• Басты мақалалар
  • 06 Тамыз, 2020

СЕНАТОРЛАР – АЙМАҚТА

ЖҮЗ КІТАП  СЫЙҒА ТАРТТЫ

ҚР Парламенті Сена­тының депутаты Н.Жүсіп Алматы облысы, Қарасай ауданының Еңбекші ауылында болып қайтты. Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесіп, Парламент қа­былдаған заңдар жөнінде, Денсаулық кодексінің жай-жапсары туралы әңгімелесті. Ауыл кітапханасына өзінің жеке кітап қорынан жүз кітап сыйға тартты.

Нұртөре Байтілесұлы ал­дағы күндері Талдықорған және Текелі қалаларының актив­терімен кездесіп, ­Алматы облысының әлеу­меттік маңызы бар нысан­дарының жұмы­сымен танысады. Одан әрі Қы­зылорда облысы Шиелі ау­да­нының тұрғындарымен кездесіп, ауданның ­аурухана және жұмыспен қамту орталық­тарының басшылығымен кез­десіп, жұмыстарымен танысады. Одан бөлек, Түркістан облы­сының, ­Алматы қала­сының, Алматы ­облысы Райым­бек ау­данының акти­вімен және ха­лқымен кездесулер де жоспарланған.

СУҒАРУҒА СУ ТАПШЫ

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлына Қызылорда облысы­ның диқандары өздері кезігіп отырған мәселесін жеткізді. Жаңақорған мен Шиелі аудандары тұрғындарының ­айтуы бойынша Сырдария өзенінің суы төмендеуде, осыған байла­нысты олар әкімдікке жүгінген. Ауданда құны бір мил­лиард теңге тұратын су платинасы салынған. Бірақ үш жылдан кейін іске жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда платина жұмыс істеп тұрған жоқ. Сенат депутаты құқық қорғау органдарының осы мәселеге назар аударуын сұрады. 

Мұрат Бақтиярұлы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевпен және оның орынбасарларымен сөйлесті. Сенатор қалыптасқан жағдай туралы айтып, осы мәселені жақын арада шешуді сұрады, онсыз егін шаруашылығы саласы орасан шығынға бататынын жеткізді. Тиісті министрлік Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуін шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Мамандардың айтуы бойынша, биыл шамамен 90 мың гектар алқапқа күріш егілген. Мұндай аумақты 3 ай суару кезеңінде сумен қамтамасыз ету қиын. Сенатор өз кезегінде су ресурс­тарын үнемдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды пайдалануды ұсынды. Мұрат Бақтиярұлы егін егушілерге күріштен бөлек, суды көп қажет етпейтін жоңышқа, рапс, жүгері және бау-бақша өнімдерін өсіруді ұсынды. Осы ретте сенатор кіші Аралды толтыру мәселесіне де назар аударды. Мұрат Бақтиярұлы өңір аграрларымен және басшылығымен кездесуде «Бізге кіші Аралды толтыру үшін де су қажет. Судың теңізге жетпей жатқанын ескерсек, кіші Аралдың су деңгейі төмендеуі мүмкін. Қазірдің өзінде Қамбаш көлі жағалаудан 150 метрге шегініп кетті. Қызылорда Сырдарияға өте тәуелді, сондықтан көп суды қажет етпейтін дақылдарды өсіру маңызды. Бұл бағытта дихандар үшін арнайы бағдарлама әзірлеген жөн» деді. Егін алқаптарынан бөлек, Сенат депутаты аудандық ауруханаға барып, жергілікті жұртпен тілдесті.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов Павлодар ­облысында жұмыс сапарымен жүр. Сенатор мемлекеттік мекемелердің және әлеуметтік нысандардың басшыларымен кездесіп, ҚР Парламенті Сенатының қызметі туралы ақпарат ­беруде.  Медициналық сақтандыру қоры өңірлік филиалының директоры Нұрлан Қасимов сенаторға Қор қызметі туралы ­баяндады. Жалпы өңірде медициналық көмек көрсетуге 60,6 млрд теңге, коронавируспен күреске 2,3 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. 

Қор медициналық қызмет­керлерге үстемақы төлеу мәсе­лесіне айрықша назар аударып отыр. Осы жылдың төрт айында облыс дәрігерлеріне жалпы сомасы 1,7 млрд теңге төленген. Қор ­сонымен бірге өңір ауруханаларының ­жанынан мобильді бригадалар құру шығындарын өтеуге қатысты міндеттемелерді өзіне алған. Сенатор пандемиямен ­кү­ресте жергілікті атқарушы ор­гандардың жұмысын күшейту қажеттігін, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында тұрғындармен кері байланысты одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Сенатор Н.Нұрсипатов сапар барысында бірнеше облыс аудандарында және Екібастұз қаласында болды. Әуелі жергілікті ауруханалар мен дәріхана желілерінің дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу мақ­сатымен осы аталған нысан­дарды барып көрді. Депутат меди­циналық мекемелерде болып, медициналық қызметкерлермен және жергілікті тұрғындармен тілдесті. Екібастұз қаласының әкімімен және жергілікті мәслихат өкілдерімен кездесу өтті. Сенатор мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан спорт мектебінің жөндеу жұмыстарымен, көпқабатты тұр­ғын үй құрылысымен, сондай-ақ жаңадан ашылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Сенат депутаты Нұржан Нұрси­па­товтың Павлодар облысындағы жұмыс сапары жалғасуда. Алда мемлекеттік құрылымдардың бас­шыларымен кездесулер және ­об­лыстың бірнеше ауданына сапар жоспарланған.

ЖАҢАРҒАН МАҚТААРАЛ

Өңірге жасаған сапарында Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевпен бірге Мақтаарал ауданының Өргебас, Фирдоуси елді мекендеріндегі қалпына келтіру жұмыстарымен, ­сондай-ақ Мырзакент ықшамауданының құрылысымен танысты.

2020 жылдың мамыр айында Сардоба су қоймасы жарылып, Орталық коллекторда судың толуына себепші болды, нәтижесінде Түркістан ­облысы Мақтаарал ауданының аумағын су шайып кеткен болатын. Бес елді мекенді су басып қалған еді. Әлімжан Құртаев жауапты мемлекеттік органдардың, құрылыс ұйымдарының өкілдерімен және азаматтармен кездесті. Оған Мырзакент кентінде 1200 орындық мектептің, 280 орындық балабақшаның және дәрігерлік амбулаторияның құрылысы туралы айтылды. Фердаусиде жұмысшылар 600 орындық мектепті қалпына келтіруде, жаңадан дәрігерлік амбулатория мен бекініс пунктін салып жатыр. Мырзакент шағынауданында 386 тұрғын үй құрылысына мың жарымға жуық адам тартылған. Аудан әкімдігі 196 тұрғын үйдің Үкімет қорының есебінен және 190 үй қайырымдылық қорларының, оның ішінде «БізБіргеміз» қорының есебінен салынып жатқанын айтты. Сонымен қатар су басудан зардап шек­кен ауылдарда газ, жарық жүйелері, байланыс желілері мен авто­көлік жолдары қалпына келті­ріліп жатыр. Түркістан облысына сапары аясында Әлімжан Құртаев өңір жұртшылығымен кездесулер өткізуде, жауапты мемлекеттік орган­дарының өкілдерімен бірлесіп ме­дициналық мекемелерге барып, жергілікті жерде пандемиямен, күрес жұмыстарының барысымен танысты.

685 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы