• Руханият
  • 09 Қыркүйек, 2020

Жақсылықта жәрдемші болсақ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Кез келген саланы тиісті дең­гейде дамытып, мемлекеттің әлем­дік қауымдастық алдындағы игі бастамаларын ілгерілету жолында уәдесіне адал, жұмысына жанашыр, өз мамандығын кәсіби түрде меңгерген кадрлардың рөлі өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ­Жолдауында осы мәселеге тоқталып, бізге жаңа кадрл­ар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл ма­ман­дардың аса қажеттігін атап өтті.
Біз ауылына қарап, азаматын таныған халықпыз. Елдің ертеңі жолында ерлікке татитын істерге ұйытқы болатын нағыз ерлер емес пе? Халқымыз
«Жаман ердің қайғысы,
Өз отының қасында.
Жақсы ердің қайғысы,
Ауылының басында» демей ме?
Демек, біз өз отының қамын ойлаумен қатар, Отанның ортақ игілігіне қызмет ететін, мемле­кеттік бастамаларды алға сүйрей­тін азаматтарды тәрбиелеп, қанат­тандырып отыруымыз керек. Баршамыз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, бір үйдің баласындай, жақсы істерде бір-бірімізге көмекші болғанымыз абзал.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «...жақсылыққа, тақуалыққа жәр­демдесіңдер. Күнәға және дұш­пандыққа жәрдемдеспеңдер» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп әмір еткен. Жақсылықта тізе біріктіріп, халыққа қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Өйткені адам жаны сауапты істен ерекше қуат алып, қуанышқа бөленеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақ­сыларың – айналасына пайдалы болғандарың» деген. Жақсы адамның бір сипаты – өзгелерге жақсылық жасау.
Президент отбасылық-демо­графиялық ахуалға алаңдаушылық білдіріп: «Өкінішке қарай, ­Қазақ­станда әрбір ­алтыншы ­отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды.
Біріккен ұлттар ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азия­дағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді.
Үкіметке 2021 жылдан ­бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын» деді.
Бұл бастама Жаратқанның қалауымен бала сүйе алмай сарылып, үмітсіздікке бой алдырған қаншама ананың үмітіне қанат бітірді. Бала – отбасы берекесі мен қуанышы. Халқымызда ­«Балалы үй – базар» деген нақыл бар. Сәби үні қаншама жанның өмірін жақсылыққа өзгертіп, отбасы берекесін сақтап қалуда. Бұл ретте «Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асуы кейбір отбасындағы ажырасу мәселесіне нүкте қояды деген сенімдеміз.
«Біздің қоғам еңбек құнды­лықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн. Өкінішке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында.
Алаңдаумен өткен соңғы айларда еңбек етудің баға жетпес қадір-қасиетін жете түсіндік. Кіші медицина қызметкерлері, коммуналдық және қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтар қыруар жұмыс атқарды. Бұл – нағыз еңбектегі ерліктің жарқын үлгісі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жасыратыны жоқ, карантин кезінде қаншама азамат жа­лақысыз демалысқа шығып, отбасы нәпақасына алаңдап қалды. Бұл жағдай кез келген жұмыстың қадірін білу қажеттігін ұқтырды. Біз қашан да өскелең ұрпақтың санасына еңбекпен тапқан нан тәтті екенін сіңдіріп отыруымыз керек.
Алла Тағала ел қамындағы барша азаматқа жар болсын. Ел аман, жұрт тыныш болғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы