• Тіл
  • 23 Шілде, 2020

ТІЛГЕ КӨЗҚАРАС – ЕЛГЕ КӨЗҚАРАС...

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференция өтті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдаған шараны өткізуге Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған. Аталған шарада ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегі, сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылады. Президенттің «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыру жолдары да сөз болды. Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты. Осы орайда «Ана тілі» басылымы аталған жиында сөз сөйлеген спикерлердің пікірін ықшамдап ұсынып отыр.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

ҚХА Төрағасының орынбасары:

– Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Биыл Ассамблея 25 жылға толды. Ширек ғасырда Елбасымыздың бірлік пен ынтымақты сақтау жолында сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасын бастадық.

Бұл жоба елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Елбасы өмірге келіп, азамат атанған Алматы облысының Үшқоңыр баурайында және еңбек жолын бастап, қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қалаларында жалғасын тапты. Жалпыхалықтық экспедицияның еліміздің әрбір азаматы үшін тағылымы мол. Әсіресе, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, қоғамдық белсенділік танытқан, мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ғылымды басты бағдар етіп алған жастарымыз үшін Елбасының жүрген жолы – тәжірибесі де, тәлімі де мол өмір мектебі.

Қанша айтылса да көптік етпейтін, қай ­кезде де құндылығын жоғалтпайтын тіл мә­селесі бүгін де сөз болмақ. Басқосуымыздың мақсаты – Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың респуб­ликалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ хал­қының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхба­тындағы мәселелер туралы ой бөлісу, болашақ қызметімізде басшылыққа алу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы республиканың өркендеуіне әсер ететін саяси-экономикалық даму мәселе­лерімен қатар, қазіргі ең өзекті болып отырған пандемия кезеңіндегі халықтың жағдайы, демографиялық өсу, тіл, халықты әлеуметтік қолдау сияқты мәселелерге басым мән береді. Өз пікірін білдіре отырып, көпке ой салады.

«Ана тіліндегі» сұхбаттың әлем тіршілігіне, дамуына кері әсер етіп отырған пандемиядан басталуы заңды. Соңғы көрсеткіштерден үрейленіп қалған халқына бар жағдайды ашып айтып, кеңес беріп, «Біз біргеміз!», «Кемедегінің жаны бір» деп басу айтылуы көңілдерде сенім ұялатады.

Президенттің сұхбатында адамзат басынан өткен тарихи сәттер, заманауи фактілер мысалға келтіріліп, халық санасын қозғайтын ойлар айтылған. Оларды елге жеткізуде, іске асыруда бізге үлкен міндеттер жүктеледі.

Мемлекеттік тілдің елді біріктіріп, ұйыс­тырушы фактор ретіндегі рөлін арттыру жұмысы жедел қолға алынуы керек. Бұл ретте бізге әр этнос ішіндегі ақылгөй, парасатты, идеялы азаматтарымыз ең үлкен көмекші болады деп сенемін.

 

Марат ӘЗІЛХАНОВ,

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму

вице-министрі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне жа­рия­ланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразы­сында тұр» атты сұхбатында халқымыз үшін көкейтесті мәселелер көтерілген. Соның ішінде қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру мәселесі сөз болды. «Мемлекеттік тіл – халықты топтастырушы фактор» деген ұғымның қоғамдық санада нық орнығуын насихаттау ісінде де осылай болады деп ойлауға негіз бар.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты ұстанымы, қазақ тілі туралы пікірлері жұртшылыққа жақсы таныс. Президент ретінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген алғашқы сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» дегені ел есінде.

Біз талқылап отырған сұхбатта сол ой негізгі арқау ретінде жалғастырыла отырып, қоғамды толғандырған басқа да мәселелер қозғалады. Бұның барлығы мемлекеттің назарынан тыс қалмағандығын анық көрсетеді.

Бүгінгі жиынға құлақ түріп отырғандар, әсіресе жастар, сіздерден зиялы ойлар, алға жетелейтін, сенім беретін жақсы пікірлер күтеді. Сұхбатта көтерілген мәселелер қазір­гідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар ауда­рып, оның мәртебесін арттыруға үлес қосуы­мыз керектігі туралы ой салады. Бұл жолы да ұлы Абайдың қара сөздерін мысалға кел­тіре отырып, халқының білімі мен ғылымы дамы­ған интеллектуалды ұлт болуының жолы – ғылым, білім, еңбекқорлық екеніне назар аудартады.

 

Қазыбек ИСА,

ҚР Президентінің жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» деген респуб­ликалық конференцияны ұйым­дасты­рушыларға алғыс білдіремін. Бұл еліміз­дің 30 жылдық Тәуелсіздік алған кезі­мізден бергі келе жатқан ең маңызды мәселе болып тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берілген сұхбатта өте көп мәселе айтты, көп нәрсені қамтыды. Соның ең бастысы қазақ тілі, яғни мемлекеттік тіліміз туралы болды. Мұның алдында да Президентіміз «Қазақ тілі –ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек» деп өзінің бірінші жолдауында да айтып кеткен еді. Одан кейінгі «Ана тіліне» берген сұхбатында да «қазақ тілі мақтанышқа айналуы үшін бұған қажеттілік керек» деді. Осы сөзге көңіл аударуымыз керек. Өйткені биіліктің жоғары мінберінен қажеттілік керек деп 30 жылда бірінші рет айтылып отыр. Мемлекеттік тілге қаншама миллиардтар бөлінсе де, оның іске асуы ойдағыдай болмағаны рас. Себебі бізде қажеттілік болмады. Яғни мемлекеттік тілді білу міндетті болған жоқ. Қ.Тоқаевтың өзі төрағалық ететін ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мен осы мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдау туралы ұсыныс жасадым. Және Қазақстан халқы Ассамблеясы деп бұл ұсынысқа бастамашы болуы керегін де көтердім. Сол ұсыныстан кейін бір ай өтер өтпестен Ассамблея форум өткізді. Форумда 50 шақты өзге ұлт өкілінің қазақ тілін бізден артық сөйлеп тұрғанына мен қатты риза болдым. Алғысымды айттым. Олар қазақ тілін біздің кейбір «қазақ тілін ұмытып қалдым, орысша оқыдым» дейтін министр, әкімдерден де өте жақсы сөйлейді.

Анатолий КИМ,

спортшы, қоғам қайраткері:

– Біріншіден, мемлекеттік тілді меңгеру сол елде өмір сүріп жатқан халықтарды біріктірудің негізгі құралы болып табылады. Бүгінгі таңда біздің қоғам тіл принциптеріне байланысты екі жақты, орыс тілінде және қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты пікірге бөлінеді. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену ең алдымен біздің мемлекетімізде өмір сүріп жатқан халықтар бір бағытта ойлауы үшін қажет деп білемін. Менің қазақ тілін үйренуіме себеп болған тағы бір мәселе біз ақпаратты бір жерден алуымыз керек. Және де мен қазақ тілді аудиторияға өз ойымды, пікірімді жеткізгім келеді. Біз тек тіл мәселесін ғана емес, біздің қоғамға қатысты үлкен маңызға ие әлеуметтік мәселелерді де талқылауымыз керек. Ол үшін біздің мемлекет тілді үйрену мәселесіне көбірек көңіл бөлсе екен деймін. Менің көп уақыттан бері тілді үйренбеуіме себеп болғаны – менің жеке басыма қатысты сан түрлі пікірлердің орын алуы еді. Мен соған қарамастан өз мемлекетім үшін барлығын істеп келемін. Мен – өз елімнің патриотымын. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Еліңе, мемлекетіңе көмек көрсету тек тіл мәселесімен шектелмейді. Бірақ біз қазақ тілін осы мемлекетті жақсы көргендіктен, осы мемлекетті өзгерту үшін, онда өмір сүріп жатқан халықтарды біріктіру үшін үйренуіміз керек. Бұл ең басты жол деп санаймын. Мен қазіргі таңда Владислав Теннің тіл үйрету мектебінде қазақ тілін үйреніп жүрмін. Бұл мектепте Владислав Тен қазақ тілін қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен байланыстыра отырып, тілді үйрену не үшін қажет екенін нақтылап түсіндіреді. Орыс тілінде ойлап, орысша сөйлейтіндерге орыс тілінен қазақ тіліне аудару өте қиын. Ал қазақ тілінде сөйлемдерді құрылымы жағынан құрастыру мен байланыстыру орыс тіліне қарағанда басқаша.

 

Владислав ТЕН,

Lingva-Ten тіл үйрету орталығының

директоры:

– Қазіргі таңда орталығымызда қазақ тілі мен ағылшын тілін басым түрде оқытамыз. Осы екі тілді курсқа қатысушыларға өз методикам бойынша үйретіп жүрмін. Осы орайда өзімнің ерекше методикамды айтып өткенім жөн шығар. Бұл методика өзге мұғалім әріптестерім үшін ерекше болмауы мүмкін, алайда бәрі пайдалануға тиіс деп ойлаймын. Біз онда, ең алдымен, шәкірттеріміз түсінетін тілді қолдану арқылы үйретеміз. Мысалы, күнделікті орысша сөйлейтін кісіге орыс тілінің грамматикасымен, фонетикасымен салыстыра отырып түсіндіреміз. Орыс тілінен сөзбе-сөз аударғанда мағынасы мүлде өзгеріп кететін сөздердің көп мысалы бар. Бірақ қазақ тілінде сол сөздерге ғана тән ерекше етістіктер болады. Соларды білгенде ғана түсінікті сөйлем құралады. Өз орталығымызда осының бәрін егжей-тегжейлі оқытамыз.

Дайындаған

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1434 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы