• Руханият
  • 06 Тамыз, 2020

ЖАРАТЫЛЫСЫ БӨЛЕК АҒАТАЙЫМ-АЙ!

Әр қазақтың мұңын өз мұңындай қабылдаған, жетім көрсе жебеусіз қалдырмаған, ­талай жастарды есеп-қисапсыз қолтығының ­астына алған, талайының еліне адал қызмет етуіне даңғыл жол салған, шындықты әке етіп, ­абыройды ана етіп, елдің ықласына бөленген, зиялылығына шаң жуытпаған, Ақтөбеде туып,бар өмірін өз елінің суығы мен ыстығына жұмсаған Сматолла Беркімбаев ағатайым да дүниеден өтті.

Сматолла ағатайымның ауруының меңдеп жатқанын естігеннен «Мына жер жүзін жалмап жатқан індеттен құтылғанша кетпесе екен» деп тілеген ем. Бірақ пенденің қай айтқаны болып жатыр... Арада көп уақыт өтпей-ақ қаралы хабар келді. Жолға шыға алмай, ағамызбен қоштаса алмай, шарасыздықтың шырмауына түсіп қалдық... Қайран Ағатайым-ай! Аға болғанда да қандай аға еді! Қандай азамат еді! Қандай адам еді! Қандай әке еді! Қандай ата еді! Қай жағынан алсаң да толыққанды, толықжанды адам еді! Менің алпыс жылдық мерейтойымды ­Алматыда атап өткізу үшін сол кездегі облыстың әкімі Ермек Имантаевтың үлкенді-кішілі шенеу­ніктерімен бірге туыстарды басқарып келген ­Сматолла ағам болатын.Бойының биіктігі, сөз саптауы, түр-тұлғасы жан әкеме ұқсайтын ағатайымның марқұм әкем көре алмай кеткен ­тойда әкемнің атынан сөйлеген мағыналы да, тәрбиелі сөздерін жұртшылық осы күнге шейін ұмытқан емес... Сонда ағатайымның «Бибіжан, сен Тілеудің оныншы ұрпағысың, бізден гөрі Тілеу атаңның бар қасиеті, батырлығы саған берілгенін біз әлдеқашан мойындағанбыз» дегені маған үлкен міндет артып кеткендей. Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу атамның тұлпар аттың үстінде қасқайып тұрған суретін де маған Сматолла ағам силаған болатын. Өзімнің кабинетімнің бір қабырғасын алып тұрған Тілеу атамның суретіне қарап отырып жиі сырласамын, сырласа отырып, өзімнің әкемді, Сматолла ағамды есіме аламын. Саналы адамның арманы біткен бе, аға­тайымның да талай арманы ішінде кеткенін мен жақсы білемін. Құлағы естіп тұрған кезде телефонмен жиі сөйлесетінбіз. Бірде «Бибішім-ау, мына қазақ қайда барады?!» деп күрсінгені бар... Кейінгі жылдары алтын жеңешемді тілмәш етіп алғанбыз. Ағатайым жар таңдауда да, мамандық таңдауда да жаңылыспаған адам! Өмір бойы лауазымды қызметте жүрсе де, қарапайым қалпынан өзгермеді, халқына адал қызмет етті... Ақ Жеңешем! Алтын жеңешем! Ұлдың қызығы өзімен, қыздың қызығы өзімен, ағамды тап өзіңіздей ешкім жоқтай алмас. Ағатайымның орны тола қоймас, дегенмен, Алланың берген балдай тілдерімен есіңді тандыратын немере, шөберелеріңіз бар, солар ғана сіздің жүрегіңіздегі мұңыңызды азайтар деген сенімдемін. Алтын жеңешем! Балаларға, туған-туыс­тарға, құда-жекжаттарға осы еске алу хатым арқылы қайғырып көңіл айтамын. Уыстай туған абыройын уысынан шығармай өткен ағатайымның жанына жәннат төрінен орын бұйырсын. Сізді еліңіз ұмытпайды, ұмыта алмайды... Менің мерейтойыма келген туыстарды келесі күні отбасымда қонақ еткенмін, сол күні түсірілген сурет еді. Ортада халық жазушысы, атақты жерлесіміз, мақтанышымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов. Мен отырған үстелді ұстап тұрған Сматолла ағатайым.

Бибігүл Иманғазина, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1385 рет

көрсетілді

81

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы