• Тұлға
  • 20 Тамыз, 2020

Бөгенбай Таласұлы, «Sabaq.online» білім беру платформасының негізін қалаушы: АҚПАРАТТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазақстандық білім беру саласы туралы пікірталас өте көп. Қалай болғанда да болашақтың кілті сол білім беру саласына тәуелді. Ендеше, ол саланың мемлекеттік және жеке оқу орталықтары ұсынып жүрген бағдарламалары мен жобалары туралы да мәселелер бізді бейжай қалдырмауы керек. Біздің бүгінгі кейіпкер «Sabaq.online» білім беру платформасының негізін қалаушы, оқу орталығын онлайн режимге ауыстырған Бөгенбай Таласұлы қосымша оқу орталықтарының жағдайы туралы әңгімелеп берді.

– Қазіргі таңда мектеп оқушысы белгілі бір сынақ күні жақындағанда ғана ерекше дайындалып кететіні белгілі. Бұл оқушы білімін арттыра ма?

– Сынақ жақындаған уақытта ғана бас алмай оқу оқып, тест жаттау дұрыс тәсіл деп айта алмаймын. Себебі бала әр сыныптың білімін уақытылы игеруі керек. Ондай жағдайда ҰБТ-ны ешқандай стрессіз тапсырар еді. Бірақ, өкінішті жағдай, әр сыныпта зейін сала оқымай жүреді де, он бірінші сыныпқа келгенде күллі мектеп бағдарламасын игеремін деп жанталасатындар көп. Бұл, ең алдымен, кадр мәселесіне байланысты дер едім. Екінші, оқушыларға білім беру тәсілдерін өзгерту керек шығар. Менің ойымша, бәрібір мектептен бөлек, қосымша білім берген дұрыс. Ол оқу орталықтары немесе репетиторлар, онлайн-платформалар болуы мүмкін. Себебі бала математикадан әлденені бесінші сыныпта түсінбесе, ол оқушы алтыншы не жетінші ­сыныпта әлгі түсінбегенін игеріп кете алмайды. Оқушы әр сыныпта білімді уақытылы алғаны жөн. Ал енді, сынақ күні жақындағанда ғана ерекше дайындалу оқушы білімін арттыра ма деген сауалыңызға келсем, қазіргі тестіден біраз оқушы сәтті өтіп кететін шығар. Бірақ тест сапасы жылдан-жылға артып келеді. Тест орталықтарының жүргізіп отырған жұмысы дұрыс екенін ерекше атап өту керек. Мысалы, бұрынырақта математиканың сұрақтарына берілген бірнеше жауаптың ішінен дұрысын табу оңайырақ еді. Қазір берілетін ­жауаптар күрделенді. Демек, қазіргі тесттің де сапасы артып келеді. Сондықтан бала тест сұрақтарына да дайындалу үшін біраз еңбектенеді. 

– Болашақтың кілті білімде десек, осы бағытта арнайы қосымша жасап, бала білімін арттыруға үлкен көмек көрсету бағытында кәдімгідей жұмыс атқардыңыз. Сол қосымшаның арғы тағдыры не болды? Оны қанша оқушы, мұғалім пайдаланды?

– Иә, оқушы үшін де, мұғалім үшін де біздің жоба өте пайдалы болды деп мақтанышпен айта аламын. Аймақтардағы, республикамыздағы үздік мұғалімдердің сабақтарын өзгелер де тыңдаса деп едік. Бұл біздің жобамыздың үлкен миссиясы деп айтуға болады. Мысалы, қарапайым мектеп бағдарламасынан бөлек, жылдам оқу, шешендік өнер деген қосымша сабақтарды аймақтардағы, ауылдарға балалар оқымақ түгілі, атын естімеуі де мүмкін. Ал біздің платформа арқылы мықты ұстаздардың білімін қолжетімді бағада ала алады.

– Төтенше жағдай жарияланып, елге карантин тәртібі енгізілген былтырғы оқу жылының төртінші тоқсанында қашықтан оқуға, онлайн оқуға аса даяр емес екеніміз білініп қалды. Осы салада бірқатар жұмыс атқарып жүрген жан есебінде даярлықтың аздығына не себеп екенін талдап бере аласыз ба?

– Қазіргі минситр Асхат Аймағам­бетовтің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Өте үлкен жұмыс жүр­гізді, жүйелі тәсілдерді қолданды. ­Балаларды демалысқа жіберді, демалыс уақы­тында дайындықтан өтті. Басқа министрліктердің жұмысымен салыстыр­ғанда карантин режимі кезінде Білім және ғылым министрлігі әлдеқайда жүйелі әрі жақсы жұмыс істеді. Даярлыққа тікелей кесірін тигізген жағдайды министр­дің өзі де атап өтті, ол – интернет жылдам­ды­ғының әлсіздігі. Ал интернет жыл­дамдығына өзге министрлік жауапты екені бәрімізге белгілі.

– Өзіңіздің оқу орталығыңыз бар. Ол орталық, негізінен, қандай жұмыстармен айналысады?

– Біздің ең бірінші айналысқан кәсібіміз, ол – оқу орталығы. Бірінші курстан бастап оқу орталықтарында сабақ бердім, кейін келе орталығымызды аштық. Онда бір жыл ішінде 400-ге жуық оқушыны оқыттық. Нұр-Сұлтан қаласындағы ең ірі оқу орталықтарының бірі болды деп айтуға болады. Бір мәселе оқу орталығымыздың мақсатына келіп тірелді. Біздің оқу орталығымыз жақсы табыс алып келді, бірақ біздің мақсатымыз Нұр-Сұлтанда ғана емес, күллі республика аумағында барынша сапалы білім беру еді. Нұр-Сұлтан қаласында отырып, барлық өңірге сабақ беру қиын. Ең бірінші көздеген жеріміз Шиелі болды. Себебі серіктесім Шиелі ауданында туған азамат болатын. Сол жерден оқу орталығын ашқымыз келді. Бірақ кадр тапшылығын байқадық. Күллі Қазақстанда оқу орталығын ашсақ кадр табу қиындайтынын түсіндік. Сол себепті біздің оқу орталығымызға басқа мамандар қызығып, сатып алды. Ал біз тек онлайн білім беру жобасына көштік.

Ол жоба аясында да жетістігіміз бар. Республика бойынша рейтингіміз жоғары, оқушы саны да көп. Айына 2000-3000 оқушыға автоматтандырылған түрде сабақ бере аламыз. Мұғалімдеріміз барлық сабақтар мен бағыттар бойынша форматта жұмыс істей алады. Осындай форматта қазірдің өзінде бірнеше серіктесіміз бар. Жұмысымызды осы бағытта жалғастыра берсек, оқу орталық­тарындағы ең үздік курстарды жинап, онлайн, автоматтардырылған жүйе арқылы қосымша білім беруді жаңа бір сатыға көтеретін боламыз.

– Оқушылармен ғана емес, ұстаздармен де бірлескен ­жобаларды қолға алған екенсіз. Бүгінгі таңда ол жобалардың қаншасы іске асты? Нәтижелеріңіз қандай?

– Қазақстанда тәжірибелі, мәртебелі ұстаздар көп. Бірақ олардың сабағын сол мектептегі 400-500 бала ғана тыңдап жүр. Не себептен оны күллі қазақстандық оқушылар тыңдамауы керек? Міне, осы сұрақ жетегінде жүріп, біраз жұмыс істедік. Мысалы, бір физика пәнінің ұстаздары бар, балаға сабақты түсіндіргенде әлгі оқушы сол заматта физикаға ғашық бола бастайды. Тарих сабағын ­керемет өткізетін ұстаздар да бар. Ол ұстаздың алдын көрген бала болашақта ­тарих мамандығына ерекше қызығып, ­тарихшы болуды армандауы мүмкін. Міне, сол үшін біз ұстаздармен бірлесіп жұмыс істейміз, жобамызға шақырамыз.

– Биылғы оқу жылында да әзірге бірінші тоқсанды қашықтан оқитын болдық. Құзырлы орындарға өз тараптарыңыздан ұсыныс жасап, қашықтан және онлайн оқытудың кем-кетігіне байланысты ой-пікірлеріңізді айттыңыздар ма?

– Ол жүйенің кем-кетігін айтатын бізден басқа да адамдар жетеді деп ойлаймын. Біздің өз арманымыз, мақсатымыз бар. Пандемия уақытында ғана емес, болашаққа арналып жасалып жатқан жоба болғандықтан, бұл іске қатты араласып жатқан жоқпыз. Иә, өз ұсынысымызды айттық. Өз көзқарасымызды білдірдік. Бірақ бел шеше кірісу біздің құзыры­мыздағы шаруа емес. Пандемия да, басқасы да өткінші дүние. Ал біздің жоба­ның ұзақмерзімді жоспары бар.

– Әлемдік пандемия еліміздегі білім беру саласындағы кем-кетіктерді де көрсетіп берді ғой. Сіздің ойыңызша, мектептегі білімнің көзге айрықша көрінетін, осы пандемия айқындап берген ең басты ақауы не еді? Оны жою үшін не істеу керек.

– Пандемия білім саласына қатысты ғана емес, барлық өзге де салалардағы мәселелердің бетін ашып берді ғой деп ойлаймын. Сіздің сұрағыңыз білім саласына қатысты болғандықтан, сол тарапта жауап беруге тырысайын. Жүз жыл бұрын халқымыз жалпы сауат ашу процесінен өтті ғой. Қазір де бізге сол процесс керек. Біздің ғасырда сауатты болу – жазу-сызуды игеру ғана емес, ақпараттық технолологиялардан да сауат ашу деген сөз. Ақпараттық технологияларды түгел халық меңгерсе, жаңа технологиялық сауаттандыру жұмысы жүргізілді деп есептер едік. Пандемия кезінде цифрлы құжат тапсыру, цифрлы өтінім беру, цифрлы қарым-қатынас орнату мәселесінде халық көп қиналды. Бұл, бір жағынан, интернеттің әлсіздігі болса, екінші жағынан, халықтың жаңа ақпараттық технологияларға сауатсыздығы дер едім. Демек, бізде осы салада кем-кетігіміз бары анық көрініп қалды-ау деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

 Әңгімелескен

Қ.Серікқызы

 

1285 рет

көрсетілді

87

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы