• Басты мақалалар
  • 22 Қаңтар, 2020

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

Биыл халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл  толатыны белгілі. Даналыққа толы өлеңдерімен, ғибрат тұнған қара сөздерімен, биік адамгершілік ұстанымдарымен Алты алаштың ардағына айналған Абайдың тойы – күллі қазақтың тойы, еліміздің айтулы мерекесі. Осы орайда Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы» деп жазуы да көп дүниені аңғартып тұрғандай. Олай болса, елімізде Абайдың 175 жылдығын мерекелеу Елорда төрінде бастау алды. «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп аталған салтанатты кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

Концерт барысында ұйымдасты­ру­шылардың Абай тағылымын жан-жақты көрсетуге баса мән бергені аңғарылып тұрды. Мемлекет бас­шы­сының мақаласында жазылғандай, Абайға байланысты іс-шаралар «той-тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек». Кеш шымылдығы Қазақстан ­Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндамасымен ашылды. Министр өз сөзінде Абай жылының мән-маңызына тоқталып, атқарылатын жұмыстардың легімен таныстырды. – Абай жылы – ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшылы­мыздың рухын асқақтату үшін қолға алынған игі бастама. Осыған орай биыл халықаралық және респуб­ли­калық деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын жоғары дәрежеде атап өткен едік. Бұл ­мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге, ұлттық сананы оятуға зор үлес қосты. Тұңғыш Президентіміз сол жиында «Абай халқына қамқор, ұлтына жанашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өреге көтерілді» деген еді. Шын мәнінде, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы – бүкіл адам баласы үшін аса құнды әрі тағылымды дүние. Сондықтан Абайдың өнегелі өсиетін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп білеміз. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жан-жақты тоқталды. Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршамызға рухани азық болып отырғанын ерекше атап өтті. ­Қа­зіргі таңда еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Мемлекетімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы жаңғыру үдерісі жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда­ Абайдың ой-толғамдары бізге нақты бағыт-бағдар береді, – деді Ақтоты Райымқұлова. Министрдің айтуынша, биыл Абай мұрасы жан-жақты насихатталып, халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ.

Атап айтқанда, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды халықаралық конференция өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайды жаңа Қазақстанның символы ретінде таныту туралы­ ойын жүзеге асыру мақсатында ақынның өлеңдері мен қара сөздері ­оннан аса шет тіліне аударылып, Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал­ түсіру ­жоспарланыпты. Сондай-ақ ­мерейтой аясында Қазақстанның елшілік­тері ­жанынан «Абай орталықтары» ашы­латындығы да жария етілді. Аталған ауқымды шаралардан бөлек, сонымен қатар хакімнің ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы кеңінен насихатталып, ұлы ақынның туған топырағы Жидебай жерін абаттандыру бастамасы да кезек күттірмейтін жұмыстар қатарына еніпті. Ақтоты Райымқұлова елімізде Абай­дың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән берілетінін атап өтті. – Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – ­Елбасымыз бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі. Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі айтулы іс-шараға қатысуы бүкіл Абай мұрасын дәріптеу жұмысына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұмыла білейік! – деп өз сөзін түйіндеді. Мерекелік концерттің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткеніміз жөн. Сахнаның ұлттық нақышта безендірілуі, шырқалған әндер мен оқылған өлеңдер, Абай өмірінен, жастық шағынан сыр шертетін театрландырылған көріністердің барлығы да дана ақынның болмысын шеберлікпен жеткізді. Аға буын мен орта буынның, жастардың, бозбалалар мен бүлдіршіндердің концертке қатысуы Абай тағылымына деген ұрпақтар құрметін әсерлі бере білді. Кештің барлығы түгелдей тек Абай шығармашылығына құрылды. Қазақстанның халық артисі Гүлжан Әспетова, Болат Әбділманов, Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Берік Айтжанов бастаған талантты өнер өкілдері Абайдың жырларынан сусындатса, «Абай әлемі» аталатын бөлімі ақын өмірін театр тілінде бейнеледі. Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы мен Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди қиялына қанат бітірген «Абай» операсынан үзінді көрсетіліп, елордалық Жастар театры актерлерінің қатысуымен Жұманазар Сомжүректің «Абай – Тоғжан» драмасынан лирикалық үзік сыр көрермен назарына ұсынылды. Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстанның халық артисі Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева және Айман Мұсақожаева, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты­ Майра­ Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тамара Асар, ­Ерлан Рысқали, Медет Шотабаев, Зарина Алтынбаева, сонымен қатар халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен еліміздің жас дарындарының орындауында ұлы ақынның әндері «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен кемеліне келтіріле шырқалды. Бір сөзбен айтқанда, осы концерт арқылы Абай тағылымына тағы бір бойлап, асыл сөздерінен бойымызға қуат алғандай болдық. Ақын өлеңдерінің сахна­ төрінде әлемнің бірнеше тілдерінде оқылуы да Абайдың мұрасы адамзатқа да ортақ құндылық екенін түйсінгендей күйге бөленеріңіз хақ. Тағылымды кеш Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы ақынның: «Алдымда күн... Өзгеше жарық нұрлы күн... Аты «тіршілік» болса керек... Мен өз өмірімде оған жетпедім, көрмеспін ол күнді. Сол болашақ үшін бір шөпшектей, бір ғана кірпіштей болса да кесек қалап кетсем арманым жоқ. Сәлем деңдер соларға, сәлем деңдер, ұрпағым!» деген сөздерімен түйінделді. Монологты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділманов әсерлі жеткізе білді.

Сонымен, мемлекетімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты мерекелік іс-шаралар ресми түрде бастау алды. Мағжан Жұмабаевтың өлеңінде «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес. Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес» деп жазылғандай, баға жетпес сөзі, ақылының сәулесін төгіп тұрар жырлары бар, адамдық жолын нұсқап тұрған «Қара сөздері» бар Абай туған халқымен бірге мәңгі жасайтыны анық. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» хакім елі үшін қашанда мәртебесі биік қадірлі тұлға ­болып қала бермек.

Дәуіржан Төлебаев «Ана тілі»

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы