• Тіл
  • 18 Маусым, 2020

«МҮМКІН ЕМЕС НӘРСЕ ЖОҚ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының «Төртінші. Қоғамдық келісімді нығайту» бөлімінде: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» делінген.

Президентіміз айтқандай, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңін жүзеге асыруда гуманитарлық саладағы зиялылар ғана емес, технократ интеллектуалдар атқаратын мінезді қарекеттердің салмағы да зор. Оған қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Жолдасбековтың тілімізді қолдаудағы бір ісі дәлел. …1996 жыл. Жаз. «Хабарда» «Жеті күн» авторымын. Сенбі-жексенбі эфир дайындаймын. Қазіргідей арнайы топ жоқ. Мен және режиссер. Әр бағдарламаға өткір тақырып іздеймін. Алдағы аптада Парламент «Тіл туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізбек. Соған өткір сұхбат іздеп, демалыс күні болса да, қызметке келгені бар шығар деп депутаттар кабинетіне телефон шаламын. Бұрынғы ректорымыз, сол кезде депутат Өмірбек Жолдасбеков «әлөу» деген. «Жеті күнге» бір интервью дедім. «Жарты сағатта үлгер» деді. Сұрағымды айттым. Өмірбек аға Заңды талқылаған комиссияда мүше емесін, қандай мәселеде сөйлеу керектігін сұрады. – Телевизияда қазақ тіліндегі хабарлардың тәуліктік жиынтығы 20% ­болып өтейін деп тұр, соны 30% болу керек деп ­айтып берсеңіз. – Ол қалай? Біз тәуелсіз елміз, қазақ тіліндегі хабарлардың тәуліктік жиынтығы кем дегенде 50% болу керек, – деп жауап қатты. – Оны өткізбейді ғой, 30-35% десеңіз де жарамай ма? Жиырмаға қарағанда жақсы ғой, – дедім. – Махат, уәде беремін. Ертең, Заң қабылдағанда телевизиядағы қазақтілді бағдарламалар кем дегенде елу пайыз ­болады, – деді. Сол сөзді жазып алып, «Жеті күн» эфиріне қойдым. Үш күннен соң, Парламент отырысында депутат Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбековтың ұсынысы қабылданды. Бір жылдан кейін «Қазақстан Респуб­ли­касындағы Тiл туралы» Заңында осы бап өзге­ріссіз қалды. Қазір де қаз-қалпында. «Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдары­ның тiлi» деп аталатын 18-бапты орындату ұзаққа созылды. Ұлтшыл азаматтар Өмірбек ағаның аманатын орындауға біраз жыл аянбай қызмет етті. Соттар болды. Талай тартыс­тарды көрдік. ...Сол жексенбіде Алла сәтін салып, Өмірбек аға қызмет кабинетіне келмесе... Мен «Жеті күнге» керім сұхбат іздемесем... Он-он бес жылда, сол 50%-ға біртіндеп ­жетер едік. Рас, бұл заң бабы бірден орындалған жоқ. Қазір де жүзеге асқаны шамалы. 2006-2007 жылдары Ақпарат министрлігі Заңның осы нормасын орындату үшін коммерциялық телеарнамен біраз ­дауласты. Тіптен соттасқан сәттері де есте. Сол іс-әрекеттердің нәтижесінде қазақ тілін коммерциялық телерадиолар түнгі эфирдегі концерттермен толтыруға көшті. Мұны да сол кездегі министрдің керемет ерлігі деп мадақтадық. Өмірбек Арыстанұлы он жыл бұрын бұл талапты Заңмен бекітіп тастағанын ешкім де еске алмаған. Өмір заңы сондай. Айғайлап шығып, атақ қуған көлдеңен көк дөненді мінгенге, сезімтал сәби сеніммен иланып, құшағымызды айқара ашып шалқамыздан түсеміз... Осы тұста, қоғамдық пікірдің алғышарттарын қалыптастыратын тележурналист әріптестеріме құлаққағыс жасасам. Біз бен сіздің тағзым етер тау тұлғамыз Өмірбек Жолдасбеков! Қалай болғанда да 2010 жылға дейін, жекеменшік коммерциялық ­телеарналарда гүлдей жайнап, бұлбұлдай сайрап, елге танымал болған қазақтілді журналистер Жолдасбековке қарыздар. Өмірбек ағаның дуалы сөзі олардың жұлдызды тағдырын жаңғыртты... Сол 1996 жылы Парламентте ұлтжанды аға-апаларымыз депутат болды. Электронды БАҚ-тағы қазақ тілін 20%-ға жеткізу, ақиқатында ерлік саналды. Себебі сол кездегі коммерциялық арналардың қазақшасы 2-3% мөлшерінде ғана, оның дені аударма болатын. 20% ол, ­телеэфирде қазақшаны он есеге көбейту деген Заң ­талабы. Ал Өмірбек ­Жолдасбеков бұл цифрды бірден көтерем деді. Ұсынысы өтіп жатса, тіптен ол қалай ­орындалады деп ойлаудың өзі қорқынышты. Жекеменшіктегі арналардың қожайындары мықты, журналистері «сен тұр, мен ­атайын» деген сөз мергендер. «КТК» мен «31 арна» журналистері бүгін де осал емес. Ол жылдары анау-мынауға қарамайтын сөз снайперлері. Айтпақшы, Заң талқылағанда Парламентке бардым. «Жеті күн» апталық қорытынды бағдарламасында елу ­пайызды Жолдасбеков жауапкершілігіне алды деп жариялап жібергенбіз. Жағдай қалай ­болар екен деп, мен де мазасызданып отырдым. Заң қаралып жатты. Өмірбек аға сол электронды БАҚ эфирінің тілдік мөлшері деген бапқа жеткенде, бірден қолын көтеріп сөз сұрады. Дайындаған бір бет қағазы бар. Микрофонын қосып, асықпай, ­жазбасына қарап, әр ой-пікірін сөйлем-cөйлемге бөліп шегелеп ­айтты. Арасында тоқтап, жан-жағына арыстандай айбаттана қараған. ­Осылайша, әр сөйлем сайын, айналасын көзімен барлап өтіп, сөзін жалғастырған. Екі-үш минуттай сөйледі. Спикерден ұсынысын бірден дауысқа қоюды сұрады. Зал жым-жырт. Депутаттар ­дауласа қоймады. Осындай үнсіздікте, «қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадио ­арналары арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi, уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс» деген түйін сөзі қабылданды. Қалыс қалғандар, қарсы дауыстар болды.Заңның қабылдануына жетерлік басымдылықпен телевизиядағы қазақ тілі, жалпы эфирдің 50% мөлшерінен кем болмауы керек деген талабы қабылданды. Жолдасбеков орнынан тұрып әріптес­теріне ризашылық білдіріп, басын иген. Сосын қайта отырмастан сыртқа беттеді. Мен де ілестім. Алматыдағы Парламент үйінің мәжіліс залынан шыққандағы кең баспалдағымен төмен қарай, далаға бет алғанда: – Көрдің бе, Махат! Сен мүмкін емес дейсің. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Біз мықты қазақпыз, – деп арқамнан қаққан. Заң қабылданған соң, ешкім бұл тақырыпты қозғамады. Артық әңгіме айтылмады. Кеше ғана 20%-ға келіспей отырған ­телеарна басшылары да ауыз ашпаған. Оған, не себеп? Басты себеп Жолдасбековтың жасампаз жарқын ғұмыры. Сол орыстілді телеарналардың қожайындары мен мір оғындай өткір журналистері Өмірбек Арыстанұлының студенттері еді. Шәкірттері – ұлы ұстазының ұлттың мақсат-мүддесін жариялаған талабына «жоқ» деп айта ­алмады. Қарсы келмеді. Тоқтады. Ежелден ел аузындағы сөз ақиқат дерек. Ректорлардың ректоры деп, халық ол кісіні тегін айтпаса керек. Расында да, Өмірбек Жолдасбеков арыс­тан бейнесіндегі ғұлама тұлға еді...

Махат Садық

2153 рет

көрсетілді

90

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы