• Ақпарат
  • 06 Ақпан, 2020

Көкейтескен көкейтесті

Берік САДЫР

— Әкей, ертеңгі шығармада «көкейкесті» деген сөзді қай тақырыпта жазсам да жиі қолданатын сияқтымын. Көкейтесті деп те, көкейкесті деп те жазылып жүр, осының қайсысы жөн екенін айтпаймысыз? — ... Ойпыр-ай-ә, отыз жыл тіл-әдебиеттен дәріс беріп келе жатып, тура осының байыбына бармаппын... Кейінгі ғылым дәлелдеген шығар, бір ыңғайға көндірген болар. Әлгі Әмсе мырза биыл сол филологияның аспирантурасын бітіреді емес пе, сол періге хабарласып көрейін... — Әллеу, Әмсемісің, ой айналайын. Бір көмегің керек боп тұрғаны. Әлгі тұңғыш биыл абитуриент еді, ертең шығарма жазбақ. Сонда мына бір сөзді — кө­кейтесті ме, әлде көкейкесті ме — деп тіреліп отыр. — Иә, Әлеке, балаңыз балақтан ұстапты. Бұл пәлекетті мына менің өзім біраз мыжғылағанмын. Соның көкейтесті екенін дәлелдеп біраз мақала да жаздым, көп адамға мойындаттым да... Бірақ ана Қалекең бастаған кәрі қасқырлар аттап бастыртпайды, ауыз аштыртпайды. Не ол кісілердікі, не біз секілді жас перілердікі тасқа қашалып жазылған жөн сөз болмай, сол пәлекет, бірде олай, бірде былай, ойнақши береді. Тәуекел етіп кәрі қасқыр Қалекеңнен сұрап көріңіз.

* * *

— Әллеу, Қалекең бе? Бір шаруа, доцент ­деген атыңыз бар, кандидаттық атағыңыз тағы бар, сұрайын дегенім — осы мына бір сөз көкейтесті ме, әлде көкейкесті ме? — Е, оны мына басымыз көкейкесті күйінде сүйреп келе жатқанымызға да ширек ғасырдан асыпты-ау. Әлгі, кейінгі кері кеткендер бірнәрсе айтып-жазып шатып-пұтып жүрген... е, біз тұрғанда олары бола қоймас. Кейінгі кезде кейбір газет-журнал, ба­сылым атаулы солардың ыңғайымен кетіп те жүр...

* * *

— Ассалаумағалейкум, Ілдеке!... Өзіңізге дейін бір-екеуден жөнін сұрап едім, әркім өзінше іліп-қашып маңдытпады. Доктор десе докторсыз, профессорлығыңыз, одан әрі тіл атаулыны түйіп ұстаған білдей білікті маман ­даярлайтын институттың кафедра меңгерушісісіз, көкейкесті мен көкейтестінің ара-жігін ажыратып беріңізші. — Бұл мәселе әлі бір ыңғайға жығылып болмады. Бала-шағалардың айтып жүргенін алайық десек, әлі шикі, көп дәлел, анықтама-тұжырымды қажет етеді. Кәрі-құртаңдардың айтқанында қалдыруға тағы болмайды. Бұл ғылым, ғылымда даңғыл жол қайсы... даму керек, таралу керек, тармақтану керек...

* * *

— Әкей, телефоннан құлағыңыз тұнған шығар... тартыс-таластағы нәрсеге бола шығармамда қатені көбейтіп қайтемін, соның орнына басқа бір мағынасын айнытпай басатын сөз тауып қолдансам қайтеді..? — Сабыр, сабыр, соңғы секіріс... Тәуекел, академик Бәкеңнен бір ауыз...

* * *

— Әллеу, Бәкең бе... Шаруа солай, көмегіңіз керек боп тұр. — Оған бас қатыратын не бар. Ғылымда дәлелденбеген, бір жөнін таппаған жөнсіз сөзде несі бар. Оған керегі, қатесіз шығарма жазу ма? Онда, ойбай-ау, қазақта не көп, сөз көп... Онысын басқа сөзбен, атам қазақтың байырғы бұлтартпас жалпақ сөзімен жалпита салсын. Соны да сөз етіп... бүйректен сирақ шығарып... ел-жұртты дау-дамайға қалдырып...

ОСЫ МЕН  НЕ АЙТАЙЫН ДЕП ЕДІМ?!

Басекеңді күтіп, қабылдау бөлмесінде тұрғанбыз. Көп күттірмей келе қалды. Ізетпен сәлемімізді алды. Көпті көрген көреген емес пе: – Кезектің соңы кім екен, жігіттер! – деп, әзіл тастап, бір де бір кісідей «тауып кеткен қалжыңына» таңданып-тамсанып, пендеге тән сыпайылықпен бет-әлпетімізге шағын ғана маска кигізіп, қозғалақтап-қопаңдап, әркім өзінің бар екенін білдіріп жатыр. – Бірде, осы өздерің сияқты бір топ кісі тұра қалыппыз, – деп айнала анталап тұрған біздерді барлай шолып, бар оң қанат, сол қанат, ем беруші, дем берушісі түп-түгел осында болғанына көңілдене күпсініп, (айтпақшы мұрнын тартпаса да, ышқырын бір көтеріп алып) сөйлеп кетті: – Менің жанымда Ілдебай Қулықов тұрған. Ол кісі көп жылдар ­жауапты қызметте істеді. Бір-екі жылдай республикалық газеттің ­редакторы болған. Онда да көп тұрмай, бірер жылдан соң осы қазіргі қызметіне көтерілген. Бір кезде бірге істегендікі ме, әйтеуір, қазір де аралас-құраласпыз, – деп, сәл тыныстаған сәтінде алдымдағы неше алуан бастардың арасынан сығалап, ұрлана басекеңе көз тастап едім, аузы сөйлеп «іс» тындырса, отты жанары алдыңғыларды аралап сараптай тастаған екен... Не деген қабілет десеңізші. Өзекті әңгіме айтып елді аузына қаратқаны былай тұрсын, әркімнің өзіне деген пиғыл-ниетін сол сөзін тыңдаған болмысынан ажыратып-анықтап алмақшы. – Ал қазір министр боп кекірейіп отырған мына Өздебай Қаржаубаев бәріміз құрдас болатынбыз. Ол жасынан жиналыстарда қолын сілтей сөйлеп тұратын. Ол да... деп, ол кісінің жүріп өткен жолын тілге тиек ете бастаған... – Ол кісі жақсы кісі еді... (марқұм болған біреуді нысанаға алғанын біле қойдым). Кімге жақсылық жасамады дейсің. Мені қазіргі академиктердің атасы Кемел Жасановпен сол кісі таныстырған. Ана вице-президент Төре Есқараевқа да ертіп апарып: «Мынау сенің жақын інілеріңнің бірі, оң қанатыңа ал» деп те қамқорлық жасап еді... Жақсы кісілер көп тұрмайды екен ғой... Сол кісі бастап тобымызбен Үмбет Шілібаевтің үйіне бара қалдық. Үмбет Шілібаев онда осы жақын маңда тұратын. Ол кісі де біраз жауапты қызметтің белін басты-ау-ей! ... Жап-жас, мына сендерден де уыз шағында білдей бір газеттің жауапты­ хатшысы, одан балалар журналын басқарғаны бар, көп кідірмей өрлеп, жоғарыдан бір-ақ шықты. Енді, міне, біраз жылдан бері табан тіреп баспа басқарып келе жатқаны... – деп, сәл ойлана кідіріп тұрып: – Осы мен не айтайын деп едім? – деп қойып қалғаны. Үнсіз тұрған біздер қатты састық... – Ойпыр-ай-ә! Не айтайын деп едім-ей! .. Сол сәт іштегі жұп-жұмыр қара телефон шырылдап қоя беріп, басекең лып етіп ішке кіріп кеткені... Жанарыма жанарын қадауға мұрша бермеген қара телефонға риза болғаныммен, көптің көз алдындағы «осы мен не айтайын деп едім?» деген сөйлем көкейіме кептеліп тұрып алды.

Қанденнен  төбетке дейін

Байлықтың атасы кітап екенін көкейіме түйіп өскен басым, кәзір кітапқа деген талғам өсіп – кей-кейлерде бедел-қасиет – үйіңдегі кітап атаулының сый-сапасына қарай таразыланатын болып жүр емес пе. Әйел жарықтықтар да кітап жинауды бәсекенің үлкені деп білген болу керек, оған ­деген ілтипаттары өзгеше. Бір күні үйдегі Ұлбике бір қабырғамызға қақырап орнай қалған кітап сөремізге сүзіле қарап тұрып: «Енді бізге жарым шаршы метр қызыл түсті, бір шаршы метр аспан көк бояулы қалың кітаптар қажет...» деп бүйірін таяна сөйлегені бар. Көзі ашық азамат болғандықтан бұның мұнысына сәл кейіп, ал мына бір «игілікті ісіне» сүйсініп, ішімнен «керемет!...» деп күбірлеп риза болғаным тағы бар. Ондағысы не дейсіз ғой. Керемет! Керемет болғанда қарапайым ғана нәрсе. Қалтаға салып жүруге боларлық тобылғыдай торы кәнденді Бозым асырай бастағанда жақтырмай танау көтеріп торсылдап едім. Сөйтсем, ондағым артық кеткендігім екен. Тобылғы торы кәнден ақылды боп өсіпті. Оның «керемет ойынын» үйімізге Пышыр құрдас кеп қонғанда байқадық емес пе. Ертеңінде Пышыр кетейін деп киім ілгіштегі сырт киіміне қол соза беріп еді, қарсы алдына қасқайып тұрып алған кәнденіміз үріп-шәуілдеп болар емес. Пышекеңнің қол ұшы киіміне жете берді – кәнден азар да безер­ шәңкілдеп, тісін ақсита арс етіп, шамасына қарамай балағына жармасқаны. Қарап тұрмай ілгіштегі киімін әпере беріп едім, кәнденім оны тастай сала менің қолымдағы қоңыр тонды­ жұлмалай жөнелгені бар. Сол мезет қоңыр тонның іш қалтасынан бір пәле жерге топ ете қалғандай болды. Қарап едім, кәнденім топ ете қалған Хэмингуэйдің топтамасының жиегінен сүйрелеп түпкі үйге қарай зымырап барады екен... Онысымен қоймай, қайта қайырылып Пышекеңе айбат шеге шәуілдеп, алдыңғы аяғын көтеріп алыстан тепсіне шауып болмаған соң, Пышекең де «ер жігіт емес пе, төс қалтасына «түсіп кеткен» Мұқағалидың «Өмір-өзенін» суырып лақтырып, тұтығып-түнеріп қоштаспай шығып кетті. Тек есікті серпи жабарында «итіңнің иттігін өмірі ұмытпаспын...» деп қалды. Менде кәнденнің «кәкір-шүкірлігіне» сәл-пәл кейіп, одан оның бұл әрекетін ойға салып саралап көрген соң, бұның бұл әрекетінің керемет екеніне көз жетіп, оны бұл іске баулыған кербез келіншегімді алғаш рет тапа-тал түсте кеудеме қысып, бетінен сүйдім. Осы күннен бастап кәнденге деген пиғылым түбірінен өзгеріп, ол менің алдымда әркез еркелейтін халге жетті... Мұнан кейін, үйімізге емін-еркін қонақ шақыра беретін болдық... Мұнан кейін, келіп-кеткен ел-жұрттан еш қауіп-қатерсіз-ақ отыра беретін болдық... Кәнденнің Пышырдан кейінгі екі әрекеті ойымнан кетер емес... Бірі, сол Пышырдың масқара болатын күнінен кейін іле-шала шақырған қонақтар болған күнгі әрекеті. Той-томалағымыз тәп-тәуір өтіп, ел-жұрт тарар шақта кәнденім «концертін» бастап берсін... «Тілін білетін Пышыр пысықтығын жасап, ішкен ішімдіктің қызуымен әркімнің қалта-қалтасын ақтарып, ұрлаған «дүниелерімен» менің құшағымды толтырғаны бар... Сол күні кәнденімнің әрекеті мен ­Пышыр құрдасымның оқыс қимылына қатты қысылдым. Екіншісі, күндердің бір күнінде үйге ғылыми жетекшім — Ілдебай Құлықовичті жеңгеймен шақыра қалдым. Басекеңді барымызды салып күттік. Ілдекең үйдегі келінінің іскерлігіне риза боп тос көтерді. Ал жеңгей мына менің қабілет-қасиетімді асыра мақтап әупірім етті. Бәрі де ойдағыдай болып, ол кісілер отырған орнынан көтеріле берген еді, түпте тым-тырыс жатқан кәнден атып тұрып аласапыран жасағаны... Оның бұл әрекетінен жеңгей ыршып-шоршып, басекең кейін шегініп көңіліне кірбің алғаны бар. Қарап тұрмай, әбүйір төгіп масқараламай тұрғанда деп, алғаш рет табалдырықта ызғар шаша талтайып тұрған кәнденнің мойнынан бүре ұстап түпкі үйге атып жібердік... Біз басекең мен асыл жеңгейді шығарып сап келгенше, одан түннің бір уағына дейін кәнденімізде бір мезет тоқтау болмай зар еңірегені... Күндердің бір күнінде, ғылыми атағым жоғарылаған шақта – осы Ілдекең бізді үйіне шақыра қалды. Басекеңдікіне топ етіп бара қалдық. Сыйлы қонағы болдық. Мен осы атақ-құрметке жетуіме Ілдекеңнің еңбегі қанша болса, үйдегі асыл жеңгейдің еңбегі де сонша екенін айтып, ризашылығымды білдірдім. Бір таңғалғаным – біз отырған бөлме тап-тұйнақтай, кітап атаулы көзге түспейді. Шағын үзіліс кезінде түпкі бөлмеге бас сұғып едім, іздегенім осында – кітаптан қабырға атаулы­ көрінбей қалған екен. Жақындап барып сығырая сығалап едім, өзімнің қолды болған құнды кітабым көзіме оттай басылғаны... Сұғылған қолымды жарты жолда тоқтата тұрып, ащы ырыл шыққан тұсқа мойын бұрып едім – қақ төрдегі қалың көрпе үстінде нән төбет жайғасқан екен. Аласы мол аумақты көзін менен алмай, тісін ақсита атылуға әзірленген ала төбеттен қаймығып, қолымды тартып ала қойдым... ...Таныс кітап көзге оттай басылғанымен: жан тәтті, қимай-қимай жылыстай бердім...

2579 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы