• Білім және ғылым
  • 28 Мамыр, 2020

СЫН ШАҚТАҒЫ СЕРПІЛІС

COVID-19 пандемиясы әлемді дүрліктіріп, бір сәтте баршамызды ұзақ уақытқа үйден шығармай, оқшауландырғаны рас. Елдің экономикалық, әлеуметтік, медициналық біліктілігін сынап, шығынға ұшыратты. Десе де, руханиятымызға залал бере алмағаны көңіл қуантады. ­Карантин ­басталысымен-ақ, баршамызды мәдени құндылықтарымыз ажыратпай, бір ел екенімізді ұғындырды. Балконға шығып ән айтты, әлеуметтік желіде өлең оқып, би билеп челлендж жасады. Мұның аясын мәдени ошақтар жұмысын одан сайын үдетті. Мысалы: театр, кітапхана, мәдениет үйлері және т.б. Онлайн түрде, әрине.

Соның бірі әрі бірегейі ретінде ­Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының онлайн ­шараларын айтуға ­болады. Карантин ­басталды ­дегеннен, оқыр­мандар кітапханаға келе алмағанына қынжылған. Дегенмен, Жамбыл кітапханасының ұжымы Ғазиза Құдайбергенқызының бастамасымен оқырмандарына онлайн жобалардың түр-түрін әзірледі. Аталған шараларды төртке топтастыруға болады: интербелсенді, танымдық, онлайн байқаулар, кітапхана қонағы сынды бағыттар. Әр топтың ерекшелігіне тоқталсақ. Интербелсенді онлайн жобаларға әлеу­меттік желілердегі: «Викториналық сұрақтар», «Ойлан тап», «Что? Где? Когда?», «Дұрыс нұсқасын тап», «Географиялық сауалнама», «Тұл­ғатану» сынды айдарларды айта аламыз. Яғни сторис арқылы оқырмандарымыз күнделікті ағылшын тілінен, қазақ тілі мен әдебиетінен, логикалық сұрақтарға жауап беріп, тест жұмыстарының дұрыс нұсқасын белгілеп отырды. Осылайша, оқырмандармен тұрақты байланыс орнады. Басты назар танымдық бағыттағы шараларға ауды. Оқырмандарға карантин уақытын тиімді пайдалануға арналған жолдар көрсетіліп, түлектердің көкейіндегі сауалдарға жауап берілді. Онлайн оқу және ҰБТ жайлы Аятжан Ахметжанұлы, қазіргі кезде көп сұранысқа ие SMM туралы Нұрлан Жанай, бизнес идея­лар ­жайлы Гүлшарат Жұбаева, әдебиеттің адам өміріндегі орны туралы Арасанбай Естенов, Саят Қамшыгер, Әлібек Байбол, комикс ­жайында Эдуард секілді өз саласының мамандары, үздіктері Жамбыл кітапханасының оқырмандары үшін тікелей эфирде дәріс жүргізді. Сонымен қатар кітапхана ұжымы карантин уақытында бірнеше онлайн байқаулар өткізіп үлгерген. «Абай оқулары» байқауынан бастау алып, «Мен – кітапханашымын», «Балалардан базарлық», «Кітапханадағы қызықтар», «Сүйікті кітабыммен селфи», «Читаем книги о войне» атты авторлық байқауларын жариялап, қатысушыларды марапаттап та үлгерген. Ең бастысы, кітапхана ұжымы еліміздің үздік өнер жұлдыздары мен ақындарын «қонаққа» шақырып, оқырмандардың көңіліне медет болды. Ән әлемінде өзіндік орны бар Роза Әлқожа, белгілі дәстүрлі әнші Ержан Смағұлов, нәзік үнімен жан тебіренткен Гүлнұр Нұрасылованы шақырып, керемет онлайн концерт ұйымдастырғанын көзіміз көрді. Әдебиет әлемінде өз орындарын шегелеп келе жатқан Нұртас Тұрғанбекұлы, Айнұр Төлеу, Еламан Хасенұлы, Асылзат Арыстанбек тікелей эфирде өлең оқып, көрермендердің жүрегіне жол тапты. Жамбыл кітапханасы ұжымы мұнымен тоқтамай, халықаралық жобалардың бірнешеуін өткізіп үлгерді. Логотерапия саласының үздігі Санжар Керімбай сонау Түркия елінен, ки­номатограф Әсия Бақдәулетқызы Ұлы­британия астансы Лондоннан байланысқа шығып, ­арнайы Жамбыл кітапханасының оқырмандары үшін дәріс оқыды. Аталған ұжым үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, өзгелер жасамаған жобаларды ұсынады. Соның жарқын көрінісі – онлайн айтыс. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі студенті Дінислам ­Абитилда мен Қайнар уни­верситетінен Қуандық Көргенов жыр бәйгесіне түсіп, аламанда оза шапты.

Алмас Асқарұлы, кітапхана қызметкері

866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы