• Руханият
  • 13 Ақпан, 2020

ЕЙ, ТАҒДЫР (Өмірзақ Айтбайұлы туралы сыр)

Отырар десе елең етпес қазақ кемде-кем. Кіндік қанымыз Отырардай жерде тамғандікі болар, тарих десе елеңдеп тұрамыз. Отырар – қазақ тарихының оймауыт бір беті. Отырар – өмірдің күнде той емесін сезіндіріп тұрар, оның да өркендеу мен күйреуден тұратынын көзге көрсетіп елестетіп отырар ойрандалған тарихи қара орын. Отырар – өшкеніңді жандырар, өлгеніңді тірілтер – мәңгілік өмір ағысы барын көңіліңе өшпестей етіп құяр тарихи өңір. Ауданды сұлу Сырдария жағалап өтеді. Қарт Қаратау «ел аман ба, жұрт тыныш па?» дегендей ақырын алыстан күнгейлеп көз салып қояды. Ал сұлу Арыс өзені халықтың қан тамырына нәр бергендей бұрала еркелей ағып келіп, аудан жерін қақ бөліп Сырдарияға ентелей ағып кете барады.

Қарт Қаратау Баурайын паналап, ғажайып Сырдарияны аналап өмір сүріп жатқан тарихи елді мекеннен «Елім», «Жерім» дейтін тұлғалы азаматтар көп шыққан. Әдетте түгін тарт­саң майы шығады демей ме, шүйгін жер жайында. Отырардың то­пырағын қозғап қалсаң тарих қоздап қоя береді. Отырар қақпасы – Темір стансасы, теміржол көпіріне «Отырар – ұлылар Отаны» деп, бәлкім орынды жазылған. Облыс әкімінің орынбасары сол жазуды оқып, «Отырардан өзге жерден ұлылар шықпап па, алып тастаңдар!» депті бірде. Онысы несі екен? Қайта мақтану орнына, ой пақыр-ай! Ағынға қарсы жүзуге болар шамаң жетсе, Жер-Ананың атынан сөйлейтін тарихқа қарсы қол көтеруге болар ма екен, сірә?! Орта ғасыр ренессансы ­басында тұрған ұлы әл-Фарабиден тартып (бір әл-Фараби атымен анықталған ғұламаның өзі әзірге отызға тарта), айтсаң ауыз толатын небір ғажайып оқымыстылар шыққан бұл өңірден. Соның бірі – діл қайраткері – Өз­бекәлі Жәнібек, соның бірі – тіл қайраткері – Өмірзақ Айтбайұлы! Осы екі ­азаматты өміріме өнеге, тіршілігіме рухани тірек, өнеріме бағдар тұтып өтіп келем өмір өткелдерінен. Екеуі екі саланың ­сардары. Ал мен болсам сол екі саланың да бар болғаны сарбазы! Мен ғана емес шығар, есімі мен ісі иісі қазаққа кең тараған қос аза­матты қосқатар үлгі тұтар жан­дар. Ал менің бір ерекшелігім – «Бойы – пілдей, ойы – Нілдей» (С.Мұ­қанұлы) осы бір өмірлері кісілік пен кіші­ліктен, өрлік пен өнерден өрілген жандардың әрдәйім-әрдәйім қасынан табылғаным. Айтқан ақылын бірде тыңдап, бірде тыңдамаған болуым бек мүмкін. Өйткені жастай кетіле өскен жетім баланың өмірге өзіндік көзқарасы ерте қалыптасады. Ондай бала тілазар болып өсуі әбден мүмкін. Бізді ауылда аналарымыз осы екі атпалдай ағаның өнегелі істерін алға тарта тәрбиелер еді. Кейін келе өзіміз де ағаларымызбен араласа бастадық. Ағалардың алдымен еңбектерін оқыдық. Әр еңбегінен әртүрлі әсер алдық. ҚазМУ-дың Тіл және әдебиет (филология) мамандығы бойынша бітіріп жатқан 1975 жылы Өмірзақ Айтбайұлы ағамның «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» (Ғылым., 1975) аталатын кітабы жарық көрді. Небір танымал ғалым ұстаздардан білім алып, түгел болмаса да, аз-аздап әдебиет әлемінен хабардармыз, оң-солымызды тани бастағанбыз. Өмірзақ ағаның аты айтып тұрғандай, аударма туралы еңбегін қиналып оқыдым, оқи келе қызығып, бір тың әлемге ендім. Расында, әдеби ортада көп әңгіме бола қоймауына қарамастан, Өмекең ағаның аталмыш еңбегі аударма өнерінің бары мен ­нарын, мән-маңызын теориялық тұрғыдан жан-жақты қарап, тыңнан қарастырар соны еңбек еді сол ­кезде. Көбіне біз ­аударма – әдебиет еншісі деп қараймыз. Ал Айтбайұлы ­аударма мәселесіне һәм әдебиетші, һәм тілші ғалым райында келіпті. ­Аударманы бірыңғай әдебиет қанжығасына байлап қоя берушілерге де ермепті, бірыңғай тілдік тұрғыдан тексе­рушілерге де көнбепті. Әдеби-тілдік тұрғыдан келген ғалым аударма жайында өз ойын сабақтапты, оның ішінде қарадай аударылуы қиын, тіпті кейбір ділмарлар аударуға мүлде көнбейді, тәржімаға тіпті төзбейді деп кесіп-пішкен фразеологияны сөйлету мәселесіне дендеп өзінің теориядағы сара жолын ­салыпты.

Кейін, көп кейін Б.А.Ларин секілді санкт-петербургтық тілмар-теорияшы ғалым еңбектерін, тіпті кейін Потебня ғылымын оқығанда барып Өмекеңдей аға кітабының қадіріне жетсем керек. Ал ол кезде балаң көңілмен оқыдым, қызықтым. Өмекең еңбегі әсерімен «Мастерство перевода» аталатын жылма-жылдық жинақтарға жүгіндім. Бауырлық бейілден мақала жазып, пікір білдірмек едім, шикіл бозбала шағым, шама келмеді. Бірде, әкемдей әзіз Бейсекең ­­(Б.­Кен­жебайұлы) шаңырағында Өмірзақ Айтбайұлы жайында әңгіме маздады. Өмірзақ аты аталғанда жарықтық Бейсекең алдымен тұнжырады. «Тегінде ақындық бар. Әкесі Айтбай ақын болған кісі. Жәй ақын емес, жақсы ақын. Кейіндеу колхоздың сөзін сөйлеңкіреген. Өмірзақты әдебиетке тартқам. Ана Ісметке кетіп қалды. Ісмет менен беделді ғой. Кісі бедел қуып ғылым ­жасай ма екен? Тіл-әдебиет құралы. Бірақ әдебиет қызық қой. Көне әдебиетке барса деп едім. Өлең теория­сын қарастырса Зәкидей ­(Ахметов. – Қ.Е.) зерттеуші болатын еді...» деп бастап екпіндеп барып басылды, жарықтық. Өкпелі. «Бойындағы бейімі жетелер бәлки» деді шамалыдан соң. Мен Өмекең еңбегінің әдебиет ауылынан алыс кетпегенін айтып, қорғаштадым. Миына қан құйылу сырқатынан бойын жаңа тіктеген ғұлама «Е,е» деді де қойды. Менің түсінгенім – Бейсекең дипломдық жұмысын мақал-мәтелдер поэтикасынан қорғаған Өмірзақ Айтбайұлын дарынды, үмітті шәкірті санайды екен де, оның ғылымда маңында шәкірт болып жүрмей, тіл ғылымына ойысып кеткеніне алаңдаулы екен... Мен Өмекеңнің «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» аталатын ғылыми еңбегінің жарық көргенін, редакциясын І.Кеңесбаев емес, М.Балақаев басқарғанын айта бастап едім, Бейсекең қолын бір сілтеді. Көңілсіз... Өзім сүйіп оқыған кітабыма түйген пікірімді мақала етіп жаза алмай – бір, айтқанынан қайтпайтын, жығылған жағынан оңайшылықпен тұрмайтын қиқар шал (бағзысы «сал») сынынан арашалай алмай – екі жеңіліп, пұшайман болдым сол жолы! 1987 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке ауыстым. 1988 жылы Ө.Айтбайұлының «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» (Ғылым.,1988) аталатын монографиясы жарық көрді. Белгілі қаламгер Мамадияр Жақыптың жақсы мақаласы жарық көрді. Байсалды кітапқа бапты мақала! Кітап шыққан қуанышты күндердің бірінде арнайы іздеп бардым ағамды. Нешеме жылдар үйде, түзде кездесіп, әңгімелесіп жүріп, тап бұлай түн баласын табындырып сырласқанымыз осы шығар. Жайшылықта «төрт құбыласы сай» аяғын маңғаз басатын сал, сері көңіл көрінетін сырбаз ағамның «жүрегі қырық жамау» екеніне көз жеткіздім сол жолы. Біз тағдырлас екенбіз.Ол анасыз, мен әкесіз өсіппіз. Анасыз жетім, шын жетім әрине! Бізді де қойшы, екеуміз арақтың күшімен ауызға алуға болмайтын Америкада елді сағынып сарғайып жатқан Күнтуған көкемізді жылап отырып еске алдық. Отан соғысы кезінде тұтқынға түсіп, қайта орала алмай, алман қатын алып, Америкаға қоныс тебуге мәжбүр болған ол бір мұңдық. Ағам орнынан тұрып шкафтың ішінен алтын сағат алып көрсетті маған. «Америкаға барғанда Күнтуған көкем қолынан шешіп алып, қолыма тағып еді... Көкемізге туған жерден топырақ бұйырмайды-ау...». Көкеміз тірі еді ол кезде. Заман тар еді ол кезде. Екеуміз Түркістандай туған жерде Күнтуған көкеге музей де салып тастадық... Алтын сағатты экспозицияға ақырын апарып қойдық... Түн... Ауыз өзіміздікі... Ол да аманат бүгінде маған... Халық деп тіршілік кешкен Өзбекәлі Жәнібекке, тіпті өзіне де музей ашып жіберіп едім сол түні Түркістаннан... Мәскеуде музейдің оқуын оқыған маман емеспін бе?!.. Ол – сырты бүтін қалпында қалды. Ал мені іштей өксік қысып түн ­жамылып оралдым үйге. Адамның басы Алланың добы! Сексенінші жылдардың аяғына қарай «халықаралық Қазақ тілі» қоғамы дүрілдеп кеп берсін. Г.В.Колбин алдында ана тілін арындай қорғап қоғам президенті, академик Ә.Т.Қайдари тұрды. Басы-қасында вице-президент Ө.Айтбайұлы жүрді. Өмірде де, ғылымда да аға-інідей осы екі атпал азаматтың халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысын жолға қоюда да еңбегі ерен. Аудан-аудан, облыс-облыста бөлімшелері құрылған қоғам билікті кәдімгідей ықтырды, қоғамдық ойды қозғауда локомотив бола білді. Дәуірлей бастаған «халықаралық Қазақ тілі» қоғамына өзінің үні, яки төл баспасөзі қажет болды. Журнал сұрап барған екі арысқа Орталық Комитеттің халықшыл хатшысы Өзбекәлі Жәнібек «Қоғам үдерісі қатты жүргелі тұр. Айына бір шығар журналмен қоғам үдерісіне ілесе алмайсыңдар. Одан да алдымен газет шығарыңдар» деп, атын «Ана тілі» атап, қолына ұстатқандай етіп жолға салып жіберіпті. Журналға да уәде берсе керек. Қоғам сауын айтып, «Ана тілі» газетіне редактор керек» деп хабар жіберді. Әкемдей сыйлайтын Әбділда Тәжібайұлы мен қадірлі Қалтай Мұхамеджанов екі ағам екі жақтап, тіпті Мұзафар Әлімбайұлы да қиқулап үн қосқан ба, Бас редакторлыққа мені ұсынып кеп жібереді. Сыртымнан.­ ­Дарынды бірсыпыра замандас, қаламдас жігіттермен бәсекеге түсіп берейін. Тізімнен аты-жөнімді көрген Өмірзақ ағам ренжіді маған. – Сені кім ұсынды? – Әбділда Тәжібайұлы мен Қалтай Мұхамеджанов! – Өтемін деп ойлайсың ба? – Олар айтып, Сіз қолдасаңыз өтеміз де кетеміз. – Ағасы өткізді демей ме? – Десе несі бар? Жүзіміз жараспады. Ағамның пікірін Әбекең, Қалекеңе айтып келдім. Олар «Немене саған ­жазуды ағаң жазып беріп жүр ме еді?» деді бірауыздан. Арқасы қысқан Әбділда ақын дөрекілеу бір боқтықты жіберіп қалып бұлқан-талқан ­ашуланды. Қалам ұстаған бір шоғыр жарыса келе төраға академик Әбдуәлі Қайдари алдына жүгіндік. Ұстазы – Бейсембай ­Кенжебайұлы­на­ бала болғанымды білетін Әбекең Түрік халықтарының бірсыпыра газет-­жорналын жаздырып алып, оқитынымды айтқанда іші сары майдай еріп қоя берді. Дауысын маған берді. Бірақ, әдеп керек қой кісіге. Жорналистік мүмкіндігі менен жоғары – Жарылқап Бейсенбайұлына жолымды бердім. Менің кішілігіме сүйсініп Өмірзақ ағам қолын берді. Әбдуәлі Қайдари таңданды. «Бас редакторлықтан бас тартқан бірінші қазақты бірінші көруім» деді ол, таңданысын жасырмай. Өмірзақ аға «дұрыс жасадың!» деп қолдады. «Кең ойлағаннан кемшін қалмассың. Өзімшілдік ешкімге опа бермейді» деді пәлсафалап Өмекең. Ол Аға, мен іні солай да солай қатар жүріп келе жатыр едік қой. Ағалап жақын тұта жүріп Өмекең бойында ерекше қастерлейтін бір мінез бар. Ол – ұстаздарына адалдығы! Асыл ұстаз деп алдына тұтары алдымен ­академик Мәулен Балақаев! Мәулен Балақаев демекші, осы бір мәйін мінез, пенделіктен тысқары тұруға тырысатын ұстаз жөнінде де ретсіз бір іс істеп Өмекең ағадан ұрыс естіген жайым бар. Бейсекең күнделігінен ана тілі ­тағ­дырына қатысты бір шоғыр ­материалды іріктеп алып «Ана тілі» апталығына ұсынайын. Топтама ішінде Бейсекеңнің (Кенжебайұлы) замандасы Мәукең жайында ­ащылау пікірі кетіп қалыпты. («Ана тілі» №15, 28 маусым 1990 ж.). Қолдан кетті. Жігіттер ­жариялап жіберді. Оқырманға жетті. Бір өңірден шыққан – жерлес, бір кезде өмір сүрген – ­замандас ғалымдар өзара сырласып та жүре беретін, өзара ­сынасып та қала беретін! Бір М.Балақаев қана емес, Бейсекеңнен сын естіген. Академик Ісмет Кеңесбаевты да оңдырмайды Бейсекең.( Қ.Ергөбек «Сарасөз» Қазақстан 2013. 101-102 б.). Бірінің әйелі қазақ, екіншісінің әйелі татар, үшіншісінің әйелі еврей нәсілі… Өзара қазан-табағы аралас жүретін бір өңірлік сыйлас үштік. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойласам керек. Әйтпесе, Мәулен Балақаев біздің де ұстазымыз. Алдынан сабақ алған, көңілде ұнамды бейнесі қалған қадірменді ұстаз! «Ана тілі» апталығы жарыққа шыққан күні бірді-екілі қоңырау ­шалынды. Кеңестік кезеңнің өзінде ана тілі арын – арлап, жоғын жоқтаумен өткен Бейсекең рухани ерлігіне тәнті. Жариялатқаным үшін маған – алғыс. Телефон-тілектің дені – осындай! Кенет жұмсақ дауысын ащылау көтерген үн ұрса жөнелді. «Мұның не? Бейсекеңнің өзге материалы құрып қалды ма? Менің ұстазымды жамандап… Оны қай бетіңмен ұсындың газетке? Өлмелі шалды өлтіріп тыну ма мақсатың?». Жер-жебіріме жетті-ау, Өмекең. Жер-жебіріме жетті. «Ішімнен мұндай ағасы бар болсын!?» деп пұшайман болып тұрмын, төзіп телефон сөзін тыңдап... Мұндай да болған аға, іні арасында… Мұны кім, қалай түсінеді? Бұл – ұстазына адалдық, ініге үстемдік. Адалдық – асылсөз! Адалдық бүгінде қазақ қоғамынан қағажу көріп, тырапай асып кетпесе деңіз! Сөйткен тіл ғылымының бір тарланы Мәулен Балақаев қайтыс болды бір күні. Тірі жанға өлмек те парыз! Өз өтініші бойынша Түркістанға Өмекең бастаған шәкірттері ұстаз тәнін алып келіп жерлеп, халық алғысын алып қайтты. Автокөлік Өмекеңдікі еді. Жүргізушісі тағы да өзі! Жайшылықта кісілік жасауда тіпті астамдау көрінетін Өмекең сол жолы ұстазына балаша қызмет жасады. Және барлық жағынан. Қаралы рәсімнің бар ауыртпалығын көтерді-ау, Өмекең шәкірт. Ана жылы Қ.А.Ясауи халықаралық қазақ-түрік универси­тетінде басшы­ кезімде химик Президентімді (С.Ж.Пірәлиев) үгіттеп зорға көндіріп, университет баспаханасынан «Түркология – түріктану кітапханасы» атап, арнайы серия жасақтадым. Өзім ерекше қастерлейтін Рәбиға Сыздықова, онан кейін Өмірзақ Айтбайұлының бір-бір томдық тіл білімі жинағын ( кітаптарын) шығардым. Ұмытпасам, Өмірзақ аға кітабы «Ділғұмырлар мен тілтұғырлар» (Түркістан – 2008. Тұран баспасы.) аталады. Өмекең еңбегі мемуаршалыс естеме кітабы. Естелік-мақала жосығы ұлы А.Байтұрсынұлынан тартып өз замандас, қанаттастарына жетіп жығылады. Сөздің сүбелісі ұстаздары жайында. Сол кітапты тұтасымен ұстаздарына адалдық жаратындысы атап едім алғысөзінде. Әлі күнге сол пікірдемін. Аға бойындағы ерекше қастерлейтінім азаматтық осы мінезі! «Шәкірт шал да болса шәкірт...» деп қылжақтағам кезінде. Жымиып қана қойған аға. Шамасы іші жек көрмеген болуы керек сөзімді... Түрік (түркі емес. Қ.Е.) дүниесіне кең танымал академик Өмірзақ Айтбайұлының – алдындағы ұлы ұстаздары, аяулы тұстастары жайындағы – асыл сөзі еді ол кітап! Ана тілімізді ардақтаушылар жайындағы ардақсөз де, Ана тілімізді құрметтеушілер жайындағы құрметсөз де осында! Ұстаздары жайында, олардың тіл ғылымына сіңірген еңбегі жайында еркін толғау, тілші ғалымдар тағдыры хақында әдеби әдемі толғау! Бәрі бар еді ол еңбекте! Кезінде қысқа қолды ұзартып тілші дос ағаға қолғабыс жасай алғаныма бүгін қуанып отырғаным. Серия Ө.Айтбайұлы томдығымен тұйықталды. Бір сериядан екі перзент қана! Себеп? Біріншіден, түркиелік ағайын­дар түркология түрік тілі мен ­әде­биеті деп түсінеді екен ­(Қазақ­станға қай бір түсінікті маманын жібере қойсын Түркие?!). Бас жібі ­Түр­киеде жататын бізге ол бір кедергі. Екіншіден, түріктануды (түркология) түсінбегенімен, түріктану (түркітану емес. Қ.Е.) жайында сөзіңді ұғып, жантілегіңді түсінетін химик (С.Пірәлиев) қызметінен кетіп, ­орнына түркология былай тұрсын, өз мамандығын өлдім Алла түсінетін басқа басшы келген еді. Ол енді көпе-көрінеу түркология алдына тартылған керме! Тілтаным саласындағы жақсы идея жарамсыз өліп еді сөйтіп. «Өлгендер қайтып келмейді» (Б.Соқпақбаев)... Біздің аға-інілік қатысуымыз сәл «қызықтау» болып келетін әсте. ­Кейде жеке өзім, кейде Көпен (Әмірбек) екеуміз екеулеп, Өмекеңді, тіпті Өзекеңді (Жәнібек) Өмірзақ ағаны ішке ала сөйлегенде, үшеулеп әзілмен шымшып алып, құрдастай қалжыңдасып біресе күлдіріп, біресе бүлдіріп (ашуландырып) жүретін әдетіміз. Соның бірін есіме түсіргім келеді. Әкесі Айтбай ақынның (Айтмұханбет Белгібаев) туғанына 125 жыл толды ма, әйтеуір мен отыра қалып мақала жаздым. Аты «Мейірімсіз қара жер сөзіме менің қарашы...». Теріп жіберіп терім сіңген «Егемен Қазақстан» газетіне жіберем ғой, баяғы. Оқыған, газет президенті Сауытбек дос (Абдрахманов) телефондап тұр. «Мақала ұнады. Береміз. Бірақ, Өмірзақ ағаны оңдырмапсың. Ренжіп жүрмей ме? Сол жерін қысқартсақ қайтеді?» дейді талғампаз дос. ­Жобамен ол мынадай жолдар: «Айтекең ­атамыз елеусіз, ескерусіз қала беретін ақыннан емес еді. Қалам ұстап жүрген ұрпағының еренсіздігінен тасада қалып келеді....» деген секілді. Бір жағы шын, бір жағы қалжың еді... Қаз-қалпында қалуын өтіндім. Бірер күн өтті ме, сырты маңғаз сал, серінің соңғы тұяғы дерлік (ішкі жан дүниесі шерлі) ағам телефондап тұр. «Ой, ұрсатын болды-ау...». Ішім қылп ете қалды. «Құлбек...» әрі қарай үнсіз... қамығып тұрғаны байқалады... «Тіліңнен де айналайын төгілген, діліңнен де айналайын жете танып, жеткізіп айта алған...». Тағы үнсіздік... Кемсеңдеп кетті ме «жақсы» деп телефонды тастай салды. Кезекті мақаламды мақтайын деп отырған мен жоқ. Шамасы, анадан жетім қалып, өгей ананың тәрбиесін көрген баланың әкеге деген сағынышы билеп кеткен болуы керек. Әрі шерлі жүрек. Сөйтіп, ағамызды жылатып та алғанбыз...Сөйтіп, ұрыс естір сәтте бір мақтау есітіп жырғап та қалғанбыз. Түркістанға таң сыз бергеннен қоныс аудардым. Қазақ түркологиясы басында тұрған профессор ­Бейсембай Кенжебайұлына арнап түріктану музейін аштым. Ол аз болса «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» аштым. (24 түрік тілінде 46 мың кітабы бар). «Түрік халықтары өнер галереясын» жанына қостым. Құтты болсынға Өмірзақ ағам бастап қазақ ­зиялылары жетті. Түрік дүниесінен Бейсекең шәкірттері жетті ат сабылтып. Бейсекең музейінің тұсауын шәкірті Мырзатай Жолдасбеков пен татар түркологы Хатип Миңнеғұлов кесті. «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» тұсауын Өмірзақ Айтбайұлы мен екі мәрте Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты ­Насыр Фазылов кесті. «Түрік халықтары өнер галереясы» тұсауын «Егемен Қазақстан» газеті бас ­редакторы Жанболат Аупбай мен Ресей Федерациясы Думасының депутаты Гульфия Юнусова кесті. Іні ісіне аға баладай қуанды. Күллі кітапханасын мен ашқан «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» аманаттады (Кітапхана жанынан «Өмірзақ Айтбайұлы кітапханасын» жасақтадым.). Алматыға аттанып бара жатып сүйегі Америкада қалған мұңдық Күнтуған көкемізді есіме салды... «Ұмытып кеткен жоқсың ба?...». Алдымен Өзекеңе музей жасамақ ойымды айттым. Өзінің де өмірінің бесін шағында Түркістанға келіп тұруы керектігін, өлген соң өзіне арнап қатырып тұрып музей жасайтынымды қаперіне салдым... Өлім деген суық сөз... Тіксініп қалды. Іле түсініп қабылдады. Өмірзақ ағамның іші сөзімді жек көрмеді... Зәмира жеңгем күліп тұрды... Енді, мынау... Адамның басы Алланың добы! Күнделігіме үңілемін. 11 наурыз 2011 ж. «Егемен Қазақстан» газетінде «Қайран, қазақ қыздары!» (№70-80. 03.2011 ж.) аталатын үштік толғанысым жарық көрген. Сауытбек дос қой, үшеуін үш бетке сала-құлаш етіп ­тастай салған. Шамасы, М.Хакімжанова, Ш.Жиенқұлова, А.Қыраубаеваны жұрт сағынған. Көп кісі телефондады. Бірі – Өмірзақ көкем. Ризашылығын айтты. «Алма маған қарындас қой, – дейді ол. – Соны Бейсекеңмен ұстаз-шәкірт қана емес, әке мен баладай етіп әдемі беріпсің. Әлі күнге өкіне еске аламын, Бейсекең мені өзіне шақырды. Әдебиетші етіп тәрбиелегісі келді. Мен бара қоймадым. Енді ойлаймын: мені Орхон-Енисей ме, әйтеуір көне әдебиетке салғысы келген екен ғой... Қайдан білейік, шалдың ішінде не жатқанын? Сені шалға құдай жеткізген екен... Сенің бір жақсы әдетің күнделік жүргізесің. Қарашы әне, Мәриям Хакімжанова туралы, Шара Жиенқұлова туралы күнін күндей, айын айдай дәлме-дәл беріп әңгіме сабақтайсың. Соншалық нанымды. Сосын әр тағдырдың бір драмалы сәтін буыннан әдемі ұстайсың. Соған байлап бересің. Соныңа сүйсінемін...». Тағы бір сәт. «Балғын бөбек деп деп соққан бауырмал жүрек» (Балалардың ғажап ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев туралы толғаныс) («Ана тілі» №31-32 (1079-1080) 5 тамыз, 2011 ж.). Өмірзақ Айтбайұлы телефондады. «Мақалаңды әр сөйлемінің астын сызып отырып оқыдым. Кісілік, адамгершілік туралы сорғалатыпсың. Солай сөйлеуіңе оның балалар әдебиеті өкілі болғаны да оңтай беріп тұр. Оның үстіне сені оқуға түсіру опыр-ай, қызық факты. Өзің жастай осындай тәуір адамдардың – ақын-жазушылардың ортасында жүріпсің. Әнуарбек арқылы қазақ әдебиетінің қаншама өкілдерімен танысқансың. Қабдікәрім Ыдырысов екеуінің сенің сыртыңнан кітабыңды жоспарға енгізіп қамқор болатыны қандай тамаша?! Сол кезде Қабдікәрім «Жалын» баспасының директоры. Оған сәлем берушілер көп те, ол сәлем берушілер азайған уақыт емес пе? Соның өзінде әрі Сәбит Мұқановты сыйлап, әрі Әнуарбектің сөзін жерге ­тастамай сенің кітабыңа қамқорлық жасауы қазіргі заман адамдары есте ұстайтын, өнеге тұтатын жәйт екен. Өзің көрген қамқорлықты ұмытып кетпей сары майдан қыл суырғандай етіп көзі кеткен соң әдемілеп әңгімелеп отыруың сенің азаматтығыңды көрсетеді, айналайын. Сенде көп кісіде жоқ адами кісілік те, көп кісіде жоқ қалам ізгілігі де бар. Содан айырылып қалма. Мансабы (!) құрысын. Мансап та, абырой да сенің қаламыңда! Қаламыңды қадірле! Кеше сені іздегенде «Ана тілі» газеті қолымда еді. Астын сызып оқыған сөйлемдерді қайыра өзіңе оқып беріп сүйсінісімді білдірейін деп ойлағам. Таба алмадым» дейді ол. Тағы бірнеше кісі телефондады. Бір қызық бар. Телефондаушылар аға буын өкілдері. Бәлкім олар Әнуарбек Дүйсембиевті білетін болғандықтан телефондайды. Бәлкім аға буыннан өзге газет, кітап оқитын кісі қалмаған мына аламан-тасыр заманда. О, осы біз қайда ығып барамыз?». 9 ақпан 2012 ж. «Туған күн жайлы философия, немесе профессор Серік Пірәлиевке хат». «Ана тілі» 2 ақпан, 2012 жыл («Құрдастарыма хат» циклынан) Бірнеше кісі телефондады. Соның бірі – Өмірзақ аға Айтбайұлы! «Астын сызып оқитын әдетім бар, – дейді ол. – Сенің мақалаңды да сөйттім. Астары қалың екен. Сұлу жазылыпты. Төгіліп тұр. Тек бір айтарым Ә-нің мерейтойын тойламауын қасиетке балапсың. Әрі классиктер қатарына қосып сөйлепсің. Соныңа келіспеймін. Ол кісі сараң кісі. Оның үстіне белгілі жас мөлшері – ­мерейтойды тойламауда­ ол кісі өлшем бола алмайды ғой. Ал қалғаны тамаша. Мына қоғамды да біраз жерге апарыпсың. Мынадай мерейтой мақаласынан кейін сені Серік тойына шақырмайтын шығар...». Бәрі рас. Серік достың тойына шақырмағаны да рас. Дәл айтып тұр. Психолог. Мансапты қызметті сүйеді ғой. Үш үзінді. Үзік-үзік ойлар. Маған оқуға түсерде көмек бере алмағанына қымсынады. «Ана тілі» газетіне редакторлыққа ұмтылған сәтімде белімді буу орнына, жолымды тосқандай болғанына қысылады... Қысылатын реті жоқ, тіпті. Есігін қағып барып оқуға түсір деппін бе? Сабытымды салып апталыққа басшылыққа сұраныппын ба? Өзекең, Өмекең екі аға да жұрт құсап інілерін құлағынан көтеріп қызметке қоюды сірә да ойлаған емес. Бірақ, іштей түлеп өсуімізді, қаламмен өсуімізді жанжүрегімен қалар еді. Сонысымен де тұтас қазақ еліне аға, қазақ тіліне бала бола білді ғой екі ағатай да! Қазақ ұлтын өсіретін мінезге пендешілік жасап біз неге өкпелейік?! Бәрі де жол-жөнекейгі әңгімелер. Е,е, ең бастысы ағамыз бізді сырттай бақылап, жақсы ісімізге сүйініп, жаман ісімізге күйініп отырар еді-ау. Бейопа дүние! Әзіз ағаны еске енді алар бір сәтте форматын өзім ұната бермейтін «Дара жолдың» бір кешін Өмірзақ Айтбайұлына арнағаны үшін Дана Нұржігіттің қолын сүюге тура келеді... Жалпы Өмекеңді түрлі ­ортада, түрлі жағдайда білдіріп, білдірмей телетаспаға талай рет тартып алғанымыз бар. Сақтаулы. Алайда Дана жетелеп отыратын «Дара жол» телехабарында Өмірзақ Айтбайұлының бұрын-соңды жасалмаған адами һәм шығармашылық портреті жасалды. Жарын жоғалтқан, арыстай қос ұлынан айырылып аһ ұрған, еркек тана деп үмітін үкілеп отырғанда немереден тағы айырылып сарқылып отырған шерлі жүректі журналист ағайындар сол жолы тәуір-ақ қолдады. Шемен боп қатқан шерлі жүрек жібіді сол жолы. Көгілдір экран алдында көсілді. Ашылды. Деректі, керекті хабарды арамызды асқаралы Алатау ашып та, қосып та тұрған ақ қалпақты қырғыз туыстың атақты өнерпазы Болат Шәмшиевтің қатысуы тіпті аспандатып әкетті десе болады. Ол Өмірзақ Айтбайұлының ғажап әншілігі жайында, шырқап салған әні арқылы кино өнеріне қатысы жайында тебірене, қанатты режиссер теледидарда азуын айға білей сөйледі. Көп жылдық қазақ досына деген ерекше мейірім көзімен қарап әсерлі сөйледі. Әңгімеде бозбала шақтағы ортақ досы Асқар Сүлейменов те қамтылды. Хабар эфирге берілді. Көрермен көзайым. Өмекең дән риза! Араға бірсыпыра уақыт салып Болат Шәмшиевтің көз жұмғаны жайында әлеуметтік желіден жаманат та жетті өсекші қатындай сусылдап. Шын жүйрік, шын шебер. Жанға батты. Жалма-жан әлеуметтік желіге мүнақып хабарын жарияладым: «Дүние шіркін... Қырғыздың, қырғыздың ғана емес, күллі түріктің, кешегі КСРО-ның аса талантты режиссері Болат Шәмшиев қайтыпты. Дүние шіркін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн дегеніміз осы! Болат ­байкамен қырғыз жазушысы, қотормошы [менің «Шыңғыс шыңы» кітабымды қырғыз тіліне аударған] Құшубақ Омуралиев арқылы танысып едім. Ұлы Шыңғыстың қасында көрдім. Ол жайында түрколог ағам Өмірзақ Айтбайұлы аузынан көп естідім. «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильміне қалай шақырып, қалай түсіргені, Біржанның «Теміртас» әніне қаншалық ынтықтығы жайында әрдәйім маздатып әңгіме айтар еді домбыра тартып, ән салып отырып.Фильмдері өзі жайында да айтады. Қазақ киносы жайында «Қазақ киносының ұлттық беті қайда?» атап ащы мақала жазуға [«Социалистік Қазақстан» №124(18699) 29 мамыр 1987 ж.] тура келгенде критериіме қырғыз кинолары жүргені бар. Оның үстіне татар суретшісі Бақи Урманче секілді Болат Шәмшиевтің творчествосы толы «қазақстаника»... Болат қазақтардан, қазақтар Болат-­режиссерден «құтыла» алмайды. Ей, енді сол Болат байка жоқ. Төлеміш Өкеев қайтқанда Әбіш Кекілбайұлының қайысып қоштасқаны да есте. Енді, Болат байка... Т.Өкеев, Б.Шәмшиев әсіресе қырғыз киносын, ішінара қазақ киносын мәскеулік ­Герасимов, Соловьев монополиясынан құтқарған, құтқарысқан тұлғалар еді. Қырғыз, қазақ руханиятына олжа салумен келе жатқан шабандоз режиссердің рухы шат болсын дейміз. Даңқты ­режиссермен достық қарымда жүретін Өмірзақ көкеме [Айтбайұлы] көңіл айтамын, Өмекеңе көңіл айту арқылы заманымыздың аса ірі суреткері рухы алдында басымды иіп тағзым жасаймын! Дүние шіркін, дүркін-дүркін, өтеді бір күн! Қазаны қазақ газеттері көрсетіп, жақсылап берсе игі... (Түрікстан. 21. 12. 2019 ж). Әлеуметтік желіден жүйрік хабаршы қайда бар осы күні?! Зәмира жеңгей оқып беріпті. Телефондады. Қайысып тұр. Мұңды ­дауыс мұнарлы. Жұрт қайғысын өз қайғысындай қабылдайтын қайран ағам! Мұңдасып алдық. «Төлеміш, Асқар үшеуі үйде болғанда сен қатыспап па едің?». «Жоқ. Ол кезде болған жоқпын.». Шүңкіл-шүңкіл жұбатыс. Аз ғана күн алмасып Жаңа жыл да жетті. Не десек те жарты әлем тойлайтын Жаңа жыл! Ешкімді де құттықтаған жоқпын. Наурызға ден қойғаным. Ертеңіне Өмекең халін білмекке тәлпіш телефонды жүгіндірдім... Жасы келген қария ырымшыл бейілмен қауқылдай сөйлеп кетті. «20», «20» ә! Оған да жеттік. Әдемі естіледі емес пе, а? Өмірі қысқарып, үміті ұзарып тұр екен дә! Ей, тағдыр! (28.01.2020 ж.).

ТҮРКІСТАН

1750 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы