың Мұрын жыраудан «Қырымның қырық батыры» жырын хатқа түсіру үстіндегі тек өздерінің сіңірген еңбектерін ғана емес, сол кездегі осы іске шын жанашыр болған ұлтымыздың біртуар перзенттері Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Н.Оңдасынов, Н.Сауранбаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов­тардың атқарған азаматтық істерін айтып естеліктер жаздыртты. Өзі жыраудың 130 жылдық мерейтойы кезінде туындыгер репертуарын, өмір жолын жан-жақты баян еткен тұщымды баяндама жасады. Жыраудың екі томдық еңбегіне ғылыми пайыммен жазылған байыпты алғысөз жазды. Біраз жыл өткеннен кейін, «Арыс» баспасы осы екі томдық жинақтың негізін сақтай отырып, ілгеріде аттары аталған М.Хакімжанова, В.М.Жирмунский, С.Садырбаев, М.Мелетинский, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібай, М.Ғұмарова, А.Тұрғанбаевтармен қатар, кейінгі С.Сәкенов, Р.Сахиева секілді ғалымдар еңбектерімен толықтырып, 2005 жылы «Ноғайлы жырлары. Қырымның қырық батыры» дейтін атаумен қомақты еңбек жарияланды. Баспаның директоры – Ғарифолла Әнес. Бұлардан тыс, әралуан әдебиетке қатысты энциклопедиялық еңбектерде Мұрын Сеңгірбекұлы ­туралы мәліметтер жарық көріп келді. Өзінің қысқа ғұмырында қыруар жұмыс тындырған Серікбол Қондыбай мар­құм­ның зерттеу еңбектерінде жырау ­шы­ғармашылығына қатысты жаңаша айтыл­ған ғылыми тұжырымдар да баршылық. Тегінде жыршылық – бұл ел қадір­лейтін қастерлі өнер. Әлемдік өркениетте халықтың өз басынан өткен елеулі тірлігін, елдік тарихын төгілдіре баяндайтын мұндай өнер иелерін сол елдің тыңдарманы қай кезде де ардақтай білген. Ал Мұрын жырау сынды өзімізге көрші, туыс жұрт қырғыз ағайындар кешегі Сағымбай Оразбақов, Саяқбай Қаралаевты, осыдан үш-төрт жыл бұрын дүниеден өткен Ұрқашты қырғыз жұртының құты деп есептейді. Мұрын Сеңгірбекұлы да осындай еліміздің көркемсөз өнерінің құты ретінде қабыл­дануға лайықты тұлға екендігі хақ. Ол өз заманында теңдесі жоқ мол жырды зердесінде ұстай білген құймақұлақ орындаушы ғана емес, сонымен қатар үлкен диапазонның ақыны, сөз зергері, суреткер жан. Оның бар өмірін «Қырымның қырық батырын», «Көрұғлы» сияқты ұлық туындыларды жырлауға арнауының өзі тегін емес. Ұстаздары Нұрым, Мұрат, Қашаған сияқты жыр дүлділдері. Сексеннен асқан жыраудың «Қарға бойлы Қазтуған» туындысының соңында «Ел аңыз қып айтады, Қазтуған ердің өмірін. Естіген елден ертектей, жыр қылып ұзын-ырғасын – өрдім жырдың өрімін. Естігенді елге жаймасам, Алдына беріп қоймасам, басылмайды көңілім. Тағы да талай жырлармын, жыр кестесін сырлармын, жетсе егер өмірім» дейтін сөздерінде оның бүкіл шығармашылық кредосы тұр. Ол тек біреудің айтқанын жаттаумен жүрген жан болса, бұлай сөйлемес еді. Жалпы Мұрын жыраудың қазақ жұрты үшін қадірі ерекше екендігінде дау жоқ. Бірақ үстем жұрттың қабағына қарап өткен аламан-тасыр заманда өмір кешкен ұлы жыршының елі оның баға жетпес қазынасын ең болмаса 1930 жылдардың ортасына дейін хатқа түсіріп ала алған жоқ. Мұның өзі қазіргі қолда бар жырау мұрасының көркемдік өрнегінің біраз кеміп, көлемінің едәуір қысқарып хатталуына себепкер болды. Оның үстіне күллі түркі жұртына ортақ «Көрұғлы», «Оғыз» сынды жырау айтатын ұлы жырлар, арабтың Рамуз, Ысырау патшалары жайлы толғамды туындылары хатқа түсіп үлгермеді. Демек, ұлы жыршы жырлаған елдік туындыларымыз ертерек жазып алуға мүмкіндік болмағандықтан да – оны кейінгіге жеткізушінің асқақ қабілеті бірсыпыра жағдайда көмескіленіп жетті. Дүниеге батырлық жырлар мен тарихи­ жырларды келтіретін жыраулар мен ақындар қауымы азаматты ерлік істеуге итермелейтін қандай күштер, батырдың қайраты мен ақылы нендей мақсатқа қызмет етуге тиіс деген келелі мәселенің қастерлі сырын, себебі мен салдарын ашуға тырысатыны хақ. Мұрын жыраудың ғибратнамалық ұлы туындысында да осы мәселелерге әр тұста кейіпкерлер аузымен жауап беріліп отырады. Бір қарағанда, жырау шығармашы­лығына тән басты ерекшелік – Ноғай ұлысының сонау Едіге заманында­ ­­айбыны асқақ кезінен басталып, кейінгі ХVII ғасыр басында қазіргі Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау­ облыстарының аймағына, Еділ мен Жайық бойына келіп қоныс ­тепкен Хоорлог қарамағындағы торғауыт қалмақтармен арадағы қанды қырғынды жырлауы секілді болып көрінеді. Ал, шындығында, ноғайлы жұртының Мұрын жырау шығармашылығындағы негізгі тақырып – ноғайлы елінің басты тұлғасы Едігенің, одан тарайтын Нұрадын, Мұсақан, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази секілді ұрпағының, сондай-ақ Сыпыра жырау, Асан қайғы, оның баласы Абат, солармен замандас Қарға бойлы Қазтуған сынды қатардағы халықтан шыққан ел қамқорларының халқының алдында атқарған қызметтерін өздеріне лайықты дәрежеде көрсету еді. Шығармада бүгінге дейін қазақ халқының негізгі әулеті ­болып саналатын Тама, Тана, т.б руларды,­ ­Тамадан тарайтын Нәрік, Шора батырларды жырлау да осындай мақсаттан туындайтын-ды. Ал Қарға бойлы Қазтуғанның Мұрын жыраудағы бейнесі, ел тарихының білімпаздары, Б.Бартольд, К.Ушинский, т.б еңбектерінде айтылатын 1480 жылғы Алтын Орданың күйреуіне қатысты жаймен байланыстырыла көрсетілген. Бұл – жырау мұрасының басты бір ерекшелігі. Әрине, ноғай этносының шығу тегін атақты Н.Карамзин даңқты қолбасшы Ноғай есімімен байланыстырады.­Тарихта Ноғай есімді адам бірнешеу. Бірақ солардың ішінде Жошы ханның күңінен туған жетінші ұлы Тевелдің немересі, Алтын Орда ханы Берке хан тұсында ересен қолбасшылық қабілетімен елін мойындатқан, бірақ күңнен өрбіген ұрпақ ретінде қанша жерден қабілетті болса да хан деген лауазымды иеленуге хақы жоқ Ноғайдан даңықтысы жоқ еді. Ол Берке хан өлгеннен кейін, 1266-1300 жылдардың ішінде Алтын Орданы билей отырып, Венгрия, Польша, Сербия, Болгарияны, Оңтүстік орыс княздықтарын уысында ұстады, Византия, Литваға, ­Ресейге ықпалын жүргізді. Әлбетте, мұндай адамның қарамағын­дағы қауымының Ноғайдың еліміз, Ноғайлы жұртымыз деп ауыздарын толтырып мақтанышпен айтатыны белгілі. Сол ел, сол халық ХІV ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы Алтын Орданың, яки «байтақтың» негізгі елі ретінде Тоқтамыс хан аузымен айтылатын «Он сан ноғай» жұрты болды. Ал қазақтар болса, Қаржас Қопабай жыршы айтатын «Едіге» ­жы­рындағы Тоқтамыс хан аузымен жырланатын сол «Он сан ноғайдың» ішіндегі «360 отау қазағым» атанған қастерлі ұғымға ие қадірменді қауым еді. Біз бұл жерде бір кездегі В.М.Жирмунскийден бастап Ә.Кекілбаевқа, Ә.Сарайға дейінгі ғалым­дардың Мұрын Сеңгірбекұлы жырлауындағы тарихи кейіпкерлердің тарихи еңбектердегі тарихи тұлғаларменен сәйкестіктерін қарастырған зерттеулеріне егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ, екі халыққа ортақ жәдігерлер жайын қысқаша сөз етпекпіз. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы Алтын Орда дәуірінен бергі кезеңдегі ауызша үрдіспен кейінге жеткен авторлар шығармашылығын 1390 жылдары опат болған, ХІІІ-ХІV ғасырдың перзенті Сыпыра жыраудан бастайды. Сыпыра жырау көп жасаған, көпті көрген, көп білетін, кемел ойлы кемеңгер адам. Ол Тоқтамысқа да, Темір Тарағайұлына да, Едігеге де іш тартып, шындықтың бетін бүркемелемейді. Болған жайды болған қалпында айтады. Жырау өзінің атақты Темір билеушіге айтқан толғауында: «Әмір Темір көреген, Тоқсан алты хан дүреген. Ханның зәулім сарайы, Ақ Орда деген жер екен. Айналасы биік тау, Батылы барып кірмес жау, Алпыс биі бірігіп, Ақ Орда да шешкен дау, бұларды көрген бабаңмын. Көрдім қалың еліңді, Едіге деген еріңді. Жамандық пен жөнсіздік, қайыстырды-ау белімді, небір-небір билерің көргенсіз боп көрінді... Өзінің елін бүлдірген, бәтуаға келмеген, Сүргін салған жұртына, Жесір қатын, жетім ұл тыңдамай датын жылатқан, Әзәзіл жолдан тайдырған, Қайсыбірін айтайын, Сіздерді көрген бабаңмын» деп толғанса, Тоқтамыс ханға: «Уа, Хан ием, Хан ием, құлағыңды сал, ием... Жемтік болды дұшпанға көп ноғайдың баласы, көздерімнің қарасы. Жер жетпесе еш саған, жерің тұр ғой алдыңда. Көл жетпесе еш саған, көлің тұр ғой алдыңда. Қырғи болып құтырып, қызыл етті аңсама... Еліңді талап сен алдың, Темірменен тең алдың. Халқыңды жинап бір жерге, жеңімпаз хан атандың. Елің әбден толықты, енді саған не керек?.. Тентек ханды ел сүймес, шатақ ерге қыз тимес. Қанды көйлек киілмес, тұтқын қатын сүйілмес» дейді. Бұл сөздерді Сыпыра абыз, араб ғұламаларының сөзіне сүйеніп айтар болсақ, 1390 жылдарға дейінгі 15 жылдың ішінде Дешті Қыпшақ даласын бірде дос, бірде жау болып жүрген Тоқтамыс пен Темір Тарағайұлының, яки Ақсақ Темірдің талай рет қанға бояған қылықтарына орай айтқан. Бұл жерде туындысынан үзінді келтіріліп отырған Сыпыра ­жырау «Қырымның қырық батыры» атты атамұрамыздың ең басында тұрған, ең бірінші авторы. Сонан кейінгі қазақ әдебиетінің ұлық жыршысы – Асан қайғы. Ноғай ағайындар өзінің елдік әдебиетін осы жыраудан бастайды. Автордың «Құйрығы жоқ, жалы жоқ» деп аталатын туындысы екі халықта да жетінші жолдан өзгесі сөзбе-сөз келіп отырады. Асан қайғының ноғай еліндегі қал­ған шығармаларының жалпы маз­мұны мен жекелеген сөздері де қазақ нұсқасына өзара сәйкестігімен сүйсіндіреді. Рас, Ноғай ағайындардағы Асан қайғы шығармаларының көлемі біздегісінен біраз шағындау. Бірақ сол шағын мәтіндердің ішінен «Теңіз бастан былғанды, толқымай тез тынса игі. Тел құлындар адасты, енесін тез тапса игі. Тең құрбыдан айырылдық, тентіретпей қосса игі» деп келетін әліге дейін ел жадынан шығармай жүрген сөздерді оқығанда, қайран баба жырау егіз елдің 1456 жылғы айырылысуына қаншама қайғырған деп, күрсініп барып, ойға берілесіз... Дана жырауды Ноғай ұлысы XIV-XV ғасырдың перзенті деп есептейді екен. Дұрыс. Осы мәселеге орай, 1393 жылғы Польша королі Ягайлоға Тоқтамыс хан атынан елшілікке барған екі адамның бірі екендігіне, 1897 жылғы «Дала уалаяты газетінде» Асан қайғы мен Жәнібекке байланысты жарияланған ел аңыздарын, сондай-ақ Халид Құрбанғалидың, Шәкәрім қажының, т.б. еңбектерін ­жырау туын­дыларымен салғастыра отырып, оның өмір сүрген уақытын 1370-1470 жылдардың іші болуға сәйкес келеді деген қорытындыға келгенімізді де айта кетуді орынды деп есептедік. Ноғай әдебиетшілері Асан қайғыдан кейінгі шығармашылық тұлға ретінде Шалкиіз Тіленшіұлын атайды. Бұл да – екі халыққа ортақ аса көрнекті жырау екені белгілі. Автордың ноғай тіліндегі туындылары М.Османовтың «Ноғай уа құмық шиғырлары» (СПб., 1883), В.Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен», том 7, (СПб., 1896) жинақтарынан бастап, кейінгі А.Жәнібектің «Ауыл поэзиясы иа де ноғай ел әдебиеті» (Мақаш-қала, 1935), т.б. еңбектерде жарияланып келеді. Ал қазақ тіліндегі Шалкиіз туындылары 1875 жылғы «Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества» жинағында, 1879 жылғы Ыбырай Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» (Орынбор), Мақаш Бекмұхамедовтың «Жақсы үгіт» (Қазан, 1908), Ғабдолла Мұштақтың «Көкселдір, яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа Ғайри мағыналы жырлар» (Орынбор, 1911) кітаптарында басылған жарияланымдарынан бастау алады. Жырау шығармаларының кейінгі «Бес ғасыр жырлайды», «XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ ­поэзиясы», «Алдаспан» жинақтарына ­енген туындыларының мәтінін түзіп, автор шығармашылығы туралы еңбектер жазған ғалымдарға осы екі халықтың тілдерінде шыққан туындылардың игі ықпалы орасан зор болды. Сондай-ақ екі халыққа ортақ XVІ ғасырдың жыршысы Доспамбеттің туындыларын зерттеуге де ілгеріде аталған М.Османов пен В.Радловтың, Ғ.Мұштақ, М.Бекмұхамедов жинақтарының орны ерекше болғандығын айта кету орынды болмақ. Жырау жырлап отырған ноғайлы елі кей жағдайда пейілсіз, қайырсыз, қатты жұрт. Бірақ сондай елдің өзіне халқы үшін туған азамат-ұлан жанын шүберекке түйіп қызмет етеді. Туындының басты кейіпкерлері туған халқы қандай болса да соны іргелі ел қылып, есін кіргізіп, еңсесін көтеруді саналы ұлдың парызы деп біледі. Арсыздан, намыссыздан ерлік шықпайды. Парпария сынды батырдың «Намысы үшін халқымның ерен ерлік етейін» дейтіні де сондықтан. Оның Шамақанның елін шабарда әйеліне «Бір Алла өзі оңдаса, жолымды менің қолдаса, ер жігіт серттен тая ма? Желге кетер мал үшін, жетім-жесір жан үшін, мінемін атқа сен үшін, Ноғайлы деген ел үшін, туып өскен жер үшін...» деп, белін бекем буатындығы да осыдан. «Қырымның қырық батыры» туындысында қарсы жақтың жұрты кей тұста қайратты, еңселі ел ретінде суреттеледі. Сондықтан да Айса батыр Алауға «Ерлік деген бір болар, Айла деген он болар, Айласыз ер сор болар», жауыңды айламен ал деп үйретеді. Қысқасы, «Қырымның қырық батыры»­ туындысындағы ноғайлы жұрты таза батырлар жайлаған ел емес. Бірақ, соған қарамастан, ол ел ындыс, қызылбас, қалмақтармен соғысып жүріп, жерін, елін, дінін сақтайды. Мұның өзі, қарадан туып хандық дәрежеге лайық болған Аңшыбай, оның ұлы Баба түкті шашты әзиз, оның ұлы Парпария, оның ұлы Құттықия, оның ұлы Едіге, одан тарайтын ұрпақтар, ­солармен замандас жандар туралы ұлы жыр кейіпкерлерінің ісі өз кезінде құрамына қазақ жұрты кірген ноғайлы елінің жырмен кестеленген елдік тарихы ретінде қабылданған. «Досан батыр» дастанын шығарған тұста «тарих қылып тастайтын» деп, Мұрын жыраудың замандас інісі, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов айтқандай, Мұрын жыраудың өзіне дейінгі әртүрлі шығармашылық тұлғалар бөлек-бөлек жырлап келген ноғайлы ерлерінің ерлік жолдарының бәрінің басын қосып, теңдесі жоқ ұлық жырға айналдыруы, аталмыш туындының өз кезінде тыңдармандары үшін жырмен өрнектелген ел тарихы сияқты қабылдануына жол ашты. Ал бұл қазақ халқының, сөз жоқ, мақтан етуге тұрарлық перзентінің шығармашылық ерлігі еді. Рас, бұл туындыдағы тарихи тұлғалардың барша ісі үнемі тарихи жазба деректермен, ел аңыздарымен сәйкес келе бермейді. Олай болуы мүмкін де емес, шарт та емес. Бірақ осындағы «Манашұлы Тұяқбай» жырындағы «Тұяқбай батыр өтіпті, мұрадына жетіпті, алып беріп ел кегін» деп жырланғанындай, елдің кегін қайтарып, басын азат жұрт еткен ерлердің ісі – кейінгі өмірге келе берер ұрпақтары үшін қуаттың қайнар көзі бола білгендігімен де қастерлі. Даңқты эпоста тек ел қорғаған ерлер ғана емес, Қосайға жар болатын Қарабек Сарыбайқызы, Манашының қызы Жұбай, Қазтуғанқызы Асылзат секілді қыздардың барлығы да ақылдылығымен, жүректілігімен тәнті етеді. Батырлар мінген тұлпарлардың жүйріктігі, кейбір тұста иесімен тіл­десуінде де көп мән бар. Бұл аналар әулеті, қыздар қауымы оңды болмаса, кейінгі заманның небір жетілдірілген жүйрік техникасының орнына жүрген сол кездің тұлпарлары келіспесе, елдікті қорғаудың мүмкін емес екендігін жете білетін Мұрын Сеңгірбекұлы сынды тереңнен толғанатын кемеңгер жы­раудың барлық уақытта да назарында болғандығынан еді. Ал шын мәнісінде де, әр дәуірдің өз заманына лайық шынайы шындығы өз ерекшеліктерімен қапысыз көрініс тапқанда ғана, барша жұртты тәнті етіп, елдіктің алдаспан сынды айбынды туындысына айнала бермек. Соның арқасында дауылпаз жыр ұрпақтан-ұрпаққа ұласып өмір кешіп, алдағы ғасырлардың есігін айқара аша бермек.

2262 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы