• Руханият
  • 23 Шілде, 2020

АДАМ мен ЗАМАН<br>қысқа-қайырым ой-толғамдар

Айтақын ӘБДІҚАЛ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты

Өмірден көріп-біліп, оқып, өзіңнен кейінгі жас ұрпаққа ұғындыру – қаламгер үшін басты парыз. Жас буынның сүрінуден аулақ болуына, жат қылықтардан қашық жүруіне себі тиетін саналы ұғым қашан да артық болмайды. Әсіресе, жастардың жадында жүрсе деген оймен Адам мен Заман жайлы қысқа- қайырым ой-толғамдарды тарту еттім. 

***

Бүкіл жер бетіне, барша адамзат баласына сәулесін төгіп, нұрын шашып тұрған Күннің шуағына жүректері гүлдей нәзік жандар да, кемеңгер данышпандар да, өкініштісі – қара жүрек қанішерлер мен Ел байлығын тегін еншілеп, имансыздықпен басып қалған алаяқтар да, Отанын сатқан опасыздар да бөленеді. Өкініштісі де сол. Бұл үшін Жер бетіне шуағын төккен Күнге қалай өкпе айтамыз? Бұл пікірді де кешегі ойшылдар айтып кетіпті.

* * *

Қарағандылық талантты жас ақын Дидар Қамиев деген бауырымның Жүрсін Ерман ағасына өлеңмен жазған хатынан: «...Ине байғұс жалаңаш қалады екен, Әлемді киіндірем деп жүргенде... – деген жолдарын оқып, ойланып қалдым. Қазір қолында билігі барлардың көбі өзгені киіндіруді емес, өзіне ғана бәрін тегін алып, өзгелерді жалаңаштап, әлгілердің барын сыпырып қалуга даяр тұратынын көріп те, біліп те жүрміз. Ал адал жанның бұл замандағы хәл-жайын айттың не, айтпадың не? Ақын бауырым осыны меңзеп отырған секілді.

* * *

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары. КазМУ-дің журналистика факультетінде бірге оқитын өзі де, сөзі де өткір қыз Мұқағали ағамнан қалай қатты қорыққанын қызық қып айтқаны бар: – «Лениншіл жастың» редакциясында отырғам. Жалғыз өзім. Залда күркіреген ер адамның даусы шыққан соң есікті ашып қарай қалайын. Ұзын шашын сілкіп қойып, өзімен-өзі сөйлесіп... Мұқаң тура маған қарай келе жатыр. Есім шықты. Кабинеттен шығып кетудің реті жоқ. Сасқанымнан үстел үстінде тұрған сарыала пластмасса гүлді ала сап: – Аға! Мына гүлді сізге сыйлаймын! Сізге, – демесім бар ма... Өзі шаршаңқы кейіпте әзер тұрған ақын әлгіні қолымнан жұлып алды да: – Сенің маған ұсынып тұрған гүлің де жасанды, қылып тұрған қылығың да жасанды! – деп пластмассадан жасалған сарала гүлді еденге лақтырырып жіберді. Кетіп бара жатып: – Мына қызталақтардың бәрі «індеріне» кіріп кеткен, ә? Қаша тұрыңдар! Ертең-ақ менің өлеңдерімді іздейтін боласыңдар әлі, – деп саңқ ете қалды. Ерке ақынның келе жатқанын көргендердің бәрі есіктерін ішінен бекітіп алғанын да сезіп қойды... Тірлікте қашқан қадірім, Өлген соң барып білінер... – деп басталатын ақын Нұрлан Мәукенұлы­ның өлеңі осындайда туған-ау шамасы!?...

***

АҚШ-тың президенті болған Барак Обама өзімен бәсекелесіп президенттікке түсіп, сайлауда жеңіліс тапқан Джон Маккейнді арқадан қағып, былай депті: – Сіз ендігі жерде менің президент ретінде жасаған әрбір қадамымды қатты қадағалып, шалыс басқан жерім болса, көзіме шұқып көрсетіп отыруға тиіссіз. Америка Құрама штаттарының һәм ұлттың мүддесі үшін біз осылай жасауға, бірлесіп қызмет істейміз. Бұл – өз мемлекеті мен ұлтын, халқын құрметтеген адамның аузынан шығатын сөз, әрине... Содан сабақ алсақ кәне!?..

***

Норвегияның премьер-министрі Генс Стольденберг деген сол елдің басшысы кезінде кезекті сайлау алдында өзінің жеке автокөлігімен адам тасыпты. Оны танып қалған адамдар мұның неге осылай істеп жүргенін сұрағанда ол: – Өз елімнің үкіметі мен оны басқарып отырғандар жайлы қара­пайым халықтың пікірлері мен көз­қарастарын өз құлағыммен естігім келеді, – деп жауап беріпті. Елге қызмет етудің нағыз демократиялық адал көрінісі деп осыны айтса болар.

***

Қытай елінде мынандай бір тәмсіл сөз бар екен: «Аяқ киімімнің жоқтығына налып, жалаңаяқ жар кешіп Жаратушыға налып жүрген мен екі аяғы жоқ мүшәпір адамды көрдім. Көрдім де сол сәт райымнан қайтып, «осы жүрісіме де тәубе» деп Жаратушы иеме жалбарындым деген екен тақыр кедей диқан»... Тәубені ұмытпау – бұл да нағыз адами қасиет, әрине...

***

«Өмір – дәптер. Адам – қалам. Қызмет – көрініс. Уақыт – жойқын, бірде алдап кетеді, бірде жоқ етеді» деген екен өз заманында Козьма Прутков деген ойшыл. Осы сөз рас-ау. Өкініштісі, біз оны түсіну былай тұрсын, ойлап та қоймаймыз. Бәрін кеш ұғамыз, сосын өкінген боламыз. Пендеміз ғой...

***

... Мына заман – елдің байлығын қара басының қамына қалауынша пайдаланған кейбір тойымсыздарға майдай жағып-ақ тұр?! Заманың – мынау... Адамың – анау... Қайтпек керек?! Данышпан Абайды да күңіренте күйзелткен осындай ит тірліктер ғой! Өз заманында әділдіктің туын көтеріп, шындықты бетке айтқан Махамбеттің басын алған, ұлы Абайға у бермек болған қараниет пенделердің сарқыты қазір жоқ деп айта аласың ба?!

***

Қазір елді сорған обырдың баласы – «Мерспен» зулатып жүрсе, отты жылдарда қан кешіп, елін жаудан қорғаған ардагер ағалардың балалары – трамваймен итеңдеп бара жатады... «Ақшаң болса қалтаңда...», «Тіреуің болса арқаңда...» деген сол енді?!...

***

Өмір дегеніміз – адамдардың өзін әлдебір алданышпен өткізетін ұзақ әрі қысқа уақыты ғана секілді көрінеді маған. Мәселен, біреулерге қорасындағы бес-он малы, келесі біреуге әупірімдеп әрең жеткен қызметі,.. және біреуге әдемі жас тоқалы, тағы біреуге ұрлап-бөрлеп жиған дүниесі мен тыққан арам ақшасы алданыш!?.. Кейде өзімнен-өзім сұраймын: «...Мына өмірде осы менің алданышым не!?» деп... Мүмкін, біріне-бірі жалғасып, ешқашан таусылмайтын ойлар ма екен? Әлде ойым жеткенімен, осы жасыма дейін қолым жетпей келе жатқан ақ қанатты армандар ма?

***

Күні кеше ортамызда жүрген, тіршілігінде талайды қан қақсатқан, қызметтегі билігін асыра пайдаланып, көп адамды жылатқан кісінің жаназасына қатыстым. Оның мәйітін қабырстанға қарай алып жүрерде жаназасын шығарған имам: – Бұл кісі қандай адам еді? – деп үш рет дауыстап сұрады. Әлгі кісіні ақтық сапарға шығарып салуға жиналған барша жұрт марқұм болған жанның тіршілігінде талайларды жылатқанын біліп тұрса, амалсыздан: – Жақсы адам! Жақсы адам! Жақсы адам! – деп үш мәрте дауыстап айтты... Иә, мына өмірден Дінммұхамед Қонаев ағамыз секілді шын жақсы адам боп, мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің ғана емес, қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп өткенге не жетсін, шіркін? Мұны да ойлап қойғанымыз жөн секілді...

***

Әнебір жылғы асығыс жекешелен­діру саясаты – қолында билігі, сейфінде мөрі барлардың өздерін де, бала-шағасын да аяқ астынан байытып, әйдә бір қарық қылды... Ал, сол кезеңде тиесілі үлесін де әділдікпен ала алмай, далада қалғандарды ойлаған адам болды ма? Әлді мен әлсіздер арасындағы әділетсіздік әлі де жалғасып келеді. Шерхан ағамша айтсам, «бұл да бір кем дүние»...

***

«...Сендердің байлық дегендерің – «ертеңгі күні бір керегі болар-ау» деп жасырып, қауіптене күзетіп отырған дүние ғана» депті кезінде ойшыл қаламгер Жебран Халил Жебран. Өте дәл айтқан. Өкініштісі, қазір көп адамдар осы «аурумен» ауыратын боп алған. Тегін байлықты басып қалуды бақыт санайды және осыны іскерлік деп түсінеді. Елден де ұялмайды. Құдайдан да қорықпайды.

***

«Күш көрсету мен ақша адамдарды бақытқа жеткізбеген, оған тек ақыл-ой ғана жеткізген» деген сөзі бар данышпан ойшыл Демокриттің. Қазір кейбір әкім өзін халықтың қызметшісімін деп емес, солардың бастығымын, олар маған бағынышты деп ойлайтыны жанға батады. Елмен кездескенде өктем дауыспен шалқайып сөйлеп, білгішсініп, кабинетінде маңғазданып, қымбат машинасында сыздаусып, қонаққа барғанда кержиіп отыратыны содан болуы керек... Күлкің келеді...

***

Лев Толстой жарықтық та Адам мен Заман жайлы тебірене айтып кеткен екен: «Таза өмір сүру үшін ұмтылыс керек. Жаңылыс, бұлқыну, шатасу, арпалысу, қателесу және қайтадан бастау, тастау, сол тастаған ісіңді қайтадан бастау керек. Үнемі күрес пен күштілікті бастан кешіру керек». Кейде мен де бәрін жаңаша бастағым, әлдебір нәрселерді жаңаша тындырғым келеді. Амал не, ой жеткен жерге қол жете бермейтіні тағы бар...

***

Сіз әлдебіреудің мына ақша қуған заманда «Бұл әрекетім дұрыс болмаған екен. Халықтан ұялмаппын. Құдайдан қорықпаппын. Боқ дүниені қуам деп ақымақтық жасаппын» деп өз мінін мойындағанын көрдіңіз бе? Үнділер айтады екен: «Өз ақымақтығын түсінген ақымақты дана дей бер, ал өзін дана санайтын ақымақты – ақымақ демеске лажың жоқ». Қазір тегін байлықтың жолын тауып басып алған алаяқтардың көбі өзін «Кіші Құдай» санайтын болып алды. Ондайларды «Данышпан» дегенше, арын ақшаға таптатып, халықты сорған ­тойымсыз, обыр деу керек шығар?

***

Оңаша бір сәттерде балалық шағым өткен ауылым – Қайнарды, Үлкен Текес пен Кіші Текес аталатын тау өзенін, әкемнің жайлауы болған Көккемер мен Үшкүнгейді, қыстауы болған Қаратауды, Мұқағали ағамның кіндігі кесілген киелі өлке – Қарасазды көз алдыма елестетемін. Кино лентасындағыдай. Бәрі де есімде... Әкемнің замандасы – аңшы, салдырлақ Әбілғазы мен келіндері «Білдің бе, қайынаға» атап кеткен сиыршы Зейнәбін, қойшы құрман Мұқан, сары Қашқынбай, «Герой шал» – Тұрысбек Жұрқабаев, Қосай қарт, жесір қойшы Әсия да күні кешегідей есімде... Жас ұлғайған сайын соңымда қалған солбір көне сүрлеулерді жиі ойлап, сағынатын болдым... Барғым-ақ келеді ауылыма... Балдәурен кезімде тай мініп жортқан жоталарды араласам деймін. Алайда, сол ауылда қазір маған құшағын ашып: «Келе ғой, ақыным! Мынау – сенің туған өлкең! Саф ауасын жұт. Таудың мөлдір бұлағынан ішіп, шөліңді бас» деп тұрған кім бар дейсің?! Күнкөрістің қамымен бес-он малдың соңында қарбаласқан ел. Сондықтан тізгінді тартып, өзіммен-өзім жүрген жайым бар. Жолым түскенде ата-бабамның мәңгілік мекені болған қорымға бұрылам. Білген дұғамды жасап, оларға құран бағыштаймын... Сондай сәтте біртүрлі жеңілдеп қалғандай сезінем өзімді...

***

Бір досым айтты: «Осы сен, байқайсың ба? Қазір бәрі қымбат. Жанармай да, газ да, су да, тағам да, көрсетілетін дәрігерлік, тұрмыстық қызмет пен оқу түрлері де. Бәрі-бәрі... Әлі де қымбатшылықтың қамытын кие беретін секілдіміз. Ең арзаны – адамның ары мен ұяты болды қазір. Депутат болғысы келген тіреуі күшті «біреу» мен билік тізгінін ұстаған кей «дөкейдің» енді жиырма-отыз жылдан кейін елге жасайтын «жақсылығы» туралы уәдесі – арзан сөз? Арзан уәде? Әлгі достың әділ сөзіне қалай қарсы дау айтарсың? Өмір шындығын бетіме шыжғырып басқан оны «мыналар» қарауылға ала ма деп қорқам? Соңғы жылдары ел өміріндегі шындықты шырқырап айтқан талай журналист жазым болды. Қолында билігі бар жасырын күштер соққыға жықты. Өміріне қауіп төндірді. Олар­дың жазығы – қарапайым халық­тың, өз ұлтының, елінің жоғын жоқтап, көпшілікке шындықты айтқаны ма? Ойлаушы едім өмірде шындық бар деп, Шындықты іздеп, ...көргенім-сұмдықтар көп? – деп басталатын өлеңді Мұрат баламды өлтіріскен қанішер інісін екі иығындағы погон­ның күшімен соттан қорғап қалған майордың иттігін көріп жазып ем... Содан бері де он бес жылдан асып барады... Қазір жердің бетінде шындық бар ма осы?!..

***

Данышпан Абай айтпақшы, осы жасқа жеткенше, аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда, телеарналарда қарапайым тілші, редактор боп жүріп мен де біраз өмір кешіппін. Сан түрлі адамдармен араласыппын. Дүние мен мансап десе, жанын бергендерді де, адалдықтың туын жықпаған, жүрегі таза адамдарды да, қара басының қамын ойлап, ар-иманын қиналмастан сатқандарды да, өз пайдасы үшін біреуді ақтан ақ жылатқандарды да, ор қазып құлат­қандарды да көріппін? «Заман – сайқал, Адам – қу, Кей сана – кір» деп бастаған дүнием әлі күнге аяқсыз тұр екен. Адам мен Заман жайлы біздің көрмегеніміз бен білмегеніміз әлі де аз емес секілді? Көріп те келеміз... Көре де беретін шығармыз.

***

Шағын ғана бау-бақшам бар. Жеміс ағаштарының таңдайы кеппесін деп суғарамын. Бөгде шөптерден тазартам. Сонда байқағаным – адамға аса қажетті әлгі жеміс-жидекті өсірмеуге тырысып, жердің ылғалын өзіне тартып алатын арамшөптердің тамыры тым тереңге кетеді екен. Бірақ тіршілік иесіне оның титімдей де пайдасы жоқ. Қараниетті, өзгеге ор қазғыш, өзінен басқаға жақсылық жасауды білмейтін, пейілі тар жандарды көргенде әлгі арамшөптер елестейді көзіме...

***

Соңғы кезде кейбір әріптестеріміз, әсіресе, әртістердің көбі атақ алуға, шеттерінен «жұлдыз» болуға құмар боп алды. Бұл не? Бақталастық па? Әлде «жұлдыз ауруы» ма? Данышпан Абай, жыры семсер Махамбет, Отан үшін от кешкен отты ақын Қасым Аманжоловтар ­атақ­сыз-ақ, Мемлекеттік сыйлықсыз-ақ әр қазақтың жүрегінен мәңгілікке орын алғанын қазіргі атаққұмарлар бір сәт ойлап қойса, қайтер еді!?..

***

Қазақта «Ана қадірін білмесең, ана болуға асықпа. Әке қадірін білмесең, әке болуға асықпа» деген аталы сөз бар. Осыдан Сіз не ұқтыңыз? Мен не ұқтым? Ол не ұқты?.. Бәлкім, қайталап оқып отырып ойлану керек шығар. Нені болса да ой елегінен өткізіп, түйсініп, түсініп барып істеу керек деген көзқарас жатқандай бұл сөздің астарында...

***

«Жақсыға бір сөз айтсаң, өзі жалғап әкетер. Жаманға бір сөз айтсаң, кері тартып кекетер» деген екен заманы мен адамының жайын ойлаған бір қаламгер. Соның және бір сөзі бар: «Сабырлы біліп отырса да, сес бермейді». «Ал сабырсыз білмесе де дес бермейді». Мұндай көріністерді мына заманда Сіз де, Біз де көріп жүрміз. Қазір кім ақшалы болса, соның ғана жолы барлық жерде ашық. Кімнің қолында билік болса, соның дегені болатын сияқты. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ, бұл мәңгілік емес. Байлық бір күні сарқылады. Билік те кетеді. Сонда бәрі өзгеретінін бір сәт ойлап қойсақ қайтеді?

***

«Өнерді түсінбеген адам, өмірді де түсініп жарытпайды». Қолдауға да, қосылуға болатын пікір. Дауысы жібектей есілген әнші жеңгесінің тамылжыта салған әнін естіген қайнысы: – Жеңеше! Сіздің өстіп ән шыр­қағаныңызды менің қойшы ағам естіді ме? –деп сұрағанда жеңгесі сыңғырлай күліп: – Иә, тыңдады. – Ағам не деді сонда? – Әй қатын! Тоқтатшы әніңді! Қойды үркітесің деді, – деп сықы­лықтай күледі Дулат Исабековтың «Гауһартас» кино фильміндегі бір көріністе. Ұлттық өнеріміздің қадіріне әр қазақ, оның ішінде жастарымыз толық жете алады деп ойлайсыз ба деген уайымы басым ойлар мені көбірек мазалайтын болды. Күшейткіш құралдардың көмегіне жүгініп, соның арқасында «әнші» атанып жүрген қаптаған «жұлдыздардың» жансыз дауыстары адамды демалдыру орнына, кейде шаршататынын айтып жүргендерді де кездестіріп қаламыз. Неге бұлай? Әннің қадірі қашты ма? Жоқ, жасанды әншілердің «жұлдыз ауруы» асқынып бара ма?..

***

Данышпан Абай: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» демеуші ме еді? Сол айтпақшы, бүгінгі заманда көзін тырнап аша сап пайда табудың қамымен ұшып-қонып жүрген адамдарға ұлттық руханият, кісілік келбет пен әділдік туралы оқып білгенімізді айтып кетсек дейміз. Өзіміздің білмейтініміз көп болса да білгенімізді, әсіресе, жас буын өкілдеріне ұқтырсақ дейміз. Әттең тыңдар құлақ болса?

***

«Білімді оқығанын айтар, білімсіз естігенін айтар» дейді және бір ұлтын сүйетін оғландардың бірі. Күнделікті баспасөз бен кітап оқу азайып, интернет, компьютер мен ұялы телефондардың қызығына кіріп кеткен бүгінгі ұрпақ біздің бұл сөздерімізді оқыр, я оқымас. Сонда да үлкендігімізді жасап, Адам мен Заман жайлы ой елегінен өткен, сезімнің сүзгісінен алынған осынау шағын ой-толғамдарды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Соның бір мысқалы болса да әлде кімдердің санасына әсер етіп, жамандықтан арылтса, былғана жаздаған арын сақтап қалса, ынсабын тыйса, жемқорлықтан жерітіп, ұлттық санасын,елдік намысын оятса, онда біз мақсатымызға жеттік деп марқаяр едік. Ләйім де солай болғай!

***

Қай заманда да кез келген адам дұрыс өмір сүріп, баршылықта күн кешу үшін қаракеттенген ғой. Сол үшін адал еңбек еткен. Қолында билігі бар кіші басшы мен үлкен басшылардың өзі бөгде адамның ақысын жемеген. Адалдықтың туын жықпауға тырысқан. Қысылған жандарға жәрдемін жасап, жолдан тайғандар болса тыйып, адал жолға салып, таза өмір сүруге баулып отырды емес пе? Олардан бұрынғы бабаларымыз бен әкелеріміздің пейілдері тіпті кең әрі таза еді. Олар арам жолмен келген байлықтың соңы қасіретке апаратынын білген. Сондықтан болар, басшысы да, қосшысы да ынсапты болатын. Ал бүгінгі адамдардың, әсіресе, қолында билігі барлардың адалдығы, пейілі мен ынсабы дәл солардай деп айта аласыз ба?

***

Баспасөз беттерінде жазылып та жатыр. Апталап емес, айлап аудандық, облыстық соттарда сан мәрте қаралған да. Елге сан соқтырып, мемлекет қаржысын әкесінің мүлкіндей оңды-солды шашқан жегіштердің ісі қазір де түрлі деңгейдегі соттарда қаралып жатқанынан қалың көпшілік хабардар. Сондай ынсабы кетіп, Мемлекет байлығын талан-таражға салған, қолдағы пәрмені күшті мансабының арқасында жинаған қыруар қаржысын шетел асырып тастаған пысықтардың саны көбеймесе азаятын түрі жоқ. Қарапайым жұмысшылардың еңбегін жеп, айлап-жылдап жалақыларын бермей, жаңа пәтерге ие болу үшін несие алып ақша салған үлескерлерді зар жылатып, тақырға отырғызып, шетке қашып, ізін жасырғандар қаншама? Заң бар. Оны қамтамасыз ететін, жоғары дәрежеде айлық еңбекақы алып отырған құқық қорғау органдары бар. «Сонда әлгіндей имансыз обырларға тосқауыл қоя алмай,олар не қарап отыр?» деген орынды сұрақ туады. Шындығына келсек, қолында басқару тізгіні бар кейбір тойымсыздар елдің емес, алдымен өзінің және төңірегінің ғана қамы үшін жанын салатындай. Өздері Астана мен Алматыда мәртебелі Мемлекеттік қызметте отырған, немесе бұрынғы қызметінің арқасында мол қаржыны басып алған азулылар шалғайдағы орманды, өзен-көлді, жасыл шалғынды атақты жайлауларға да ие болып алғанын айтып ашынады сол өңірдегі қолы қысқа бейбақтар. Әлгі байшікештер ие болып алған қан жайлауына қажет кезде тікұшапен ғана қатысып, аң аулап, сейіл-серуен жасап кететінін ауылдық ағайындардың аузынан талай мәрте естідік те. Сонда әлгілер соншама жерді, ондағы хан сарайындай котедждерді, сауна мен бассейіндерді айлық жалақысына салдырды деп ойлайсыз ба?

***

Бүгінгі қоғам біз жоғарыда қыс­қаша ғана әңгімеге арқау еткен өте жағымсыз дерттерден қашан және қалай құтылмақ? Бұл үшін Үкімет басшысынан бастап, министрлер мен әр деңгейдегі әкімдер, оқу ағарту, денсаулық сақтау, құрылыс салаларын басқарып отырған бірінші басшы, ондағы әр қызметкер алдымен адами санасын, сосын өзінің өзегін, ішкі жан дүниесін тазартып, ынсабын тыйып, иманын оятуы керек шығар? Өйтпесек ауру асқына береді де, ақыр соңы түзеуге болмайтын қасіретке соқтыруы мүмкін десек, қосыласыз ба осы пікірге?

***

«...Пейілі жаман адамнан, өзегі кір пендеңнен сақта, Құдай» деп отырушы еді бұрынғылар. Қара басының ғана қамын ойлап, тек өзіме деп өзеуреп, пайда табу үшін жанын жеп жүрген қазіргі адамдардың тойымсыз қылығынан шошисың. Қолына билік тізгіні тиген күннен бастап өзгенің емес, өзінің ғана қара басы мен төңірегі үшін барын салған кейбір ынсапсыз басшы кімнің шекесін қыздырар дейсіз? Қазір ондайлардың қатары көбеймесе, азаятын түрі жоқ... Шерхан ағам айтпақшы, бұл да «Бір кем дүние...»

***

Жақынының қайғысын бөлісе алмайтын, не қуанышына ортақтасуды білмейтін, ағалық қасиеттен ада үлкендерді де, інілік ізеттен жұрдай жастарды да кездестіресің мына өмірден. «Қазіргі адамдар тек пайданы ғана ойлап, ағайынның қадірін, азаматтық арды, иман мен ынсапты, кісілікті ұмыт қалдырған жоқ па осы» деген сұрақ көңіл түкпірінде сақталып, маза бермейді...

***

«Халқың аман тұрғанда, жалғызбын деп қиналма». Өсиетті сөз. Қасиетті ұстаным. Қара бастың қамын жеп, талайлар дүние-боқтықты жиған. Ұрлаған. Тыққан. Сатқан. Арам ақшасын бөтен елге апарып жасырған. Басына тықыр таянғанда әлгі тыққан қаржысының артынан шет елге қашқан. Қызметтен қуылған. Сотты да болған. Себеп неден? Тойымы жоқ адамнан ба? Әлде сан құбылған заманнан ба? Заманды бұзатын – сол тойымы жоқ, өзі жемір, өзегі кір пенеделер ғой.

Алматы

1831 рет

көрсетілді

100

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы