• Ақпарат
  • 23 Шілде, 2020

«Адамзат сапарының мейманымыз...»

Студенттік шақты бірге өткізген, бірге жұмыс істеген, отбасымыздың қуаныштарын бірге бөліскен адал, ақжарқын дос туралы өткен шақта айтқаннан ауыр не бар?! Бейбіт Жәлелұлы Исхан менен бір курс төмен оқыды. Филфакта оқитын санаулы жігіттердің бірін-бірі жақсы білетіні белгілі ғой. Өздерін болашақ ақын-жазушылар деп санайтын, әрі өнерге де жақын жігіттердің жүрген жері ойын-сауық, әзіл-қалжың еді. Әзіл-қалжыңын орнымен ғана айтатын Бекең студенттік шақтың өзінде сабырлы, үнемі ойланып жүретін жігіт болатын. 

Көпшілігімізге тән елірме, есерліктен аулақ Бекеңнің ғылымға деген бейімін байқаған филология факультетінің деканы, профессор М.Серғалиев оқуды бітіре салысымен оны қазақ тілі кафедрасына ассистенттікке қызметке алады. Сол жылы оқу бітіріп жатқан түлектердің он шақтысы қызыл дипломға бітіріп жатса да, оларды емес Бейбітті таңдауы Мырзатай ағайдың болашақ ғалымды тани білетін сұңғылалығы, ғылымға деген адалдығы десек артық айтқанымыз емес. Б.Исханның «М.Әуезов Абай тілі туралы» атты кандидаттық диссертациясы 1996 жылы қорғалған диссертациялар ішінде ең үздігі деп танылуы бұған дәлел бола алады. Бейбіт тіл білімінің әр саласына қалам тартты. Оның терминология мен аударма мәселесіне, орфография, орфоэпия саласына жазған мақалалары өзектілігімен ерекшеленеді. Тіл табиғатын терең түсінетін Бейбіт Кеңес Өкіметінің өктем саясатының әсіресе қазақ емлесіне тигізген зиянын өз мақалаларында ашып көрсететін. 1998 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы медицина университетінің Қазақ тілі кафедрасына меңгеруші болып келген Бейбіт 1999 жылы мені және өзімен бір курста оқыған Хабдин Құрметті өз кафедрасына жұмысқа шақырды. Енді үшеуіміз университеттің құжаттарының қазақшалануына, қазақша медициналық терминдердің қалыптасуына қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырыстық. Бейбіт басқарған кезде Қазақ тілі кафедрасының беделі өсіп, университет басшылары кафедраға назар аудара бастады. Қазақша оқулықтар жазып жүрген профессорлар, тіл жанашырлары Бейбіттің кабинетінен шықпайтын еді. Кеңес Өкіметі кезінде медицина ғылымы тек орысша оқытылғандықтан, бұл салада қазақша терминдер, ғылыми стиль қалыптаспады. Қазақ мектебін бітірген түлектер де емтиханды қазақша тапсырғанымен, ары қарай медициналық жоғары білімді тек орыс тілінде алатын. Сондықтан болар, медицина ғылымының қазақ тілінде дамуы­на зор еңбек сіңіріп жүрген ғалымдарымыздың да сөз саптау­ларынан орыс тілінің әсері сезіліп тұратын. Бейбіт осындай кемшіліктер туралы мақалалар жазып, бұл кемшіліктерді жоюдың жолын көрсететін. Медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына зор үлес қосқан, қосып жүрген Д.Кәрімов, Ә.Нұрмағамбетұлы, Ж.Ахметов, И.Құлманбет, М.Ахмет-Төре, Б.Шәкенов сияқты ғалымдар Бейбіттен ақыл-кеңес алатын. Әрине, медициналық терминдерді сол сала мамандары қалыптастырады, бірақ олардың тіл заңдылығына сай келуін қадағалау тіл мамандарының ісі. Тілдің дыбыстық жүйесі туралы түсінігі мол Бейбіттің оларға көп көмегі тиетін. Бейбіт кафедра меңгерушісі болып тұрған кезде медицина университетінің рухани өмірінде де көп жаңалық болды. Негізінен орыстілділер басқарып отырған оқу орнына қазақылық рухын егетін көптеген іс-шаралар өткізілді. Тұрсынғазы Рахимов, Еркін Шүкіманов, Келденбай Өлмесеков, Жоламан Құжыманов, Мұрат Әбуғазы сияқты дәстүрлі әншілер мен күйшілер студенттермен кездесіп, дәріс-концерттер өткізетін. Ұлттың тілін ғана емес, дәстүрлі музыкасын насихаттауда да Бейбіт осындай игі істерге мұрындық болатын. Бейбіт 2006-2007 жылдары кафедра меңгерушілігімен қатар республикалық «Ана тілі» газетінде тіл бөлімінің редакторы болып та қызмет істеді. Бекең көсемсөздің де шебері еді. Оның мақаласының өзегі – ұлт руханияты, тіл тазалығы болды. Бейбіт Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу туралы пікірін қолдай отырып, «Демек біз латыншаланған қазақ әліпбиіне көше қалсақ, қазақ тілінің табиғи бітім-болмысына жат, бөгде тілдік дыбыс-әріптерден арылып, оның бастапқы қалпын, тума табиғи қалпын орнына келтіріп, ұлттық негізімізге орала аламыз» деп әліпбидегі артық әріптерді алып тастау – қазақ тілінің табиғи болмысына оралудың бірден бір жолы екенін сөз етеді («Суға кеткен тал қармайды». «Айқын» газеті №37, 03.03.10 ж.). Сонымен қатар ол латын әліпбиіне көшудің ғылыми жағын ғана емес, саяси қырын да сөз ететін. Бейбіттің кейбір сөздердің шығу төркіні туралы газет беттерінде жарық көрген, көпшілікке арналған ғылыми-танымдық мақалаларының тілі жатық, көпшілікке түсінікті, әрі тартымды болатын. Оның «Бірақ» сөзінің бір сыры» («Ана тілі», №52, 05.07.07.), ««Мұрт» па әлде «Мұрын» ба, «Іскек» пе, әлде «Іспек» пе?» («Қазақ әдебиеті» №24, 13.06.03.), «Көне сөзде көп сыр бар» («Ана тілі» №52, 28.12.06.) сияқты мақалалары оқырман қауымға ой салғанына, сөз төркінін білгісі келетіндердің көңілінен шықанына сенімім мол. Көптеген тілшілер әдеби сын мәселесіне бара бермейді, тіл ғылымы саласымен шектеліп қалады, ал Бейбіт әдеби сын тақырыбына да қалам тартты. Қазақ тілінің нағыз жанашыры, филология ғылымының кандидаты, доцент, Абылай хан атындағы ХҚжӘТУ, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, досымыз Бейбіт Исхан туралы естеліктің бір парасы осындай. Иә, «Адамзат сапарының мейманымыз, бір мезет жер бетіне кетер соғып» деп Қ.Аманжолов айтқандай, бәріміз де жер бетінің қонағымыз...

Т.ЗАЙСАНБАЕВ, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Тілдік пәндер кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

3394 рет

көрсетілді

93

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы