• Қоғам
  • 25 Маусым, 2020

ІЗДЕНІС БАР ЖЕРДЕ ІЛГЕРЛЕУ БОЛАДЫ

Тәжітажал вирусы шыққалы әлем жұртшылығы оған қарсы вакцинаның жоқтығынан үрейленгені рас. Себебі бұл жұқпалы дерттің алдында әлем медицинасы дәрменсіз болып қалғанын көзіміз көрді. Сондықтан әлем ғалымдары оған қарсы вакцина ойлап табу ісімен айналысып кетті. Қазіргі таңда әлемнің таңдаулы зертханаларында зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғалымдар түрлі препараттарды тіршілік иелеріне егіп, нәтижелерін күтуде. Мұндай зерттеу жұмыстарын біздің елдің ғалымдары Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүргізуде. Алғашқы нәтижелері де бар. Бұл жөнінде болашақта ғалымдардан сұхбат алып, зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісетін боламыз.

Ал оқырманға әзірше жеткізетін жағымды жаңалығымыз бар. Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» карантин кезінде еліміздегі ғалымдар арасында «Стоп-коронавирус» атты байқау ұйымдастырған болатын. Онлайын форматта өткізген байқаудың жақында қорытындысы да шықты. Байқауға еліміздің әр аймағынан 141 өтінім түссе, олардың арасында жеке тұлғалармен қатар 12 жоғары оқу орыны, 14 ғылыми-зерттеу институты болған. Бұған қарап «ортақ жауға» қарсы тұрған белсенді топтың аз болмағанын сезінеміз. Байқау қорытындысын жариялаған «Ғылым қоры» АҚ Төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев өткізілген шараның маңыздылығын атап өтті. – Іріктелген жобалар жұқпалы аурулардың алдын алу саласында мемлекет пен бизнес үшін тартымды, назар аударуға лайықты шешімдер ұсынып отыр. Бұл байқау – ең алдымен қоғамдық бастама. Мұнда ақшалай ынталандыру немесе тікелей қаржыландыру жоқ. «Ғылым қоры» зерттеушілер мен ғалымдарға тез арада коммерцияландыру үшін өздерінің ғылыми әлеуеті мен әзірлемелерін ұсынуға мүмкіндік берді. Бақытжан Сәркеевтің айтуынша, байқаудың алдын ала іріктеу кезеңінде ғалымдардың мәселені ашу, шешу жолдары мен механизмдері, жаңалығы мен бірегейлігінің болуы сынды бірнеше талаптарға сай келетін 39 өтінім қорғау кезеңіне жіберілген. Байқауды ұйымдастырушылардың пікірінше онда қорғалған ерекше жобалардың бірі – COVID-19-ға қарсы нутри цевтиктердің әлеуетті формуласын дайындаған (080-2020-СК) ғалымдар тобының еңбегі болған. Жоба жетекшісі Жанар Жеңістің айтуынша, зерттеу өнімінің табиғи заттардан құралған дәрумен секілді адамның вирусқа қарсы иммунитетін көтеретін қуатқа ие екен. – Осы формулаға сәйкес бұған дейін Гонконгта, Сауд Арабиясынан шыққан коронавирустың түрлеріне құрамындағы қосылыстардың белсенділігі бар өсімдіктер анықталған. Мен солардың басын біріктіріп, оған Т жасушасының қосылысын қостым. Әдетте бұл жасушадан жұқпалы ауруларға қарсы вакцина жасайды. Өйткені Т жасушасының қосылысы ағзаның инфекцияға төтеп беру қабілетін арттырады. Біздің өнімнің басты артықшылығы, адам оны кәдімгі тамақ секілді жей алады. Себебі зертханамызда әзірленген ботаникалық формула жеуге жарамды 3 түрлі өсімдіктен жасалған. Автордың айтуынша, олардың өндірген өнімі адамның инфекцияға қарсы тұру қабілетін арттырып ғана қоймай, ағзадағы қан айналымын жақсартады, құрамындағы әртүрлі протеиндер ағзаны қуаттандырып, қан аздықты жояды. Өнімді жеуге болатын, зиянсыз дәрі, өсімдік препараты деген дұрыс. Өзінің жұмыс тәжірибелерінде Жапония, Корея, Қытайда жұмыс істеген ғалым бұған дейін шетелдердегі 10 жылға жуық еңбек жолында өсімдіктерді зерттеп, түрлі дәрілік шайлар мен қоспаларды дайындаған. Жоба жетекшісі Жанар Жеңіс 80-нен аса ғылыми еңбектің авторы. 3 мемлекеттік және 3 халықаралық жобаға қатысқан ғалым бұл жолғы зерттеуге Миссисипи университетінің профессоры мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы мен докторанттарын да қатыстырған. Бұл байқаудың қорытынды кезеңіне шыққан келесі бір қатысушысы Марита Тұрғанбайқызы бастаған ғалымдар тобы лептонин негізінде кең спектрлі вирусқа қарсы препаратты, жабайы ақжелкен өсімдігінің тамырларында болатын биологиялық белсенді заттың жобасын жасаған. Ғалымның айтуынша шетелдік 5 университетте Lomatium dissectum жақсы зерттелген. Сол зерттеулерді жүргізген ғалымдар ақжелкен өсімдігінің тамырында бар эфир майларының вирусқа қарсы және антибиотиктік қабілетке ие заттардан тұратынын анықтаған. Сонымен қатар бактерияға қарсы және антигрибтік қасиеттері бар екенін дәлелдеген. Lomatium dissectum сығындысының вирусостатикалық әсері ағзадағы барлық вирустардың, бактериялар мен зеңнің өсуін тоқтата алатыны зерттелген. Бұл ағзаның табиғи иммундық жүйесі зиянды микробтар арқылы денсаулыққа пайдалы микроорганизмдерге зақым келтірмей тиімді күреседі. Марита Тұрғынбайқызы бастаған ғалымдар осы негізде жаңа вирусқа қарсы препаратты синтездеуді бастаған. Жоба артықшылықтарының бірі – шикізат қорының, яғни препаратқа қажетті өсімдіктердің еліміз аумағында өсетіндігі. Сондықтан өндірістің барлық кезеңін елімізде жүзеге асыра аламыз. Байқауды ұйыдастырған «Ғылым қоры» басшылары отандық ғалымдардың бұл ізденістеріне АҚШ-тағы ғылыми ұжымдар да қызығушылық танытып отырғанын айтты. Ал, жоба жетекшісі өздерінің ғылыми ізденісінің барысына төмендегіше тоқталды. – Егер фармацевтикалық бизнес пен мемлекет тарапынан қызығушылық болса, жобаны толығымен Қазақстанда іске асыруға болады. Біз зерттелетін өсімдік пен әзірленіп жатқан жаңа препарат үлкен мүмкіндікке ие екеніне сенімдіміз. Өйткені бүгінде адамзат өміріне енген SARS-CoV2 жаңа вирусымен күресу өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл вирус біздің өмірімізде болады, жоғалмайды және барлық аурумен адамзаттың күресі сияқты жалғасады. Ал емдеудің тиімділігі дәрілік препараттарға байланысты. Міне, отандық ғалымдар осындай нақты ғылыми зерттеулер жүргізуде. Олардың жобалары Үкімет пен қызығушылық танытқан инвесторлардың қарауына жіберіледі. Ізденіс бар жерде ілгерлеу болады деген осы.

Нұрболат Абайұлы

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы