• Тұлға
  • 09 Қыркүйек, 2020

Неміс карталарының құпиясы

Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының жеке мұрағатымен жұмыс істеп отырып, ойланарлық дерек таптым. Ол 1946 жылдың қарашасында әскери жарғыға өз ұсыныстарын жазған екен. Қағаз өте сапалы. Осыдан жарты ғасыр бұрын осыншама сапалы дүние Кеңес Одағында қайдан пайда болды екен деп үңіле қарасам, қолжазбаның артқы жағында карталардың үзінділері неміс тілінде беріліпті. Карталар 1939–1941 жылдары шыққан. Үлкен карталар қолжазбаларға пайдалану үшін А4 форматына кесілген. Негізі Италия және Түркияның біраз жерлері түскен. Бір таңғаларлығы, карталар түрлі-түсті бояумен басылған. Парақтап қарасам, біздің Қостанай облысынан да картаның кесінділері бар екен. Демек, гитлершілер қазақ жерін де басып алуды жоспарлаған.

Бұл карталар Момышұлының қолына қайдан түсті? Мүмкін... Иә, мүмкін Мәскеу түбіндегі шайқастарда немістердің талай штаб­тық машиналарын ішіндегі құпия құжаттарымен қолға түсірген де болар.
Осы тұста еске 1941 жылдың күзі түседі. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны қорғанысқа дайындалып жатыр. Жау әлі алыста. Бірақ батыс жақтан қашқын солдаттар қаптады. Алдымен бір-екі адамнан, сағат өткен сайын саны көбейе түсті. Жай жүріп өтпеді, өздерімен бірге үрей туғыза келді. Сөздеріне сенсең, фашисті тоқтататын күш жоқ, оны оқ та, снаряд та алмайды. Он бес күн бойы осы көрініс жалғасты. Он бес күн бойы қашқын солдаттар «жау табанымызды басып келе жатыр» деумен болды. Батальонның жауынгерлері алаңдай бастады. Жауды көрмей жатып олардың рухы сынды. Мұндай күйдегі әскермен ұрысқа кіру қауіпті еді.
Енді не істеу керек? Момышұлының тапқан әдісі – көрінбейтін жауды күтпей, оны іздеп тауып, шабуыл жасау. Сонда белгілі болады – олар шынымен қашқындар айтқандай қорқынышты ма, шынымен оларға оқ өтпей ме? Жау қай жерде екенін анықтау үшін комбат барлаушыларды жібереді. 10 шақырым жүреді – фашист көрінбейді, 15 шақырым жүреді – фашист көрінбейді, 20-25 шақырым жүреді – фашист әлі жоқ. Тек 30 шақырымнан соң барлаушылар немістерді көреді. Середа деревнясында. Сол Середаны фашисттер үлкен бір орталыққа айналдырыпты. Қару-жарақ, азық-түлік тарататын пункті екен.
Комбаттың шешімі – батальонның әр бөлімшесінен бірнеше солдат таңдалып, олардан жүз адамдық топ құру. Топ командирі болып адъютант, лейтенант Хабибулла Рахымов, политругі фин науқанының қатысушысы Жалмұхамед Бозжанов тағайындалды. Сонымен, 1941 жылдың 18 қазанында, түнгі сағат екіде батальонның солдаттары бірінші рет нақты жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты. Топ үшке бөлініп, үш жақтан фашистерге шабуылдады. Тәтті ұйқыға батып кеткен немістер күтпеген жерден оқтың астында қалды. Ұрыс бір сағатта бітті. Нәтижесінде топ үш жүзге жуық гитлершілердің көзін жойып, неміс штабының құнды құжаттарын қолға түсірді. Ал осы құжаттардың ішінде жоғарыда айтылған карталар болуы мүмкін бе? Мүмкін.
Қазақтың қайсар ұлына Батыр атағы берілмеуі қолына қару ұстап фашис­термен бірге арпалысқан жауынгерлермен қатар, оның ерлігіне сырттай тәнті болған қарапайым жандардың да қабырғаларын қайыстырды. Мәселен, сол кездегі одақтың құрамындағы Өзбекстан Республикасы Сурхан-Дарын облысының тұрғыны Рыстай Керімжанов 1965 жылы Кеңес Одағы Жоғарғы Президиумының төрағасы Николай Васильевич Подгорныйға хат жазып, ұзаққа созылған мәселенің оң шешімін тауып, көп болып көтерген халық тілегін орындауын өтінеді. Ол өз хатына ­жауапты екі жылдан соң, яғни 1967 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің кадр жөніндегі басқарма басшысы полковник Бобковтан алыпты. Онда былай делінген: «Ұлы Отан соғысы кезінде командованиенің әскери тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, ұрыстарда қайсарлық пен ерлік көрсеткені және Отан алдында сіңірген орасан зор еңбегі үшін Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының бірнеше ордені және медальдармен марапатталды. Соғыс кезінде командование оған Кеңес Одағы Батыры атағын беру жөнінде ұсыныс жасамағандықтан, бұл мәселені енді қарап жатудың өзі артық» деген.
Бобков хатының екінші бөлімі өтірік. КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатында /Қазір Ресей мұрағаты/8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болған полковник Серебряков, кадр бөлімінің басшысы Кондрашов, дивизия военкомы, полк комиссары Лобов, дивизия штабының бастығы подполковник Гофман қол қойған құнды құжаттар сақталған. Онда Бауыржан Момышұлының Мәскеу үшін шайқаста көрсеткен ерліктері жайында тәптіштеп жазылып, Кеңес Одағы ­Батыры атағына ұсынылғаны айтылған. ­Мысалы, Момышұлы батальон командирі кезінде Мәскеу түбіндегі маневрлі қорғаныс ұрыстарына 27 рет қатысты деп мәлімдейді. Генерал-майор Панфиловтың жау қоршауында қалып орындауға жүктеген ­арнаулы тапсырмаларын іске асыру мақсатымен бес рет дивизиядан бөлініп дұшпан әскерінің құрсауында қалды. ­Арнаулы тапсырмаларды орындағаннан кейін ол өз батальоны мен қарамағына берілген басқа бөлімшелерді қоршаудан ойдағыдай алып шығып, адамдар мен техниканы аман сақтады.
Мәселен, 1941 жылғы қарашаның 16 мен 20 аралығында Момышұлы ­батальоны Волоколамск тас жолының бойындағы Матренино теміржол станция­сында жау әскерінің қоршауында қалып, қиян-кескі ұрыс жүргізді. Сөйте жүріп, дұшпанның Мәскеуге шабуыл жасап бара жатқан басты күшін қақ ортасынан бөліп тастады. Осы жағдайды пайдаланып дивизияның бөлімдері келесі ­рубежге сырғып барып бекініп үлгерді. ­Демек, Момышұлы батальонының бұл қимылы дивизияның негізгі күшін шабуылдап келе жатқан фашистердің соққысынан аман сақтап қалды. Осы ұрыстарда батальон 600-дей гитлершілерді жер жастандырды, жаудың алты танкісін жойды. Біраз мүлікпен қатар, құжат тола екі штаб машинасын қолға түсірді. Олардың ішінде немістердің Волоколамск тобының басты күшін ашып беретін өте құпия деген құжаттар да көп еді... Осы құжаттардың ішінде біз іздеп жатқан карталар болуы мүмкін бе? Мүмкін...
Полковник Серебряковтың ­хатын аяғына дейін оқысақ, көп нәрсеге көзіміз жетеді. Мысалы, батальон командирінің ерен ерлігін еске сақтай отырып, генерал Панфилов 1941 жылдың 7 қарашасында оны Ленин орденімен марапаттау жөнінде ұсыныс жасаған. Бірақ ешқандай шешім шықпады. Сондықтан дивизия жаңа басшылары Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынған.
Алғашқы хат 1942 жылдың тамызында КСРО Жоғарғы Президиумына (көшірмесі Казақстан Жоғарғы Президиумына) жіберілген. Хатта көтерілген мәселе оң шешімін таппағандықтан полковник Серебряков 1944 жылы 17 шілдеде КСРО Жоғарғы Президиумына қайтара хат жазады. Ал оның көшірмесін Батырлыққа ұсынылып жатқан қаһарман ұлдарына қолдау көрсетер деген сеніммен Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне жолдайды. Өкінішке қарай, Иван Ивановичтің бұл өтініші де ескерусіз қалып, екі жақтан да тырс еткен жауап болмады...
Қостанай облысының қазіргі өлкетанушылары неміс қартасының кесінділерін қарап, аталған жерлерді табар. Сол кездегі қазақ атаулар латиницамен жазылған.

Бекет МОМЫНҚҰЛ,
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы