• Қоғам
  • 23 Сәуір, 2020

БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ

Халықтар бірлігінің дәнекері Жер жаннаты Жетісу жеріндегі көп ұлтты өңірдің бірі – Қаратал ауданы. Бүгінде 43 ұлт пен ұлыс өкілдері, олардың ішінде: қазақтар, орыстар, кәрістер, күрдтер, шешендер, ұйғырлар, немістер және өзге ұлттар киелі мекенде бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, халықтар достығының дәнекері болуда.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1989 жылы ауданымызда әртүрлі ұлттың өкілдері бас қосып, өңірде «Достық» атты қоғамдық ұйым құру туралы шешім қабылдаған екен. Ол ұйымға орыс, кәріс, күрд, шешен, неміс ұлтының өкілдері кірген. Кейіннен «Достық» ұйымы жеке-жеке ұлттық-мәдени орталықтарға бөлініп, өз жұмыстарын бастап, әрбір ұлт пен ұлыстың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға кең жол ашқан. Татулық пен ауызбірлікті ерекше бағалайтын киелі мекендегі әртүрлі ұлт өкілдері бірлік пен өзара ынтымақты басты назарда ұстап, ауданның жан-жақты дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтауда этникааралық келісімнің алар орны ерекше. Бұл ретте ауданымыздағы 6 этномәдени бірлестіктің, атап айтсақ славян этномәдени бірлестігі, Қазақстан корейлер ассоциациясы, ұйғыр этномәдени, «Барбанг» күрді ассоциациясы, немістер «Видергебурд» қоғамы, «Вайнах» шешен этномәдени бірлестік өкілдерінің атқарып жатқан істері айтарлықтай. Этномәдени бірлестіктер ауданның қоғамдық-мәдени өміріне де белсене араласып, жергілікті басқару органдарымен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, диаспора өкілдері өздерінің ұлттық мейрамдарын еркін әрі белсенді түрде өкізіп тұрады. Мысалы, корейлер ассоциациясы жыл сайын жаздық «Овель тано» мерекесін, шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылды ерекше қарсы алады. Славян бірлестігі «Рождество», «Масленница» мейрамдарын тойласа, шешен ұлты мәдениет күндерін кең көлемде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Мұның бәрі өзге ұлт өкілдерінің Тәуелсіз Қазақстан туының астында емін-еркін тыныстап, қанат жая ғұмыр кешуін айғақтайды. Қаратал ауданын өзінің туған жеріндей көретін өзге ұлт өкілдері шағын және орта бизнесті дамытып, аудан экономикасын көтеруге де септігін тигізуде. Қуанарлығы – уақыт өткен сайын өзге ұлт өкілдерінің ынта-ықылас білдіріп, мемлекеттік тіл үйрену курсына жазылып, оны толық меңгеруге деген құлшыныстарының артуы. Бұл – қазақтың қасиетті жерінің суын ішіп, топырағын таптаған этнос өкілдерінің қазақ халқына деген құрметі болса керек. Қалай десек те, қараталдықтардың татулығы мен тұрақтылығы әрдайым өзгелерге үлгі, өнеге болары анық. «Елдестірмек – елшіден» демекші, елімізде татулық пен тұрақтылықтың мызғымастай орын алуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы да сарабдал саясатының нәтижесі.

Альфита СЕКСЕНБАЕВ

739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы