• Руханият
  • 06 Тамыз, 2020

ТЫҢАЙҒАН ТҮРКІСТАН

Ер түріктің бесігі атанған Түркістанның облыс орталығы атанғанына да екі жыл толды. Бүгінде өңір қарқынды даму даңғылына түсіп, жаңа кейіпте түрленіп келеді. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, іргелі нысандар бой көтеріп жатқан Түркістан халқының тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер байқалады. Аталған өзгерістер көз көріп, құлаққа сіңісті болған «туризм» саласында ғана емес, ауыл шаруашылығында да өзгеше реңкке ие болды. Жалпы болашағынан зор үміт күттіретін облыстың болашақтағы әлеуеті жайлы белгілі азаматтардың пікірін, ой-пайымын топтастырғанды жөн көрдік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазақ даласының қай түкпірінде болсын, әлем жұртшылығын баурап алатын көрікті жерлеріміз бен тарихи орындарымыз аз емес. Алайда жауырды жаба тоқып қайтеміз, сол дүниежүзі халқының саяси элитасы мен аздаған зиялы қауым өкілдері болмаса, қалған қарапайым жұрттың басым бөлігі Қазақстан деген елді әлі естімеген немесе оның қайда екенін білмейді. Ал білетіндердің өзі Қазақстанда аралап көруге тұрарлықтай не бар екенінен мүлде хабарсыз. Мәселен, жылына Қытайға баратын туристердің саны миллионнан асады. Бір ғасырдан аса уақыттан бері қытайлардың өзі де, туристер де қытай қорғаны мен ежелгі хан сарайларының насихатын бір кісідей-ақ жасады. Соның жемісін Қытай елі енді көре бастады. Ең қызығы, Қытай елінің ұңғыл-шұңғылын аралаған туристер Шыңжаңға дейін келіп, ондағы қазақтың көшпелі өмірін, жайлауларын, тұрмыс-салтын, ұлттық спорт ойындарын тамашалайды. Қисын бойынша әлем туристері қазақтың көшпелі өмірімен, тұрмыс салтымен, дәстүрлі мәдениетімен Қазақстанға келіп танысуы керек қой. Демек, Қазақстан туралы ақпарат мүлдем жоқ деген сөз. Оған кім кінәлі?! Бізде қазір туризмнің ілдалдалап жанданып келе жатқан саласы – ішкі туризм. Яғни соңғы жылдары халықтың әл-ауқаты тәуірлеу деген бөлігі зиярат етуді әдетке айналдырып келеді. Сондағы шетелдіктердің жиі баратын өңірінің бірі – қасиетті Түркістан аймағы. Әрине, бұл өлкенің туристерді тартатын басты нысаны көрікті тау-өзендерімен қоса, ондағы толып жатқан тарихи орындар. Атап айтқанда, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи бастаған тарихи тұлғалардың кесенелері. Киелі аймақтағы әулие-әмбиелердің кім болғанын, олардың ескерткіш кесенелерінің бүгінгі жай-күйін, сондай-ақ аймақтағы көрікті жерлер мен тарихи орындардың бәрінің үгіт-насихатын дұрыстап жасай алсақ, бұл жерлерді кімнің көргісі келмейді?! Қайбір жылы мен отбасыммен осы өңірге және Тараз қаласы маңындағы Айша бибі кесенесі секілді тарихи орындарға арнайы зиярат еткенім бар. Сол сапар барысында осы аймақтағы жолдардың, жол бойындағы және кесене маңындағы қызмет көрсету (асхана, кафе, қонақүй, ТЖО, әжетхана...) нысандарының мүлде сын көтермейтіндігіне куә болдық. Міне, тым болмағанда туристік аймақтарымыздағы жолдарымыз бен қызмет көрсету нысандарының тазалығы мен сапасын дұрыстап алмай тұрып, туризмді дамытайық деген бос ұраннан түк те шықпайды. Түркістанның жеткілікті менеджмент жүйесі мен қолайлы инфраструктурасын ілгерілету үшін жергілікті билік мемлекетке қарап отыруды қою керек. Мәселен, жергілікті кәсіпкер-қалталы ағайын­дарды жұмылдыра ма, жоқ, әлде ынталы азаматтарға мемлекеттен жеңілдетілген кредит алып бере ме, қалай болғанда да облыстық, аудандық акиматтар шығар жолды бірге іздесіп, Түркістан аймағындағы туризмнің менеджмент жүйесі мен қолайлы инфраструктурасын жедел жасақтап шығу керек. Сонда ғана біз туризмнен пайда табатын елге айналамыз. Қысқасы, туризмді дамыту арқылы біз шаш етектен пайдаға кенелудің сыртында, елімізді әлем жұртына таныта аламыз.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаткер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына 160 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Географиялық жағдайы мен табиғи ресурстарының молдығы, адам капиталы мен туризмнің дамуы – өңірдің негізгі артықшылығы болып отыр. Жалпы облыстың инвестициялық тартымдылығы қандай деңгейде деп санайсыз? – Киелі Түркістанның облыс орталығы атануы көп жағдайда жағымды әсерге ие болды әрі өңірдің дамуына серпіліс сыйлады. Жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін аталмыш шаһарда әкімшілік орындарының, бизнестің шоғырлануының мысалдарын байқап жатырмыз. Алайда, өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейдегі түрлі орын алған олқылықтар облыс деңгейінде көрініп жататынын жасыра алмаймыз. Өз басым Түркістанның тағдырына немкетті қарауға болмайды деген пікірдемін. Болашағынан үміт күттіретін киелі мекеніміздің одан ары қарай дамуы әрбірімізді алаңдатуы керек. Өткен кезеңдерге зер салатын болсақ, кезіндегі Алматының, Астананың (Нұр-Сұлтан), Ақтаудың, Ақтөбенің, Атыраудың дамуына бірталай қаржы құйылғанын аңғарамыз. Аталмыш қалалардың өркендеп-өсуіне септесетін өзіндік тетіктері болды. Айталық, Алматы қаласы – республиканың алып мегаполисі болса, «Астана» қаласы Елордамыз атанды, Батыстағы үш алып шаһарымыз – мұнайдың қайнар көзі дегендей. Міне, сол сияқты, Түркістанның да өзіндік ұтымды «фишкасы», алғышарты болу керек деп санаймын. Мейлі ол «туризм» саласы болсын, мейлі «ауыл шаруашылық саласы» болсын, өзіндік сипаттағы ерекшелігі мен тартымдылығының болуы құба-құп. Бұл замана көшіндегі заңдылық. Әйтпесе, тек қана қаржы бөлумен әлеуетін арттырамын деу – еш нобайға келмейді. Сол себепті де осындай негіздемелерді де назарға алған жөн. Инвестициялық қарым-қабілеті көз қуантады, әрине. Оны жоққа шығарудан аулақпын. Дегенмен, кейбір көлеңкелі тұстар көрініс бермесе екен деген ниет те жоқ емес еді. – Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемінің 12%-ы осы Түркістан облысына тиесілі. Биылғы жылғы егіс көлемі 12 мың гектарға жетіп, 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім 140 млрд тг құраған. Республикадағы үлес салмағы 15%-ға тең. Осы ретте, Түркістан облысының ауыл шаруашылық саласындағы әлеуеті жайлы көзқарасыңызды білсек... Республика бойынша алдыңғы орындарда көрінуге қауқарлы ма?! – Әлбетте қауқарлы деп санаймын. Жалпы облыс құрылғаннан бастап, аудан, қала және ауылдарды, агроөнеркәсіп кешені мен индустриялық аймақтарды дамыту сынды бастамалардың қолға алынғаны дұрыс. Сондай-ақ агроқұрылымдарды ірілендіру, заманауи озық технологияларды енгізу, кооперативтерге бірікпейтін 2-3 гектар алқаптан жылына 2-3 өнім алу сынды жобалар да көңіл көншітеді. Қазіргі күні тек қана мұнай мен газға тәуелді мемлекеттердің экономикасына айтарлықтай соққы келуі мүмкін деген болжамдар айтылып келеді және ол орынды да. Өйткені әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі соған мысал бола алады. Яғни белгілі бір дәрежеде балама бағыттар мен қосымша салалардың болғаны өте дұрыс. Біз негізге алып отырған Түркістанның ауыл шаруашылығы дегендей. Бұл ұлттық экономикаға, әлеуметтік әлеуетімізге де оң нышан болады деген сөз. Қазақтың ата кәсібі болып саналатын мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын дамытуда көптеген жетістіктерге жетуге болады. Айталық, Жаңа Зеландия, Аустралия, Бразилия сынды мемлекеттер ауыл шаруашылығын экономикаға балама сала ретінде тамаша пайдалана білді. Осы сынды жағдаяттарды біздің елде іске асыра алмай отырғанымыз аздап қарын аштырады. Адамның негізгі қажеттілігі саналатын ауыл шаруашылығы дамымай, әлеуметтік жағдайдағы мәселелерді тек орталықтандырылған қаржы көздері арқылы еңсеру әсте мүмкін емес.

Сәдібек ТҮГЕЛ, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

– Күллі мәшһарға аты аспандаған киелі Түркістанның қазақ руханиятында алатын орны ерекше. Біздің ұлы бабаларымыздың сүйегі жатқан асыл мекеніміздің әсемсал көркі кімді болмасын таңғалдыратыны сөзсіз. Киелі өңірге жылына 1,5 млн туристің табаны тиеді. 2025 жылға қарай, олардың санын 5 млн-ға жеткізу де жоспарланып отыр. Бұл, әрине, көз қуантады. Соңғы 2 жылда 160 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған рухани астанамыздың тоғыз жолдың торабында орналасуы, табиғи ресурстарының молдығы, адам капиталы мен туризм саласындағы жоғары әлеуеті – өңірдің негізгі артықшылығы болып отыр. Осы ретте, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің атқарып жатқан еңбегін ерекше атап өткен жөн дер едім. Кезіндегі Елорданы күллі ел болып салғандай, Түркістанды да дүйім жұрт болып қолдауымыз керек. Түркістанның туристік әлеуетін, оның ішінде тарихи-мәдени және зиярат ету сынды бағыттарын дамыту үшін бізде барлық жағдайлар жасалған. Жалпы «туризм» саласын тірі организм деп қарайтын болсақ, сәйкесінше, сол тірі организмнің дұрыс жетілуіне керекті алғышарттар орындалуы тиіс-ті. Мәселен, ол инфрақұрылым болсын, халықаралық туризммен арадағы байланыс болсын, бәрі-бәрі өңірдің өсіп-өркендеуіне септесетінін айтқым келеді. Оның сыртында біздің өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз жырақ қалмауы керек. Яғни қазақ ұлтына ғана тән, өзге ұлттарда қайталанбас жәдігерлерімізді, өшпес өнерімізді, ұлттық дүние-таным мен салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттағанымыз абзал. Себебі шетелдіктер осы дүниелерге қатты қызығады. Олар ұлттың түп-тамырын, болмысын зерттеп, білгенді жөн көреді. Бұларды жандандыру арқылы біз туризмді дамытамыз. Ал туризмнің дамығаны – ел тарихының жаңарғаны. Менің түсінігімде «туризм» екіұдай сипатқа ие: біріншісі – «таза туризм» болса, екіншісі – «лас туризм». Соның екіншісі бұқаралық сипат алмаса екен деген ниет бар еді. Өйткені оның ұлтқа келтірер көлеңкелі тұстары жетіп артылады. Бізде, жалпы, туризм десе алдымен «қонақүй», «түнгі клуб», «сауналар» сынды дүниелерді үрдіске айналдырып жіберетін жаман бір әдет бар. Бұл долбар ешбір негізге келмейді. Оның соңы әжептәуір кесапатқа алып келеді. Сондықтан жоғарыдағы тақылеттес мысалдар қасиетті Түркістанда да құлаш жаймауы керек деп баса айтар едім. Үш жүзден астам хандарымыз бен батырларымыз жатқан киелі өңірде ондай нәрселерге орын жоқ!

Әзірлеген Тимур АТАБАЕВ

958 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы