• Мәдениет
  • 13 Ақпан, 2020

«АРҒЫ АТАМДЫ СҰРАСАҢ, АБАЙ, ЖАМБЫЛ...»

Қазақтың бағына біткен санаулы ақындарының бірі – Есенқұл Жақыпбек. Өлеңдерінен қазақылық аңқып тұратын ақын ұлтының болмыс-бітімін, тағдырын жырлап, қазақ болып өмірден өтті.

Ұлтының мақтанышына айналған ақтаңгер айтыскер, құдіретті поэзияны серік еткен ақын­ның туған күніне орай «Ақ орда» республи­калық қозғалысының қолдауымен әрі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Алпысқа қарай асықтың неге, ғұмырым?!» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті. «Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл, Өрт Махамбет өз ағам – абайлап жүр! Жолдас болдым бөрінің бөрісімен, Сырлас болдым серінің серісімен, Аруақтандым солардың перісімен...» деп жырлап, қарапайым ғана ғұмыр кешкен ақынның өмір жолынан үзінді берілді. Әсіресе, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова мен Есенқұл Жақыпбектің арасындағы қазақы әзіл-қалжыңға толы қайны-жеңге айтысы ақынның жарқын кезеңі іспетті. Бұған қарап отырып, ақынның айтыс өнеріндегі мұрасы жан-жақты зерттелсе деген ой түйесің. Ақынның өлеңдерін оқыған студент-жастарға, олардың актерлік шеберлігіне, жоғары мәдениеті мен алғырлығына, ақын өлеңіне терең бойлай алуына ризашылық білдіріп, қошеметтеген жұрттың қолпаштауынан ақынға деген сағыныш сезілгендей. Сахна төріне «Ақорда» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Мұсақұлов шығып, төрағаның құттықтауын жеткізді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының ректоры, ақын­ның рухани інісі, шәкірті Ақан Әбдуәлиев естелігімен бөлісіп, ақынның жа­рына қамзол кигізіп, сый-сияпат жасады. «Өлең жазғанда жаным кіреді. Өйткені ол кезде мен жылаймын, күрсінемін, қуанамын, сағынамын, сүйемін, жек көремін, жақсы көремін, дауылды күні ашық теңізге шығып кеткен шап-шағын ағаш корабль сияқты әждаһа толқындармен арпалысып, әйтеуір ­аударылып түспей шыбын жаным жаннан түңіліп барып барсакелмес бір аралға жете жығыламын. Ертесін қайтадан ел қатарлы нәпақа тауып, ел қатарлы сөйлеп, сөлпиіп жүре беремін» деп, көзі тірісінде өзі айтып кеткен ақынның шығармашылығы бүгінде қазақ поэзиясының төрінде тұр. «Біздің елдің жігіттері», «Жан ­дауылы», «Өмір өтті-ау, сырғып ағып», «Өзіңді аңсап» және т.б. өлеңіне жазылған әндерді Саят ­Медеуов, Құдайберген Бекіш, Бағлан Әбдірайымов, Бекжан Тұрыс, Роза Әлқожа, Мейрамбек Беспаев, Ербол Спанәлиев пен Гүлшат Тәкежанова сынды елімізге белгілі өнер иелері орындады. Бұл кеш өзге кештен өзгерек, жүрек қылын шерткен, берері мол рухани кеш болды.

Бағдагүл Балаубаева

2125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы