• Тіл
  • 11 Сәуір, 2020

ӘЛІПБИ ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРІЛДІ?

Осы мақалада Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және IT-cүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған жетілдірілген әліпбиді таныстырмақпыз. Сөз басында көпті мазалап жүрген мынадай екі мәселеге тоқталғымыз келеді.

Біріншісі жетілдірілген жоба «тарихына» қатысты. ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссияның төрт жұмыс тобы құрамының басым көбі қолдаған «жетілдірілген жоба» қалың жұртшылық, мамандар арасында кеңінен талқыланды, сынама-сауалнама арқылы тексеріліп, соңында Орфографиялы жұмыс тобының кеңейтілген отырысында пысықталып, Президент әкімшілігіне ұсынылды. Президент әкімшілігіндегі жиында тәуелсіз сарапшылар тағы да біраз мәселені асықпай қарауды ұсынды. Мәселен, ағылшын тілінің әріптері W, X, C-ді ұлттық әліпби құрамын енгізу/енгізбеуді, тіліміздің дыбыстық жүйесінде жоқ Ц мен Ч-ға арнайы таңба алу/алмауды, Ң дыбысының таңбасын (диакритикалық Ň Ñ /диакритикасыз Ŋ) қайта тексеру ұсынылды. Осыған қатысты «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы талқылау, сауалнама ұйымдастырып, нәтижелерін Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдарына берді. Бірнеше маман С әрпін Ц-ның таңбасы ретінде алып, әліпби құрамына енгізу керек дегенмен, ғалымдардың басым көбі осы жобаны өзгеріссіз қалдырған абзал, яғни С таңбасын Ц-ның әрпіне алудың қажеті жоқ деген ұстанымда қалды.

Екіншісі БАҚ-та «ұлттық» деп аталып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты атынан профессорлар Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбек бастаған бір топ ғалымдар ұсынып жүрген жобаға қатысты. Бұл жобаның біраз қолдаушысы бар болып шықты. Дегенмен жоба Орфографиялық жұмыс тобының (осы ресми жұмыс тобының құрамында ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі З.Базарбаева, профессорлар Н.Уәли, А.Алдашева, Б.Момынова, Қ.Күдеринова, ғылым кандидаттары А.Хабиева, Ж.Жұмабаева сияқты Тіл білімі институтының мамандары да бар) талқысынан өткенде, ғалымдар оның мынадай кемшіліктерін көрсетті:

- W таңбасы алынған. Осы W әрпін енгізіп, қолданыстағы әліпбиді өзгерткен жағдайда:

біріншіден, қазақтілді жазарманның сауаттылығы тоқырауға ұшырайды, себебі бұл әріп ҰУ, ҮУ, У дыбыстық мазмұнды бір ғана /У/-мен таңбалайтын қазіргі қазақ жазуының базалық нормасын бұзып, жүйесіз жаңалық енгізеді: кірме сөздердегі [у] дыбысы /u/ әрпімен, төл сөздердегі дауыссыз [у] дыбысы /w/ әрпімен екі түрлі беріледі. Қарапайым тіл иелмені тағы да дұрыс жазу үшін кірмесөз бен төл сөздің тұрқын ажыратып жаттауына тура келеді. [У] дыбысы төл сөзде дауыссыз, кірме сөзде дауысты болғанымен, жазарман олардың дыбыстық мәнін ажыратып жатпайды. Сондықтан WAQ, TAW сияқты BARW (бару), KELW (келу), TWRA (тура) төл сөздерін де, BOWLIŊ, SOWS сияқты кірме сөздерді де WNIVERSITET (университет), TWR (тур), WRAN (уран) түрінде қате таңбалап шатасуы әбден мүмкін;

екіншіден, бүгінге дейінгі базалық норманы жоққа шығарып, күрделі емле ережелерінің көп санын дайындауға тура келеді;

үшіншіден, шеттілдік сөздердегі орыстың дауысты У дыбысына да (TUR, URAN), төл сөздегі дауысты Ұ дыбысына да (URPAQ, JULIN) бір U таңбасы алынған. Осындағы TUR сөзін ТҰР деп те, ТУР деп те, URAN сөзін УРАН деп те, ҰРАН деп оқуға болады. Екіұшты оқылатын сөздер көбейеді. Төл сөздердегі Ұ орыстың не ағылшынның У дыбысы ұқсап айтылып, жойылу қаупі жоғары.

төртіншіден, төл сөздердегі бұрыннан бір таңбамен жазылып келе жатқан кирилшедегі У-ды осы W арқылы таратып жазу, яғни ҰУ, ҮУ түрінде таңбалауға апарғалы тұр. Мысалы, тууы туралы куәлік дегенді tuwuwı tuwralı küwälik, жууы дегенді juwuwı, суару дегенді suwaruw, қуылу дегенді quwıluw түрінде таратып таңбалау жалғамалы қазақ сөзінің жазудағы тұрқын одан бетер ұзартады, қатеге жол ашады, оқу-жазу үдерісін қиындатады.

  • Шеттілдік сөздердегі орыстың дауысты И (kino, internet) дыбысына да, төл сөздегі жиілігі жоғары, қысаң езулік дауысты І (işik, ini) дыбысына да бір /і/ таңбасы алынған (мақалада әріп жиілігі туралы барлық мәлімет мына еңбекке сүйеніп берілді: tbi.kz // «Қазақ графемаларының жиілік сөздігі», Алматы, 2018). Бұл болашақта ағылшын тілінің ықпалына түскен ұрпақтың işik сөзін ИШИК деп, ini сөзін ИНИ деп оқуына «жол ашуы» әбден мүмкін. Қазірдің өзінде екіұшты оқылатын сөздер көбейеді: TiRE сөзін ТІРЕ деп те, ТИРЕ деп те оқуға болады. Мұндай әліпби жазба коммуникацияны қиындатады.

 Сонымен, «жетілдірілген жобаға» оралайық. Жетілдірілген нұсқаның теориялық, сонымен бірге практикалық та негізі бар. Оның теориялық негізіне Орфографиялық жұмыс тобы құрамындағы жазу теориясы мен практикасы, грамматология, сөз мәдениеті, фонология, ортологиялық лексикография сияқты әліпби жасау, емле әзірлеуге тікелей қатысты тіл ғылымы салаларында зерттеу жүргізген Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалаларындағы еліміздің ірі ғылыми орталықтары тілтанушыларының еңбектері алынды. Ал практикалық негізіне қазіргі тіл иелмені санасындағы жазу үлгілерін, әліпбиге қатысты концептілерін анықтайтын сынама, сауалнама, талқылау, контент-талдау жұмыстары алынды, бұл жұмыстарды «Тіл-қазына» ұлттық орталығының мамандары жүзеге асырды. Орталық алынған нәтижені Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының қолданысына ұсынып отырды, сөйтіп осы жоба әзірленді.

 

Жетілдірілген әліпби жобасы

Латын Кирил Әріптің аты   Латын Кирил Әріптің аты
1 A a А а а 17 Ŋ ŋ Ң ң ңы
2 Ä ä Ә ә ә 18 O o О о о
3 B b Б б бы 19 Ö ö Ө ө ө
4 D d Д д ды 20 P p П п пы
5 E e Е е е 21 Q q Қ қ қы
6 F f Ф ф фы 22 R r Р р ыр
7 G g Г г гі 23 S s С с сы
8 Ğ ğ Ғ ғ ғы 24 Ş ş Ш ш шы
9 H h Х х (Һ һ) хы 25 T t Т т ты
10 İ i Й й (И и) ій 26 U u У у ұу
11 I ı І і і 27 Ū ū Ұ ұ ұ
12 J j Ж ж жы 28 Ü ü Ү ү ү
13 K k К к кі 29 V v В в вы
14 L l Л л ыл 30 Y y Ы ы ы
15 Mm Мм мы 31 Z z З з зы
16 N n Н н ны        

 

Жалпы сипаттамасы

Әліпби құрамы: Әліпбиде 31 әріп бар, оның 3-уі умлаут, 1-уі бревис, 1-уі макрон, 1-уі седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Әрбір диакритикалық белгі тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай дауысты мен дауыссыз дыбыс таңбасына бөлек, өзара ажырап қолданылған, яғни әр диакритиканың өз қызметі бар. Мәселен,

  • Ә, Ө, Ү жіңішке дауысты дыбыс таңбасына – умлаут,
  • жуан дауысты Ұ дыбысына – макрон,
  • ұяң Ғ дауыссызына – бревис,
  • ызың Ш дауыссызына – седиль алынды.

Бұл оқылым үдерісін жеңілдетеді, тіліміздің дыбыс қорының әліпбиде айқын көрінуін қамтамасыз етеді, сондықтан ғалымдар шартты түрде бұл әліпбиді тіліміздің дыбыстық жүйесін айқын көрсететін нұсқа деп атап отыр.

Жобадағы диакритикалық таңбалар латын әліпбиімен жазатын көптеген тілде қолданылады. Мысалы, умлаут неміс, швед, исланд, фин, венгр, түрік, әзербайжан әліпбилерінде жіңішке дауысты дыбыстың таңбасын білдіреді. Бревис молдова, түрік әліпбиі мен эсперантода дауыссыздың таңбасына, седиль француз, түрік, латыш әліпбилерінде ызың дауыссыздарға, макрон дауыстыларға немесе дауысты қатарына өткен дауыссыздарға пайдаланылады. Сондықтан қазіргі жаһаниятта латынды білетін кез келген жазарман тіліне, ұлтына қарамастан, умлаутты әріптің жіңішке дауысты дыбыс екенін, сол сияқты айтып кеткен басқа да диакритиканың дыбыстық мазмұнын бірден ажыратады. Бұл қазақ жазуының әлемдік графикалық кеңістіктегі түсініктілік деңгейін арттырады.

Әліпбидегі әріп тәртібі: Әліпбидегі әріптер орналасуының дәстүрлі нормасы бар. Кирилнегізді әліпбидегі әріп реті мен латыннегізді әліпбидегі әріп реті ұқсас болғанымен, бірдей емес. Әрқайсысының өз реті дәстүрге айналған, сондықтан жаңа әліпбидегі базалық әріптер латын әліпбиінің қалыптасқан ретімен орналастырылды: А, B, D, E, F, G, H, I, J, K, L, M, N, O, P, Q, R, S, T, U, V, Y, Z. Базалық әріпке диаритика қосу немесе базалық әріпті түрлендіру арқылы жасалған әріп сол базалық әріптен соң қойылды:

  • Аа-дан кейін Ä ä,
  • Gg-ден кейін Ğ ğ,
  • İ i-ден кейін I ı,
  • Nn-дан кейін Ŋ ŋ,
  • Оо-дан кейін Ö ö,
  • Ss-дан кейін Ş ş,
  • Uu-дан кейін Ū ū мен Ü ü әріптері орналастырылды.

Әліпбидегі әріп аты: Әрбір ұлттық әліпбидегі әріптердің ұлттық тілде қалыптасқан аты болады. Латынграфикалы қазақ ұлттық әліпбиіндегі әріп аттарын тілтанушы ғалымдар (Нұргелді Уәли. Графика. Орфография. Орфоэпия. Алматы, 2018// http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1580620&lang=kk – 40 бет) былай негіздеп ұсынды:

  • дауыстыларды таңбалайтын әріптің аты дыбыстық ортаға неғұрлым тәуелсіз болып саналатын ашық буындағыдай дыбысталады: А (а-pa), Ä (ä-ke), E (e-ne), I (ı-nı), O (o-tan), Ö (ö-ner), Ū (ū-lan), Ü (ü-mıt), Y (y-dys);
  • дауыссыз дыбысқа өзінен кейін қысаң езулік жуан [ы] дыбысы қосылып айтылады: B [by], D [dy], F [fy], Ğ [ğy], H [hy], J [jy], M [my], N [ny], Ŋ [ŋy], P [py], Q [qy], S [sy], Ş [şy], T [ty], V [vy], Z [zy];
  • жіңішке дауыссызды таңбалап тұрған дауыссыз дыбысқа қысаң езулік жіңішке [і] дыбысы қосылып айтылады: G [gı], K [kı];
  • кейбір үнділердің әрпі бейтарап жағдайдағы дыбысталуына сәйкес алдына селбеспе қысаң дыбыспен аталады: İ [ıi], L [yl], R [yr], U [ūu].

 

Негіздемесі

  1. Жаңа әліпбиде дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын белгілеуші диакритикалық таңба ретінде умлаут алынды, себебі умлауттың таңбасында «жіңішкелікті білдіру» деген концепті ғана бар және ол латын әліпбиін білетін кез келген тіл иелменіне бірдей ортақ таныс. Умлаут диакритикасы Ә – Ä, Ө – Ö, Ү - Ü дыбыстарын таңбалауда қолданылды: ädep, öner, ülken. Умлаутпен жіңішке дауысты дыбысты таңбалған тіл көп: неміс, швед, венгр, түрік, әзербайжан, түрікмен, т.б. тілдер.
  2. Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылады: ğaryś, jaŋğyru, ğylym. Бревис – латын графикасы негізінде түркі тілдерінің әліпбиінде жуысыңқы, тіл ортасы ұяң дауыссыз Ғ дыбысы үшін алынған ортақ диакритикалық белгі. Бревис мәтінде көзге бірден танылады.
  3. Ф әрпіне арнайы таңба алынды, себебі Ф дыбысымен келетін сөздер қазақ әдеби тіліне алдымен араб, парсы тілдерінен еніп, кең қолданыс тапқан: Фзулли, саф, Фараб т.б. Ал орыс тілі арқылы енген 14 600-ден астам шеттілдік сөздің шамамен 2000-ның құрамында Ф әрпі бар (футбол, федерация, фольклор, фосфор, фотон). Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына салса, П немесе Б дыбысы арқылы игеруге болады. Алайда Pzulli немесе Bzulli, sap, Parab немесе Barab; putbol немесе butbol, pölklor немесе bölklor, pospor немесе bosbor, poton немесе boton деп өзгерту бұл сөздердің танылуын қиындатады. Сол себепті әліпбиге Ff таңбасы алынды: Fzulli, saf, Farab; futbol, federasia, fölklor, fosfor, foton.
  4. Кирилдегі Й мен И әріптеріне ортақ бір таңба алынды, себебі бұл әріптің сөздегі позициясы қай кезде дауысты-дауыссыз тіркесі, қай кезде жалаң дауыссыз дыбыстың таңбасы екенінен белгі береді. Мысалы, ай, тай, лай, лайк, фейк деген сөздерде дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрғандықтан, бұл әріп дауыссыздың таңбасы екені анық, ал керісінше, И-дің таңбасы сөздің басында немесе дауыссыз дыбыс әрпінен кейін тұрса, бұл Ы+Й және І+Й түріндегі дауысты мен дауыссыз дыбыстың тіркесін таңбалайтын әріп екені анық, мысалы, ине <ій-не>, киім <кі-йім>, қиын <қы-йын>, жиын <жы-йын>, институт <ійн-стій-түут>, кино <кій-но>. Сонымен бірге екеуінің таңбасы бірдей болғаннан бұл әріппен жазылған сөздердің айтылу нормасына ешқандай нұқсан келмейді. Сондықтан бұларға бір таңба беру жазуды ықшам әрі түсінікті, оқуды оңтайлы қылады, оқырманның аз уақытта көп ақпарат алуына мүмкіндік береді, қазақ жазуының тиімділігін арттырады.

/İ/ әрпі әліпбидегі күрделі мазмұнды екі әріптің бірі. Ол сөз басында (тек ашық дауыстының алдындағы жағдайды ескермегенде) және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында жуан сөзде [ый], жіңішке сөзде [ій] дыбыс тіркесін таңбалайды: іyq – [ыйық], iridi – [ійрійдій], iıntırek -  [ійінтірек], oqidy – [оқыйды], kino – [кійнө], bekidı – [бекійді] ал сөз басында ашық дауыстының алдында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз Й-дің өзін таңбалайды: iağni – [йағній], qaida – [қайда]. Сөйтіп, шет сөздер мен төл сөздер орфограммалары бір ережеге негізделеді, бұрынғыдай «шет сөзде И дауысты, төл сөзде дауыссыз дыбыс» деп бөліп түсіндіретін ереже жойылады, барлық сөздер біртұтас ұлттық емлемен жазылады, біртұтас орфоэпиялық ережеге сәйкес дыбысталады.

  1. І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұсынылды: İnstitut –Irımşık; jinalys, itjidek, miras; sinus, instagram, universiada; ızgılık, bılım, ırgelı. Cебебі кирилдегі И-ді латындағы İ таңбасымен беру термин сөздерді халықаралық тұрпатына жақындатады, бұл көзшалымға қолайлы, мысалы, piramida, respublika. Сонымен бірге İ таңбасының бас әрпі «ноқатпен» берілгенде, сөздердің графикалық тұрқының танылу деңгейі артады: іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, inovasia, titul/İNE, JİYN, KÖGORAİ, AİDAR; İNSTİTUT, İNOVASİA, TİTUL.

Статистикалық жақтан [і] дыбысы (ілгіш, іркіт) –  абсолюттік кездесу жиілігі 5 орындағы жіңішке сөздердің барлық грамматикалық түрленімінде кездесетін қазақ тіліндегі белсенді дауысты дыбыс: үй-ІмІз-дегІ-нІң, ІнІ-мІз-дІң, әң-гІ-ме-мІз-дІң, Іл-гІш-І-нІң т.б., оның үстіне бұл сөздердегі жіңішке дауыстылар екі ноқатты умлаутпен таңбаланады да әріпүсті диакритика көбейеді, сондықтан і-нің әрпінің үстіне ноқат қойылмаса, яғни оны ɪ/ әрпімен жазса, жолүсті белгілер азаяды, бұл оқу-жазуды жеңілдетеді: üiımızdegınıŋ, ınımızdıŋ, äŋgımemızdıŋ, ılgışınıŋ.

  1. У дыбысын U таңбасымен беру ұсынылды. У әрпін Ý таңбасымен жазу қиындық тудырды. У-дың жиілігі жоғары, сондықтан қолжазуда жазу жолының төменгі жағына созылып түсетін кіші әрпінің «созылған» тұрқы мәтінді көзшалымға ыңғайсыз жасады. У дыбысын шеттілдік сөздерде Ý таңбасымен жазу, олардың мәтін ішінде бірден танылуын қиындатты: ýran, ýnıversıtet, vakým. Осы әріппен келген төл сөздің де графикалық кескіні көзшалымға ауыр: ýaqyt, saýda, jýý, týý; Ал У-ды U әрпімен таңбалау universitet, konstitusia, turızm сияқты термин сөздердің тұрпатын халықаралық қолданыстағы нұсқасына сәйкестендіреді. Төл сөздерге тез танылатын графикалық кескін береді: qauyn, su, uaqyt, baru, kelu, keruen. У әрпінің Ұ әрпіне қарағанда жиілігі жоғары. Сондықтан У-ды диакритикасыз U-мен таңбалаған диакритиканың көптігін тудырмайды. Сөздер мәтін ішінде тез танылады, көзшалымға қолайлы.

/U/ әрпі  /İ/ әрпі сияқты әліпбидегі күрделі мазмұнды әріптің бірі ол сөз басында (тек ашық дауыстының алдындағы жағдайды ескермегенде) және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында жуан сөзде [ұу], жіңішке сөзде [үу] дыбыс тіркесін таңбалайды: uyq – [ұуұқ], uran – [ұуран], uıl -  [үуіл], qaru – [қарұу], prokuratura – [прокұуратұура], külu – [күлүу], universitet – [үунүйверсійтет], ал ашық дауыстының алдында сөз басында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз У-дың өзін таңбалайды: uaqyt – [уақыт], sauda – [сауда]. Сөйтіп, шетсөз бен төл сөз орфограммасы бір ережеге негізделеді, бұрынғыдай «шетсөзде У дауысты, төл сөзде дауыссыз» деп, бөліп түсіндіретін ереже жойылады, барлық сөздер біртұтас ұлттық емлемен жазылады, біртұтас орфоэпиялық ережеге сәйкес дыбысталады.

  1. Ұ дыбысының таңбасына Ū макрон диакритикасы алынды: Ūsynys, jūrnaq, maǵlūmat. Себебі дыбысталуы өзара ұқсас әріптерді әліпбиде бір базалық әріп негізінде жасап, қатар орналастыру көзделді. Сонда /U/, /Ū/, /Ü/ таңбаларын тану, қабылдау барысы әліпбидің көзшалымға  қолайлылығын, қолдағдыға икемділігін арттырады. Сондай-ақ Ұ әрпінің У әрпіне қарағанда жиілігі төмен, сондықтан оның диакритикасы /Ū/ көзшалымға қиындық тудырмайды. Мұның педагогикалық негіздемесі бойынша «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық латында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциация арқылы үйрету /Ū/ графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді.
  2. Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді. Көптеген грамматикалық категория формасы тұлғаларында бар, жиілігі жоғары Ң дыбысына диакри тикалық Ń таңбасының алынуы әріпүсті қосалқы таңбалардың көбеюіне, соның салдарынан мәтіннің көзшалымға ыңғайсыздығына әкеп соғады; Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді, Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң әрпінің кескініне ұқсастығы тез дағдыландырады: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke.
  3. Ш дыбысы седиль таңбасымен (Ş) берілді: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş. Себебі Ш дыбысының мәтін ішіндегі жиілігі жоғары, оны SH екі таңбамен беру мәтінді жасанды ұзартады. Сондықтан оны бір әріппен таңбалау қазақ тіліндегі «бір дыбыс – бір таңба» принципін сақтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне SH диграфы оқуда қолайсыз. Себебі бір сөзде Ш, бір сөзде СХ болып оқылады, сол себепті Qoshan (Қошан/Қосхан), alǵyshat (алғышат/алғысхат), Shyńǵyshan (Шыңғысхан/Схынғышан), dárishana (дәрісхана/дәрішана), kúlmeshan (күлмешан/күлмесхан), shema (шема/схема), Eshıl (Есхил/Ешил) сияқты екіұшты оқылатын, контекспен ғана ажырататын сөздер көбейеді. Ал Ş таңбасы жайылыңқы жуысыңқы қатаң дауыссызының таңбасы ретінде бірнеше әліпбилерде қолданылған, сондықтан мәтінде тез танылады.
  4. СҺ (Ч) таңбасын әліпбиден алып тастау ұсынылды. Себебі Ч дыбысы қазақ тілінің төл дыбыс жүйесіне жат, өз сөздерінде кездеспейді, Ч дыбысымен келетін шеттілдік сөз саны өте аз және олардың қолданыс жиілігі де төмен. Оның үстіне Сh диграф құрамындағы бір компонент - С әрпі әліпбиде жоқ болғандықтан, осы күрделі әріпті жазу-сызуда үйреткенде қиындық тудырады. Ч – аффрикат дыбыс, ол Т+Ш дыбыстары элементтерінің жымдасуынан жасалған, сондықтан оны өз құрамында бар [Ш] дыбысының таңбасымен, яғни Ş әрпімен беру сөздердің графикалық кескінін де, дыбысталуын да айтарлықтай өзгертпейді, сөйтіп, оларды оқырман мен жазарман жеңіл ажыратады. Сонымен қатар кирилдегі Ч-ның орнына Ş жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына да ұқсайды, әрі қазақшаланады. Жазуда бірден танылады, айтылуда тыңдарман үшін түсінікті: blokşein, kouşiŋ, şempion т.б.
  5. Әліпбиде Ц әрпі жоқ, себебі Ц дыбысы қазақ тіліне тән емес. Ц – аффрикат дыбыс, ол Т+С дыбыстары элементтерінің жымдасуынан жасалған, сондықтан оны өз құрамында бар [С] дыбысының таңбасымен, яғни S әрпімен беру сөздердің графикалық кескінін де, дыбысталуын да айтарлықтай өзгертпейді, сөйтіп, оларды оқырман мен жазарман жеңіл ажыратады. Сонымен қатар кирилдегі Ц-ның орнына S жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына да ұқсайды, әрі қазақшаланады. Жазуда бірден танылады, айтылуда тыңдарман үшін түсінікті: polisia, sirk, sirkül, astekter т.б.
  6. Бекітілген әліпбидегі Ы дыбысын латынның Ү әрпімен беру жетілдірілген нұсқада сақталды, себебі жуан, қысаң езулік дауысты Ы дыбысын осылай таңбалау халықаралық транскрипциялық жүйеден әбден белгілі: Almaty, Kyzylordа, Fazyl, т.б. сияқты қазақтың жер-су аты, кісі есімі осылай транскрипцияланады. Сондықтан латындағы Ү таңбасының дыбыстық мазмұны Ы дыбысы деген түсінік жаппай орныққан. Ал кейбір ұсыныстарға сүйеніп, Ы-ны I ı таңбасымен беретін болсақ, онда осы таңба белгілеп тұрған жіңішке [і] дыбысына ноқатты İі таңбасын алуға тура келеді, олай болса, И/Й-ді Үү таңбасымен жазу керек болады. Бұл сөздердің жазба мәтіндегі танылуын қиындатады, көзшалымға қолайсыз: ynstytut (институт), yne (ине), mynystr (министр), ayu (аю), yt (ит), oqyğa (оқиға), taryhy (тарихи), ğılımy (ғылыми). Сондықтан Ы дыбысын /Yy/ таңбасымен, соған сәйкес И/Й-ді /İі/ таңбасымен беру сөздердің графикалық кескінін жеңіл танытады: ydys, yrys, basşy, qajy; іnelık, іgeru, mädeni, universitet, respublika
  7. В әрпіне латын графикасында арнайы таңба алынды, себебі В дыбысы бар орыс және орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздер қазіргі ғылым мен техника, білім саласының барлығында дерлік кездесетін жиілігі жоғары термин сөздердің қорын құрап тұр: инверсия, вагон, эволюция, вокзал, вирус, вакуум т.б. 14 600-ден астам шеттілдік сөздің 1575-інің құрамында В әрпі бар. Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына салса, Б немесе У дыбысы арқылы игеруге болады. İnbersia немесе inuersia, bagon немесе uagon, ebolüsia немесе euolusia, birus немесе uirus деп өзгерту бұлардың мәтін ішіндегі көзшалымға танылуын қиындатады. Сондықтан латынграфикалы әліпбиде В дыбысына арнайы V таңбасы алынды: inversia, vagon, evolüsia, vokzal, virus, vakum.
  8. Әліпбиде Ю, Я әрпі мен Ь, Ъ белгісіне таңба алынған жоқ, себебі алғашқы екеуі көпқызметті орыс әріптері. Олар қазақ сөзінде Я – ЙА, Ю – ЙУ дыбыс тіркесін білдірді, ал орыс сөздерінде осымен қатар жіңішке дауыссыздан кейінгі дауыстыны: Я – А-ны (Таня – [Тан’а]), Ю – У-ды (любовь – [л’убоф’]) таңбалауға жұмсалды. Ал бұл (ЙА, ЙУ, А, У) дыбыстардың барлығына да жаңа әліпбиде жеке таңба бар, сондықтан Я мен Ю-ді ерекшелеп, тағы арнайы таңба алудың қажеті жоқ.

Ь мен Ъ – әріп емес, олар орыс емлесінде дыбыстық құбылыстарды, атап айтқанда, Ь – жіңішке дауыссызды, ал Ъ йотталған (алдында қысқа Й дыбысы бар) дауыстыны таңбалауға қолданылған белгілер. Қазақ тілінде дауыссыз жіңішке болмайды, ал Й-дің арнайы таңбасы бар, сондықтан бұларға әріп алудың қажеті жоқ.

  1. Ww, Xх, С әріптері ұлттық әліпби құрамына алынбайды, бірақ пернетақтаға алынады. Бұл мәселенің ғылыми негізі кез келген дыбыстық-әріптік жазуда әліпби, графика және орфографияның болатынымен байланысты (Құралай Күдеринова. Әліпби деген не? Графика деген не? Орфография деген не? //https://kaz.tengrinews.kz/article/alpbi-degen-ne-grafika-degen-ne-orfografiya-1033/). Егер әліпби белгілі бір ретпен орналасқан әріптер жүйесі болса, графика осы әріптердің дыбыстық мазмұнын немесе өзара тіркескен бірнеше әріптің транслитерациялық мазмұнын көрсетеді, ал орфография сөздердің жазу нормасына сәйкес таңбалануын реттейді. Сонда аталған таңбалардың қазақ жазуындағы қолданысын әліпби мен графика емес, орфография реттеп, регламенттейді. Сондықтан ағылшынның W, X, C әріптері ұлттық әліпбиде болмағанымен, қазақ мәтінінде таңбаланады. Сол үшін латыннегізді қазақ пернетақтасында (клавиатурасында) ағылшын тіліндегі W, X, C әріптерінің түймешесі болады, олар цитаталық принциппен жазылатын Windows, Maxima, Coca-cola сияқты бренд, марка атаулары үшін қолданылады.

 Анар Мұратқызы Фазылжан,

Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының кандидаты

7099 рет

көрсетілді

449

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы