• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2020

ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАРЫ

Жанболат АУПБАЕВЖанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Әдетте біз, тілші қауымы, редакциядан тапсырма алғанда: «Мұны қайтсек тез игеріп, өз уақытында оны газетке қалай беріп үлгеруіміз керек?» деген мазасыз сезім жетегінде болатынымыз бар. Сол оймен оны орындаудың төте жолын табуға тырысасың. Ол, мәселен, осы бәрімізге белгілі жай: ізденіс жұмыстарын жүргізу. Соның негізінде өзің кездесетін жанға қоятын сұрақтарыңды әзірлеу. Осыдан кейін барып, оған хабарласу. Жүздесу. Әңгімелесу. Сонымен істі біттіге санайсың. Сөйтіп, болашақ кейіпкеріңмен іштей сырласып сұхбат жасауға немесе очерк-портрет жазуға отырасың.
Бірақ,.. иә, бірақ кейінгі кездері әбден қалыптасқан осы жұмыс үдерісінің өзі уақыт үдесінен шыға алмай қалып жүр. Оған себеп: жоғарыдағы әдіс-тәсілдердің қалыбына салып тұрып орындалған газет-журнал материалдарының жаттандылыққа ұрынғанында. Қайталауға бой алдырып, бірсарындылыққа ұшырағанында. Басқасы басқа ғой... Ал егер журналистің оқырманға ұсынатын дүниесінің кейіпкері, айталық, қарапайым мамандықты меңгерген сағат жөндеуші, етікші немесе такси жүргізуші емес, биік интеллект иесі – руханият өкілдері болса ше?! Онда мәселе тіпті қиын әрі күрделі. Олай болатыны, бұл санаттағы жандардың жұмыс істеу машығы өзгеше. Ойлау жүйесі бөлек. Өмірге көзқарасы да ерекше. Ендеше, олардың осындай сан қырлы әлемін оқырмандарға қалай, қайтіп беру керек? Елге оны қандай түр-пішінмен жеткізу қажет?

Біздің жоғарыдағы: «Тілшілер тірлігіндегі бұрынғы жұмыс үдерістері қазіргі уақыт талабынан шыға алмай қалып жүр» деген сөзіміз, міне, осыған байланысты айтылып отыр, құрметті оқырман. Бұл үшін не істеу керек? Бірден айтайық, мұның жолы жеке адам жөніндегі материалдарды жаңаша жазуға ұмтылу. Тың да соны әдістер табуға әрекеттену. Түрлі формалық ізденістерге барып, мақала архитектоникасын өзгеше өлшемдерге құру. Мәселен, бір туындыны атақты актер не режиссердің айтқан әңгімесінен туған әсермен емес, оны және оның саласын жақсы білетін көрерменнің көзімен беріп көрсек. Сондай-ақ талантты ақын немесе көрнекті ғалым туралы екінші дүниені бұлардың әріптес достарының терең де тиянақты ой-толғамдарымен өріп шықсақ. Үшінші шығарманы суретші, яки, әнші өмірінің ыстығына күйіп, суығына тоңған жанашыр басшы әңгімесі арқылы жұртшылыққа жеткізсек. Сонда бәлкім «дейді-дейді дейді екен» деген ­жаттанды жазбаларға жан бітіп, «әләулайым бітсе, ­халаулайым бар» атты ұзын-сонар өмір­баяндық мақалалар азаяр ма еді, қайтер еді.

Ендеше, тәуекел, өзіміз сөз еткен ­идеяны жүзеге асыруға талпынып көрелік. ­Сонымен... Төмендегі сұхбатымыздың иесі белгілі ­жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлы­ғының лауреаты Ахат Жақсыбаевтың жан жары, ұзақ жылдар КазПИ-де оқытушы қыз­метін атқарған профессор, қаламгердің 55 жыл­дан бергі өмірі мен шығармашылығына тікелей куәгер Клара Теміртасқызы Әубәкірова.

– Әңгіменің кілті ретінде алдымен өзіңізден бір-екі нәрсені анықтап алсақ дейміз. Атап айтқанда ол: «Сіздің ата-анаңыз кім? Қайда өмірге келіп, қандай оқу орнын бітірдіңіз? Мамандығыңыз» деген сауалдар.

– Ақмола өңірінің тумасымын. Бозайғыр мен Күйгенжар, 38-разъезд және Аршалы кезінде біздің әулеттің атақонысы болған жерлер еді. Қазір Алматыда отырып, теледидардан сол елді мекендерді көріп қалсам, жүрегім әлі күнге дейін лүп ете түседі. Себебі онда маған ең ыстық және жақын деген аяулы жандардың келмес күндер­дегі іздері жатыр. Атам Сатыбалды, оның туысы Нұрмақ патша заманында орыс көпестерінен көп нәрсе үйреніп, олармен жақсы қарым-қатынаста болған жандар екен. 1918 жылы Ақмолада Кеңес өкіметі орнап, жеке кәсіп иелерінің дүкен, диірмен, наубайханаларын мемлекет меншігіне тартып ала бастағанда, одан әупірімдеп аман қалады. Ал 1928 жылғы кәмпескеде... Иә, сонда ол кісі жан-жақтан қыспаққа алынып, қатты қиналады. Ақырында өзінің алдын­дағы Кубрин, Қосшығұлов секілді көпестер тағдырын бастан кешпес үшін: «Тәуекел!» деп ел күтпеген бір қадамға барады. Ол жергілікті билікке қолдағы барын өз еркімен беріп, үкіметтен: «Өзіңе, жақындарыңа тиіспейміз» деген қолхат алу еді. Әулетіміздің, міне, содан барып аман қалған жайы бар.

Соның, яғни кеңестердің жергілікті үкіметі тарапынан берілген уәденің нақты көрінісі – әкемнің өмірі. Ол кісі кәме­леттік жасқа жеткенде, шыққан тегіне қара­мастан теміржол саласына жіберіліп, сонда алаңсыз жұмыс істейді. 1941-1945 жыл­дардағы соғыстан аман оралған соң Күйгенжар әскери комендатурасында ­жауапты қызмет атқарады. Одан кейін ­облыс орталығына жақын Вишнев аудандық ішкі істер бөліміндегі жұмыстар...

Мен мектепті, міне, сол жерде, қазіргі Аршалы кентінде оқып бітірдім. Есімде қалған жай: қай сыныпта болсын, қазақ ұл-қыздары өте аз едік. Төңірегіміз тола орыс, украин, поляк, неміс балалары ­болатын. Олардың көше мен кинотеатр, жазғы би алаңдарындағы астамшыл, менмен көзқарастары деген... Білмеймін, сондай жағдайларға байланысты ішкі қарсылық сезімі ме, әлде тумы­сымызға тән намысқойлығымыздан ба, әйтеуір әлгілерден қалайда артық болуға тырысатынбыз. Ол: үсті-басыңды таза ұстап, қай кезде де жігерлі, ширақ көрінуге, сабақты жақсы оқып, оғаш әдеттерден аулақ болуға деген ізгілік үлгілері-тін. Кішкентай күнімізден осындай адамгершілік ұстаным мен белсенді өмірлік бағдарды бойымызға сіңіріп өстік. Ержеттік. Мектепті «Қазақтың ұл-қыздары қандай?» десе: «Міне, мынадай!» деген мақтаумен бітіріп, арман қала Алматыға аттандық. Бұл 1964 жылдың жазы болатын. Ол кезде мен 17 жаста едім.

– КазГУ-дың студенті, болашақ журналист-жазушы Ахат Жақсыбаевпен алғашқы таныстығыңыз. Бұл кісінің курстастары. Алматыдағы сол кездегі әдеби орта. Оны ағамыздың танып-білуге деген ­талпынысы. Енді міне, осы жайттарды өз түсінік-түйсігіңізбен айтып берсеңіз.

– 1964 жылдың қазан айы-тын. Уни­верси­теттегі филология факультеті орыс бөлімінің 1-курс студенттері – біздің күзгі ауылшаруашылығы жұмысына барып келген кезіміз. Сабақ басталған 15 күннен кейін кураторымыздың айтқан сөзіне елеңдесіп қалдық. Ол: «Жазушылар Шыңғыс ­Айтматов пен Юрий Казаков КазГУ-ге келіп, кездесу өткізеді екен» деген хабар. Айтатын несі бар, сол кездері бұл талант иелері бүкіл Кеңес Одағы оқырмандарының аузынан түспей тұрған қаламгерлер еді ғой... Көп кешікпей ол кісілермен кездесу де басталған.

 

КазГУ-дың бас корпусында өткен оған университет оқытушылары мен студенттері ғана емес, сол уақыттағы Алматы зиялыларының көбі келіп қатысқаны есімде. Жүздесуде қонақтар өздерін өте жақсы жақтарынан көрсете білді. Мәдениетті жүріс-тұрысы, жарасымды киім киісі және терең де тиянақты сөздерімен жиналғандарды баурап алды. Жиын соңында Шыңғыс аға Айтматов сол кездегі жазған шығармаларының денін қазақ оқырмандарына шеберлікпен ­аударып жеткізген сыншы, марқұм Қалжан Нұрмаханов рухына бас иетінін айтса, Юрий Казаков Мәскеуден Алматыға келген осы сапарында жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» жаңадан жазылып біткен бірінші кітап – «Ымырт» романымен танысып, аударып көруге ниетті екенін сөз етті.

Осыдан кейін оқырмандардың құр­метті қонақтардан қолтаңба алуы басталған. Екі-үш қатар боп тізілген кезек­тегі қыз-жігіттер алға ентелей көз тігуде. Біреулерінің қолында Шыңғыс аға Айтматовтың «Жәмила», «Бетпе-бет», Юрий Казаковтың «Осень ­дубовых лесах», «Арктур – гончий пес» кітап­тары. Қалғандары сөз етіп отырған қос қаламгердің «Огонек», «Юность» журналдарындағы әңгімелері шыққан нөмірлері мен түрлі дәптер, блокнотты ұстап алған. Ескерткіш үшін қол қойғызып алмақ. Соларға қарап тұрып кезегім жақындағанда ғана байқадым, алдымда орта бойлы, аққұба өңді, қимылы ширақ жігіт тұр. Автограф иелеріне екеуміз қатар жеттік. Ол Шыңғыс Төреқұлұлына жазушының сол жылы Алматыда шыққан «Тау мен дала хикаялары» жинағын, ал мен Юрий Павловичке Мәскеудің ВДНХ кешеніндегі Қазақ КСР-і павильоны ­бейнеленген открытканы ұсындым.

Ахат ағаңды ең алғаш рет осылай көргенмін, айналайын! Одан соң ол оқиға есімнен мүлдем шығып кеткен. Содан 4 айдан кейін, бұл 1965 жылғы қаңтар, университетте қысқы сессия басталған. Ондағы сынақ, емтихандардың бәрін жақсы бағаға тапсырдым. Көңілімнің көтеріңкі болғаны соншалық, жалғыздан жалғыз киноға барғым келгені. Бардым да. Жатақханаға кештетіп оралсам, бөлмедегі қыздардың бәрі ұйықтап қалыпты. Шам жақсам, оянып кетеді. Ренжиді. Осыны сездім де сырт киімімді төсек үстіне қалдырып, портфельмді көтерген күйі үшінші қабаттағы жатақхана кітапханасына беттедім. Ойым – сонда барып, Ақмоладағы әке-шешеме бірінші семестрді аяқтағаным туралы хат жазу. Түнгі сағат 10-11-дің кезі ғой. Оқу залында көп ешкім жоқ екен. Қуанып кетіп шет жақтағы оңашалау орынға жайғастым. Сөйттім де хатымды жазуға кірістім. Міне, сол кезде бүйір жағымдағы алыс столда отырған бір жігіттің мен жаққа жалтақтап қарай бергенін көзім шалып қалды. «Бұл кім?» деймін таңданып. Жазуымды жазып болғанда барып есіме түсті. «Күздегі кезекте көрген жігіт... Иә.., иә, сол!». Ішімнен осылай деп есікке беттей бергенімде: «Тоқтай тұрыңыз, қарындас! Сізбен бірге мен де біраз жерге жетіп қалайын» деген жаңағы бейтаныс жанның әзіл аралас үнін естідім.

...Міне, екеуміз дәлізге шықтық. Ол сөйлеп келеді. Даусы ашық. Жүзі жар­қын. Мінезі қарапайым. Айтқан сөзі­нен ұққаным: Павлодардан екен. Әкесі 1942 жылы соғысқа аттанып, майданнан оралмапты. Анасы мен ағалары бар. Олар сонда. Керекуде. Өзі 1958 жылы орта мектепті үздік бітіріп, туыстарының ақылымен Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға келеді. Байқап қарайды, төңірегіндегі абитуриенттердің дені шаруашылықта жұмыс істеп, әскерден келген жігіттер. Осыны көрген ол конкурстан өтудің қиын екенін сезеді де қабылдау комиссиясына өткізіп қойған құжаттарын қайтадан алады. Сөйтеді де Екібастұзға оралып, ондағы дренажды шахтаға жұмысқа орналасады. Ойы – жалғызілікті анасына жәрдемдесу және оқуға түсердегі бірден бір жеңілдік – еңбек өтілін жинап, өндірісте жұмыс істеді деген жолдамаға қол жеткізу. Жас жігіттің бұл жоспары дұрыс болып шығады. Күндіз еңбек етіп, түнде жатпай-тұрмай ­дайындалып, 1960 жылы КазГУ-дың журналистика факультетіне келіп түседі. Ұмытпай айта кетейін, туыстарының Ахаңа о бастан зоотехник бол деп айтқан сөзді тыңдамауына күтпеген жайт себеп болады. Ол туған ағасы Серікке жерлес жазушы Рамазан Тоқтаровтың жиі келіп жүруі және Екібастұздағы кеншілермен болған қаламгерлер кездесуінде оның ақын Мұзафар Әлімбаевқа жолығып қалғандағы ақыл-кеңесінің әсері еді.

...Осы әңгімелерді айтқан ол мені бөлмеме дейін жеткізіп тастады да жылы қоштасты. Содан бастап таныс болып, келе-келе ағаң мені курстас жігіттерінің қыздарымен бірге Алматыдағы кинотеатр­лар мен концерт залдарындағы мәдени шараларға жиі апаратын болды.

Жоғарыдағы маған қойған сауалыңда: «Ағамыз журфакта кімдермен бірге оқыды? Олардың шығармашылық жолбасындағы бір-біріне әсері қалай болды деп ойлайсыз?» деген сөйлемдер бар ғой. ­Айтайын. Ахаңның курстастары: Үмбетбай ­Уайдин, Қадірбек Уәлиев, Төлен Әбдік, Әнес ­Сарай, Қажығали Мұханбетқалиев, Төлен Қаупынбаев, Ұзақбай Доспанбетов секілді азаматтар-тын. Өзің білесің, кейін бұл ­талант иелері қазақ сатирасының көрнекті өкілі, білгір де білікті театр сыншысы және роман жанрының айтулы шеберлері атанып, әдебиетіміздің ауылына үлкен олжа салды ғой. Мұндағы айтпақ ойым: Ахаттың студенттік кезі міне, осы адамдардың ортасында өткені. Сөйтіп, бұл жігіттермен тізе түйістіре лекция тыңдап, жұп жазбай кітапханаға барды. Түрлі әдеби кештерге қатысып, газет-журнал редакцияларының есігін де жүректері лүпілдеп бірге ашты. Алматыдағы қызмет, шығармашылық жолдарын да қатар бастады.

– 1965 жылғы «Жұлдыз» журналы нөмірлерінің бірінде КазГУ-дың V курс студенті Ахат Жақсыбаевтың журфактағы өндірістік практика кезінде жазған «Екібастұз күнделіктері» атты мақаласы шықты. Бұл болашақ маманның дипломдық еңбегінен үзінді еді. Мұндағы сұрайық дегеніміз: «Сол жазба кейін қаламгерді өндіріс тақырыбындағы «Егес» «Бөгет», «Қорған» романдар сериясына бастаған алғашқы соқпақ жол емес пе?» деген ой ғой. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Менің білетінім мынау. Иә, 1965 жылдың қысында Ахат ағаң: «Бір айлық практикам бар» деп Павлодарға аттанғаны бар. Онда барысымен қала іргесіндегі Ермак ГРЭС-і құрылысына жұмысшы болып орналасады. Бригада мүшелері оның Алматыдағы университетте оқитын студент екенін білмейді. Өздері сияқты жолдамамен келген жастардың бірі екен деп ойлайды. Сіз де мақұлдап, құптайтын шығарсыз, болашақ журналист оның өмірді білсем, өндірісті көзіммен көріп, оның жұмыс үдерістерін көңіліме түйсем деген бұл ойын әбден түсінуге болады емес пе. Ол сол кезден сәл бұрынырақтағы кеңестік баспасөз дүлдүлі Михаил Кольцовтан қалған дәстүр ғой. Өйткені аты одаққа мәлім бұл қалам иесі ел қызығып оқитын дүниелер тудыру үшін өз мамандығын уақытша өзгерту арқылы басқа кәсіп, айталық, шофер болып та жұмыс істеді емес пе. Соның нәтижесінде өмірге келген «Таксидегі үш күн» атты ғажап талдамалы-зерттеу мақаланы кім білмейді?! Демек, журналистикадағы жоғарыдағыдай әдіске еліктеген студент-практиканттың Павлодардағы өндіріс орындарына барып, жұмысшы болып жүріп жазған диплом жұмысы оның алдағы үлкен шығармашылық жолының басы болуы әбден мүмкін. Олай дейтінім, оның 70-80-жылдары өмірге келтірген «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдар сериясы. Бұлардағы бүкіл оқиға желісі, шығарма мазмұны – жұмысшылар. Олардың қиын еңбектері мен күрделі тағдыры. Және... Болмыстары бөлек, іс-әрекеттері ерек осы бір ірі мінезді жандар еңбек еткен тіршілік тегершігі – өндіріс алаңы.

– Ал жазушы мұны неге жазды? Неліктен жоғарыдағы тақырыпқа 15 жыл өмірін арнады?

– Бұл мына мәселеге байланысты ма деп ойлаймын. «Жоқ деп айта алмаймыз, – деген болатын Ахаң 1971 жылы жазушы Оразбек Сәрсенбаевпен үйде отырғандағы бір әңгімесінде. – 30-40-жылдары ­республика индустриясының Балқаш, Қарағанды, Риддер, Шымкент сияқты алып алаңдарында қазақ жұмысшылары болмады емес, болды. Бірақ аз-тын. Оны біз Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғабиден Мұстафиннің «Өмір не өлім» романдарынан жақсы білеміз. Өкінішке қарай, 1941-1945 жылдардағы соғыста және одан кейін сол аздың өзі жоқ болып, майданда қаза тапқан қандастарымыздың орнын ­эвакуациямен келген өзге ұлт өкілдері басып қалды емес пе? Кейін олар өндірісте істейміз деп келген қазақ жастарынан орындарын тартып алардай сескеніп, қиянатты жасап-ақ бақты. Соның салдарынан республикамыздағы зауыт, шахта, карьерлердегі қазақ инженерлері мен жұмысшыларының саны өспеді. Сол уақыттарда олардың қарасы азайып, саусақпен санарлық жағдайға жеткен еді деуге болады».

«Осындай қиын кезде, – деп тағы бір әңгіме айтқаны бар ағаңның 1982 жылы «Жұлдыз» журналындағы әріптес інісі Тұрсын Жұртбаевқа. – Біреулер әдейі ұйымдастырса да жүзеге асуы екіталай жағдай болды. Ол 1957 жылы Алматыдағы тау-кен институтын бітірген бір топ қазақ жігіттерінің Екібастұзға келіп жұмыс істей бастауы еді. Бұл жас мамандар өздерін осындағы өмір жолында сынағылары келді ма, жоқ әлде жаңадан ашылған кен орнына қызықты ма, әйтеуір бәрінің де бойында аталмыш өндіріс алаңына деген керемет бір құлшыныс болды. Құрдас, қатарлас, замандас бұлар сайдың тасындай іріктелген керемет қабілет иелері еді. Бәрі де орысша-қазақшаға бірдей, жанып тұрған от-тын. Ойлары – Екібастұзды көтеру. Арман-мақсаттары – сөз етіліп отырған жаңа кен орнына қандастарымызды көптеп тартып, өңірді өркендету. Осыны алдарына міндет етіп қойған олар уақытпен санаспай еңбек етті. Карьер, шахта, разрездерде күні-түні бел шешпей, асқан төзімділік үлгісін көрсетті.

Осылайша бұл аза­маттар мұнда бір жыл... бес жыл... он жыл жүрді. Бірақ жандарын аямай қанша жұмыс істеп, қанша іскерлік көрсеткенімен, қызмет барысында жоға­ры­ламай-ақ қойды. Әрі кеткенде смена жетекшісі, учаске бригадирі, разрез бас­ты­ғының орынбасары... Осылайша көзге көрінбейтін белгісіз бір күш біз сөз етіп отырған жандардың тауын шағып, үнсіз тежеп ұстады да отырды. Өкініштісі, Екі­бастұзға бұлардан кейін келген басқа қазақ инженерлері де осы лектің күйін кешті. Бұлар да алдыңғы толқын секілді өр мінезді, намысқой жандар еді. Уақыт өте келе жоғарыдағыдай әділетсіздікке шы­дамаған олар басшылық қызмет үшін ай­тысып та, тартысып та көрді. Бірақ қа­лып­тасқан құрсауды бұзу қиын екен. Болмады».

Сөз орайында Ахаңнан аталмыш тақырып туралы жоғарыдағы жайттардан басқа естіген тағы бір әңгімемді айтайын. Мұны ол 1991 жылғы еңбек демалысымызда менің Ақмоладағы төркініме барып, одан Павлодарға беттегенімізде сөз еткен еді. «Өздерін танытатын кезде, – деген болатын ағаң сонда, – еленбей, күш-қуаты мол шақтарында қасақана кері ығыстырылған сол жандардың рухы неткен мықты десеңші. Олар қанша шетқақпай көрсе де өкпелеп не ренжіп Екібастұзды тастап кеткен жоқ. Не көрсек те бірге көреміз деп отырған жайлары бар. Ал сырттан келген талай келімсектер аз уақытта жоғары қызметті иеленіп, қазаққа билік жүргізгенде, сол өңірдің игілігін қазақтан көп көргенде, әрине, күйініп, назаланасың. Қорланасың. Айта беріп қайтемін, Екібастұз кені ашылған 40 жылда бірде бір қандасымыз разрез директоры болып көрмеді ғой. Ал сол уақыт ішінде мұндағы бес-алты осындай құрылымда қаншама директор, бас инженер ауысты. Тек таяуда, егемендігіміздің осы елең-алаңында Екібастұз кен орнынан шыққан бір адам – Аманқос Өтегенов қана «Шығыс» разрезінің директоры қызметіне қол жеткізе алды. Соны көргенде қанша талаптанып, алға ұмтылғандарымен маң­дай­лары тасқа тиіп, ерте қартайған бір кездегі жалын жігер жігіттердің тағдыр­лары ойға оралмай қоймайды. Бұл – үлкен әңгіме, тұтас бір ұрпақтың тарихы. Ал мұны қалай жазбайсың, қалай үнсіз қалмақсың...»

«Иә, – дегенмін мен сонда. Қазір де солай деймін. – Сол өмір, сол оқиға, ондағы түрлі тағдырлар, міне соның бәрімен сонда туып-өсіп, көзімен көрген ол айналыспағанда кім айналысады? Өйткені қаламгерге олар жақын әрі етене таныс дүние емес пе? Бұл пікірді мен кездейсоқ айтып отырғаным жоқ. Ахаңның таяуда, 5 шілде күні «Хабар 24» бағдарламасындағы: «Жұмысшы, өндіріс тақырыбын жақсы білемін. Білгеннен соң жазамын» дегеніне сүйене сөз етіп отырмын. Жазушының 60-жылдары баспасөздегі жұмысшы тақырыбы туралы дипломдық еңбек жазып, 70-80-жылдары қазақтың ұлттық жұмысшы табы мен ондағы, инженер кадрлары жөнінде «Бөгет», «Егес», «Қорған» атты кең тынысты, күрделі оқиғалы романдар сериясын өмірге әкелуінің мен білетін жағдайы осы.

– 70-90-жылдардағы «Қазақ әде­биеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы. Қазақ­стан Жазушылар одағының органы болып табылатын осы басылымдарда Ахаң жақсы еңбек етіп, абыройлы жұмыс істеді. Сөйтіп оған 29 жыл өмірін арнады. Бұл аз уақыт емес. Ендеше ағамыздың Комму­нистік проспект (қазіргі Абылай хан) 105 деп аталатын қасиетті де қастерлі ғимарат қа­бырғасында өткізген сол жылдары­нан қазір нендей жақсы кездерді еске алар едіңіз?

– Бұл сауалға екі-үш ғажап жағдайды айтып, сол өмірлік мысалдар арқылы ­жауап берейін. Ол Ахаңның жоғарыдағы газет-журналда қызмет істеп жүріп, әдебиет алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, өнер-ғылым корифейлері Әлкей Марғұлан, Әбілхан Қастеевпен тонның ішкі бауындай араласып, жақын болғандығы. Оған себепкер әрі жол ашқан жан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Әнуар Әлімжанов еді. Келе-­келе үлкен кісілер де ағаңды жақсы көріп кетті. «Не үшін?» дейсің ғой. Елгезектігі, қарапайымдылығы, уәдеге беріктігі мен қысыр сөзге жоқтығы. Атақты адамдарға бойын үйрете келе ананы-мынаны шешіп берсеңіз деп ол кісілердің басын ауыртпағандығы. Ахаңның айтқандарынан білемін, сол әңгімелерді есіме алсам, жандары ­жаннатта болғыр жарықтықтар үлкен жүрек иелері екен ғой. Сөйлеген сөздері өнеге, жүрген жерлері үлгі, істеген істері аңыз, неткен ғажап адамдар еді десеңізші! Олар үшін ұсақ-түйек нәрсе деген болмапты. Бәріне де назар аударып, соларды тәлім-тәрбие аларлықтай етіп шешіп отырған екен. Оны мәселен Сәбит аға Мұқановтың 1972 жылғы Ашхабад са­па­рындағы мына оқиғадан байқауға болады.

– Түрікмен әдебиетінің классигі Кеминенің 200 жылдық мерейтойы жақсы өтті, – деген-тін сонда Сәбеңе серік ­болып барған Ахаң маған ол жерден оралған соң. – Тойдың алдында да, одан кейін де біздің Сәбеңді қонаққа шақырушылар өте көп болды. Ертең елге қайтамыз дегеннен бір күн бұрын ақсақал жоғарыдағыдай құрметтің бәрінен бас тартып, рақмет айтты. Сөйтті де: «Мына жігіт екеуміз ­Небит Дагқа барамыз. Артық адамның керегі жоқ. Жүргізуші жолбасшы бола алатын шығар» деп досы Берді Кербабаевтан көлік сұрады. Мәшинеге мініп, Ашхабадтан шықтық. Сәбең үнсіз. Жазушының айтқан жері алыста.., тым алыста екен. «Елсіз, иен таудан бұл кісі не іздейді?» деймін төңірегіме елегізе қарап. Сөйтіп отырғанда күн еңкейіп, кеш те батты. Біз етектен қырға, одан жақпартасты құз басына шықтық. Ары қарай көліктен түсіп, жаяу өрледік те тас үңгір аузына келдік. Сонда ғана барып ағамыз: «Мына қақпатастың арғы жағында, – деді алқына дем алып тұрып, – төменге түстетін тепкішек бар. Сонымен жүрсең алдыңнан үлкен көл кездеседі. Сен соны барып көріп кел». «Сіз ше?» дедім мен абдырап. «Мен оны бұрын көргенмін. Сен тамашаласын деп әдейі ертіп келдім. Бар, бара ғой».

Мына сөзді естігенде не дерімді білмедім. Қатты толқығаным соншалық: «Рақмет!» деген сөздің өзі аузымнан шықпай, көмекейіме кептеліп қалды. Сондықтан: «Көңіліңізге шексіз ризамын!» деп іштей күбірлеген күйі алға асыға адымдадым. Үңгірдің қабырғалары кең, төбесі биік, ішіне шам орнатылыпты. Бейне бір жер астындағы метро стансасы сияқты. Тас баспалдақты жіңішке жол түпкірдегі көлге барып тіреледі екен. Суы жылы сияқты. Ол толқын үстінен себезгілей көтерілген бозғылт будан анық байқалып тұр. Осы көріністерге қарап тұрғанымда үлкен шам орнатылған жартастағы жазуға көзім түсті. Одан ұққаным: бұл жер елге сонау патша заманынан бері белгілі болып шықты. Үңгірдің ішіндегі тұзды скалактиттерге қаныққан ауаның көкжөтел мен демікпені емдейтіні, ал түпкірдегі көл суының денедегі қышыма, бөрткендерден айықтыратыны айтылыпты. Осыларды көремін деп үңгір ішінде көбірек жүріп қалыппын. Бір мезетте: «Сәбең күтіп қалды-ау!..» деген ой басыма сап ете түсіп, сыртқа қарай тұра ұмтылдым. Кеткім келмей, көре бергім-ақ келеді. Бірақ... Сыртқа шықсам Сәбең Небит-Даг сілемдеріне ойлана қарап, сол орнында әлі тұр екен. Алғысымды айтып, құшақтағым келді. Бірақ бата алмадым. Таудан төмен түскенде де, одан Ашхабадқа келіп, Алматыға жеткенде де қарт қаламгердің: «Сен көрсін деп әдейі алып келдім» деген сөзі ойымнан кетпей қойды.

Міне, үлкен кісілердің ықыласы. Қамқорлығы. Кеңдігі. «Олармен бірге жүргенде көрмеген нәрсеңнің көбін осылай көреді екенсің» дегені бар ағаңның сол сапардан соң маған. Расында да солай. Оған жоғарыдағы мысал дәлел. Сондай-ақ ол кісілерден білмейтін нәрсеңді білетінің де бар болып шықты. Олай дейтінім, Ахаң 70-80-жылдары одақ басшыларының тапсырмасымен ақсақал жазушы Ғабиден Мұстафинге жиі барып жүрді. Жолыққан сайын қуанып, көңілденіп келеді. Сөйтсем ол жарықтық та бұрын көп сөз болмаған сирек жайт, тың дерек, қызық фактілерді көп айтады екен ғой. Мысалы сол кісі сөз еткен «Жас қазақ» әнінің түп тарихын алып қарайық. 1942 жылдың қысы екен. Қазақстанның бір топ өнер шеберлері Калинин майданы жауынгерлеріне концерт қоюға барады. «Олардың қатарында үгітші міндетін атқарған жазушы мен де бар едім, – депті ағаңа Ғабиден ақсақал. – 8-гвардиялық дивизияға келгенімізде қызыл әскер Рамазан Елебаевқа жолығып қалдық. Жұрт білетін шығар, соғысқа дейін ол елге әншілігімен танылған азамат болатын. Міне, сол жігіт кешкі басқосуда: «Таяуда шығарып едім» деп бізге гармонмен жаңа бір ән орындап берді. «Жас қабірдің басында» деп аталатын бұл туындының сазы сұмдық! Керемет! Кең диапазонмен шырқағанда денеңді дірілдетіп, көзіңе жас келтіреді. Іле-шала бойыңа жігер беріп, қайраттандырады. Бірақ сөзі әлсіз. Осыны байқаған концерт бригадамыздағы атақты өнер иелері ­Елубай Өмірзақов пен Жүсіпбек Елебеков: «Айтары жоқ, ғажап ән! Өкінішке қарай, бәрін мұның сөзі бұзып тұр. Сондықтан сен осыған жаңа өлең мәтінін жаз» деп қолқа салды. Әңгіме ретіне қарай айта кетейін, бұл кісілер менің оған ыңғайым бар адам екенімді білетін. Себебі үлкен әдебиетке келер алдындағы жолым «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Фаэтон» атты өлеңіммен басталған-тын. Содан хабары бар қос өнер шебері салмақ салып қоймаған соң: «Тәуекел!» дедім. Сөйттім де екі-үш күн ойланып жүріп, қайырмасымен қосқанда төрт шумақ өлең жазып бітірдім. Оған «Жас қазақ» деген жаңа ат қойдым. Бұл майдан даласындағы шайқастарда күн сайын оққа ұшып жатқан боздақтардың рухына деген тағзым белгісі еді. Мәтін концерт бригадасы мүшелеріне қатты ұнады. Оны жауынгерлер алдында бірде Рамазан Елебаев, келесіде Жүсіпбек Елебеков орындап, елге Жүсекеңнің өзі алып қайтты.

– Жоғарыдағы әңгімелер барысында Ахат аға екеуіңіздің өмірлеріңіздегі жақсы кездер мен шуақты сәттер ретіне қарай баяндалып, айтылып отырды ғой. Ал қиын­дықтар ше? Ондай жағдайлар болды ма? Болса нендей жайттарға байланысты еді?

– Иә. Болды. Ол сол кездегі біздің ұрпақтың Алматыдағы пәтер мәселесіне байланысты «Одиссей оқиғалары» ғой. Ағаң 1965-1969 жылдары «Лениншіл ­жаста» жұмыс істеп, енді баспаналы болайық деп тұрғанда, «Қазақ әдебиеті» газетінің шақырмасы бар ма?.. Ондағы басшылар берген уәдесінде тұрды-ау... Бірақ үш бөлмелі пәтерге екі шаңырақты – біз бен жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың отбасын әкеп тыққанын қайтерсің. Қатты қиналдық. Қайтеміз, ол кездегі жағдай солай-тын. Мәселен, журналис­тер Нұрмахан Оразбеков пен Төлен Қаупынбаевтың отаулары да біз сияқты бір үйде мінгесіп-ұшқасып тұрып жатты. Соған қарамастан бақытты едік. Олай дейтінім, көршіміз Орекең және Шара жеңгеймен бірге тұрғанымызда тату, ынтымақшыл болдық. Сөйтіп, бес жылда бір рет әй-шәй дескен жоқпыз. Осындай сыйластықпен сол үйден әрқайсымыз жеке пәтер алып шығып, қоныс тойын қатар тойладық. «Мұндай жағдай өмірдегі өте сирек нәрсе» деп риза болған сонда ­замандастарымыз.

Десек те содан кейін қолымызға елден Ахаттың анасын алып, екі баламыз есейіп, ескі үлгімен салынған ол үйіміз бізге тарлық ете бастаған. Міне, сол кезде Жазушылар одағы 40 пәтерлік үйдің құрылысын бастап, оған болашақта көшіп кіретін аға қаламгерлердің тағы сондай баспанасы босайтын болды да 80 үйді бөлу басталды. Естуімізше одақтың басшысы Әнуар Әлімжанов бұған араласпапты. «Ең басты нәрсе – жаңа тұрғын үй құрылысына қажет қаржыны тауып, ақсақал жазушылардан босаған үйлерді қалалық атқару комитетіне бермей алып қалдым. Қалған мәселені өздерің шешіңдер» деп қоғамдық комиссия құруды ұсыныпты. Оған одақтың екінші хатшысы Шерхан Мұртаза мен әдеби қордың директоры Ғаббас Қабышев, сосын кәсіподақ ұйымының басшысы Ахат ағаң кіреді. Әңгіменің қысқасы, әділдік пен тазалық жөнінен бұл кісілер бір-бірінен асып түссе керек, жарты жыл бойы қайта-қайта қаралып, әбден тексеріліп жасалған тізімге ешкім дау айта алмапты. Соны ­секретариатта Ахаң оқып тұрмай ма. Сол кезде оны тоқтатқан Әнуар аға басқарма мүшелеріне қарап: «Жолдастар, мына Ахат өте қарапайым адам, – дейді. – Біз айтпасақ, өзі ештеңе сұрамайды. Сондықтан жаңа үйдегі төрт бөлмелі пәтердің біреуін бұған беру керек». Ешкім үндемейді. Қарсы емес секілді. Сонда ақжүрек ағаң не деген дейсің ғой. «Жоқ, – депті. – Ертең ел комиссия мүшесі болып жүріп өзіне бұрды. Ретін келтірді. Ұятсыз екен дейді. Алмаймын». «Мұның дұрыс емес, – депті төрде отырған Олжас Сүлейменов. – Ойлан». Ахаң үндемейді. Тізімді жалғастырып ары қарай оқи береді. Кешке үйге келіп: «Берген пәтерден бас тарттым» дегенде мен не істерімді білмедім. Өзегім өртеніп кеткендей болды. Үндемей теріс айналдым. Сөйттім де терезе алдына барып, көз жасыма ерік бердім. Қиын сәт деп осыны айтуға болар, сірә.

– Ахаңның кейінгі уақыттағы өмірге келтірген үлкен дүниесі ол ақын Иса Байзақов туралы тарихи-көркем дилогия. Бұл шығарма қалай туды? Енді осы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.

– Иса ақыннан бір ұл, бір қыз қалған ғой. Баласы Ертісті өздерің жақсы білесіңдер. КазГУ-де оқытушы болды. Ал қызы Махпуза М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында артист еді. Әкелері туралы олардың айтқандарын Ахаң көп тыңдайтын. Бертін келе біз Алматының Көктем мөлтек ауданынан жаңа үй алғанда, Махпуза апайдың ұл-қыздарымен көрші тұрып, көп әңгімеге қаныққанбыз. Оның сыртында ағаң Иса Байзақовтың 2000 жылдары Павлодардағы мерейтойына барғанда біраз мәселелерге көз жеткізіп қайтқан. Содан жаңа шығарма жазуды бастады. Мен өз басым Ахаңның бұл туындыны өмірге әкелуін оның туған жерге деген перзенттік парызы деп білемін. Содан кейін ақын жөнінде осы күнге дейін толыққанды еңбектің тумағанына байланысты соған жасалған ұмтылыс деп түсінемін.

...Жазушы жары... Қаламгердің қосағы... Арғы-бергі тарихқа үңілсек, осы бір абзал жандар туралы өмірлік мысалдар баршылық. Мысалы Л.Толстоймен отасқан 48 жыл ішінде 13 ұл мен қызды жарық дүниеге әкеліп, оның 10-ын аман-есен өсірген Софья Андреевна Берсті алайық. Ұрпақ тәрбиелеп, ержеткізудегі қиындық пен үй шаруашылығы машақаты оңай ма? Бірақ соған қарамастан ол кісі қаламгердің өмірге келтірген бүкіл шығармаларының ең соңғы нұсқасын қолмен көшіріп жазу міндетін мойнына алған ғой. Ал Ф.Достоевскийдің зайыбы Анна ­Сниткина ше? Бұл кісі атақты жазушыға барлық жағдай ­жасаумен қатар, қаламгердің әдеби хатшысы және ең сауатты, табанды әрі ешкім алмас­тыра алмас стенографистикасы болған. Енді М.Булгаковтың жан жары ­Елена Шиловскаяға келейік. Ол ғазиз жан қалам­герді қандай да қиын жағдайларда жалғыз тас­тамаған. Әр уақытта жанынан табыла біліп, жұбайының жазу жұмысымен алаңсыз айналысуы үшін театр, баспалармен арадағы келісімшарттарға қатысты ша­руаларды өз міндетіне алған. Бұдан басқа қаламгердің тәулік, апта, ай бойына не іс­тейтіндігі туралы күнделік жүргізіп отырған.

Жазушы жарының жұмысы... Тірлігі...Бұлар, міне, осындай болған. Ол қазір де солай. Оған бүгінде өзімізбен қатар келе жатқан төл әдебиетіміз өкілдері үйле­рін­дегі апа, жеңгелеріміздің өмірі анық дәлел. Солардың бірі – Клара Темір­тас­қызы Әубәкірова. ­Жазушы Ахат Жақсыбаев туралы өзі білетін, өмірдің әртүр­лі жағдайларында соған куәгер болған қалам­гер байқамаған жайттарды байқаған апа­мыздың айтқандары оқырмандарға таным­дық әңгіме болар деп ойлаймыз. Осы тақырыпты ылғи болмаса да алдағы уақыт­та ара-тұра жалғастырмақ ­ойдамыз.

 Нұр-Сұлтан

1425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы