• Тұлға
  • 27 Ақпан, 2020

Шыңғыс ҚҰЛБЕКҰЛЫ: Әке атына кір келтіргім келмейді

– Шыңғыс Құлбекұлы, әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздан бастайықшы... – Мен Алматы қаласында дүниеге келдім. Әулеттегі тұңғыш немеремін. Сәби шағымда әке-шешем мені Отырарға, ­Бибайша әжеме беріп жіберіпті. Ата дәстүрі. Тұңғыш бала әжесінің баласы (Сәрсен атам ертеде қайтыс болған). Әулет­тің тұңғыш немересі болған соң ба, әжемнің абысын-ажындары маған кәмпит беріп, «кімнің баласысың?» деп сұрақ қойып «сынайтыны» есімде. Әрине, мен әжемнің баласымын... Айнымаймын. Әкемнің жеңгесі Жұлқын апаның (Көпен атаның анасы) «Кәутанның ­баласы» дейтіні құлағымда. Әкемді айтқаны. Әдейі айтады. «Тәйт, әрі. Тантыма. Өзімнің ­балам...» дейді Бибайша әжем өтірік келініне ұрысқансып... Сөйтіп, аздап та болса әже тәрбиесін көрдім. «Жасым келген адаммын. Қисая кетсем далада қала ма? Оның үстіне кемпірдің тәрбиелеген баласы деп мені о дүниеде тыныш жатқызбайсыңдар ма? Шыжығын да, қызығын да өздерің көріңдер...» деп мені Алматыға әкеп салды. Бұл кезде әке-шешем Бейсембай (Кенжебаев) атама бала болыпты. Ағайынды үшеу едік. Димаш, Сәбит інілерім. Атам бізге қызықты ертегі айтып беретін. Алматыдағы №204 балабақшада тәрбиелендік. Д.Қонаев академиктік стипендиясын өмір бойы осы балабақшаға ­аударып отырыпты. Бақша басшысы Елеусіз ақынның қызы. №159 ­мектепте оқыдым. А.Тоқпанов, Р.Бердібаев және әкем үшеуі орыс мектебін қазақ мектебіне айналдыру үшін күресіп жүрді. Өртеп кетпесін деп түн қатып кезекпен күзеткенін білемін. Бәрібір шатырдағы матрастан өрт шығып кетіп, зорға басқаны есімде. Ол сондай уақыт еді ғой. Үстелдің үстінде бір дәптер жатады. Кейде әкем, кейде анам сол дәптерге біздің былдырлап айтқан қызықты сөздерімізді, мінез-құлқымызды жазып отыратын. Берсінбек атамыз (әкемнің ағасы) ұдайы фотоаппаратпен келеді. Сөйтіп, бізді әрдайым суретке түсіріп әкетеді. Суреттеріміз «Ұлан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ақиқат», «Ұлт тағы­лымы» секілді газет-журналдарға фотоэтюд болып беріліп отырды. Бәрі де әкеміз тарапынан ойластырылған тәрбие ісі. Көбіне анамыз күнделігімізді жүргізеді, Берсінбек (Сәрсенов) атамыз біздің қызыл шақалақ шағымыздан қызықты өсу ­жолымызды ­суретте бейнелейді. Бәріміздің де жаялықтан басталған бірсыпыра фотосуретіміз бар. Күнделікке бір қосып альбом жасап қойған ата-анамыз. Біздің күнделігіміздің кейбір беттерін, суретімен қоса Кемелбек атамыз (Шаматаев) «Ұлт тағылымы» журналында жариялағаны бар. Қазақ ақындарының маған арнаған «автографы» тіпті мен бесікте жатқан кезден басталған екен. Атама бала болған, әкеме аға болған Қуандық Шаңғытбаев бесікте жатқан маған арнап мынадай өлең жазыпты: «ШЫҢҒЫСҚА: 1981 ж. 31 ­августа Төлеген екеуміз талтүсте Құлбектің бағында отырып жазылды. Баян мен Құлбек! Күн қысқа. Асығу керек тұрмыста. Төлен мен Қуан аттансын: Баянды бол, – деп, – Шыңғысқа! Шыңғыстың атасы – Қуанд. Шаңғытбаев.» Мына өлең жазылғанда мен бесікте жатқан бес айлық сәбимін ғой. Қол сүртетін сулыққа ­жа­­зыл­­ған осы өлеңді әлі күнге сақтап жүр­ген әкемнің ұқыптылығына қайран қаламын. Әкей Министрлер Кеңесі ­аппаратында істейтін анамды қызметінен шығарып алып, алдымен «Қазақстан мектебі» журналына корректор етіпті. «Жатып қалған атамызға қызмет етуіміз керек. Уақытылы тамағын бер. Төсегі былғанса заматында ауыстыр, жу» деген мақсатпен. Біз ол кезде балабақшадамыз. Мектепке бардық қой. Сол уақытта «балалар қайда жүрсе, сен сонда болуың керек» деп, Оқу министрі Мырзатай Жолдасбековке кіріп, министрлік қызметкері Бақтияр Смановқа барып жүріп анамызды жаңадан ашылған №159 мектепке мұғалім етіп ­ауыстырыпты. Балаларының оқуда жағдайы болсын деп, анам сол мектепте қызмет етті. Оқу ісінің үздігі, шәкірттерінің арасында үлкен ­беделге, әріптестерінің арасында абыройға ие болды. «Алтын белгілі» шәкіртті көп тәрбиелеп, ­баулып шығарғаны үшін Елбасы қолынан ­алтын сағат алды. Министрліктен атақ алды. Бесінші сыныпқа арналған ­Қазақ­стан тарихынан алғашқы оқулықтың ­ав­торының бірі ­болды. Бүгінгі күні ­тарих ғылымының кандидаты. Яғни, шын мәнінде толыққанды ғалымдар ­отбасында тәлім алдық. Әкеміз негізі уақытын ­шы­ғармашылық жұмыстарға арнайтын. Балалық шақ бақытты өтті. Жоқшылық тартпай, кемшілік көрмей желкілдеп өсіп жетілдік. Бұл үшін ата-анамызға алғысымыз шексіз... Әкемнің алғашқы жазған еңбектерінің бірі «Жан жылуы» жарық көргенде, жазушыларды піріндей сыйлайтын қоғамның өкілі ретінде мені әкеме деген үлкен мақтаныш сезімі кернеді. Әкем тұңғыш кітабын (1981) әулеттің тұңғыш немересі, өзінің тұңғыш перзентіне арнап тұңғыш тілегін жазып, қолтаңбамен бесікте жатқан маған сыйлапты. Әкемнің тұңғыш кітабы менің жеке кітапханамның басы! Ес білген соң оқимыз ғой әкеміздің кітабын. Сол кезден бастап ерекше жауапкершілік сезімі қалыптасты. Жай Шыңғыс емес, Құлбек Ергөбектің ­баласы деген қосымша атақ өмірімді қатты өзгертті. Сол уақыттан бастап ата-анамды ұятқа қалдырмау үшін жақсы оқуға, олардың үмітін ақтауды ерекше мақсат етіп қойдым алдыма. Оның үстіне әкеміздей ұлт ағасының өз балалары «белгілі эталонға» сай болмаса, ұят емес пе? Бүгінгі күні де бұл жауапкершілік жұмыста да, қоғамда да азаматтық талапқа сай болу керектігін айқындайды. – Әдетте зиялы қауымның балалары ­зиялы ортада өседі. Әкеңіздің ортасы қандай еді? Жақын араласатын достары кімдер? Үйіңізге зиялылардан кімдер келіп, кімдер жақын араласушы еді? – Кішкентай кездің өзінде үйімізден қонақ үзілмейтін. Ағайындар, туыстар, ­зиялы қауым өкілдері көптеп келетін. Әкеміз бен анамыз ауыр халде жатқан атамыз профессор Бейсембай Кенжебаевтың қолында тұрды. Атамыз ұлтшыл. Ұлт әдебиетінің тарихын түрік халықтарына ортақ Түрік қағанаты кезеңіне дейін ілгерілеткен ғалым. Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Т.Қожакеев, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов үйде қонақта отырғанда «Біз бар болғаны Бейсекеңнің шәкіртіміз» деп сөйлейтін. Атамыздың баласындай шәкірт­тері Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Алма Қыраубаева... Бәрі де елдің бетке ұстар азаматтары! Бала кезімде олар атамның көңілін сұрауға жиі келетін. Атамның замандастары, шәкірттерінің келуі әкем үшін мереке, анам үшін дастарқан болған секілді. Ал сол кісілер атам дүниеден өткен соң әкеме аға, апа бола білді. Мұны атамның кісілігі, әкемнің кішілігі деп білемін. Әкейдің оларға құрметі күні бүгін бір сәт те төмендеген емес. Біз үшін бұл тәрбие! Үйге келетін қонақтар қоғам, ­мемлекет қайраткерлері Нұртас Оңдасынов, Жүсіпбек Арыстанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Өзбекәлі Жәнібек, Өмірбек ­Жолдасбеков, ­Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев, т.б. кісілер, ұлы Мағжан ақынның жары Зылиха анамыздан бастап Мәриям Мұқанова, Мәриям Хакімжанова, Майнұр Тұрманжанова, Зулфия апай (Еңбек Ері Мұстафа Қазыбековтың жары), Райхан Сәтпаева секілді атақты аналар. Әкемнің ­достары келіп ұлт болашағын көсіле ­отырып талқылайтын, бірқатары әкеміздің пікірін сұрап келетін. Бұл ­интеллектуалды жұмысқа, руханиятқа деген біздің ­ерекше көзқарасымызды, әкеміздің еңбегіне деген құрметті қалыптастырды. Көбей Сейдеханов атам «Өлген қазан» аталатын кітап сыйлады. Ертегілер екен. «Батырлар жырын» сыйлады. Ел қорғайтын батырлыққа шақыратын алғау қолтаңбасы бар. Әкем анама үйленгенде осы Көбей ата мен Жаңыл апа құдалық өткізіп, қамқорлық жасағанын айтып отырады. Өзбекәлі Жәнібеков, Өмірзақ Айтбаев, Дулат Исабеков аталар үйге келіп тұратын. Көпен (Әмірбек), Берсінбек (Сәрсенов) аталарым болса да. Мынандай орта кез келген тұлғаның қалыптасуына ықпал етпей қоймайтындығы белгілі. Бұл әкеміздің беделінің, үлкен сыйластығының көрсеткіші деп қабылдайтынбыз. Жанғара, Сауытбек, Зинол, Жұмабай, Ақайдар, Баянғали, Дидахмет, т.б. көптеген достары бар. Ішкен шараптың күші ме, әлде іштегі шер ма Баянғали М.Жұмабаевтың «Баян батыр» поэмасын жатқа оқып, артынан жылайтын. 1986 жылы жыл аяғының бір күні әкемнің бір топ достары үйде отырып ашынып сөйлеп отырды. Ақырында Дидахмет аға «қазақ жастары жараланды, өлді, біз сенің үйіңде арақ ішіп отырмыз» деп сөз бастап, ая­ғында жылағанын көрдім. Әкемнің достарын жан байлығы мол жандар деп білемін.

– Құлбек ағамыздың шығармашы­лығын, ғалымдығын көп адам білгенімен, сырт көз оқырман оның адами бейнесімен таныс емес. Ағамыз қандай отағасы, қандай әке болды? Үй шаруасына, бала тәрбиесіне қандай? – Шығармашылық адамы ретінде әкеміз көбінесе ғылыми жобалар, әдеби еңбектермен айналысады. Негізгі тәрбие беру ісі отбасылық жұмыс бөлінісінде анамызға сеніммен тапсырылған қызмет. Анамыз оқудағы үлгерімнен бастап, қатысатын үйірмелер, бос уақытты ұйым­дастыру мәселелерінің көпшілігін байыппен, салиқалы түрде шешетін. Бұл, әрине, әкеміздің біздің қалыптасуымызға ықпалы болған жоқ деген сөз емес. Отбасындағы тәрбие ісінде ол кісі бірінші кезекте жеке бас мысалында тәрбиелеуге мән беретін. Өзі көп оқып, ой түйгенді ұнатады. Ол оймен отбасында бөлісіп отырады. Әлем әдебиеті классикасынан таңдап кітап оқуға шақырады. Тіпті тапсырма береді десе болады. Біраз уақыт өткен соң пікірімізді сұрайтын. Бала жасымызда Абай өлеңдерін, Мағжан өлеңдерін жаттаудан үшеуара жарыс ұйымдастыратын. Кәдімгідей ақша тігеді... Бала кезде Ханс Кристиан ­Андерсен, сәл кейін Джек ­Лондон, Кнут Гамсун, Жюль Верн, ­Александр Дюма, Андре ­Моруа шығармаларын оқыдық. Көп томдық көп еді үйде. Біз Кәмила екеуміз үйленіп, енші алғанда маған Достоевскийдің 10 томдығын (соңғы басылым), Димаш ініме Лев Толстойдың 22 томдығын еншібасыға сыйлады. Күні бүгін біздің отау кітапханасын сол 10 томдық бастап тұр. Анамыз ­тарихшы болғандықтан шығар, ХХ ғасыр басындағы белгілі ғалым ­академик Евгений Викторович Тарленің ­«Наполеон», «Талейран», «Петр 1 және Ресей империясының сыртқы ­саясаты» ғұмырнамасын қызығып оқитын едім. Қанша рет оқығаным есімде жоқ. Әй, бір 10 рет оқыған шығармын. Әкем ­Наполеон тұлғасына қызығушылығымды аңғарған соң кітапханасынан Манфредтің ­«Наполеоны», Альдің «Наполеонын» алып берді. Аль кітабында автордың әкеме ­жазып берген қолтаңбасы бар. Әкеміз бізді кітап әлемі арқылы тәрбие­леді ме деп ­ой­лаймын. Бұл нағыз азаматтықты қалып­тастырудың үлкен мектебі болды. Сабақ пен үйірмелерден қолымыз босаған кезде кітап оқитынбыз. Бүгінгі күні бұл кітаптар әкеміз негізін қалаған Түркістандағы «Түрік халықтары кітап­ханасының» өзегіне айналды десек болады. Әкеміз әдебиетте де, тұрмыста да ­дәс­түршілдік пен жаңашылдықты ұштас­тыра алған азамат. Ер баланың қалыптасуы мен әлеуметтенуіне, отбасындағы ­әлеу­­меттік рөлінің қалыптасуына әкенің ық­па­лы айрықша екендігі сөзсіз. Бұл мағы­нада әкеміздің еңбекқорлығы мен талпы­нысы, өзіне деген биік талабы бізге де өлшем. – Құлбек ағай балаларының, яғни сіздің мамандық таңдауыңызға, өмір жолыңызға ықпал етті ме? – Әрине, әр ата-ана белгілі дәрежеде өз балаларының болашағына ықпал еткісі келуі заңдылық. Әкеміз мамандық, кәсіп таңдауда әрқайсымызға еркіндік бере ­отырып, бұл шешімдерді саралауға ­араласатын. Бала кезде журналист болғым ­келген. Әкемнің газетте қызмет етуінің әсері шығар. Әкем менен түрколог шығаруды ойлапты. Бейсекең «атаң менен түрколог шығарамын деп армандап еді. Менен түрколог шықпады. Сен қалайсың?» деп сыр тартатын. Бірақ уақыт өте келе: «Балам, филологияға ­баратын болсаң, менен бір бас жоғары ­маман болуың керек. Себебі сен профессор Құлбек Ергөбектің ба­ласысың. Сондықтан филологияны таң­дамай-ақ қой. Өзің қалаған салаңды таңда. Бірақ бұл қағиданы естен шығарма» деді. – Сізге келерде ғаламторды біраз шарлап шықтым. Кей ақпараттарда заң ғылымының кандидаты, заңгер, кей ақпараттарда ­экономист, кей жерлерде білім саласында да болғаныңызды көзім шалды. Тіпті ­саяси мәселелерге қатысты пікіріңіз берілген мақалаларды да байқадым. Енді өзіңіз ­туралы айтыңызшы? Мамандығыңыз, кәсібіңіз не? – Айтқаныңыздың жаны бар. Әкейдің ана тілін аялап айтқан әлгі сөзінен кейін Юриспруденцияға кеттім. Негізгі мамандығым заңгер. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық құқық мамандығы ­бойынша бітіргенмін. Онан соң кандидаттық ­диссертация қорғап, заң ғылымының кандидаты атандым, ­магистратураны ­экономика мамандығы бойынша ­тамамдап, ­экономика магистрі дәрежесін алдым. Мамандығыма қарамай, біраз уақыт журналистика нанын жедім. ­«Азамат», «Болашақтың қаласы» телебағдар­ламасына қатыстым. «Төртеу түгел болса» жобасын жоспарға енгізіп, тележүргізуші де болып көрдім. Әкемнің «Қарағым, журналистика ана тілінің байлығына бітетін кәсіп. ­Ауылда белуардан шаң кешіп, қазақтың небір қария сөздерімен біте қайнасып өскен менің өзім қазақ тілінің қадіріне жеттім деп айта алмаймын. Ал сен тас қалада туып, тас жолда өскен баласың. Ана тілінің көзіне кіреуке түсіріп алсаң аруақтар нала болады, ана тіліміздің киесі кешпейді» деген сөзі көкейімнен кетпеді. Журналистиканы тоқтатып, құқық жүйесіне түсіп іздендім. Бірақ оқуымды әрі қарай жалғастырып, ғылыммен айналысуға бел бууыма да, тақырып таңдауыма да ықпал еткен адам – әкем. Әкем «Хандық дәуірдегі саяси және құқықтық ой-пікірдің қалыптасуы мен ­дамуы» аталатын тақырыпты нұсқап жіберді. Ғылыми жетекшім Сәкен Өзбекұлы, Қазақстанның саяси-құқықтық ойлар тарихының ең мықты мамандарының бірі болатын. Мамандандырылған кеңесте кандидаттық диссертация қорғаған күні мінберге шығып Мұрат Баймаханов «Қарағым, ғылым қор болып барады. Сен ғылымнан кетпеші» деді. Әкейдің сызған бағдары «Қазақ хандығы құқығы», ­«Алтын Орда мемлекеті мен құқығы», «Ұйғыр қағанаты мемлекеті мен құқығы», «Түрік қағанаты құқығы» болып желі түзуі керек еді. Докторлық кеңес жұмысын тоқтатты. Ғылымға біздің қоғамда назар өте төмен. Ұлттық кірістің 1 пайызынан кем мөлшері ғана бөлінеді ғылымға. 2017 жылғы мәліметтерге сәйкес, бұл көрсетіш жалпы ішкі өнімнің 0, 1 пайызын қамтып, еліміз әлемде 62-орыннан көрініпті. Бұл жан ­ауыртатын мәселе. Себебі ғылым мен білім елдің әлемдік экономикадағы әлеуетін анықтайтын негізгі көрсеткішке айналып отыр. АҚШ, Батыс Еуропа елдері бүгінгі күні негізгі табысты өндірістен емес, ­интеллектуалды меншіктен, патенттерден алып отыр. Тиісінше, шығыс мөлшері де мол. Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орындарында басшы, қосшы ­болып қызмет істедім. Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректорымын. 2018 жылы қауымдастырылған профессор атағын алдым. – Шетелде білім алып, тәжірибе жинап қайтыпсыз. Шетелдік тәжірибені жүзеге асыруға мүмкіндік болды ма? – Ата-анамыздың бойымызға сіңірген өмірлік қағидаларының бірі шет тілдерін мейлінше озық игеру болатын. Содан да болар, әрі заман талабы, бәріміз шет тілін жақсы игердік. Ана тілінің орны бөлек, әрине. Орыс, түрік, ағылшын, қытай тілін игердім. Шет тілін білу тек тілдік тәжірибе емес, бірінші кезекте мәдени тәжірибе. Шетелдегі оқу да осы тәжірибені шыңдай түседі. Бұрыннан іссапармен шетелге жиі шығатын едім. Былтыр «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде шетелде оқуға мүмкіндік алдым. Сан ­Диего қала­сындағы Калифорния ­уни­верси­­тетінен тағылымдамадан өттім. Бүгінгі күні жинақтаған тәжірибемді ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге ­асыруда, күнделікті жұмыста кеңінен қол­данып жүрмін. Ғылым саласындағы өзектілікті жоғалтып алмау үшін адам орнықты түрде кемелденіп отыруы керек. Кезінде классиктердің бірі: «ХХІ ғасырда тәлім, білім алып жатқан адамдарға ХХ ға­сырда туған адамдардың ХІХ ғасырдағы білім мен технологияларды ­пайдалана ­отырып дәріс беруі бізді ең үлкен дағда­рысқа әкелуі мүмкін» деген сөзі ешқашан есім­нен шықпайды. Сондықтан жоғары оқу орнының қызметкері ретінде, жас ға­лым ретінде ақпарат пен білімнің толы­­­суына қолымнан келгенше қызмет етудемін. – Қай салада жүрсеңіз де әке атының пайдасын немесе зиянын көрдіңіз бе? Құлбек Ергөбектің баласы ғой деген жылы қабылдаулар немесе сындар болған шығар? – Әкенің аты балаға абырой, сыйластық, белгілі дәрежеде танымалдық әкеледі. Бірақ, жоғарыда айтып ­кеткендей, қосымша жауапкершілік те жүктейді. Танымал ғалымның баласы болу белгілі бір дәрежеде жаңашылдық пен ізденімпаздықты, ойшылдық пен терең ­саралауды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, біз күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Бүгінгі өмірде «әкесінің ­баласы» деген мамандық жоқ. Сондықтан адам бірінші кезекте әке беделін ­малданбай, өзі жаңа жол таба білуі керек. Әке атына кір келтірмеу – ол перзенттік міндетің. Кез ­келген кемшілігің әп-сәтте-ақ әке атына кір келтіреді. Сенің кішкентай кемшілігіңнің өзі бадырайып көрініп тұрады. Сенің аз ғана кемшілігіңді жұрт кешпейді. Өйткені сен белгілі адамның баласысың... Жетістік тектіліктің көрсеткіші. Сондықтан атақты адамның баласы болудың артықшылығымен қатар, осындай «залалы» да болады. Әкем ғалымнан бұрын әдебиет ­сыншысы, ымырасыз сыншы... Әдебиетте де, саясатта да солай... Жағымпаздыққа жаны қас. Мансапқорлықты иттің ­еті­нен жек көреді. Өзбекәлі (Жәнібеков) ата­мыз кезінде Орталық Комитетке қызметке шақырғанда бармаған. ­Сапарбаев қинағандай етіп әкімдікке қызметке апарған. Тәп-тәуір қызмет. Алайда әкем Сапарбаевтың әкімдік институттағы таза да халықшыл тұлға болғаны үшін ғана өлгеннің күнінен зорға ­шыдады. Сапарбаев кеден қызметіне басшы болып ауысқанда бірге қызмет етуге шақырған еді. Бармады. Әкем ұлт мүддесі тұрғысынан келіп мына қоғам үдерісін аямай сынап отырады. Билік, басқа деп қарап жатпайды. Тап осы күндері ескі Түркістанды жаңғырту, Қ.А.Ясауи мавзолейін сақтап қалу үшін барын салып жатқанын өздеріңіз оқып, көріп, біліп отырсыздар. Содан да мына қоғамнан әкеме деген салқындықты сеземін. Әкеме деген салқын көзқарастың «лебі» мені де шарпуы мүмкін... «Әкесі үшін баласы ­жауап бермейді» деп ұрандатқан КСРО-да не болғанын білесіздер. – Пікіріңізді нақтылап жіберсеңіз? – Білім және Ғылым саласында түрлі реформалар жүзеге асырылуда. Мен осы өзекті мәселелерді саралап бірнеше мақала жазып, сұхбат бергем. Ішіндегі ең ­даулысы «Айқын» газеті бетінде жарық көрген «Ел болашағын сапалы білім анықтайды» шығар. – Әкеден қабылдаған мінез дейсіз ғой. Шыныңызды айтыңызшы, мақалаңыз шығып жатқанда әкеңіз қандай пікірде болды? – «Оқыдым. Орынды. Қызметтен қуып жіберсе де пікіріңнен қайтпа, ­балам!» болды айтқаны. Мәселемді қарауға жақындағанда тағы телефон соқты. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың пікірін жеткізді: «Жаңашыл адам ғой, Бердібек ағаң Ақтөбеден ­арнайы телефондады, құлыным! Білім саласына реформа керек. Шыңғыс танып, біліп жазыпты. Менің атымнан рақмет ­айтшы!...» депті ол кісі. Мен айтқан пікірімді ұстап қалдым. Кезінде айтқан сын пікірлерімнің дұрыстығын Білім және ғылым министрлігінде бүгін жүріп жатқан реформа айғақтап отыр.

Әңгімелескен Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы