• Қоғам
  • 22 Шілде, 2020

Қазақтың келінімін

Қазақтың келіні болу бақыты бұйырғаны үшін де өзімді шексіз бақыттымын деп есептеймін.  Әкем татар, анам қазақ ұлтының өкілі. Мен екі ұлттың да салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын толық сіңірдім дей алмаймын. Бірақ таза қазақ отбасына тез сіңісіп кеттім. Бұл тұрғыда қазақ халқының қанында бар кең пейілділігі мен бауырмалдық қасиеттері ерекше ықпал етті деп есептеймін. 

Жүз отыздан астам этнос өкілдерін бауырына басқан Қазақстан – бәріміз­дің ортақ мекеніміз. Этносаралық және конфессияаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргі­зіп отырған егемен елімізде өмір сүріп жат­қан әрбір ұлттың өкілі бақытты деп есептеймін. Еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қолдаудың айнымас үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы уақытта да бұл тұрғыда жанды жұмыстар жүргізе беретініне кәміл сенімдімін. Қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын көздің қарашығындай сақтаған отбасының келінімін. Әдет-ғұрыпты айнытпай ұстану жолында жол көрсетіп, үнемі өзінің-ақыл кеңесін беріп отыратын енеме деген ризашылығым шексіз. Енем өте жақсы, мейірімді, ашық-жарқын кісі. Білмеген дүниемді ақылға салып, барлығын сабырмен үйретеді. Енем басқаларға әрдайым «Келінім басқа ұлттан. Өте пысық. Барлық істі бірден қағып алады» деп мақтанып жүреді. Біреулерге жат көрінер, дегенмен өзім енемді қатты сыйлаймын, жақсы көремін. Құдайға шүкір, енемнің мектебінен өткен мен де дәл сол кісідей болуға тырысамын. Қазақтың келіні ретінде әрбір таңымыз үлкендерге сәлем салудан басталады. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Мұны келін болатын болашақ қыздарымыз терең сезінулері қажет. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Оң жақтағы қыз баланы «ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта білу де оңай іс емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ ана, Зере мен Ұлжан аналарымыздың салып кеткен сара жолы. Әрбір қыз баланың жаңа үйге келін болып түскендегі уайымы – ата-анасы мен туған-туыстарының көңілінен шығуы. Туыстар – қазақтың басты байлығы, сондықтан отбасылық қарым-қатынастың нышандарын түсіну өте маңызды. Қазақтың шаңырағына келін болатын ойы бар өзге ұлт қыздарына айтарым: ең бірінші «жезде», «ене»,»жеңге» сынды сөздердің мағы­насын тереңірек түсініп алғаныңыз жөн. Ерлі-зайыптылардың арасында бірінші кезекте – сенім, махаббат және сыйластық болуы керек. Жолдасыммен шын сүйіп қосылдық. Махаббаттың демеуімен өмірдің түрлі кезеңдерінен қол ұстасып, сүрінбей өтіп келеміз. Ұлы сезім ұғындырған қасиеттерді қанағат тұтып, қол ұстаса шаңырақ көтергенімізге ризамын. Ұлтымның салт-дәстүрінің барлығын тәжірибе барысында үйрендім. Қазақтың салт-дәстүрлері көп болғанмен де, бәрін ақырындап үйреніп кеттім. Қазір салт-дәстүрлерді, жоралғыларды өте жақсы білемін деп айта аламын. Себебі, дәстүрлі мейрамдарды үйде, отбасымда қарсы алып тұрамыз. Қазақтың маған ұнайтын мейрам­дардың бірі – күн мен түн теңелетін, сонымен қатар табиғат та жаңаратын Наурыз мейрамы. Наурыз – достық пен сүйіспеншіліктің, молшылық пен татулықтың айы. Наурыз мейрамы да, Жаңа жыл да жаңа өмірдің жаршысы болып саналады. Бәрі бақытты отбасын құрғысы келеді. Алайда отбасының бақытты, берекелі болуы екі жаққа қатысты екенін көп адамдар ескере бермейді. Отбасы бақыты ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуінен, қанша қателіктер болса да кешіріммен қарауынан туындайды. Егер екі адам бір-бірін шын мәнінде құрметтесе, сыйласа, шын сүйсе ешнәрсе кедергі болмайды. Ал өзге ұлттың қызын алсаң да, не өзге ұлтқа күйеу бала болсаң да, ең бастысы – сыйластық. Қазіргі жастарымыз отбасы сөзінің мағынасын терең түсінбей жатып, шаңырақ көтеріп, ажырасып жатады. Әйел адам ер адамға қарағанда сәл төмен болуы қажет. Әйелі ер азаматын сыйламаған үйде береке де, ырыс та болмайды. Отау көтереміз деп шешім қабылдадыңыздар ма, ендеше үлкен өмірдің әртүрлі сынақтарына бірге ­дайын болуларыңыз керек. Бүгінде өмірлік жарым – Бекзат екеуміз ұрпақ тәрбиелеп отырмыз. Болашақта қазақ халқының санын көбейтуге өз үлесімді қосып, көпбалалы ана атануды армандаймын. Еліміздегі ұлттар достығы мен бірлігі арта берсін дегім келеді.

Зухра КЕМЕЛБАЕВА Талдықорған қаласы

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы