• Басты мақалалар
  • 06 Тамыз, 2020

ТУРАҒҰЛДЫҢ ТАУҚЫМЕТ ТАРТҚАН ТҰҚЫМЫ

Турағұл Абайұлының ұрпақтарының тағдыры туралы сөз

[caption id="attachment_58224" align="aligncenter" width="1000"]Турағұл Абайұлы балаларымен Турағұл Абайұлы балаларымен[/caption]

Совет үкіметі орнаған тұста-ақ Абай ұрпақтарының арқасына қызыл биліктің тырнағы аяусыз кіре бастаған. Неге? Біріншіден, совет билігінің ұстанған саясаты – қоғамда әлеуметтік теңдік бар, бай-кедей деген ұғым жоқ, халықтың бәрі бір дегенге саятын. Сондықтан қызыл ту көтерген большевиктер ең алдымен бай, ауқаттыларды қоғамнан аластатып, олардың дүние-мүлкін, байлығы мен дәулетін, малы мен шаруашылығын тәркілеуден бастады. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай ұрпақтары кешегі «қарадан шығып хан» атанған, бүткіл Қарқаралы дуанына аға сұлтан болған хорунжий Құнанбай Өскенбаевтың тұқымы. Құнанбайдан тараған ұрпақтың қай-қайсысы да ел тізгінін ұстаған, болыс, би болған ел ағалары. Дәулетті де сәулетті әулет. Егер, тақуа тарихқа көз салсаңыз, Құнанбайдың әкесі Өскенбай да, оның арғы бабалары да бәрі шынжыр балақ, шұбар төс ірі байлар екенін байқайсыз. Екіншіден, совет билігінде діни әдет-ғұрып пен рәсімге орын жоқ. Үкімет басындағылар қоғамға Құдай жоқ деген пікірді зорлық-зомбылықпен орнықтырды. Қару-жарақтың күшімен дін мәселесін жауып тастады. Қарсы келгенді түрмеге қамады, ату жазасына кесті. Осылай атеистік түсінік орнады. Құнанбай ұрпақтарының бәрі ислам дінін берік ұстанған мұсылмандар. Құныкеңнің өзі қажылық сапарын өтеген, Қарқаралы қаласының орталығына мешіт, қасиетті Меккеде тақия салдырған үлкен діндар. Ал немересі Шәкәрім ата жолымен жүріп, Абай ағасының тілегімен қажылыққа барған, Ыстамбұл, Бағдат, Шам, Мысыр, Мекке, Медине қалаларындағы мәдени орталықтар мен кітапханаларын көріп, сирек кітаптармен танысып, қорымен жұмыс істеген. Елге келген соң, ислам діні туралы «Мұсылмандық шарты» кітабын жазған. Міне, бұл да қызыл үкіметтің көзқарасына үйлеспеген қайшылық болатын.

[caption id="attachment_58225" align="aligncenter" width="1000"]Оразбаев Қажымұрат, Оразбаева Ақила, Оспанов Алпаш Жәбірейілұлы, Оразбаев Бақтілеу Оразбаев Қажымұрат, Оразбаева Ақила, Оспанов Алпаш Жәбірейілұлы, Оразбаев Бақтілеу[/caption]

Үшіншіден, 1905 жылғы ұлттық ұлы бұлқыныс кезінде мұқым қазақ баласының басын қосып, дүбірлі қозғалыс тудырған Алаш ұранды оқығандардың қатарында Шәкәрім қажы, Кәкітай Ысқақұлы, Турағұл мен Мекайыл Абайұлы да болған. Алаш арыстары өз алдына дербес мемлекет құру ісін қолға алған, 1917 жылы ұлттық-территориялық автономия жариялаған, Ұлт кеңесін бекіткен-ді. Ал совет билігі үшін Алаш қайраткерлері «ұлтшыл-буржуазияшыл контрреволюционерлер» емес пе еді.

[caption id="attachment_58226" align="alignright" width="250"]Мәкен Турағұлқызы Мәкен Турағұлқызы[/caption]

Төртіншіден, Құнанбай, Абай тармағынан өскен ұрпақтың бәрі де шын зиялы, оқыған, көзі ашық, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті өнер, білім қонған азаматтұғын. Совет үкіметінің саясаты бодандықтағы аз ғана ұлттар мен ұлыстарды ұлт ретінде жер бетінен жою болатын. Ол үшін, ең алдымен, ұлттың маңдайына біткен асылдары мен оқығандарын отау керек болды. Сүттің бетіне шыққан қаймақтар қалқып алынды. Абай ұрпағы – ұлттың рухани қормалы еді. Олардың бәрі атылды. Сол атылған ұрпақпен бірге тектік негіз (генафонд) де жойылды. Бесіншіден, совет үкіметі тарихты тек 1917 жылғы төңкерістен басталады деген ұстанымды тарихи шындыққа айналдырды. Төңкеріске дейінгі қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты мұралар өртелді. Халық беделділерінің есімін айтуға тыйым салды. Тарихтың алтын инемен сабақталған ұзын жібін үзді. Үміт те үзілді. Үзілген жіппен бірге Құнанбай да, Абай да кетті. Ақиқатында, қызыл үкімет білімі асқаннан дес бермей тұрған жоқ еді, заңсыз зорлығы мен қорлығы асқаннан билеп-төстеп, елді ақылы озық, ойы кемел тұлғаларынан айырған. Бұл – геноцид. Сталинизм билігінің қолдан жасаған ең сорақы қылмысы. Тарихи шындыққа қарасақ, Абайдың Әбдірахманы мен Мағауиясы, Ақыл­байынан басқа балаларының барлығы да совет үкіметінің әділетсіз қысымына ұшырап, қуғын-сүргін көрген. Алды ату жаза­сына кесілген, кейінгілері бордай тозып, жан-жаққа тентіреп, бас сауғалап өткен-ді. Мысалы, Турағұл (1875-1934) заманында «Алаш мырзасы» атанған кеңпейіл, өте сабырлы, ақылды азамат болған. Алаш қайраткері. Ұлттық қозғалыстың Орталық тұлғасы. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бақтыкерей Құлманұлы, Халел Ғаббасов Тұрашты өздеріне тең дос тұтты. Оның білімі мен парасатын сыйлады. Адамгершілік қасиетіне тәнті болыпты. Турағұл – Алаштың Семейдегі облыстық комитетінің мүшесі, меценаты. Жалпықазақ құрылтайына арнайы шақырылған кандидат, жұрт жақсысы. 1928 жылдың 19 қарашасындағы Семей округтық комиссиясының қаулысымен бай, феодал ретінде айдалған. Құнанбай қажының тұқымы және Алашорданың мүшесі деп айыпталған. Ниязбек Алдажаров ақсақалдың естелігіне назар аударсақ, Тұраш Құнанбай сияқты адамның немересі және Алашорданы жақтады деп, 1928 жылы небары отыз алты қараның мүлкімен кәмпіскеленіп, Қостанайға жер аударылған. 1934 жылдың 6 наурызында Турағұл қайтыс болған. Оның сүйегі Шымкенттегі қорғасын зауытының астында қалған. 1930-1931 жылдары тыныш ауыл үсті азан-қазан шуға айналып, ит арсылдап, мылтық гүрсілдеп жататын. Абдырап қалған елдің бірі шоқпарын, бірі сойылын сүйрете шығатын. Малың бар, жаның бар демей ауылға шибөрідей шабатын қарулы совет әскері не істемеді? Абайдың сүйіп қосылған жары – Әйгерімнен туған екінші ұлы – Мекайыл (1884-1931) осындай тұтқиылдан шапқандардың құрығына түскен. Ол 1931 жылы Семейдің жетпіске жуық ел ағаларымен бірге атылып кетті. Айтқандай, осы жетпіс адамның ішінде Абайдың күйеу баласы Саниязбек Медеуұлы Оразбаев та бар. Бұлардың айыбы – билікке қарсы шығуы. Яғни ұжымдастыру саясатына қарсы шығып, қарулы күрес ұйымдастыруы. Абай мен Әйгерімнің үшінші баласы – Ізкайыл (1895-1929) да советтік саясаттың құрығынан қашып құтыла алмады. 1929 жылы 34 жасында өмірмен қоштасты. Сосын, Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған Гүлбадан (1863-1932), Әйгерімнен туған Кенже (1901-1932) қыздары да ерте солған гүлдей. Міне, Абай ұрпақтарына тиген тағдыр зауалы осындай қатты еді, қасіретті еді. Архивте Абай немересі Ақила Оразбаеваның КПСС Саяси Бюросының мүшесі, ҚКОК І хатшысы Д.Қонаевтың атына жазған өтініші сақталған. Турағұл ұрпақтарының тартқан азабын білу үшін тарихи деректі мысалға алу орынды. Бұл хатта: «Уважаемый Димаш Ахметович! Я не думала и не хотела беспокоить Вас. Меня заставили обратиться с просьбой к Вам родственники, соседи, знакомые и незнакомые люди. Я являюсь дочерью сына Абая – Турагула. Как внучка великого поэта мне в 1945 году, в год празднования 100-летия со дня рождения Абая, в числе пяти других его потомков была установлена персональная пенсия 50 руб (Эта пенсия является единственным моим источником дохода). Из тех шести человек в живых осталось я один. Но и мне уже 70 лет, сочтены мои дни. Моя единственная просьба к Вам – помочь остаток дней пожить в нормальных условиях в благоустроенной квартире. Живу в настоящее время в бывшей гостинице «Джетысу» на углу проспекта Ленина и ул. Гоголя. Вдвоем с сыном занимаем одну большую комнату, перегороженную надвое. Ни кухни, ни горечей, ни холодной воды – ничего нет» деп ашық жазылған. Ұлы бабалары туған өңірден қуылған, ырысты ұядан амалсыз бас сауғалап кеткен тағдырлы жанның сөзі. Абайдың тектілігіне тартқан Ақыш әжей әуелде бұл өтінішті жазуға қарсы болғанын анық байқаймыз. Кейін, ағайын-туыс, көрші-қолаңның сөзіне құлақ асып әрі тұрмыс-тіршіліктің мехнатын көргенін түсіндік. Дәулетті атадан енші ретінде қалған мирас өздеріне ырзық-несібе боп бұйырмай, жаттың қолында кеткені, күйеуінің ұлт жолында атылғаны, жалғыз ұлдың денсаулығы сыр беріп, дімкәс болғаны – Ақила ананың жүрегіне түскен ауыр мұң еді. Ақила әже туралы айтқанда мына бір оқиғаны ұмытпайын: заманында Абай мен Оразбай Аққұлыұлы: «Мәңгілік қастық жоқ, мәңгілік дос бар. Соның белгісі болсын» деп, екеуі сол кезде бауырына басып отырған немерелері – Медеуұлы Санияз бен Турағұлқызы Ақиланы атастырып, бесік құда болған. 1917 жылы Ойқұдықтағы Әйгерімнің үйінде Ақиланы Саниязға ұзатқан. Семинарист Мұхтар Әуезов осы тойға арнап, «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, Ойқұдықта сахнаға шығарғанын профессор, абайтанушы Тұрсын Жұртбай ұстазымыз жазған-ды. Санияз да Алаш қозғалысының мүшесі. Алаш әскерінің офицері болыпты. Ақила Саниязынан ерте айырылып, жоқшылықтың да, әулет басына түскен қайғы-қасіреттің де қиындығын тартып, жалғызын-жалбызын аялап, үйінің тірегі болған. 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойы тойланды. Заңғар Әуезовтің арқасында. Абай өмірінен роман жазып, Советтер одағының бетін қаратқан. Туған жерінен қуғындалып, қиыр-қиырда шашырап жүрген Абайдың ұрпақтарын жиып, Үкіметке олар туралы айтып, дербес зейнетақы тағайындатты. Әгәрәки, Мұхтар Омарханұлы болмаса, Абайдың соғыстан аман қалған ұрпағы арып-ашып жойылып кетер ме еді. Кім білсін?! Ақиланың жалдамалы бөлмеде науқас ұлымен «шықпа, жаным, шықпа» деп амалдап күн кешіп, сүреңсіз халде тұрғанын білдік. Архивтен табылған тағы бір құнды құжат бар. Екінші тағдырлы құжат – Мәкен Турағұлқызына тиесілі. Бұл хатта: «Жесір адамның өтініші де жүдеу шығуы мүмкін. Сөйтсе де арызымды алдыңызға айтқым келеді. Абай атамның соңғы жұрнағының бірімін. Күйеуім Мұхамеджанов Ұлықбек /Абай атамның Еркежан аталған әйелінің бауыры/ отыз жыл бойы заң қызметінде істеп, 1971 жылы қайтыс болды. Балаларым әр жерге шашырап кетті. Қолымда жалғыз қызым бар. Ол да биылғы жылы орта мектепті бітіреді. Абай атамның /біз «әке» деп атап кеткенбіз/ 100 жылдық мерекесі тұсында біраз ұрпақ-жұрағаттарына дербес пенсия тағайындаған еді үкімет. Ол кезде мен жас едім, жағдай-күйім де жақсы болатын. Қазір ел-жұрттан шалғай жерде – сонау Шымкент облысында тұрамын /тұрмыс танысымен сонда ерте кеткенбіз/. Жасым ұлғайған, аздаған ғана пенсия аламын. Өз өнерім – әншілік болатын. Абай атамның қазіргі қазаққа таныс болған көп әндерін нотаға түсірткен мен едім. Мұхтар ағаның кеңесімен ол дүниелерді композитор Б.Ерзаковичке табыс еткенмін. Өзім туралы осындай сәл түсініктер бере келіп сұранар сөзім: қартайған шағымда шашыраған бала-шағамды жинап, басын біріктіріп Алматыға көшкім келеді, жалғыздық қана емес, жүдеушілік те қинайтынын айтпасқа лажым жоқ. Сол себепті Сіздің рахымыңыз түсіп, аталы жеріміз – астанамызға тұруға жағдай жасасаңыз, үй-жай алуға қамқорлық көрсетсеңіз. Үлкен құрметпен, Мәкен Турағұлқызы Мұхамеджанова (Абай немересі), Адресім: Шымкент облысы, Сарыағаш селосы, Алматы көшесі, 10 үй» деп жазылған. Мәкен апа ХХІ ғасырдың алғашқы жылына аман жеткен Турағұлдың жалғызы болатын. Бұл кісіде ерте жасынан советтік сынақтың бәрін көрген. Қиын уақытта өмір сүрсе де Абай әкесі туралы көрген-білгенін, естігенін ғалымдармен бөліскен, музыкалық мұрасын түгендеген ақын жоқшысы еді. Бұл хаттағы Мәкен апаның да өтінішін тағдырдың жүрекке түсірген сызатынан соң ғана жазуға мәжбүр болған деп ұғамыз.

[caption id="attachment_58227" align="aligncenter" width="700"]Мәкен Турағұлқызының  Д.Қонаевқа жазған өтініші Мәкен Турағұлқызының Д.Қонаевқа жазған өтініші[/caption]

Мәкеннің де маңдайынан советтік тағдыр сипай қоймаған. Ол да түрлі тексеріс пен тәркілеуді өткерген. Зұлматтың неше атасын көрген, төзген. Бірақ сағы сынбаған, салы суға кетпеген. Турағұл ұрпақтарының бағына қарай Алаш арысы Мұхамеджан Тынышбайұлын ұстаз тұтқан, біртуар қайраткер Димаш аға Қонаев үйсіз-күйсіз жүрген асыл ұрықтың өкілдеріне шапағатымен қайырлық танытқан екен. Турағұлдың Жәбірейіл (1904-1930), Зүбайыр (1907-1933) ұлдары да советтік тағдырдың тозағында күйіп өлді. Тұраш ердің кіндігінен өнген Ақила (1901-1990), Қалиман (1903-1989), Мәкен (1912-2000) қыздары ғана жер басып, қуғын-сүргін азабын тарта жүріп, қиындықты жеңіп, аман қалды. Жәбірейілден қалған жалғыз тұяқ – Алпаш (шын аты – Алыпарсылан, 1922-1990) Турағұл немересі жиһан соғысының майдан даласында оқ пен от кешіп, еліне жеңіспен аман оралған. Абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың дерегіне сүйенсек, «Тағдырдың тәлкегімен сан-саққа бытырап, әр жердегі балалар үйі мен жатақтарда өмір сүрген Абайдың шөберелері бір-бірін танымас­тан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Ғабдісәлім және Әлихан Әубәкірұлы Ақылбай немересі, Енгіман мен Ехсан Әбдірахман немересі, Берекехан мен Жошыхан Мағауия немересі, Ғұзайыр мен Әлішер Мекайылұлы Абай немересі, Тоқташ Зікайылұлы Абай немересі, Алпаш Жебірейілұлы Турағұл немересі және Ишағы Жағыпарқызы Мағауия немересі, жиыны он ұл, бір қыз майданға қатысты. Олардың арасынан тек екеуі ғана Алпаш Жебірейілұлы мен Қиыр Шығыста авиаполкта болған Ишағы Жағыпарқызы ғана аман оралды» деп үлкен ақынның ажалдың көмейіне түскен ұрпақтарын түгендеген. Ең қиыны сол – Абай ұрпақтарының жаны ыстық табада күйіп-жанғаны. Біз тек Турағұл Абайұлының ұрпақтары тартқан тағдыр тезі турасында ғана сөз қылдық. Ал советтің тиріне нысана боп, оққа ұшқан Мекайыл, Ізкайылдың тұқымдары, Құнанбайдың басқа балаларынан тараған жақсылар, Шәкәрім мен оның ұрпағы, тіпті аруақты Ырғызбайдың бар жамағаты да қорлық-зорлық көргенін айтпадық. Олар да атылған. Сотталған. Олар туралы әңгіме өз алдына. Абай туған ұлы топырақ советтік биліктің эксперимент алаңына айналды. Атом бомбасы жарылды. Қасіретін әлі күнге дейін бейкүнә ұрпақ тартып-ақ келеді. Ырысты топырақтың құнарын қашырды. Ұлылар туған текті жердің құты мен ырысының күлін көкке ұшырды. Абай сынды ұлтын шексіз сүйген ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының өздері «Халық жауы» деп атылса, әйелдері мен балалары «Халық жауының туысы» ретінде ГУЛАГ жүйесіне қарасты АЛЖИР, КарЛаг, СтепЛагқа қамалды. Жазықсыз жандардың өмірін улады, қан қақсатты. Бір анадан туып, бар қазаққа адал қызмет еткен, жұрттың өзегі болған қайран ерлердің тағдыр-талайы осындай мехнат пен азапқа толы...

Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

2044 рет

көрсетілді

103

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы