• Руханият
  • 09 Шілде, 2020

Мініп кетті келместің кемесіне...

Қаламы жүйрік, сөзі өткір, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған белгілі журналист Жолдасбек Дуанабайдың қазасы бәріміздің де жүре­гімізді қақыратып кетті. Ол қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат еді. Кішіпейілдігі, елгезектігі, тындырымдылығы бір бөлек те, мейірман мінезі, биязы қалпы, ерекше болмысы бір бөлек-ті. Оны үлкен де, кіші де құрмет тұтты. Жастарға жолбастаушы аға бола білді. Ол саналы ғұмырын журна­листиканың дамуына арнады. Ол кісімен «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде қатар істедік. Жауапты хатшы, орынбасар, сайт редакторы қызметтерін атқарды. Жасым үлкен деп шікірейген жоқ, үлкенге ізеті, кішіге мейірімі ерекше еді. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастаған қарымды қаламгер соңғы алты айда «Жас Алаш» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарды. Ел тәуелсіздігін жариялап, ұлт кем-кетігін түгелдей бастаған тұста тіл, мәдениет пен өнер, салт-дәстүр тақырыбын қозғап, өзекті мәселелерді қаламына арқау етті. Жолдасбек Дуанабай үнемі ізденіс үстінде жүретін. Қашан да тыңнан тақырып тапқанға шебер еді. Елдің көкейінен шығатын мәселелерді дереу әзірлейтін. Мұның барлығы көп оқудан шығатын қасиет. Әлемдік журналистика жаңалықтарына жиі құлақ түріп жүруші еді. Оның архивінде неше түрлі танымдық мақала жинаулы тұратын. Ол кісі қалжыңға шебер болатын. Тауып айтқыштығы да бар. Балаша ақкөңіл еді. Өмірден Жолдасбек Дуанабай өткенде қамықпаған әріптес жоқ шығар. Жайыңыз жәннатта болсын, жақсы адам!

Нұртөре ЖҮСІП

1299 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы