• Тұлға
  • 16 Қаңтар, 2020

Мақпал ЖҰМАБАЙ, «Balapan» телеарнасының директоры: БАЛА ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ – ҚИМЫЛ-ӘРЕКЕТ

Мақамды жырларымен көпке таныс Мақпал Жұмабай кitap.kz онлайн кітапханасының редакторы, Жаңғырық тележобасының продюссері болып, шығармашыл қауымның біршама туындысын көпшілік назарына­ ұсынды. Еліміздің үлкен қалаларында жеке кешін өткізіп, Лондонның ақсүйек жұртын өнеріне тәнті етіп қайтқанынан да көпшілік хабардар. Өнер кеңістігінде де, кәсіби салада да жаңашылдықпен түрлі жобалардың басы-қасында жүрген Мақпал осы күні «Balapan» арнасының басшысы ретінде де тың ой, жаңа идеяларымен көпшілік ілтипатына ие болған. Екеуара әңгімеде де бала мен бала қызығатын жаңа дүниелердің жайын көбірек айтуға тырыстық...

– Бала тәрбиесі жайлы әр ұлттың ұстанымын, бағытын, ерекшелігін көп ­айтамыз. Ал біздің қазақы тәрбиенің өзегіне қаншалықты үңілдік? Ана ретінде, «Balapan» арнасының басшысы ретінде осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеп көрген боларсыз? – Тәрбиенің өзегі – өз тіліңде білім алуда деп есептеймін. Адамның тамақтану, ұйықтау сынды табиғи қақы болса, өз мәдени кеңістігінде өмір сүріп, өз тілінде білім алуы да жазылмаған қақы. Әсіресе, балаға келгенде, оның бұл қажеттілігін толық өтеу – қоғамның жас ұрпақ алдындағы міндеті деп санаймын. Қазақ тіліндегі контент әлі де жеткілікті деңгейде емес. Балаларға арналған жалпы қорымыз өз тілінде жылдар бойы дамыған озық елдермен салыстыруға да келмейді. ­Дегенмен, сол қорды қалыптастыру – мемлекет алдыға қойып отырған негізгі бағыт. «Balapan» телеарнасы да осы бағытта жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – 0-8 жас аралығындағы балаларға сапалы контент ұсыну. Балаларға арнап контент жасау ісін еліміз «Balapan» телеарнасымен бірге игерді. Біз бүгінде жаңа сапалық деңгейге өттік. Біз «елдегі жалғыз балалар арнасымыз, бәсекелесіміз жоқ» деген ойдан арылып, негізгі бәсекелесіміз – еркін интернет кеңістігі екенін мойындадық. Біз – қоғамдағы түрлі көзқарастар мен пікірлерді ескеретін, өткенін қастерлей отырып, келешекке қол созатын, ғасырлар бойғы мол мұрамызды заманға сай бейімдеп ұсынатын, заман алға тартып отырған трендтерге жылдам үн қатып, өз жолын табатын бұқаралық ақпарат құралымыз. Түптеп келгенде, әлеуметтің алдынан шығатын көкейкесті проблемалармен алдымен біз бетпе-бет келеміз. Жер бетіндегі барлық проблеманың алғашқы толқыны, алдымен, балалардың жүрегінен өтеді. Сол кезде әрекет етіп үлгермесеңіз, проблемалар құдды цунамидей «үлкендердің әлеміне» өтеді. Қоғам осы кезде ғана көзі ашылып, оған назар аудара бастайды. Дәл қазіргі кезде «Balapan» телеарнасы осы әрекет ету уақытын, сәтін дөп басқысы келеді. Сондықтан да жүйелі, ғылыми негіздемесі бар жұмыстар жүргізіп отыр. Яғни балалар ғана қабылдайтын, балалар ғана бағалай алатын контент жасаймыз. Қоғам дамуына сәйкес баланың дамуы, оған деген көзқарас түбірімен өзгеріске түсуде. Балалар мәселесіне қарай отырып, қоғамдағы іргелі проблемаларды көруге болады. Балалар біздің қоғамымыздың лакмус қағазы іспетті. Қоғам осы күнге дейін неге баса назар аударды, қай жерде мүлт кетті, ендігі жерде не мәселеге көңіл бөлуі керек, осы негізгі сұрақтарға жауап бала тақырыбынан табылады. Соңғы он жылдықта жеңілісті қабылдай алмайтын, тіпті жеңілмейтін ­балалар толқыны пайда болды. Баласының қалауы мен қабылдау ерекшеліктерін ескермей, «сен ең күштісің, ең мықтысың, саған тең келетін бала жоқ» дейтін ата-аналар ­буыны пайда болды. Жағдайды жан-жақты сараптап, әр нәрсені сыни қабылдауды үйрететін ата-аналар қазір аз. Мұны үлкен ауқымдағы балалар аудиториясымен жұмыс істегенде көріп отырмыз. Сыни ойлау, шығармашылық ойлау – бүгінгі заман, білім жүйесі талап етіп отырған басты құндылық. Сондықтан да, балалармен қатар, ата-ана да заманға сай үздіксіз білім алуы, дамуы тиіс деп ойлаймын. «Balapan» жұмысының негізі – ізгілік. Осы ізгілік идеясының жолында көрерменімізден бір қадам алға шығып, балаларға дұрыс жолды нұсқауды мақсат етеміз.

– Бүгінгі баланы сандық ұрпақ қатарына қосып, олар заманауи сандық технология­мен байланысты кез келген жаңалықты жатсынбайтынын айтамыз. Ендеше, бүгінгі баланың талап-тілегі тұрғысынан олардың қалауындағы бағдарламаларды, мультфильмдерді ұсынудың жолы қандай? – Баланың таңдауы дегеніміз не? Кішкентай бала өзіне пайдалы және денсаулығына зиян келтірмейтін нәрселерді таңдай ала ма? Бұл өте күрделі сұрақ. Өйткені бір жағынан баланың ­талабын баспай, барлық қалауына рұқсат беріп өсіру керек десек, ертең «болмайды,­ дұрыс емес» дегенді түсінбейтін, бірбеткей, сөзге тоқтамайтын бала болуы мүмкін. Екінші жағынан, тым көп бақылау және қадағалаумен, тыйыммен өскен бала жасық, өз ойын айта алмайтын тұйық та болуы мүмкін. Бұл жерде ата-ана дана болып, барлығын ақылмен шешіп, балаға дұрыс болатын жағын таңдауы қажет. 2-3 жасар бала сағаттап мультфильм көремін, уақытында ұйықтамаймын деп қиғылық салуы мүмкін. Бірақ баласының болашағын ойлайтын ата-ана бір сәттік әлсіздік ­танытса, баланың бүкіл өміріне әсер ететін кері қылықтардың қалыптасуына жол беруі мүмкін. Сондықтан барлық елде баланың не көретінін, не ішіп-жейтінін, қандай кітаптар оқитынын алдымен ата-аналар шешеді. Баланы кішкентайынан күн тәртібіне үйрету, жақсы мен ­жаманды ажырата алуға баулу, дұрыс пен бұрысты көрсету де – отбасының негізгі міндеттерінің бірі. 2-3, 4-5 жасар балалар көруге болатын мультфильмдер мен түрлі бағдарламалар болады. Баланың жасына сай емес мультфильмдерді көрсету балаға пайдадан гөрі, зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан ата-анасы баласымен бірге мультфильм көріп, ол жерде болған жақсы мен жаманды, қорқыныш пен қуанышты түсіндіріп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бірігіп талдауы керек. Олай болмаса бала бойында қорқыныш, үрей қалуы ғажап емес, кейбір жағдайларды, әрекеттерді дұрыс қабылдай алмауы мүмкін. Баланың әр көрген нәрсесі ата-ананың бақылауында болғаны дұрыс. Баланың өз бетінше барлық батырмаларды басып, кез келген видео немесе мульт­фильм көре беруі жақсылықтың нышаны емес. Психологтардың айтуынша, «3 жасқа дейінгі бала не көрсетсеңіз де көре береді, бұл мультфильм бе, жарнама ма, видео ма –  бәрібір. Көріп жатқан нәрсенің мазмұны маңызды емес, үш жасқа дейінгі балаларға экрандағы жылтылдау маңызды, яғни көз алдындағы нәрселердің жылт-жылт етуі қызық. Олар соны ғана бақылап отырады. Балалар фильмді көрмейді, олардың қабылдауы сенсорлы, яғни сезімге негізделген. Сондықтан мульт­фильм көріп отырған баланың миының қабыршақтары дамымайды, нейрон байланыстары түзілмейді. Оған қоса қимылдау, қарым-қатынас жасау бұзылып, теледидарға деген тәуелділік пайда ­болады». Мультфильм көріп отырған бала ешнәрсе істемейді, ол қимылдамайды, ол дамымайды. Ата-аналар 3 жасқа дейінгі баланың дамуының негізі қимыл-әрекет екенін естен шығармауы керек. Бала зат арқылы айналаны танып-біледі, форма мен көлемді кубиктар, пирамидалар, үшбұрыш, төртбұрыштарды сәйкестендіру арқылы үйренеді.  Сондықтан біз телеарна қызметкерлері болсақ та, көрермен тарту сияқты мәселелер алдымызда тұрса да, болашақ ұрпақты, оның дамуы мен жетілуін басты назарда ұстаймыз. Әрине, біз балаларымыздың заманауи сандық технологияларға жақын болып, кейбір нәрселерді тез үйреніп алғанына қуанып жатамыз және оны мақтанышпен айтамыз. Дегенмен, жаңа технологиялар мен құрылғылардың баланың денсаулығына зиянын да ұмытпауымыз керек. Бір назарға алатын жайт, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының балалардың теледидарды көруі бойынша жасаған ұсыныстары мен кеңестері бар. Соған сәйкес, 0-3 жас аралығындағы балалар теледидар көрмеуі керек, 3-7 жас аралығында күніне 30 минутқа дейін көруге болады, 7-10 жас аралығында күніне 30-50 минут көруге ­болады, ал 11-18 жас аралығында күніне 1-3 сағат көруіне болады делінген. Сондықтан баланың теледидарды көруін, соның ішінде өз жасына сай жобаларды қарауын қадағалап, баланың денсаулығы мен оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау алдымен отбасының, оған қоса бүкіл қоғамның міндеті. Смартфондар мен компьютерлерді қолдану туралы да әртүрлі пікірлер бар. Мысалы, Илон Маск, Билл Гейтстер де балаларына шектеу қойып, интернет пен смартфонды­ қолдану уақытын қадағалайтынын барлығыңыз ақпарат көздерінен оқып, біліп жүрсіздер. Сондықтан өз жұмысы мен табысы да технологиялар мен жаңа девайстарға байланысты адамдар оның зиянын біліп отырса, басқа адамдар да ойлануы керек. Соңғы зерттеулер де осыны дәлелдеуде. Сондықтан баланың смартфондарды, теледидарды және интернетті қолдануын мүмкіндігінше шектеп, бақылауда ұстаған дұрыс. Балалармен көп ойнап, таза ауада жүріп, түрлі қызықты, әсерлі ойындар мен іс-шараларды өткізіп, әр нәрсені өз уақытымен және орнымен кіргізіп, ақылмен сараптап отырсақ, барлық ­тарап та жеңбек. Басты назарда баланың денсаулығы және ойластырылған күн тәртібі болуы керек. Дегенмен, қазіргі заман талабы теледидарда болатын бағдарлама мен мультфильмді күтіп отырмай, көрермен қалаған уақытында интернеттен іздеген нәрсесін тауып алуға мүмкіндік тудырып отыр. Сондықтан «Balapan» телеарнасы да ютубтағы өз ­арнасына соңғы жылдары шыққан барлық бағдарламалар мен мультфильмдерді, ­телехикаяларды жүктеп отырады. Ютубтегі көрермендеріміздің саны 700 мыңнан асса, кейбір жеке жобаларымыздың көрілімі бір жылда 4 миллионнан асқанын атап өтейік. – «Balapan» арнасына келгелі бірқатар жаңа жобаларды бастадыңыз. Жаңа мультфильмдер түсіріп, тіпті осы мульти­пликация саласындағы мамандардың ­басын қосқаныңыздан хабардармыз. Ол жобалардың жалғасы туралы әңгіме тарқатсақ. – «Balapan» арнасы 2018 жылы 189 бөлімнен тұратын 10 анимациялық ­жобаны жүзеге асырды. Тұңғыш рет 3D форматта суперқаһармандар жасап шығарды. Сонымен қатар Халықаралық шахмат қауымдастығының оң бағасын алған 32 бөлімді «Шахмат патшалығы», 20 күйдің тарихынан сыр шертетін «Қоңыр қаз», балалар әнін қайта жандан­дырып, кеңінен насихаттайтын «Кел, шырқайық!», арнамыздың ең кішкентай көрермендеріне арналған «Еркелер», ­бабаларымыздан жеткен қанатты сөздерді анимация тілінде сөйлеткен – «Бабалар сөзі», тұғырлы тұлғаларымызды жас жеткіншектерге жаңаша танытатын «Дара тұлға» көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Былтыр мультхикаялар өндірісін арттырып, 14 анимациялық мультхикая­ түсірдік. Толықтай тоқталар болсақ, суперқаһармандар жайындағы «Ертемір», «Дала ойындары», ­«Айдар» мультхикаяларының жалғасын түсіруге ­деген талап-тілектердің көп болуына­ байланысты, бір жылдың ішінде ІІ және ІІІ ­маусымдарын жасадық. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі жазушылардың шығармаларын анимация тілінде сөйлеткен «Ғажайып әлем», бүлдіршіндерге түрлі ұғымдарды қызықты тәсілде жеткізетін «Сәби», Алатаудың етегінде өмір сүретін сүйкімді балапандардың шытырман оқиғаларын суреттейтін «Тынымсыз шөжелер», ата-бабаларымыздың жылқыны қолға үйретуі жайындағы аңыздан сыр шертетін «Пырақтар», Күнекей есімді батыл қыздың бастан өткен қызықты оқиғаларына құрылған «Күлкі іздеген Күнекей», ­хайуанаттар бағындағы кішкентай қосаяқтың бастан өткізгендерін баяндайтын­ «Оқиға», ізгілік пен еңбекқорлықты насихаттайтын «Қызыл мен күлгін» жобалары да көрермендерге жол тартты. Енді биыл арнаның жас категориясы 0+12-ден 0+8-ге ауысуына байланысты, өндірілетін анимациялық жобалардың санын 20-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. – Алыс-жақын шетелдердегі балаларға арналған телеарналардың жетекшілерімен өзіңіз де, қызметкерлеріңіз де түрлі келісім-шарттар орнатып, тәжірибе алмастыңыздар. Жалпы шетелдік балалар арналарының көрерменмен байланыс орнатуы, бағдарламалар саясаты қандай екен? – Дұрыс айтасыз, арна алыс-жақын шетелдегі балалар арналарымен мүмкіндігінше тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға тырысады. Мәселен, көршілес Өзбекстанның, Ресейдің, оның ішінде Татарстанның телевизиясымен жақсы қарым-қатынастамыз. 2018 жылы Татарстанда алғаш рет өз ана тілінде ­хабар тарататын балалар арнасы ашылатын кезде де әріптестерімізге тәжірибелік кеңес бердік. Олар бізге келіп, арнаның жұмысымен, контент қалыптастыру, эфир саясатын жоспарлау сынды көптеген мәселелермен іштей танысты. Бұдан бөлек, Түркияның мемлекеттік TRT Çocuk арнасымен нәтижелі екіжақты келісімге келгенбіз (TRT – Түркияның мемлекеттік телерадиокорпорациясы. Құрамында 13 телеарна мен 17 радио бар). Атап айтар болсақ, 2018 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ мен TRT телерадиокорпорациясы арасындағы ынтымақтастық меморандумы­ негізінде «Balapan» телеарнасының қызметкерлері 2 топпен Анкара қаласында болып, тәжірибе алмасып қайтты. Бір аптаға созылған тағылымдамада TRT телерадиокорпорациясының жұмысы ­таныстырылды. Білікті мамандар дәріс оқып, телевизия саласындағы өзекті мәсе­лелер талқыланды. Қызмет­кер­лері­міз сапар ­барысында TRT телерадио­корпора­циясының мұражайында болып, түрік телерадио­ саласының қалыптасу тарихымен танысты.­ Араға уақыт салып, былтыр TRT Çocuk арнасының бас директоры мен арнаның бағдарлама және әкiмшiлiк iстерi бөлiмiнiң басшысы шақыртуымызбен арнайы Нұр-Сұлтан қаласына келіп, өздерiнiң жұмыс тәжiрибелерiмен бөлiсiп, арнамызда кәсіби тренинг өткізді. Бiздiң арнаның жұмысымен де танысты. 2008 жылы құрылған TRT Çocuk арнасы бүгінде Түркияның ең танымал балалар арнасы екені мәлім. Бұдан бөлек, былтыр Жапонияның ең іргелі «NHK» телерадиокорпорациясының өкілдері арнамызға бір емес, екі рет қонақ болды. Шетелдік әріптестеріміз арнамыздың жұмысына зор қызығушылық танытып, келешекте бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді. Осы секілді халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибелерге қарап, сондай-ақ арнайы зерттеулер нәтижесіне сүйене келе барлық балалар арнасының эфир саясаты мен жоспарлау кестесін құруы, балалармен байланыс орнатуы бірізді екенін аңғардық. Біз де сол өзін-өзі ақтаған әлемдік тәжірибеге сүйеніп жұмыс істеп келеміз. Қай арнаның болсын басты мақсаты – өз көрерменінің қалауын дөп тауып, соған сай сапалы контент ұсыну. Меніңше, бұл міндетті біз өз деңгейімізде дұрыс атқарудамыз. – TiJi, Nikeolodin, басқа да мульти­пли­каторлық арналардың артықшылығы мен кемшілігін саралап көрдіңіз бе? Қазақстан кеңістігінде ондай арналарды да біздің балалар қызыға тамашалайтыны жайлы пікірлер бар. Олар біздің балаларды несімен тартады деп ойлайсыз? – Өздеріңіз білетіндей, «Balapan» арнасының эфир кестесінде Қазақстан Республикасы аумағында хабар тарататын бірқатар шетелдік балалар арналарында көрсетілетін рейтингтік анима­циялық ­жобалар ұсынылып келеді. Яғни кішкентай көрермендеріміз өзіңіз атап өткен «Мульт», «Nick», «Tiji» арналары­нан берілетін мультфильмдерді қазақ тілінде тамашалап жүр. «Balapan» телеарна­сындағы анимациялық жобалар үлесінің 30 пайыздан астамы дәл осы «Мульт», «Nick», «Tiji» арналарында көр­се­тілетін өнімдер екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы тұста, бір мәселеге аса назар ау­дарғым келеді. Мәселен, атағы жер жаратын әлемдік компанияның танымал­ мультфильмі мен өзіміз өндірген өнімді қатар қойсақ, төл анимациямыздың рейтинг­ үлесі көбіне шетелдікімен тең, кейде тіпті әлдеқайда жоғары көрсеткіш береді. Мұны күнделікті көрсеткіштер растай алады. Яғни, түптеп келгенде, басты мәселе – сапа да емес, өзіміздің рухани түбірімізде, ұлттық кодымызда жатқанына көзіміз жетті. Кішкентай Әлихан мен Айсәулемізге Шрек ­немесе Зак емес, Айдар яки Ертемір, Күнекей туралы хикаялар қажеттірек, қызығырақ екенін ұғындық. Бұл бір формуламен­ есептелмейтін, тек ішкі түйсікпен ұғынатын дүние. Сондықтан да, жоғарыда айтып өткенімдей, біз еліміздегі балалар анимациясының бірден-бір тапсырушысы­ ретінде отандық мультипликациялық ­жобалар санын арттыруды кешенді мақсат етіп отырмыз. Жалпы «Balapan» телеарнасы ­сатып алынатын шетелдік өнімдердің төл мәдениетіміз бен ұлттық танымымызға сәйкестігін жан-жақты саралап, Көркемдік кеңес отырысында талқылайды. Әлемдік анимация нарығында үздік бағаға ие болған жаңа туындылар кешіктірілмей көрермен назарына ұсынылады. Атап айтқанда, «Balapan» «The Walt Disney company», «Aardman Animations Limited», «The PGS Company», «Discovery media ventures limited», «Access Media Group», «Hasbro studios», «Silver Box Limited», «Signal media», «Studio 100 mediagmbh», «ZDF Enterprises», «Acamar Films Limited», «ICONIX Co., Ltd» секілді алпауыт компаниялардың анимациялық өнімдерін дубляждап, қазақ тілінде көрсетеді. Ескеретін жайт, әлемдік деңгейде сұранысқа ие бұл жаңа жобалар өндірушілердің өзінен тікелей сатып алынады. Біз өндірген анимациялық жобаларға шетелдік әріптестер тарапынан қызығушылық зор. Мәселен, былтыр телеарнамыз тұңғыш рет өзі өндірген 2 анимациялық сериалды – «Шахмат патшалығы» және «Еркелер» жобаларын Татарстан телеарнасына сатты.

– Рейтингтік көрсеткіште алдыңғы қатардағы телеарналардың қатарынан аталып жүрген соң, сіздерге деген назар да, талап та қатаң болатыны белгілі. Ол назар мен талаптардың үдесінен шыға алдық деп ойлайсыз ба? – Қоғамның үдесінен шығу оңай емес. Телеарна жұмысы – халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына ұқсас. Талап та, тілек те көп. Біз әр сынның түбіне үңіліп, оны әркез талқылап, талдауға тырысамыз. Екі жақты диалог болған жағдайда, сыншы әрқашан біздің тарапымызға өтеді, біздің мүдделес досымызға айналады. «Balapan» жұмысын жекелеген жобалар аясында өлшеу дұрыс болмас. Телеарнаның әр жобасы бірін-бірі толықтырып, үлкен пазлды құрайды. «Balapan» телеарнасының рейтингі жыл сайын артып келеді. Былтыр мен биылдың алғашқы аптасының көрсеткіштерін сараласақ, арна рейтингі мен үлесі 3 есеге дейін өсіпті. Бұл – біздің аудиториямыздың қызығушылығын дөп басуымызды, олардың талап-тілектерінің үдесінен шығып жатқанымызды білдіреді деген пікірдемін. Әрине, рейтинг біз үшін негізгі меже емес, бүгініміздің бағасы мен болашағымыздың бағдары ғана. Өзіңіз айтып өткендей, біздің эфирден көрсетіліп жатқан барлық бағдарламалар мен анимациялық жобаларымызға деген талап күн санап күшейіп келеді. Жалпы бағдарламаларға деген сын мен талап өзгеріп отырады. Ал оның өзгеруінің бір ұшы сұранысты өз деңгейінде қанағаттандыра алумен байланысты. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын отандық анимация жасауға қатысты сын көптеп айтылатын. Осыны ескеріп, 2018 жылы «Айдар», «Дала ойындары» және «Ертемір» сынды үш бірдей отандық суперқаһармандар туралы мультхикаяны­ көрерменге ұсындық. Үш жоба да кішкентай көрермендер тарапынан өте жылы қабылданды. Осындай өнімдерге балаларымыз сусап отырған. Бұрындары тек шетелдік қаһармандарға қызығатын қазақ бүлдіршіндері бүгінде Ертемірге еліктеп, Айдардай болғысы келіп жүр. – Maqpalsher-дің де жаңалығын білгіміз келеді. Жаңа жырларыңыз, жоспарларыңыз, қол созған шығармашылық биігіңіз... Олардың жайы қалай? – Лондон қаласында поэтикалық кешімді өткізуім – шығармашылығымның жаңа мүмкіндіктерін ашты. Ойымды, мақаммен өрілген жан сөзімді түсінетін, қабылдайтын аудиторияны іздеп, елден жыраққа барып келдім. Осы сапарым – шығармашылық өмірімдегі ең тәуекелшіл әрі дұрыс шешім болды деп санаймын. Өйткені алдағы жолымды айқындай ­алмай, күйзеліске түскен сәттерім болған еді. Лондон көрермені енді қай биікке қол созу қажеттігін түсіндірді. Шет тілдерге аударылу, әлем қалаларында кеш өткізу, халықаралық еркін өнер бәсекесіне түсу, өз аудиториямды жинау – менің алдағы бірнеше жылдықтағы басым бағытымның бірі болмақ. Maqpalsher-ді визуализацияның түрлі саласында ­сынап көрудеміз. Видео live концерттер мен клиптер түсіру және анимациялық кейіпкерімді дамыту да жоспарымызда. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

1941 рет

көрсетілді

85

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы