• Тұлға
  • 26 Тамыз, 2020

Тағдыры шиыр-шиыр... (Вячеслав Люй-Ко)

Шығармашылық жаратылысы – күрделі, сурет салу – әдісі шытырман, картина жазу машығы – әншейіндегі «мынандай» дейтін оңай да жалпақ пайымға көне бермейтін суретшілер жүр, сіз бен біздің арамызда. Мынау Ералы Оспанұлы, Айбек Бегалин сынды. Анау Даши Намдаков, Михаил ­Врубель секілді. Сонау Иероним Босх пен Питер Брейгель тұрпатты.
Сол өнер иесінің бірі де бірегейі – алматылық Вячеслав Люй-Ко.
Суретші болмысына үңілсеңіз – тағдыры пешенесіне «суретші боласың» деп жазып, не жазатынын, қалай салып, қайтіп сызатынына дейін, эскиз-нобайсыз-ақ, дайын күйінде, алдын-ала анықтап түсіріп-бекітіп қойғандай күй кешесіз. Вячеслав суретші өз бейнелеу өнеріндегі пешене жазуын, құпия әлемнің жұмбақ болмыс бағдарламаларын қағаз бен кенеп бетіне түсіріп қана үлгеріп отырғандай (әлдебір таңды-таңға, кешті-кешке қосатын, баяғыны қайталап қана қоймай жанынан шығарып, бағзымен араластыра толғап отырған кемел, суырыпсалма жыраудың сарыны құлағына келіп, оны иллюстрация-суретке айналдыра, жанталасып жатқандай) болады. Айтылатын сөздің бәрі айтылып, жазылатынның күллісі тасқа түсіп қойған заманда, бізге тек цитат жасау ғана қалғандай кезде, «қалай салдыңға» мән бермей, «қалай жаздымға» жауап іздемей, бізге көрінбейтін сиқырлы бояулардан, бізге байқалмайтын құпия өрнектерден тоят алып жүре беретіндей. Не жазған, не сызып, нені бейнелегенін жұмысы әбден біткен соң бір-ақ көріп, көрушімен қосыла таңырқап тұратындай.

 anatili

Оның картиналары – өзгеше һәм ерекше. Өзге, сауаты биік өркениет­тен түсе қалғандай-ақ, нақпа-нақ. Қылаусыз, қатесіз. Графикасына қанша үңілсеңіз де миллиондаған ұсақ штрихтардан мін таппайсыз. Бір жерінен жаза басып өшірілген, үстінен бастырып қайта жасалғаны, сызықтар ырғағынан жаңылған жерін, дағдарған кейпін кездестірмейсіз. Кескіндемесіндегі композиция мен бояулар үндестігі, қара мен ақ сызықтың ауыспалылығы, өзі ғана танитын құсни хаттар жазуы қапысыз, өрнегі айна қатесіз. Һәм жеңіл қабылданады. Шаршатпайды.

(Вячеслав Люй-Ко)Оның картиналары – «ұқсайдының» таразысына сыймайды, «ұқса­майдының» безбеніне келмейді. Картинаның қалай жазылғаны, қандай материалға орындалғаны емес, ойы, астары, картинадағы өзгеше өмірдің маңызы мен мәні алғашқы орынға шығады.

Оның картиналары – өзіне үңілген саналыны сәтте баурап, ұршықтай үйіріп, ұйығына шым батырып ала жөнеледі. Оратылып жатқан, бірімен-бірі түрлі ыңғайда, түрлі ырғақта жымдасып, дамып та кеміп, шым-шытырық шашырап, сәтте жиналып, үйлесе шырмалып жатқан сызықтар стихиялы секілденгенімен, есігін таптырмас шиыр лабиринттей болғанымен, ым-ишарасы, айтар ойы бас қатырар жұмбағы шешілмейтін шие сияқтанғанымен, ол талант дейтін бір орталыққа жүйелі түрде бағындырылған. Олай болмаса, құжынаған адамдар, быжынаған ­кемелер, аң-құс, сүңгуір қайықтар, мың бұтақты ағаштар, әуеде «жүзген» есепсіз балықтар, құмырсқаның илеуіндей тіршілік иелерінің, терезелері тізілген сансыз қалалар, кері пропорциялы үйлер, өз орайымен, өз орындарын шатаспай табатыны қалай? Суретші Сүлеймен патшадайын, жындарды дәргейіне жығып, оларға өз қолымен сурет салғызып отыр ма? Жоқ, суретші біздің көз байқамайтын, параллель өмірді қоса сүріп, сол өмірдің көрінісін біздің тіршілікпен араластыра, картина жасап отыр ма? Көзіңді жібермейтіні қалай, көңілді тұзақтап, тұсап, матап алатыны несі?

Суретшінің қаламұшы графикаға келгенде доғал емес, өткір. Ол суреттеріне алақандай ашық жер қалдырмай жыпырлата салып, теректің ірілі-ұсақ бұтақтары, еменнің дің қабығындағы әжім қатпарын, киімдер қыртысы, сауыттың торғай көз шығыршықтары, көйлектер өрнегі, денеге салған тату (татуировка), құстардың қауырсындары, балықтың қабыршақтары, жылан, айдаһар түктері, ау, тор, тоқылған себет, құс ұясы, көл бетіне ойнаған діріл, суға түскен ұсақ шағырмақ сәуле, теңіз жағалай біркелкі жайылған малта тас, техника бөлшектері, шестерня, маховик, саттелит секілді (қазақша атауы жоқ) бөлек-салақ бөлшектер, мың-сан кірпішпен өрілген үйлер қабырғасы, жапырақтың ұсақ жүйкелерін ұсақ, кейде түзу, кейде ирек штрихтармен шүпірлете, меймілдете-мелдекте төпеп, толтыра береді. Картинасының анық-айқынынан қаша, фотографиялық ­дерек, дәлме-дәл ұқсастығынан бас тарта отырып, айтар ойын аңыз-әфсана, символ, таңба, иероглиф, гротекс, ым-ишара, жұмбақ, код, құпия жазумен жеткізеді. Оның картинасындағы кейіпкерлер бізге қатысы жоқ, басқа өмір сүріп жатқандай болғанымен, суретші картина өзегіндегі бүгінгі күнді ишара ыммен, басқаша тілде, ­шифрлы аллегориямен, тұспалды кілт-тақырыппен меңзейді. Метафорамен жеткізеді. Ірілі-ұсақ элементтер, құпиялы жұмбақ деталь арқылы дамытады. Жалғаса ұластырады, үстемелете өсіреді (картиналарын көрушіге жеткізу тәсілі, айту мәнерінің күрделілігі сонша, оның сөз жүзінде баламасын таппай, қайтіп суреттеріңді, қалай жеткізеріңді білмей дағдарасың).

Вячеслав Люй-Ко

Люй-Ко байырғы суретшілердің, композициялық ерекшеліктерін зерттеп білген, олардың дискурсын, суретті «айту» мәнерін де игерген адам. Өткен ғасырлар стилін осы күнмен мидай араластырып, көз алдыңызға керуен­дей шұбатады. Оның картиналары – кеңістік пен уақыттың, өткен мен болашақ алдында қалықтап қалған осы шақтың мың саңылаулы шілтері сияқтанады.

Үйге апаратын жол» картинасын көргенімде – сол шілтерден өзіме жақын, әлдебір таныс әлеммен кездескендей болғанмын. Сонда менің көңілімде мына картинамен параллель бір әлем тұрған. Оралхан Бөкейдің кейіпкерлеріндей көкейімді әлдебір мұң келіп қапқан.

Мынау Люй-Коның картинасы емес­тей. Интерьері қаракөк, жайсыз да маркасы белгісіз автокөліктің ішінде, анау айнадан төбем ғана көрініп отырған, мен, мына өзім секілденгем. Жан-жағын қара ағаштар көмкерген, бір қар жауып үлгерген қараша, қатқақ қара жол да етене-тұғын. Кенеттен, ойда-жоқта, Бермуд үштағанында мачтасы аспан тіреп, бәлен ғасыр бұрын жоғалып кетіп, ғайыптан көрінген жұмбақ кемедей, жол үстін кесе-көлденең өтіп бара жатқан, әйелдер алдына бесік өңгеріп, жігіттер томағалы бүркіт ұстап, тізгін қағып, аттарына алшия қонған жақсы мен жайсаң, соңына тазы ерткен, өгіздеріне үстіне киіз үй тіккен доңғалақты арба жегіп, баяу басып өтіп бара жатқан кісілер де менің кешегі өтіп кеткен ата-бабама, ұлы көшке ұқсаған. Құлағыма олардың самбырлап сөйлеп, саңқылдап күлгені келгендей ме? Автокөліктің алдын орап (мен жаққа көздерінің қиығын да салмастан), кетіп бара жатқан, өз бояуы, өз үні өзіне жарасқан салқар көштің таяқ тастам жерден өтіп бара жатқанына, оның тікелей мұрагері мен екеніме қарамастан, әлгі көш меннен, кенет, тым алыс, тым жырақ көрінген. Мен қадіріне жетпеген биік рух, кемел тіл, нағыз әуен осы көшпен ауа кеткеткендей ме? Мен мінген көліктің алдындағы (панеліндегі) желдеткіш, жылу бергіш құрылғы, салақтықтан босап, түсіп қалған әлдебір детальдің үңірейген орыны, темір телпекті мейірімсіз роботқа ұқсап, тітіреніс күйін күшейте түскен.

Йә, мынау нағыз үйге апаратын жол осы, көш жолы еді ғой? Бәтір-ау, одан қашан жаңылысып, қашан ғана оғат та қиыс кеткенмін?)

Вячеслав Люй-Ко

Люй-Коның кескіндемеге келгенде қылқаламы жалпақ емес, үшкір. ­Палитрасын тап графикадағыдай пайдаланып, иллюстрациядай қолданады. Ақ пен қараның ұшырасқаны, суық пен жылы түстердің кезектескені арқылы көрушінің назарын суырып, сонау тереңге, картинаның түпкіріне әкетеді. Жалғаса, ұласа, үстемелене өсіп, жарық та күңгірт реңдермен алмасып, қараңғы-ашық реңктермен астасып, жылы да суық түстермен қайшыласып, жарқыраған һәм солғын бояулармен алшақтаса һәм бірлесіп жатқаны. Алтындай түспен әдіптеп, қоңырқай абриспен сыза отырып, картиналарымен бірде үміт қылады, бірде картиналарымен көңілі қалады. Көрушіге сауал тастамайды, ақыл үйретпейді. Сұрақ қоюды, жауабын табуды, түйіндеуді, күрмеуді сіздің ша­маңызға, өз еркіңізге қалдырады да, өзі қалыс қалады.

Жапырақсыз күрең күзді, қыраулы қара күзді салуға әуес. Жүз қара ағашты бейнелеп шығуға ерінбейтін жазбагер, әлгі ағаштың желге ұшқан жапырақтарын, жүз мыңдаған, тарбақ-тарбақ бұтақтарын еш қалдырмай тәптіштеп, сызып шығу қиындығына жүрегі шайлықпайтын, дерлік, күн сайын, сурет салумен айналысатын, тынымсыз да толассыз жұмыс істеп отыра беретін, мехнат орындығынан бір ажырамайтын жанкешті. Бейнелеу әлемінің ерікті малайы. Сурет салу дейтін бейнеттің құлақ кесті құлы (2018 жылы Алматыдағы кезекті бір көрмесіне барғанымызда маусым айының соңы еді. Куә болғанымыздай, көрмеге үлкенді-кішілі 60 картина ілінсе, оның елуі он сегізінші жылдың үлесінде-тұғын).

***

Әлдебір кітап болады, жалқы абзацын қорытуың үшін, жүз абзац ақтаруға, бір бетін түсінуің үшін, алдымен бес кітап оқып тауысуыңа тура келетін. Суретші Люй-Ко картиналары да солардың қатарынан. «Дәуіт пен ­Гомер», «Шебер Чек», «Чжуан-Цзының түсі», «Әулие Антонидің азғыру» картиналарын жазу, мұздай қаруланған «Ignis», «Aer», «Terra» триптихын бейнелеу үшін ол кейіпкерлерді білу аз. Есімдер артына жасырынған жандарды тану-сезіну керек болады-ау? Оларды бойына сіңіре қорытып, өз бойындағы, өз миындағы миллион нейрон-әлеммен араластыра пісіре отырып, олармен іштей диалогқа келіп, керексе дау-­дамай, айтыс-тартысқа да түсіп, оларға өз үнін, өз табиғатын сіңіріп, кері лықсытып, қағаз-кенепке дари сіңдіріп, картинаға айналдырып, көруші қауымға ұсыну үшін де аса үлкен өре-логика керек-ау?

Иә, Вячеслав суретшінің көрмесін аралағаныңызда алдыңыздан андыздап, ылғи бір сұрақ белгілі сөйлемдер шыға береді:

– Мына суретші дүниенің көрінбеген сырына мән беріп, адамзат баласының күс басып бара жатқан болмысына үңіле ме? («Абыздар»);

– Қазақ «өмір-өзен» дейді. Люй-Ко сол өзенге әмсе кемелер түсіреді, қайықтар жүздіреді. Оның қайық, кемелері бірде адамдарды, бірде шіркеу, бірде тіпті қалаларды лық толтыра тиеп, бір әлемнен өзге бір әлемге емін-еркін жүзіп өте береді. Суретшінің қаптаған кеме-қайықтары сол өзеннен не әкетті өзімен? Ар алдындағы азабы ма? Құдай алдындағы пенде үрейі ме? («Бір кеме жүзіп барады»);

– Обал, сауап, ұят жағалаулары опырылып, оппаға кетті. Адамзат сонда да қамсыз. Кемелерінің өзін теңізге түсірер түйетайлы айлақ қалмай, арал жиегі жарқабақтанып барады, ана біреулердің бейқам бадминтон ойнап жүргені несі? Қауіп пен қатер жоқтай, қаннен-қаперсіз күнге қыздырынып жатысы, кәуап пісіріп тұрысы қалай? Әнебір сабаздың құласын, жарқабақ жиегінен балық аулап отырғаны не жосын? Арал күннен-күнге қусырылып, өрісі кеміп, тынысы тарылып келе жатқанын анық көріп-біліп отырып мәу демейтініміз қалай? Нәумез, «пұл болмасаң – күл бол» дейтін немқұрайға не жорық? («Арал»);

– Төңірегін көрмей, төрт тарабына құлақ аспай, тек телефонына ғана телміре, бағыт-бағдарсыз ілбіген тобырды Питер Брейгельдің соқырлар тобына шеней ме? («Құдай ұйықтап жатқанда»);

– Алматының үстінде аждаһамен олай-бұлай ұшып, серуен құрып жүргендер бейнеленген. Нені мегзейді, нені емеурін қылып отыр мына Люй-Ко? («Қала үстіндегі серуен. 9-дан 6-ға дейін»);

– Жер бетін топан су басыпты. Адамзат баласы терек біткеннің басына өрмелеп шығып, оның бұтақтарын айнала кесіп, өздері отырып тіршілк қылатын мекен етіп те алыпты. Бір терек басында адамдар алқа-қотан отырып, ортасында әтештер соғыстырып қызыққа батуда. Тағы бір терек басында әлдебір діндар сөзі даритын жамағатын жиып алып, уағыз айтуда. Әнебір терек басында ... жалғыз ләйлек? («Топан су»);

 – Беріде мамыражай нұрға шомған қала. Көгалға шығып, дастарқан ­жайып, демалып, доп ойнап, етпеттей түсе кітап оқыған бейқұт тірлік, кенет қала,.. әрдегі зеңбірек кезенген, жер тітіретер жайын дауысты зәрлі соғыс кемесіне арқасын сүйеп тыныстай қалады. Онысы несі? («Соңғы айлақ»);

– Әлдебір автомат асынған әскериге айфонынан әлдене көрсетіп отырған әйел, сағат жөндеуші, алма ағаш ұстаған адам, балалы ана, құшақтасқан екеу секілді бір-бірімен еш қатысы жоқтай адамдар отырған қайық ағып барады (өйткені ескекшісі жоқ, моторлы да емес). Суда жүзген қабыршағы жазу балық, кальмарлар. Әріде, жер шары қалаларының жиынтық көрінісіндей, жағалау тола иін тірескен, архитектурасы сан алуан көп қабатты үйлер. Ал түсініп көріңіз? («Су ағысымен»);

– Баяғы соғыс бір соғыс. Қырғын соғыс. Өткеннен, тарихтан еш сабақ алмайтын, бірбеткей пенде қақтығысы. Тарих туралы өңі бұзылған, қағыс ақпарат алып, үтірі мен нүктесін, ­дауысты дыбысын дауыссызбен ­шатыстырып, арамейдің грекшеге аудармасын дәл айтпай, ренжісіп, ­тәкаппарсып, нәпсісін тыя алмай қырық пышақ, төбелес. Түкке тұрмайтынға ала ауыз. Не деген кереғарлық? («Вавилон мұнарасы»);

– О баста бір тамырдан жаралған адам баласы өз өмір ағашына су құйып өсіріп әлек. Тап сондай біреулер балталап-шауып, аралап кесіп, отқа жағып, құртып әлек. Суретші ең негізгіні, ауқымды да мәңгіні салуды мұрат ете ме? («Ағашқа оралу»);

Мына заманның бізге несі тән, несі бөтен, несі өзге...

Йә, осынау, әлемді ақылмен танығысы келген суретшінің оқыған кітаптары да мол болса керек. Оның ақылға бай, ойға шүлен картиналары соған меңзейді.

Оның картиналары өзіне магниттей тартып алғанымен, көрген жаннан сауат тілеп, логика талап етіп, құр қолды, жалаң төсті ішіне дарытпай діңкелетеді. Дендей алмағанға суреттері, бейне, эфемерлі, анығын таптырмайтын алдамшыдай. «Бәлен» деп байлау айтуға келмейтін баянсыздай. Өзіне емес, қисынына сендіретін «Қырық өтіріктей».

***

Тағдыры да өз картиналарындағы сызықтардай шиыр-шиыр. «Анапа-Ленинград-Мурманск-Алматы» дейтін, анық та жұмбақ атаулар­дың ара­сында шым-шытырық сызық­тармен жалғасып-үдеп, ұласып-шырмалып жатқаны...

Отбасында сурет өнеріне баулыған ешкім болмаса да, бейнелеу үйірмелері, сурет мектебіне бармаса да, бала кезінде том-том картиналы альбомдар ақтармаса да, қарындаш ұстай алған бозбала қалпымен-ақ, тосыннан, біз оқыған Көркем-сурет графика факультетіне емін-еркін түсіп, оқып-тауысып, суретші болып кете барғаны да бір жосын.

«Люй-Ко» дейтін ныспысы да қызық. Картиналары да...

 Жеңіс Кәкенұлы,

суретші

1267 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы