• Ақпарат
  • 22 Қаңтар, 2020

Сүңгуір өрмекші

Арктика мен Антарктиданың мәңгілік мұзынан басқа жер шарының кез келген жерінен кездесетін көндімпаз жәндік – өрмекшілер. Өрмекшінің 30 мыңға жуық түрі бар. Солардың бірі – су өрмекшісі. Су өрмекшісі ғажап жәндік. Өрмекші тұқымдастардың әлемдегі суда тіршілік ететін түрі – тек осы су өрмекшісі. Су өрмекшісі – суда өсіп дамып, сонда тіршілік етеді де өмірін өткізеді. Бұл әрекеттеріне қарап оны құрлық жәндігі деудің өзі ойландырады. Алайда оның құрлық жәндігі екендігіне күмән келтіруге болмайды. Су өрмекшісінде өрмекшіге тән белгілердің барлығы бар. Сонда су өрмекшісі суда қалай тіршілік етеді? Ауамен тыныс алуға су бетіне көтерілген су өрмекшісі суға сүңгу үшін дайындала бастайды. Ол аяқтарымен өрмек сүйелдерін тез-тез үйкелейді, сонда одан қоймалжың зат бөлініп шығады. Сол қоймалжың затқа табанын малып алады. Соңынан ол маймен құрсағын сылайды. Осындай­ әрекеттерден кейін артқы аяқтарымен ескекше есіп, ­басын төмен салып жіберіп, су тереңіне сүңгиді. Бұл кезде өрмекшінің қоңырқай түсі сынап тамшылары тәрізді ауа көпіршіктерінің әсерінен күмісше жылтырайды, сондықтан су өрмекшіні күмісше өрмекші деп атауға болады. Су өрмекшісі бұл құбылысты тынымсыз қайталайды. Ол таза ауа үлесімен осылай тыныс алады. Су өрмекшілері су астынан өздеріне ұя даярлап алады. Бұл ұяларын жібек тәрізді тұтас пластмассадан жасайды. Оны өрмек жібімен су өсімдігі сабағына байлап тастайды да, тұтас пластмассаға ауа толтыра бастайды. Оған ауа толтырған кезде су өрмекшісінің ауа күмбезді ұясы да әзір болады. Сонымен, су өрмекшісі осы ауа күмбезінде тіршілігін жалғастыра береді.

Нұрлан ҚҰМАР 

2447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы