• Тіл
  • 19 Наурыз, 2020

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

– Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған жұрт­тың өзі де жоғалады» депті. Кей тілдердің үстемдігінен қауіп етіп айтқан ғой. – «Өлсек бір шұңқырда, шықсақ бір төбеде болармыз» деп анттасқан Алаштың ардақты ұлдарының көшбасы еді ғой Ахаң... Сталинді культке жеткізген, Хрушевқа жүгері ектірген, Брежневтің төсіне металлолом үйдірген, ақыры социализмді тоқырауға әкелген не еді? Бұл Орталықтың озбыр саясаты, қошеметшілдік, аз ұлттардың тіліне, діліне, ­тарихи жадына деген астамдығы, өзім білемдігі еді. Ақыры күйреп тынды. Тіл үстемдігі де солай. Кеңестік жүйенің іргетасы қозғалған бетте социологтар орыс тілі тағдырына қатысты нақты уәжін айтқан. Мұндай процесс отар елдерінен айырылған шақта кешегі сүт бетіне қаймақ болған ағылшын, француз, ­испан тілдерінің де басынан өткен. Өйткені адамзат тарихында тіл жай қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – саяси, экономикалық өктемдіктің де басты құралы болып келді. Біз тарихтың осы ащы сабағын ұмытпауға тиіспіз. Өзгені өкпелетпей, өз тіліңе деген құрметің артсын. Қазірде Тілдерді дамыту туралы 2001-2010 жылдарға арналған Үкіметтік бағдарлама бар. Осы бағдарлама аясында атқарылып жатқан істер менің қатаң бақылауымда тұр... – Өткен ғасыр басында үш мәрте әліпби ­ауысты. Мұның өзі ұлт тарихы мен мәдениетіне аз соққы болған жоқ. Қазірде де кейбір бауырлас республикалар сынды латын алфавитіне көшсек деген пікір айтылып қалады. – Өткен ғасырда халқымыз ғұмыр бойы ­пайдаланып келген араб әліпбиі 20-шы жылдардың соңында латын, ал 1940 жылы орыс графикасына негізделген жаңа әліпбимен ­алмастырылды. Мұның да халқымыздың діліне ықпал-әсері тимей қалған жоқ. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде халқымыз ғасырлар бойғы тілдік дәстүрінен ажырап, өзінің танымы мен пайымын еріксіз өзгертуге мәжбүр болды. Сана мен тілдің үндестігі мен үйлесімі бұзылды. Белгілі орыс ­тарихшысы, әрі лингвист князь Н.Трубецкой тамсана жазатын «түркі симметрия­сында» алалық пайда болды. Өйткені кириллицаға көшкен кезде түркі халықтарының әрқайсысы өздерінің дыбыс үндестігіне орай бір-біріне ұқсамайтын әліпбилер енгізіп, ақырында қойы қоралас жатқан ағайын қағаз жүзінде өзара ұғыныса алмайтын халге жетті. Түбі бір түркі жұртының ғана емес, бір шаңырақтан өрбіген ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа айтарлықтай сызат түсті. Мұның бәрі – өктемшіл Орталықтан ескен саясаттың салқын сызының әсері. Рас, кейбір бауырлас елдер халықаралық қолданысқа жеңіл деп латын қарпіне көшті. Осы келелі мәселені менің алдыма тосқан, оң жауабымды дәметкен тілші, әдебиетші ғалымдарымыз бен қалам қайраткерлері жоқ емес. Қазірде араб қарпіндегі жазуды үркердей ғана маман болмаса, басқа ешкім оқып түсіне ­алмайды. Латынша жазылған жәдігерлерімізді де оқу үшін алдымен ежіктеп алу керек. Ал, енді латын қарпіне көштік делік. Сонда соңғы 60-70 жылдан бері тасқа түскен кириллица әліпбиіндегі жазба әдебиетімізді, ­тарихымызды, түрлі деңгейдегі қатынас қағаздарын қайда қоямыз? Кейінгі ұрпақ түсінбейді деп жаппай мұрағатқа өткіземіз бе? Әлде латын қарпіне аударып, кері басып шығарамыз ба? Бұл ұлан-ғайыр істі атқаруға болар. Дегенмен, осыдан туындайтын адами, моральдық қиындықтарды ойладық па? Алыста атакүлдігі бар өзге ұлттардың жай-күйіне ­назар салдық па? Тас та таудың туысқаны, қайда қашып құтыласың?! Былтыр Жамбыл облысында іссапарда болған кезімде Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов, тіпті: «Руника алфавиті – ұлтымыздың төл жазуы, осы жазуға көшкен жөн» деп дәлел айтты. Жалпы дүниежүзінің басым бөлігінде ортақ қолданысқа ие латын әрпіне көшудің болашағы зор деп білемін. Қазақстандағы тілдік, демографиялық, ұлтара­лық факторларды ескере отырып, осы әліпбиге көше қалған жағдайда, оны кемі 10-15 жылдық мерзімге жоспарлау керек. Ал жаңа әліпбидің білім жүйесіне енгізілуін 1-сыныптан бастап, біртіндеп 12-сыныпқа сатылап жүргізген жөн. Демек, бұл өте сындарлы мәселе. Оны бұйрықпен немесе науқаншылдықпен бір сәтте шешу мүмкін емес. Жалпы ұлт тағдырына қатысты кез келген іске адамгершілік көзқарас тұрғысынан келмесек, ақиқаттан аттап кетеміз. – Қазақ тіліндегі терминдер мәселесі аз әңгімеге арқау боп жүрген жоқ. Заманында ұлттық терминдер қалыптастыруға А.Байтұрсынов бастаған қазақтың небір арыстары аянбай атсалысқан. Термин жасаудың қазіргі жай-күйіне зер салсақ... – Ахаңмен иықтас жүрген сол кездегі қазақ зиялыларының қай-қайсысы да термин ­жасау, оны тілімізге орнықтыру ісінде қалыс қалғаны жоқ. Жалпы, Ахаң – бастауыш, баяндауыштан бастап, есімше, көсемшеге дейінгі тіл білімінің бүгінгі қолданысындағы терминдердің түгелге жуығын жалғыз өзі қалыптастырған ғұлама ғалым. Тіпті әдебиеттану ғылымындағы әсірелеу, меңзеу, кейіптеу, шендестіру сияқты терминдердің де бас иесі Ахаң екендігін бүгінгі ұрпақ ол ақталғаннан кейін ғана танып, білді. Жалғыз Байтұрсынов қана емес, Мағжан – педагогика, Жүсіпбек – психология, Жақып Ақбаев – заң, Халел Досмұхамедов – зоология, физиология, Жұмахан Кудерин – ботаника термидерін қалыптастыруға атсалысты. Әлімхан Ермеков математикалық терминдерінен бастап, жоғары математика курсына дейінгі тұтас терминдер жүйесін жасады. Кейін бұл ізгі дәстүрді Қаныш Сәтбаев ағамыз жалғастырды. Көркем ойдың кемеңгерлері Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов те сүбелі үлестерін қосып өтті. Егемендік алған алғашқы жылдары мемле­кеттік терминком мүшелерінің тым асығыс шешім қабылдауы себепті кейбір «әттеген-айлар» да кезікпей қалмады. Мәселен, ­«дипломат» сөзі. Бұл халықаралық терминді ғалымдарымыз «мәмілегер» деп бекітіпті. ­Сонда «дипломатия» деген қорғасындай салмақты сөз жеңіл-желпі «мәміле» болып шыққан. Мәмілені тура мағынасында аударсақ – ­«сделка». Сонда «дипло­матические отношения», «дипломатичес­кие сношения», «дипломатический ­паспорт» дегенді қалай тәржімалауымыз ­керек? Сондықтан «дипломатты» – дипломат күйінде қайта бекітіп, жоғарыдағы тіркестерді «дипломатиялық қатынастар, «дипломатиялық қарым-қатынастар», «дипломатиялық паспорт» күйінде терминдер тізіміне енгіздік. Ілкі кездегі терминкомның үстірттігінен бекіп кеткен сөздер кейін нормативтік-құқықтық актілерге еніп, әбден сіңісті боп кетті де, қатені түзете алмай өкінген жайттар аз емес. Сол тұста паспортты – төлқұжат, архивті – мұрағат, музейді – мұражай деп жаңаша атау еншіледік. Мәселен, дүниежүзінің қай еліне барсаңыз да, «паспорт» – паспорт. Маған салса, осының бәрін қайтадан өз орнына қою керек деп ойлаймын. Жақында менің қабылдауымда болған Еркеғали Рахмадиев ағамыз композитор ­деген халықаралық терминнің мәндік деңгейін төмендетіп, сазгер – мелодист, барлық тілде бірдей «пианино» деп аталатын сөзді «күйсандық» қып жібергендерге өкпе-назын білдірді. Дұрыс айтады. «Класс» деген сөзді «сынып» деудің, тоңазытқышты «мұзсандық» деудің ыңғайын түсіну қиын. Айта берсе, біраз сөздерді келтіруге болады. Ендігі жерде асықпай, аптықпай ­осыларды қайта қарауымыз керек. Демек, түбірі латын, грек тілдерінен алынып, Еуропа тілдерінің бәріне сіңісті болып кеткен термин сөздерді орынсыз қозғаудың реті жоқ. Тілімізде бұрын бар сөзді қолдан жасаған жаңа терминге таңбасақ та ешқайда кетпейді, тілдік қорымызда сақталады. Ал, түбірі таза орыс, славян тілдерінен алынған сөздерге қазақша балама табуға болады деген пікірді толық куаттаймын. Бұл істе термин жасауда қалыптаса бастаған оңтайлы үрдіс те бар. Мәселен, самолетті – ұшақ, вертолетті – тікұшақ деп тілімізге өте сәтті термин енгіздік. Ендігі жерде, әрбір терминді бекітуде оның орыс, түрік, еуропа тілдеріндегі нұсқаларына салыстырмалы талдау жасап, қазақ тілінің тілдік нормасына сәйкесін ғана қабылдаған жөн. Демек, талай ғасырдан бері тарихы бар, қол­даныс аясы әлемнің түгелге жуық өркениетті елде­рін қамтыған, өзгеріске түссе де әр халықтың тілдік ерекшелігіне сай аздаған фонетикалық ауытқуы бар халықаралық терминдерге абай болайық. – Мемлекеттік тілдің ендігі жердегі перспективасы, заңнамалық аясы қандай дәрежеде болады деп ойлайсыз! – Үш бірдей мәселені бағдар ғып ұстану ­керек. Біріншіден, «Тілдер туралы» Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу; Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралда­рында қазақ тілі 50 пайыздан кем қолданысқа түспеуі тиіс. Үшіншіден, 2010 жылға дейін жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіп, әр облыстың мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң бақылау қажет. Міне, осы шаралар толық іске асқанда ғана Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде деп нық сеніммен айта аламыз.

Сұхбаттасқан Мереке Құлкенов Мамырдың 11-17-і, 2006, ит жылы

Ескерту: Сұхбат ықшамдалып берілді

2978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы