• Ақпарат
  • 20 Тамыз, 2020

МҮМКІНДІК...

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

Елімізде Nur Otan праймеризі бастау алды. Тұңғыш Президент және Nur Otan партиясының төрағасы Н.Назарбаев және оның партияластарының бастамасымен елімізде «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама бойынша ел аумағында ауқымды праймериз шарасы өткізілетін болды. Бірден айтайық, праймериз деген халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын, партия белсенділерін ашық таңдаудың жаңа форматы. Бұл тәсіл еліміздің бастауыш партиясына тың серпін береді деген сенім бар қоғамда.

Шындығын айтқанда, алғашында праймериз шарасын қарапайым халық жете түсінбегені рас. Сондықтан да праймериз шарасын өткізу туралы ­ха­лыққа үндеуінде Елбасы Н.Назарбаев өз ойын төмендегідей түйіндеді.
– Бұл – партияішілік ­сайлау. Бұл шынайы әлеуметтік лифт. Қатаң іріктеу, жаңа идеялар мен жобаларды іздеу. Бұл идеяны көптеген белгілі саясаттанушылар мен қоғам белсенділері қолдады. Бұлар белсенді азаматтық ұстанымы бар, Nur Otan-ды қолдаушылар лигасына біріккен және реформаларға қатысуға дайын адамдар. Біз партия ішіндегі ашықтық пен есептілік үшін қажетті жағдайларды жасадық. Ең бастысы – ашықтық пен адалдық, барлық қатысушылар үшін тең жағдайлар мен бәсекелестік. Азаматтарды толғандыратын мәселелер сенім мен өзара сыйластық ауанында қозғалатынына сенімдімін. Айтылған мәселелерді партия назарына алуы керек. Сайлауалды ­бағдарлама­лар­ды қоса алғанда, барлық шешімдер, әр ауданның, қаланың, облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланысты қабылдануы керек. Елдің ­алдында пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті жандандыру мәселесі тұр. Сондай-ақ пандемиямен күресу мәселесін талдап, оның ықтимал екінші толқынына дайын­далу қажет. Мұның бәрі партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, нұротан­дықтардың алдағы 5 жылдағы іс-қимылдарының негізі болады. Мен барлық партия мүшелері мен Nur Otan-ның жақтастарын еліміз үшін маңыз­ды саяси шараға белсенді қатысуға шақырамын!
Елбасы үндеуін тарқатып ­айтар болсақ, праймериз дегеніміз – партияның әр өңірде өткізетін ішкі сайлауы. Оның негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық дең­гейдегі мәслихаттар сайлауына пар­тиялық тізімдерге енгізу үшін қо­ғамның сенімі мен қолдауына ие бол­ған беделді ­азаматтарды анықтау. Кан­дидаттар праймеризге Nur Otan ­партиясы ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну ­жолымен де қатысады. Партияның құндылықтарын ұста­натын және сайлау құқығы бар кез келген азамат праймеризге үміткер бола алады. Ниет білдірген белсенді азамат праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бастауыш партияның қатарына қосылу керек. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып, 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына дайындалу үшін 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн беріледі. 7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пі­кірсайыстар өтеді. Пікірсайыстар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы өтіп, партияның ресми аккаунт­тарында таратылады. Тағы бір айта кетерлігі, партия Төра­ғасының тапсырмасы бойынша үміткерлерге ­онлайн форматта дауыс беру үшін арнайы платформа да әзірленді. ­Осылайша, «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтуді, жалпы жұртшылықтың пікірлерін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң ­жобаларын онлайн-талқылау мүм­кіндігін көздейді. Ал 1-3 қазан ара­лығында мобильді қосымша және арнайы уеб-портал арқылы ­электронды дауыс беруді өткізу жоспарланған. ­Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының ­ба­засында сайлау учаскелері ­ашы­лады. Интернет желісі жоқ елді мекен тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруіне болады. Үміткерлердің рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.

3407 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы