• Тіл
  • 20 Ақпан, 2020

Латын әліпбиі: талқыға түскен үш нұсқа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен республика көлемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасы бойынша филолог ғалымдар мен тіл ­мамандары арасында ашық талқылау шарасы өтті. Орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген әліпбидің жетілдірілген нұсқалары мен өзге де ұсынылған әліпби жобаларын талқылауды мақсат еткен отырыс барлық өңірде ашық түрде өткізілді. Дәл осындай талқылау Алматы қаласының әкімдігінде де ұйымдастырылып, оған тіл ғалымдары Әлімхан Жүнісбек, Аягүл Омарова, Анар Салқынбай, Қаламқас Қалыбаева, Айгүл Сәтбекова, Бижомарт Қапалбек және Алматы қаласы әкімдігі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының Бас инспекторы Бақыт Қалымбет пен аудандық әкімдіктердің мамандары қатысты.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандарға талқылау үшін латын әліпбиінің үш нұсқасын ұсынған. Атап айтқанда, А нұсқасы – акут, Ә нұсқасы – умлаут таңбала­ры­мен және үшінші Аралас нұсқа. Алдымен сөз алған филология ғылымы­ның докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек әліпбидің ғылыми негіздемесі болуы керегін, кирилл үлгісінен аудара салуға болмайтынын алға тартты. «Бірінші А нұсқасын қарайық. Аа (Аа) таңбасынан Зз (Zz) таңбасына дейін қалыпты, Әә (Áá) мен Ғғ (Ǵǵ) акут белгісін қойған, ал Ии және Йй-ге келген кезде, қателік бар. Қазақта қысқа және созылыңқы деген дыбыс жоқ. Бірақ Йй (İi) деп орыстың үлгісімен беріпті. Кк (Кк) мен Нн (Nn) ­болады, сосын Ң-ға (Ńń) акут қойған. Оо (Оо) мен Өө (Óó) қалпында, Пп (Pp), Рр (Rr), Сс (Ss), Тт (Tt) дыбыстарына дау жоқ. Ал одан кейін У у (Uu) ­дыбысында мәселе туындайды, бұл қазақша У мен әлде орысша У ма? Мәселен, орыс ұлтының өкіліне tau деген сөзді оқытсаңыз, ол тауу деп созып оқиды. Енді мәселе Уу (Uu), Ұұ (Ūū), Үү (Úú) таңбаларын қараңыз, әдістемелік тұрғыдан алғанда әліпбиде үш таңба бірдей болмауы керек. Ал У-дың мәселесі өз алдына бөлек. Қазақ тілінде У деген дауыссыз дыбыс бар, тау, ауа, су деген сияқты. Біріншіден, бұл өзі жиі кездеседі, екіншіден, оның морфологиялық қызметі бар. Сондықтан ол өз алдына таңба болуы керек. Айтайын дегенім, асты-үстіне бір нәрсені қойып, құрастыра беруге болмайды. Фф (Ff), Хх және Һһ (Hh), Шш (Şş) орынды. Енді Ыы (Yy) таңбасына қараңыз, бұл Yy дауыссыз дыбыстың таңбасы. Дауыссыз дыбыстың таңбасымен дауысты дыбысты белгілеуге болмайды. Тілдің заңына бағынайық. ­Ендеше, мына Ы-ны Ү-мен белгілеу тағы да дұрыс емес. Енді мына І-ні Й-ге беріп, енді амал жоқ І-ні нүктесіз әріппен белгілеп отырмыз. Яғни Йй (İi), УУ (Uu), Ұұ (Ūū), Үү (Üü), Ыы (Yy), Iı (Ii) таңбалары дұрыс емес. Бұл тілдің заңына да, жазу дәстүріне де, халықаралық фонетикалық әліпбиге де қарсы» деді Ә.Жүнісбек. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығы ұсынған Ә нұсқасы – ­умлаут таңбаларымен белгіленген әліпби де жоғарыдағы нұсқаға өте ұқсас. Тек Әә (Ää), Өө (Öö), Ұұ (Ūū), Үү (Úú) таңбалары умлаут белгісімен жазылған. ИиЙй (İi) және Ңң (Ŋŋ) таңбалары өзгерген. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты соңғы екі таңбаны қолдайды, өйткені аталған мекеменің ғалымдарының ұсынысында да осы таңбалар жазуға ыңғайлы деп танылған. Белгілі ғалым Әлімхан Жүнісбек қазақтың Әә таң­басына қатысты тарихи оқиғаны еске түсірді. Өткен ғасырда түркі жұрты жиналып, латын әліпбиіне өту мәселесін талқыла­ғанда Әә таңбасына қатысты әзербайжандық ғалымдардың ұсынысын қабылдаған. ­Өйт­кені оларда бес буын болса бесеуі де Ә-мен айтылады, он буын болса оны да Ә-мен айтылады екен. Сондықтан аталған жиында Ә.Қайдар бастаған ғалымдар Әә дыбысын қабылдауға қарсы болмайды. ­Осылайша, тарихы тереңде жатқан аталған дыбыс үшінші нұсқада сол күйі сақталған. «Аралас нұсқада барлық таңбалар ­орнында, тек ЙйИи (Yy) енді дұрыс беріліпті. Мұнда Ии-ді алып тастасақ болды. Алайда бұл жерде латын әліпбиін қабылдап отырып, кириллді араластырып жіберіпті. Мәселен, Әә әрпі ғана емес, Өө, Ұұ, Үү таңба­ла­рын осы күйінде қалдырған екен. Біздің әліпбидің негізгі мақсаты – ортақ түрік жұр­тына түсінікті болуы. Түрік жұртының басын қосатындай әрекет болу керек. Бізде ауа, тау дегендегі У дауысты-дауыссыз дыбысымыз бар. Оның дәстүрдегі таңбасы – W. Мына талқылап отырған үш әліпбиде де W-ді кіргізу керек. Сонда мына дауыссызымыз әліпбидің құрамында тұрады. Сонда ғана жоғарыда мәселе болған үш таңба өз-өзінен реттеледі. Қараңыз: Уу – Ww, Ұұ – Uu, Үү – Üü болып шыға келеді. Ал Өө таңба­сын Öö деп өзгерткен абзал. Ал І дыбысын нүктесіз алсақ – Ыы, нүктемен алсақ – Іі болады. Мынадай қателіктерден сақ болуымыз керек. Біз орыстың әліпбиінен қашып, енді түріктің әліпбиін аламыз ба деген пікір бар. Ол дұрыс емес. Естеріңізде ­болсын, өткен ғасырдың 1920 жылының бас кезінде басы Ресей болып, бәріміз жиналып, латын әліпбиіне көшетін болып шешкенбіз. Жарлық та болған. Шеттегі түрік ағайындар егемендік өзінде, ешкімнен сұраған жоқ, өтті де кетті. Бізде саясат, орыстың үстемдігі болды, қалып қойдық. Сол кездегі әліпбиді бүгінге дейін жеткізіп келген түрік ағайындарға біз рақмет айтуымыз керек» деді Әлімхан Жүнісбек. Осылайша, талқыға салынған латын әліп­биінің үш нұсқасының артықшылықтары мен кемшіліктері ­аталды. Өз ойларын ортаға сал­ған ғалымдар ­латын әліпбиін әлі де болса жетілдіре түсу керегін баса айтты. Мә­се­лен, филология ғылымының докторы Анар Салқынбай ұсынылған әліпбидің сын кө­термейтінін айта келе, бірнеше мәселені көтерді. «Біз ең алдымен өзімізді емес, ­мектепке енді баратын балалардың да жағдайын ­ойлауымыз керек. Біздің алдымызға үш әліпбидің жобасы ұсынылыпты. Бұған дейін Елбасы Н.Назарбаев та, Президент Қ.Тоқаев та «бұл мәселені алдымен ғалымдар шешу керек» деген болатын. Біріншіден, осыдан біраз уақыт бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ­институты ұсынған бір жоба болып еді. Сол ұсыныстардың барлығы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына түскен. Бірақ, өкінішке қарай, бүгін біздің алдымызда сол А.Байтұрсынұлы атындағы ғалымдар үйінің жобасының талқыға түспей отырғаны түсініксіз болып отыр. Енді ұсынылған үш жобаға байланысты. А мен Ә ­жобасы сын көтермейді. Өйткені мұндағы Ыы (Yy) және Iı (Ii) екі дыбыстың екі түрлі таңбалануы дұрыс емес. Сондай-ақ У ­дыбысы ­дауысты ма, дауыссыз ба, білінбей қалған. Сондықтан бұл екі нұсқаны талдамаса да болады деп ойлаймын. Көңіліме сәл де болса жаққаны – Аралас нұсқасы. Екіншіден, ең алдымен қояйын ­деген сұрағым, мұның авторы кім? Егер білсеңіздер, бұрынғы әліпби таңдалған кезде «Хабар» арнасында үлкен мәслихат болды. Сонда америкалық ғалым ­«мынау әліпбилеріңіздің әке-шешесі жоқ, жетім ғой» деді. Сол сияқты біздің латын әліпбиін ұсынып-талдап жатқанымызға әлем жұртшылығы назар аударуда. Өйткені бұл кириллден қайтып латынға бару деген сөз. Бұл көрші отырған орыстың ықпалынан қайтып әлемдік интеграцияға жақындау ­деген сөз. Мұның саяси мәні, астары өте терең. Сондықтан бұған тек қана қазақ қауымы емес, бала-шаға емес, әлем көз тігіп отыр. Осыған тереңірек назар аударып, ­шынында да авторы кім, соны бірінші анықтап алуымыз керек. Бұл белгілі бір ұйым бола ма, басқа бола ма, «Тіл-Қазынаның» өзі бола ма, кім болса да мұның аты-жөні тегінде тұру керек. Мысалы, біз төте жазудың авторы Ахмет Байтұрсынұлы екенін білеміз, бүгінде пайдаланып жүрген кириллдің авторы Сәрсен Аманжолов екенін білеміз, енді мына ұсынылып отырған латын әліпбиінің де авторын білуіміз керек. Мұны халық ертең бізден сұрайды. Үшіншіден, дыбыстарға байла­нысты. ­Республика бойынша осы фоне­тиканың үлкен ұстазы біреу, ол – Әлімхан Жүнісбек. Негізін­де, ұлт боламыз десек, бәріміз Әлімхан ағаның айтқанына басымызды июіміз керек. Сондық­тан да мен Әлімхан аға айтқан У-дың орнына W-дың қосылуын қолдай­мын. Өйт­кені бұл шынында дауысты дыбыс болады. Дауыссыз дыбыс, қай латын қарпін алсаңыз да, ол W-мен береді» деді А.Салқынбай. Сонымен, талқылау барысында ­ұсы­нылған қорытындылар мен ұсыныс, пікірлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты коми­тетінде жинақталып, оған мониторинг жүргізіледі. Ал мониторинг қоры­тындылары Ұлттық комиссия жанын­дағы Орфографиялық, Термино­логиялық, Әдістемелік, Сараптама және Техникалық сүйемелдеу топта­рының бірлескен кеңесіне ұсынылып, талқыланады. Жұмыс тобының ғалым­дары ұсынылған әліпби жо­баларын талқылап, ғылыми негіздемемен қоры­тынды шығаратын болады.

Ақбота ҚУАТОВА «Ana tili»

3956 рет

көрсетілді

279

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы