• Білім және ғылым
  • 09 Қыркүйек, 2020

Бір жапырақ Жақсылық

Дүние тұңғиығына тереңірек үңілген сайын біріне-бірі жалғасып, осы бір түпсіз әлем көз алдыңнан тізбектеліп өте бастайды. Түпсіз әлем жайлы ойлану ой-өрісіңді ашып, іштей қуат беретін қайнар бұлақ сияқты қызмет атқарады екен.
Бұл қызмет жалған ойлардан құралған емес, рухани байлық пен жан дүниеңді көре білу қабілетіңді ашады, соны қалыптастыруға негіз болады. Ойшылдардың айтуынша, «толық адамның бойында жеті түрлі қасиет болуы керек: ізеттілік, әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, мәдениеттілік, төзімділік, шындық». Жан-жағына ойлы көзбен қараған адам, бұл ерекшеліктер кімнің бойында бар, мен оны кімнің бойынан көре аламын деп, айналасына зер сала іздей бастайды.
Мен аңғарған сондай адамдардың бірі де, бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров еді. Ол мінезге бай, кісілік қадір-қасиетке ие, адамгершілігі мол батыр болатын.

Ж.Үшкемпіровтің замандасы, белгілі спорт журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаевтың: «Қазақ қоғамы кімнен айырылғанын білесіздер ме? Білемін дейсіздер, әрине. Күрестен Олимпиада чемпионынан, әлем чемпионынан, Қазақстанның «Еңбек ерінен» айырылдық дерсіздер. Қате жоқ. Бірақ бұлар Жақсылықтың ту сыртынан жазылған, әркім оқи алатын атақ-даңқтары ғана. Бір жапырақ қана батыр жігіттің Отан үшін, ел үшін, ұлт үшін қажет, санасаң санына жетпес, ұлы қасиеттерінің бәрі оның табиғатына жататын. Жақсылық – сөз бен істің адамы еді, екеуін де ар-ұятпен орындайтын! Жақсылық – мақсат қоя білу мен соған жету жолын өз қолымен салып көрсеткен феномен! Жақсылық чемпион болуды ғана емес, чемпион өзін қалай ұстауы керек екенін тұтас қазақ қоғамына сабақ ретінде көрсеткен ұстаз! Жақсылық – Қалқаман Сарин бауырымыз жазғандай, «Қазақ қоғамы ел болып үлгі алатындай алтын тайтұяқ»! Жақсылық – бар ғұмырын халқы үшін өткізе алған сирек тұлғалардың бірі! Жақсылық – қарапайымдылықтың чемпионы! Ол қартпен де, баламен де жүрегін алақанына салып тұрып сөйлесе алатын! Өзін сол көп қазақтың бір шырпысындай ғана көріп, кеуде де кермейтін, талтаңдап жұрттан ұзамайтын еді» дегенінің өзі Жақсылық ағаның бар болмысын аңғартқандай.
Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионының Мәскеу олимпиадасындағы чемпиондыққа үміткер қарсыластарын; үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы румыниялық Александруды, поляк Керпачты, болгар Христовты, венгр Шерештерді шебер техникасымен, шапшаңдығымен, төзімділігімен жеңіп шыққанын теледидардан көріп, онан соңғы әлем біріншілігіндегі, халықаралық жарыстардағы жеңістерін баспасөз беттерінен оқып, алғашқы атына қаныққан кезімізде біз ауылдағы жасөспірім бала едік. Кейіннен облыс көлеміндегі спорт басқармасын басқарған, мемлекеттік қызметтер атқарған тұстарда Жақсылық ағамен танысып, білісіп, араласудың сәті түскен еді. Болат Тұрлыханов атындағы грек-рим күресінен жыл сайын Семей қаласында өтетін турнирлердің бірінде белгілі спортшы, білікті бапкер Алтай ­Танабаев досым «бойларыңыз да, ойларыңыз да ұқсас, аға, сізді ақтөбелік Әділкерей досыммен таныстырайыншы» деп, жақынырақ таныстырған болатын. Қазақ елінің тағдыры мен тарихы жайында тереңнен толғап сөйлейтін, көргені мен түйгенін айтқанда өзінің әлем ­чемпионы, ­олимпиада жеңімпазы ретінде емес, қарапайым қазақ елінің абзал азаматы ретінде тұлғаланып кететін. Зырлап өтіп жатқан мына заман мен уақытты түсіну үшін, ағаны түсіну үшін, Ж.Үшкемпіров сияқты өмір сүру керек шығар деп ­ойлаймын.
Спортта балуандықтың, өмірде адамдықтың бар сырын меңгерген, үлкен жүректі, адал еңбекпен орасан зор табыстарға кенелген адамның барынша қарапайым болуы – тегінің асылдығы мен кісілігінің кемел келбетін, парасат-пайымының биіктігін көрсетсе керек-ті.
Ішкі дүниелері сабақтас, бірін-бірі толықтырып тұратын, ұлттық намысы жасындай жарқылдаған Жақсылық ағам мен Дәулет Тұрлыхановтың арасындағы шынайы сыйластық – көпшілік үлгі аларлықтай, жұрт қызығарлықтай екеніне сан мәрте куә болдық.
«Біз кешегі Қажымұқан, Балуан Шолақтардың соңы болсақ, біздің ізді басқан батырларымыз, мына Дәулеттер. Қамшының сабындай мына қысқа өмірде бір-біріңді бағалап, сыйласып жүріңдер» деп айтатынын, соңынан ерген балуан інілерінің аузынан естіген едік.
Жақсылық аға туралы жазу, адами қасиетін даралау – иыққа түскен мың да бір батпан ауыр жүк сияқты. Жүректен шыққан бұл сөздерді жазу, ойларды жеткізу мен үшін «толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» дегендей, теңіздің қума толқындарындай тұла бойымды қуалай, ойға батырып, жүректі тебірентіп шығады.
Атақты Салқам Жәңгірдің: «...ақылы терең болса, ой түбіндегі түйінді қозғасын, Иманың жалау болса, халқың азбасын» деп айтқаны Жақсылық Үшкемпіровтің де берік ұстанымы болғаны анық. Өткен жылы Казақ күресінен Ақтөбеде өткен әлем чемпионатына құрметті қонақ ретінде ­облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин мырзаның арнайы шақыруымен келіп, өңір басшысына спортты қолдағаны үшін, күрес түрлерінің дамуына қолқабыс еткені үшін, аймақтағы адамдардың салауат­ты өмір салтын ұстанудағы белсен­діліктері үшін ағынан жарыла алғысын айтқан-ды.
Іздеп тұратын, жолыққанда бірге туған аға-інілердей сағыныса қауышатын, өмірінің соңына дейін хабарласуын еш үзбеген Қайыржан Бекенбаев інісінің Жақсылық ағасы туралы айтқан толғамдары да сол ойларымызды толықтыра түседі. Ақтөбе өңіріне келгенде, аңқылдақ ағаның қасында болған Ислам Иманов ағамыз да Жақаңның басынан өткерген қызықты жайттарды әдемі қалжыңмен, жаныңды жадырата, көп әсірелемей шынайы, қызықты жеткізетінін айтқан-ды.
«Сөзіңді түзе, әдетке айналады, әдетің – мінезіңе айналады, ал мінезің – сенің тағдырың» (Шәкәрім Құдайберді) дегендей, қай уақытта да Жақсылық Үшкемпіров сыпайы ғана жымия күліп, қай адаммен араласса да қарапайымдылығынан таймай, әдебі әдетіне, әдеті мейірімді мінезіне айналған асыл тұлға. Жақсы көріп қалған адамына бірден құлай сеніп, оған елі, жұмысы, қазақ спорты, оның ертеңі жайлы үміт арта, сенім білдіре сөйлейтін. Әсіресе басынан өткен Мәскеу олимпиадасына бару жолындағы кереғар көзқарастар мен сондағы кейбір келеңсіз сәттер кейінгі балуандар басында қайталанбаса деп тілек айтып отыратын.
Шығыс данагөйлерінің айтуынша, «Дүниеде үш қиын іс бар: «аз нәрседен жомарттық жасау, оңашада тақуалықтан айырылмау, сен пайда күтіп жүрген немесе сен қорқып жүрген адамның алдында ақиқатты айту» екен. «Аз нәрседен жомарттық жасау» ағамыздың табиғатында бар, қанына ана сүтімен, әке ақылымен сіңген қазақы қасиет деп білемін. Шаруашылығындағы ісін дөңгелете жүріп, көптеген қарапайым қазақ отбасына көмек бергенін ел біледі. Кеудемсоқтыққа салынып, «мен осындай іс істеп жатырмын» деп ел алдына шыққан емес.
Екіншіден, өз сөзінде «Алланың бар екеніне, соған сенетініне» осындай биік дәрежеге жеткеніне бір тылсым күштің әсер еткенін айтып отыратын. Жаратқан иеміз жар болып, ақ адал пейіліне, ниетіне қарай Алла берген, Тәңір қолдаған жан.
Үшіншіден, әрине бүкіл ел куә болған Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, қолынан Қазақстанның «Еңбек Ері» атағын алған­дағы айтқан сөзі, қазақ кәсіпкерлерін ауылды түлетуге шақыруы және де Елбасы қол күрестірейік дегенінде, «...аға сіз күштісіз, сіз әркез жеңесіз» деуі қазаққа тән үлкенді сыйлаудың керемет үлгісін көрсеткен, жарасымын тапқан көрініс еді.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтіп жатқан спорт­тық жарыстарға құрметті қонақ болып шақырылып, қазылар алқасының төрағасы болып жүргенде де Жақсылық ағамыз өзінің қазақи мінезінен, қарапайымдылығынан, әділдік, адалдық ұстанымынан еш айныған емес.
Алғашқы алған мамандығым, ауыл шарушылығындағы мал маманы болғандықтан, атакәсіп жайлы сөзге тартқанымда: «Қазір бір саламен шектеліп қалу жеткіліксіз. Бір адам сан түрлі саланы дамытуға үлес қосқанда ғана еліміз көркейе түседі. Оның үстіне алдыңғы толқын аға ретінде жастарға үлгі болуымыз керек. Сондықтан он жылдан бері отандық ауылшарушылығы саласын дамыту жолында жұмыс істеп жатқан жайым бар. Алматы және Жамбыл облыстарында осы саланы одан әрі ілгерілету бағытында қазақтың төрт-түлігін өсірудеміз. Бұл біржағынан атакәсіпті одан әрі жаңғырту. Өзімнің бастамаммен ашылған асыл тұқымды мал бордақылайтын кешен мен қасапхана қаншама ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, қарқынды жұмыс істеп келеді. Аталмыш мал шаруашылығы қожалығын екінші ұлым Елдос басқарады. Алматы қаласына ай сайын 25 тоннадай ет өткіземіз. Өз елімізбен шектеліп қалмай, Ресейге жыл сайын 200 тонна, Қырғыстанға 200-300 тоннадай ет экспорттаймыз» деп еді.
Атакәсіп туралы, біздің өңірдегі төрт түлік мал тұқымдары жайлы аз да болса әңгімелесіп үлгерген едік. Әсіресе мұғалжар жылқыларына қызығушылық танытып, асыл тұқымды мұғалжар жылқыларынан, қазақы ірі қара малдарынан шаруашылығына алғысы келген де болатын.
«Қазақстанның спорт саласы өте жоғары деңгейде дамып келеді деуге толық негіз бар. Еліміздің әрбір аймағынан жаңа спорт нысандары бой көтеріп, олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Әлемдік спорт додалары да көптеп өтіп жатыр. Бұл жастардың спортқа көптеп тартылуына жол ашты. Қазір көшеде арақ ішіп жүретін жастар ілуде біреу ғана. Басым бөлігі өз кәсібін дөңгелетіп, спортты айнымас серік етіп жүрген жандар. Мұндай жастарды көргенде қалай ғана қуанбайсың?! Сондықтан да қазақ спортының болашағынан үлкен үміт күтемін. Әрі шығар шыңының биік екеніне кәміл сенемін! Сол үшін бір-бірімізге дем беріп, түсіністікпен, жүйелі, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуіміз керек. Ертеңгі олимпиада, әлем чемпиондары сонда шығады» деген-ді көпшілік алдында.
Ақтөбеге соңғы келгенінде Жақсылық ағамыз өте көңілді жүрді, жарысқа қатысушыларға, ұйымдастырушыларға, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге шын ниетімен алғысын айтып, халықтың ықылас-пейіліне риза болды. Алматыға шығарып салуға жиналып тұрғанда да бәрімізбен құшақтасып қоштасып, әрқайсымыздың қолымызды мейірлене, ыстық бір ықыласпен қысып, келесі кездескенше аман болайық деп кеткен ағамыз еді... Артынан көп ұзамай суық хабар келді. Сол қоштасу ағамыздың Ақтөбе жерімен, елімен, бізбен соңғы қоштасуы болған-ау деп ойладық. «Тегі асыл Нар қазақ, болсайшы сіздей бар қазақ...» деп енді тек сағына еске аламыз.

 Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі беріледі. Бұл туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасында көрсетілді. «Нұр-Сұлтан қаласының каласының «Жекпе-жек сарайы» объектісіне «Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы» есімі берілсін. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді» делінген құжат мәтінінде.
Айта кетейік, «Жекпе-жек» сарайы 2019 жылы ашылған. «Жекпе-жек» сарайында балалармен қатар ересектер де жаттыға алады.

Әділкерей Әуелбаев

2282 рет

көрсетілді

265

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы