• Білім және ғылым
  • 06 Тамыз, 2020

Отан қорғайтындардың ордасы

Қай уақытта да, қай елдің де күш-қуаты әскерімен өлшенбек. Ел тыныштығы мен мемлекет тұтастығын сақтап тұратын қарулы күштің пәрмені дегенде, алдымен осы саладағы маманның білімі мен білігі еске түседі. Бес қарумен емес, озық біліммен мықты офицер маман елімізге ауадай қажет. Бізге қарулы күштің қатысы жоқ деген күннің өзінде, әр отбасы 18-ге толып ер жеткен баласын Отан қорғауға әскерге аттандырады. Тыныш, бейбіт уақытта өмір сүрсек те, әскерге аттанған ұлын туған-туысы үлкен үмітпен күтетінін білеміз. Ерлер мектебі аталған әскер ақылдыны да, ақымақты да бір шаңырақтың астына жинайды. Осы топты асқан ақылмен әскери тәртіпке көндіктіру офицердің білігі мен білімін қажет етеді. 

Осы орайда өз мамандығын жетік меңгерген, қабілетті, мықты офицер кадрларды даярлау – әскери жоғары оқу орындарының басты мақсаты. Қазақстанда әскери офицерлерді даярлайтын алғашқы оқу орны 1970 жылы құрылған болатын. Биыл оқу орнына аттай 50 жыл толып отыр. Институтқа үстіміздегі 2020 жылы халық қаһар­маны Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді. Сағадат Нұрмағамбетовтың атын иеленген институттың әрбір курсантына генералдың өр тұлғасы үлгі болатыны анық. Батырдың «Отты жылдардан егемен жылдарға дейін» еңбегінде: «Фронтта бір-бірімізден қандай ұлт екенімізді сұрамадық, бір-бірімізбен иық тіресіп міндеттелген әскери тапсырмаларды орындайтынбыз. Бәріміз жұмылған бір отбасыдай едік. Шабуылға болсын, жекпе-жекке болсын сол жағында, не болмаса оң жағында – украин ба, татар ма, белорус па, өзбек, тәжік пе, кырғыз бола ма – барлығымыз қарулас бауырлармыз...» деуінің өзі институтта әр ұлттың өкілінен жиналған курсанттарға ғибрат аларлықтай даналықтың көзі жатқанын көреміз. Елу жыл ішінде институтқа түрлі басшылар келіп, әрбірі өзіндік үлесін қосты. Солардың ішінде тұғыры биік тұлға ретінде генерал А.Тасбулатовтың орны ерекше. 1990 жылдары Кеңес Одағының ыдыраған тұсында мемлекетіміз әскери мамандарға зәру еді. 1992-2006 жылдар аралығында қызмет еткен генерал-майор А.Тасбулатов әскери ғылымды алға сүйреген басшы болды. Құрлық әскерлерінің Әскери институтының қабырғасында алғаш рет ғылыми бөлімін ашып, әскери ғылымның дамуына айрықша үлес қосты. Ғылыммен айналысатын кадрларға мүмкіндік беріп, бастаған ғылыми жұмысын соңына дейін апаруға қол ұшын берген. Институтта ерекше аты аталатын басшылардың бірі генерал-майор А.Джарбулов. Оның басшылық еткен жылдарын мұғалімдер әлі күнге ерекше ілтипатпен еске алып отырады. Әскери бөлімнен келген генерал-майор теория жүзінде алынған білімнің практикада қолданылуына көп мән берген еді. Курсанттардың жатақханасы мен оқу корпустарына жылу жүргізіп, жөндеу жасады. Бүгінгі күні оқу орны заманауи халықаралық білім бағдарламаларымен дәріс өтетін әлемнің ең ірі әскери оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Құрлық әскерлерінің Әскери институты Америка Құрама Штатының «West Point», Түркияның «Kara Harp Okulu», Кореяның, Қытайдың, Ресей мемлекеттерінің бірнеше әскери оқу орындарымен білім алмасады, ғылыми және халықаралық оқыту жүйесімен тығыз байланыс жасайды. Шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын оқып келіп ұстаздық қызмет атқарып жүргендердің қатарында полковниктер А.Сүлейменов, А.Сатыбаев Германияның «Бундесвер» Әскери Академиясында білім алса, Ресейдің Әскери Академиясын бітіріп келгендердің қатарында подполковниктер Р.Акмаев, Г.Қасымбаев және полковниктер Е.Бакалин, И.Баталыгин, В.Чернов, Е.Ешингалиев, А.Құрманғалиевтер бар. Түркияның Әскери Академиясын тамамдаған полковниктер Г.Қасымбаев, Т.Алмазовтар да қажырлы еңбек етіп жүр. 2018 жылы Үндістанның Дехрадун қаласында орналасқан Ұлттық Әскери Академиясына әскери педагогтар мен курсанттар барып қайтты. Қазіргі таңда Үндістан Қарулы Күші жағынан әлем бойынша алпауыт елдерден кейінгі 4 орынды иеленіп отыр. Әскери кадрларды даярлау саласын дамытуға елеулі дәрежеде үлес қосқан үздік ұстаздардың қатарында «Артиллерия» кафедрасынан К.Серкебаев, «Атыс» кафедрасынан А.Майлыбаев, «Арнайы барлау» кафедрасынан Д.Куптикбаев, «Тактика» кафедрасынан Р.Сәдуов, Е.Жангалиев, Е.Ешингалиев, А.Татыбаев, «Материалды қамтамасыз ету» кафедрасынан Ш.Қадырқұлов, Тәрбие және идеология кафедрасынан Ж.Рахметова, Е.Коломеиц сынды ұстаздарды атауға болады. Құрлық әскерлерінің Әскери инсти­ту­тының қабырғасында жыл сайын халықаралық және республи­ка­лық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренциялардың ұйымдастырылуы дәстүрге айналған. Институтымыздың зияткер курсанттары жыл сайын өтетін халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларға қатысады. 2019 жылы Арменияда өткен халықаралық олимпиададан капитан Б.Құдайбергенованың жетекшілігімен ағылшын пәнінен 3-орынды иеленді. Құрлық әскерлерінің Әскери институты білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалған. Мәдени шаралар курсанттардың бос уақытын тиімді пайдалануға оң ықпал етеді. Құрлық әскерлерінің Әскери институты бүгінгі күні 2000-ға жуық офицерді, ТМД бойынша халық қаһармандарын, 70-ке жуық генералдарды қанат қақтырған ұя. Осынау атақты тұлғаларды, талай офицерлерді білім нәрімен сусындатып, биікке қанат қағуына теңдессіз үлес қосқан қара шаңырақ екенін мақтаныш сезіммен айтамыз.

К.НҰРМҰХАМЕТ, Қоғамдық пәндер кафедрасының ұстазы

622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы