• Мәдениет
  • 14 Мамыр, 2020

Толғауы тоқсан аспаптар

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент

Уд

Уд аспабына әл-Фараби өзінің музыка ­туралы трактатында айрықша тоқталады. Оның сипаттауы бойынша, бұл аспап ең мәшһүр болған. Оның дыбыстары ішектің саусақ басқан бөлігінен шығады. Ішектерден дыбыс шығаруға арнайы орналасқан пернелері көмектеседі. Пернелер ішектерді белгілі бөліктерге бөледі. Құлаққағыс: поляктардың lutnia; испандардың laud; француздардың luth; немістердің laute; итальяндардың lauto; ағылшындардың lute; орыстардың лютня деген аталымдарының бәрінің де тамыры уд аспабының арабша «аль-уд» деген атауынан келіп шыққан. Ол пернелер аспаптың төменгі жағындағы «миштке» параллель орналасады. «Мишт» деп бірі-бірінен белгілі бір арақашықтықта тартылған ішектердің төменгі ұштары байланатын затты айтады. Ішекті осы миштке байлағаннан кейін екінші ұшын мойынның жоғары жағындағы құлақтарға топтайды. Сөйтіп, ішектер аспаптың төменгі жағынан байланып, жоғары жағында тамамдалады. Мойынбетке ораналасқан пернелердің саны төртеу. Олар, яғни әр перне, ғалымның айтуы бойынша былайша аталады: «пернелердің біріншісі – сұқ саусақ пернесі; екіншісі – ортаңғы саусақ пернесі; үшіншісі – төртінші саусақ пернесі; төртіншісі – бесінші саусақ пернесі». Осы айтылғанды қазақы ұғыммен түсіндірсек, онда пернелердің аттары: бірінші перне – баланүйрек; екінші перне – ортантерек; үшінші перне – шүлдіршүмек; төртінші перне – шынашақ немесе кішкентайбөбек деп аталады. Ал енді осы пернелерден шығатын дыбыстардың да өз аттары бар екен: кез келген ішектің өзінен ғана шығатын алғашқы дыбысы «бос ішек дыбысы», яғни «мутлақ әл-уатар» аталған. Екінші дыбыс «нағамату әс-саббаба», яғни сөзбе-сөз аударғанда «сұқ саусақ дыбысы» деп аталады. Бұл дыбысқа арналған перне мишт пен құлақтың арасындағы қашықтықтың 1/9 шамасында орналасады. Үшінші дыбыс – «нағамату әл-усто», яғни «ортаңғы саусақ дыбысы»; келесі дыбыс – «нағамату әл-бинсар», яғни «төртінші саусақ дыбысы», мұның пернесі мишт пен сұқ саусақ басатын баланүйрек пернесі арасындағы қашықтықтың 1/9 ­шамасында орналасқан. Одан кейінгі дыбыс – «нағамату әл-хинсар», яғни «бесінші саусақ дыбысы» шынашақ дыбысы. Осы пернелердің арақашықтығын есептей келе ғалым әрбір ішектің бос дыбысы мен шынашақ дыбысының қосындысы кварта интервалымен тең болатындығын және басқа пернелердің арасындағы интервалдарды да анықтайды. Сөйтіп әр перненің орналасу ретін мына сызбамен дәлелдейді:

[caption id="attachment_57154" align="aligncenter" width="800"]Төрт ішекті уд аспабындағы белгілі пернелердің орналасуы Төрт ішекті уд аспабындағы белгілі пернелердің орналасуы[/caption] Бұдан әрі әл-Фараби төрт ішекті уд аспабында қолданылатын дыбыстық қатарларды анықтап, олардың әрқайсысын жеке-жеке әріппен белгілейді де олардың грек тіліндегі атауларын ұсынады: «Т» дыбысы – «меse» «А» дыбысы –«Proslambanomenos» «З» дыбысы – «Hypate Hypaton» «К» дыбысы – «Parhypate Hypaton» «С» дыбысы – «Lichanus Hypaton» «Х» дыбысы – «Hypate Meson» «Л» дыбысы – «Parhypate Meson» «F» дыбысы – «Lichanus Meson». Ғалым әр саусақ пернесінің атауларын, олардың қай жерде орналасқанын, оны басқанда қандай шығатынын, ол дыбыстардың ауқымын, өзге перне дыстарымен арақатынасын, дыбыстардың шамаларын, уд аспабынан шығатын интервалдар мен олардың қатынасын; [caption id="attachment_57155" align="aligncenter" width="800"]Төрт ішекті уд аспабынан шығатын  интервалдар Төрт ішекті уд аспабынан шығатын интервалдар[/caption]

уд пернелеріндегі дыбыстармен ­потенцияларды ажыратып береді. Одан кейін осы аспаптағы дыбыстардың пернелермен үйлесімділігіне мән бере сараптама жасайды. Уд аспабынан шығатын жиырма тоғыз дыбыстың әрбірінің үйлесімділігін жеке-жеке түсіндіреді. Төрт ішекті уд аспабында толық дыбыстық қатар кемелдігіне жету жолдарын қарастырады. Әл-Фараби айтады: «... Бұл аспаптағы дыбыстық қатардың кемелдігін мына жолмен жасауға болады: ... біріншісі ... шынашақ пернесінен екі толық үн интервалы қашықтығындай төмендікте екі пернені тартып, осы екеуінің дыбысын жалғыз төртінші ішекте қолдану... (5-сурет. ­Фарабиде ­218-сурет). Екінші жолы – уд аспабының ішектерін әдеттегіден бөлек реттікпен ­орналастыру. Мұнан соң белгілі реттілікпен орналасқан дыбыстар өздерінің шығып жүрген орындарынан басқа мекендерге алмастырылады. Бұл жағдайда пернелерден бұрын естіліп келген көптеген дыбыстар жоғалуы мүмкін... Уд аспабында дыбыстық қатардың кемелдігін жасаудың үшінші жолы – аспапқа бесінші ішекті қосу....» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. Ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 321-бет.)

[caption id="attachment_57156" align="aligncenter" width="800"]Төрт ішекті уд аспабындағы толық дыбыстық қатар Төрт ішекті уд аспабындағы толық дыбыстық қатар[/caption]

Ғалым уд аспабының дыбыстық қатарының кемелдігіне жетудің үшінші ­жолын, яғни бесінші ішек тағу ісін өзі қолға алып, өзі тәжірибе жасайды. Сол тәжірибесі арқылы қандай нәтижеге жеткенін баяндайды. Бесінші ішекті таққаннан кейін пернелерді орналастырады. Құлақ күйін келтіру үшін осы бесінші ішектің ашық күйіндегі дыбысын төртінші ішектің шынашақ пернесін басқандағы дыбысымен теңестіреді. Және осы күйге келтірілген ішекті «хадд» деп атайды. Төрт ішекті удтан шығатын дыбыс саны жиырма тоғыз болатын. Тек нақты пернелерден шығатын дыбыстарды ғана емес, мысалы, баланүйрек (сұқсаусақ) қасындағы (муджаннибат әс-саббаба) және ортаңғы саусақ қасындағы (муджанниб әл-усто), сонымен бірге осы екеуінің ортасындағы қосалқы дыбыстарды қолданатын ­болса, онда дыбыстардың саны елу бірге жететінін анықтайды. Сөйтіп, осы бес ішекті уд аспабының құлақ күйін келтіргеннен кейінгі негізгі және қосалқы пернелерді қолдану арқылы алынған дыбыстардың және потенциялардың санын схема-сызба арқылы көрсетеді.

[caption id="attachment_57157" align="aligncenter" width="800"]Бес ішекті уд аспабында дыбыстар мен ­потенциялар саны Бес ішекті уд аспабында дыбыстар мен ­потенциялар саны[/caption]

Демек, Әбу Насыр әл-Фараби уд аспабының бесінші ішек тағу арқылы дыбыстық мүмкіндігін жетілдірген. Бұл аспаптану ғылымы үшін тың жаңалық еді. Бес ішекті удты таныстырғаннан кейін ол төрт ішекті удтың құлақ күйін келтіру амалдарын түсіндіреді. Әл-Фараби ішекті күйге келтіру немесе саздау амалдарын «қарапайым саздау» және «күрделі саздау» деп екіге бөледі де әр ішектен әр пернеде басқанда шығатын үндерді октаваларға, кварта, квинта интервалдарына келтіру әдістерін сызба үлгілермен көрсете отырып баяндайды. Ғалым уд аспабының дыбыстық мүмкіндіктерін, ішектері, пернелері және оларды күйге келтіру жолдары туралы айтқанымен, ол аспаптың қайдан шығып, қалай тарағаны жөнінде сөз етпейді. Бұл аспап зерттеушілердің айтуы ­бойынша, Еуропаның «лютня» деген аспабының ­«атасы» екен. Нақтырақ айтсақ, лютня аспабы осы уд аспабынан тараған. Ортағасырларда уд – біршама кемелденген аспап. Әл-Фараби бұрыннан бар төрт ішектің қасына бесінші ішекті қосып, одан сайын жетілдірді, ­дамытты. Ал удқа төрт ішек бірден тағылмаған, әрине. Тіпті сол төрт ішектің өздері қос-қостан. Қос-қостан жұп ішек тағу музыкалық ­дыбысты арттыру тәжірибелерінің толысқан кезінде жүзеге асқан. Қарап отырсақ, уд аспабының алты ішекті нұсқасы ғана емес, XIX ғасырда ­Мысырда, Сирияда, Палестинада жеті ішекті түрі де кең тарапты. Бұл аспаптың түрлері Мағриб елдерінде – Тунисте, ­Мароккода, ­Алжирде, Ливияда, Мавританияда, ­сондай-ақ Машрық елдерінде, яғни Иракта, Сирияда, Ливанда, Иорданияда, Мысырда да кең қолданылған. Оның таралу ауқымы бұл елдермен шектелмейді. Таяу Шығыс, Солтүстік Шығыс елдерінде де «уди» деген атпен мәшһүр. Түркияда «ут» деп аталатын бұл аспап Иранда, Әзербайжанда, Арменияда, Орталық Азияда да кездеседі. Ал Грецияға «ути» деген атпен тараған. Кейін Грузияға да жайылған. Осыншама кең тараған уд аспабының бұған дейінгі ­тарихына шолу жасаған зерттеушілер ежелгі парсы елінде болған екі, үш, төрт ішекті «барбат» деген аспаптан келіп шыққан деген ­болжамды алға тартады (Музыкальные ­инструменты. Энциклопедия.-М.: «Дека –ВС», 2008. стр. 611). Болжамға болжам қоссақ, осы барбаттың арғы тегі жалғыз ішекті аспап болуы да мүмкін. Жалғыз ішекті шертпелі аспаптың көне түрін Болат Сарыбаев ғылыми айналымға «шертер» деген атпен ұсынған болатын.

Шертер

Шертердің сыртқы тұрпаты әл-Фараби сипаттаған уд аспабына жақын. Мұның да мойны қысқа. Бұл да ішекті аспап. Ішектерінің қыл, шанағының ашық, мойнының қысқа болуы қобызға көбірек жақындатса, ойнау әдісі мен мойнының түзу болуы домбыраға жуықтатады. Бұған қарап, шертер — домбыраның да, қобыздың да арғы тегі емес пе екен деген ой туады. Аспаптанушылар археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған терракоталарда бейнеленген музыканттардың қолына ұстаған аспаптарына қарап, олардың сипаттамасын жасап қана қойған жоқ, қай заманға, қай дәуірге және қай халыққа тиесілі екенін де болжады. Ондай жәдігерлердің бірсыпырасында бейнеленген музыкант қолына үш ішекті, қысқа ­мойынды, шанағы жұмыртқа тұрпатты аспап ұстаған. Ол аспапты кей ғалым әу бастағы аты белгісіз болғандықтан, сол тұрпаттас аспаптың кең тараған атымен атайды. ­Мысалы, Т.С.Вызго үш ішекті, қысқа мойынды, шанағы дөңгеленген ол аспапты «лютня» деп атайды. Орталық Азия елдері оны «уд» аспабына жатқызады. Қытайлар ол аспапты «пипа» дейді. «Пипа» деп аталатын қысқа мойын аспап Қытайға кең тараған. Бірақ, Қытай жылнамаларының куәландырғанына қарағанда, ол – жат елдің аспабы, Қытайға Солтүстік аймақтардан ауысқан» (Вызго Т.С. Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторические очерки. Издательство ­«Музыка», М., 1980.). Х.Фармер лютняның (бізше шертердің, авт.) Қытай жеріне енуін Ву-ти есімді императордың 568 жылы Үйсін ханшайымына үйленуімен байланыстырады. Әлгі ханшайым өзімен бірге шертерді шебер тартатын сүйікті музыкантын ала келеді. Қытайда Су Чи-по деген есіммен әйгілі болған осы ­музыкант өз елінде кең тараған жеті ­модусты қытай музыкасына да енгізеді (Farmer H.G. Studies in oriental musical Instruments. – Glasgow, 1939,2.). Х.Фармер «пипа» деген атау парсының «барбат» деген аталымының дыбыстық түрленуі деген пікір айтады. Ал Л.Пиккен бұл атаудан басқаша мағына ­табады. Оның айтуынша қытай тілінде «пи» деген сөз – «қолды алға сермеу», ал «па» деген сөз «қолды артқа тарту» деген мағына береді екен. Л.Пиккеннің тағы бір көңілге қонатын пікірі осы аспаптың қайдан шыққандығы жөнінде. Оның айтуынша, бұл аспаптың ­отаны – Орталық Азия.( Pikken L., The Origin of the short Lute.- The Galpin Society Journal, 8,1955.). Шындығында, біздің заманымызға дейінгі алғашқы ғасырларда Шығыс Түркістанда соғдылықтар отарлаған аймақтар пайда болған. Ендеше, соғдылықтар Орталық Азиядан өз музыкалық апаптарын, оның ішінде шертерді ала келуі шындыққа жақын. Оңтүстік Аравияда, айталық Йеменде осы уд тектес аспаптың беті терімен қапталған. Йемендіктер ол аспапты «канбус» деп атайды. Бір кезде біздің шертердің де қақпағы толық теріден болған. Қай тілде қалай аталса да ол аспаптың ерте дәуірлерде тасқа бейнеленген тұрпаты кейінгі ғасырларда да өзгермейді. ­Мойыны қысқа, шанағы сопақша жұмыртқа іспетті, бір, екі немесе үш ішек тағылған. Үш ішекті аспаптың қазақтарда жиі кездескенін дәлелдейтін айғақтарды ғалым Болат ­Сарыбаев ХІХ ғасырда қазақ даласын аралаған саяхатшы-этнографтардың, саудагерлердің жазбаларынан табылатындығын айтқан еді. Мысалы, М.В.Готовицский «... үш ішекті аспаптың сүйемелдеуімен ән шырқайтын әншіні қырғыздар (қазақтар) рахаттана отырып тыңдайды...» дейді (Готовицский М.В. «Этнографиялық шолу» 3-книга. М., 1859, стр.73. 5). Саратовтың Жарков деген саудагері мыстан керілген үш ішекті ­аспапты мыс оймақ киіп шертіп тартатындығын айтқан (Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. Алматы: «Өнер», 1981. 115-бет). Табылған нұсқалардағы және қазіргі қолданыстағы шертерге бет қақпақ салу, ежелден бар болғанымен, перне тағу — кейінгі жылдардың жемісі. Бұған көз жеткізу үшін террекатолардағы және суретші ­Бронислов Залесскийдің бейнелеуіндегі аспапқа зер салсақ жеткілікті (10-сурет. Үш ішекті, қақпақсыз шертер. Б. Залесскийдің «Қазақ даласына саяхат» кітабынан. А., «Жалын», 1991.). Қазақ даласында шертер аспабының кең тарағанын дәлелдейтін аңыз-әңгімелер, ­деректер баршылық. Оларды жинақтап, көне аспаптың қайта тіріліп, өнердегі өмірімізге еркін енуіне зор еңбек сіңірген белгілі аспаптанушы ғалым Болат Сарыбаев еді: ­«Ертеректе қазақ арасына тараған аспаптың бірі – шертер. Қариялардың әңгімелеріне қарағанда, бұл құралдың (аспаптың – С.М.) ерекшелігі мынада: шертердің құрылысы мен пішіні, негізінде, домбыраға ұқсас болған, мойны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай. Қырғыздың комузы секілді шертер де пернесіз. Семей облысында кездесетін домбыралардай үш ішекті, беті қобыздағыдай көн терімен қапталған... мойны имектеу, басында шайтантиегі жоқ, құлақтардың ­жасалуы да қобызға жақынырақ...» (Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. Алматы: «Өнер», 1981. 115-бет). Шертердің қайта қалыпқа келіп, жанданып, бүгінгі күн талабына сай жетілуіне үлкен үлес қосқан аспап жасаушы шеберлер еңбегі де айтып өтуге тұрарлық. Әр шебер өз талғамына, музыкалық өресіне, шеберлігіне қарай көнеден қалған асыл мұраны жетілдіруге бел шеше кірісті. Олар ғалымдардың айтқанын іс жүзіне асыру мақсатында аспапты жасауға ­байланысты деректерді көз көргендерден сұрап, біліп барып қолға қашау алған. Соның нәтижесінде шертердің бұрын белгісіз болып келген бірнеше түрі өмірге келді. Бұлардың әрқайсысы қазіргі оқу, ғылыми-зерттеу және концерттік салаларда қолданылып жүр.

2534 рет

көрсетілді

222

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы