• Cұхбаттар
  • 23 Қыркүйек, 2020

Қаракөз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: Әйел – ұрпақты да, ұлтты да тәрбиелейді

«Отбасын құратын кезде, соңғы сөз қыз баласында. Өйткені ол «жоқ» десе оған ешкім мәжбүрлеп үйлене алмайды. Жоқты бар қылатын да, барды жоқ қылатын да – әйел. Еркекті өсіретін де, өшіретін де – әйел». Бұл біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік көзқарасы. Әнші, тележүргізуші, өнертану ғылымының кандидаты (PhD докторы) Қаракөз Сүлейменова бүгінде қазақ қызының болмысы, қазақ әйелінің ерекшелігі мен отбасы құндылықтары туралы сапалы ой айтып жүрген өнерпаз. Асқар Сүлейменовтей алып азаматтан туып, Досхан Жолжақсыновтай арыстан ерге аяулы жар болған Қаракөз Асқарқызымен оның жеке өмірі мен өнері туралы емес, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі туралы әңгімелестік.

–Қаракөз Асқарқызы, 20 жылдан артық мәдениет, өнер саласы мен қазақ те­леар­насында қызмет етіп келесіз. Ал бойыңызға нағыз әйел болмысын қалай сіңірдіңіз?

–Мен қазақтың  маңдайалды майталман жазушысы, сыншы-драматург Асқар Сүлейменов пен ­жазушы, қоғам қайраткері  ­Алтыншаш Жағанованың отбасында дүниеге келдім. Көзімді ашқаннан көргенім, естігенім, тәлім-тәрбием ғасырлар қойнауынан үзілмей жеткен ұлттық педагогика. Анамның тәрбиесі, әжелерімнің әңгімелері мен әкемнің ұлағаты әрқашан ұлтыма қызмет етуге жетеледі. Төл руханияттың мән-мағынасын ерте ұқтым.

20 жылдан артық мәдениет, өнер саласы мен қазақ телеарнасында қызмет етіп келемін. Отағасы да халыққа белгілі тұлға болғандықтан, ол кісінің бабын келтіріп, отбасы мен бала тәрбиесіне де көбірек көңіл бөлуім керек болды. Сол себепті де, үнемі жүрген жерімде әлеуметтік желіде бала тәрбиесі, қазақ әйелінің болмысы мен қоғамдағы рөлін жас келіндерімізге, қыз-келіншектерге насихаттап жүремін. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі ретінде еліміздің белгілі, әр салаға ерен еңбек сіңіріп жүрген аяулы қыздарымен халық арасында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз.

– Иә, бұл тақырыпқа қатысты тұшым­ды ойларыңызбен таныспыз. Ал ұлт, ұрпақ тәрбиесінде нені негізге алуымыз керек деп ойлайсыз?

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дегендей, алдымен бала тәрбиесін және оларға жан-жақты білім беру мәселесін түзеуіміз керек. Ұлт ұстазы Ахмет ­Байтұр­сынұлы айтқандай: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Балабақша-мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, балалардың бос уақытын игілікті істерге бағыттау, баяғы жазғы пионер лагерлерін қалпына келтіру, ауылдағы мектептердің жаппай жабылуына жол бермеу, ұлттық педагогиканың жалғасын табуы керек.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының ұлттық тәрбиемізде алар орны терең. Әйел ұрпақты да, ұлтты да тәрбиелейді.  Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуі де сол себептен болар. Қоғамдағы әйелдің рөлі, отбасы құндылықтары, қыз бала мен ер бала тәрбиесін ертеден қолға алмасақ, жаһандану заманында ұлттық болмысымыздан айырылып қалу қауіпі туады. Ал ұрпақты, ұлтты тәрбиелеу үшін, жақсы әйелді қалыптастыру үшін қызды тәрбиелеуге тиіспіз. Қыз баланың тәрбиесі отбасынан бөлек, балабақшадан бастау алуы керек. Мектепте қыздарымызды үлкен өмірге бейім­дейтін арнайы қосымша пән болуы тиіс. Сол кезде ғана біз ерте ана атану, баласын қоқысқа ­тастау, зорлық-зомбылық құрбаны болу сынды жағдайлардың алдын аламыз.

– Қазір қоғамда әлеуметтік желілердің қызметі жүріп тұр. Сіздің желіде 400 мыңға жуық оқырманыңыз бар екен. Дені әйелдер шығар... Әйел қоғамды тәрбиелейді дегенді қазір дұрыс қолданып жүрміз бе?

– Иә, әйел қоғамды тәрбиелейді. Олардың еркіндігін қамтамасыз ету біздің міндетіміз. Заманауи қоғамда сөйлеу еркіндігі, жұмысқа шығу құқы жоқ қыз-келіншектеріміз әлі де бар. Олардың жұмыс істеуіне, білім алуына, кәсібін ашып, іс бастауына Үкімет қолдау ­таныту керек. Ұлттық тәрбиемізден ада болмайық десек әжелер, аналар, келіндер институтының жұмысы құжат жүзінде емес, іс жүзінде жандануы қажет. Әйелдерді рухани қолдау, психологиялық көмек беру орталықтары көбейіп, сол бағытта танымдық телебағдарламалар, арнайы тұлғалармен кездесулер ұйымдастырып, әйелдерге бизнесті, қазір міне, онлайн сауданың қызған шағы, соны үйретуіміз қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қоғам болып күресіп, бұл бағытта ер азаматтармен де жұмыс жүргізілуі керек. Өкінішке қарай, бізде ер-азаматтардың санасымен жұмыс істелмейді. Егер әйелдің ішкі арманы орындалып, қалаған жұмысын істеуге мүмкіндік болса, ол үй тіршілігіне де, баласын бағып, ерінің бабын табуға да үлгереді деп ойлаймын.

Дұрыс айтасыз, менің әлеуметтік желіде 400 мыңға жуық оқырманым бар. Дені әйелдер қауымы. Күнделікті өте көп сұрақ аламын. Сондағысы әйелдердің жұмыссыздығы, зорлық-зомбылық көруі, рухани қолдауға зәру болуы сынды ­проблемалар. Жас қыздарымыз күйеуінің тілін тауып, бақытты өмір сүру жолдарын іздейді. Мұның бәрі бір қарағанда қарапайым сұрақ болуы мүмкін, бірақ еліміздің ажырасу жағынан алдыңғы орында тұруы ойландыратын мәселе. Сондықтан біз қыз балаларды да, ер балаларды да қоғам болып үлкен өмірге ерте жастан бейімдеуіміз қажет. ­Отбасы құндылықтарын насихаттайтын телебағдарламалар, кездесулер, онлайн крустар, арнайы тәлім-тәрбие беретін порталдар керек. Көп қыз-келіншектер ішкі күйзелісін айтуға ұялады. Қазақта ұят қашанда күшті. Сондықтан олармен жұмыс істейтін сенім телефондары, медициналық, әлеуметтік, психологиялық тұрғыда көмек беретін онлайн платформалар құрылуы тиіс.

Мұның сыртында ең маңызды дүние – көпбалалы аналардың әлеуетін арттыру. Олар біздің елдің басты құндылығы деп білемін. Әлем елдеріндегі «Ана капиталы» сынды бағдарламаларды енгізіп, көпбалалы аналардың баспана, жұмыс мәселелерін шешіп, әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстауымыз қажет.

– «Еркекті өсіретін де, өшіретін де – әйел» деген ұстанымдасыз. Дей тұрғанмен, желіде тұрмысын, ерін сөгетін әйелдердің мәселелерін ойлайсыз. Бұл ер адамның орны төмендеп кеткені ме, әлде әйелдің әлсіздігі ме?

– Менің түсінігімде әйел заты сезіміне қатты берік болуы керек. Жар етіп сол азаматты таңдағаннан кейін, ең болмағанда өз таңдауыңды құрметтеуің керек. ­Отбасын құратын кезде, соңғы сөз қыз баласында. Өйткені ол «жоқ» десе оған ешкім мәжбүрлеп үйлене алмайды. Бұл – әйелдің таңдауы. Таңдадың ба, келісіміңді бердің ба, онда ыстығына да, суығына да көне білу керек. Сондықтан ер азаматтың беделін көтеру керек. Кей кездері қатты алдына да шығып кетпей, артында да қалып қоймай, қатар жүру керек. Әйел адамның да бір сатыға көтерілгісі келеді. Көтерілу керек, бірақ азаматыңды өзіңмен бірге ала жүр, қолтықтап жүр. Ал үлкен қызметтегі, жетістікке жеткен кез келген ер адамның артында әйелі тұрады, ­жарлары оларға өте үлкен көмекші деп білемін. Олар күндіз-түні күн тәртібімен жүріп жатқандар. Бірақ солардың арасында мүлдем ешнәрсе істегісі келмейтін де, тек қана аптасына бес рет сән салонына барып, күнде кешке тек қана ресторанда тамақ ішетіндер, әсіресе бала-шағасы ­шетелде оқып жатса, сол балалармен күндіз-түні азаматының тапқан қаржысын соған жұмсап жатқандар да бар, өкінішке қарай. Мәселен, мейрамханаға бару керек. Арасында отбасымен көңіл көтеру керек. Бірақ күнделікті осындай жүріс дұрыс деп айта алмаймын. Өйткені қасыңда өсіп жатқан балалары бар. Олар да тек қана осыған дағдыланады.

– Жоғарыда әжелерімнің тәрбиесі деп қалдыңыз. Халқымыздағы «дала конституциясы» деген түсінікке көзқарасыңыз қандай?

– Иә, менің әжелерім ­болды. Анамның шешесі сұлулыққа, заттың жақсысын таңдауға үйретті. Сол ­заманда өзі байдың қызы болған, бала кезінен алтын тиынмен ойнап өскен екен. Сондықтан ол әдемілікті жақсы көретін, былғары шапан, алтын-әшекейлерге мән беретін. Мен де алтынды жақсы көремін, матаның ашық түрлерін қалап, жылтырағы болса, әдемі түймесі болса екен деп тұрамын. Ал әкемнің анасы мені ұстамдылыққа, ерді баптауға үйретті. «Ер адам шаршап келе жатқанда ананы ала кел, мынаны ала кел деп айтпау керек. Ол алдымен үйге кірсін, асықпай ас-суын ішсін, көңілі орнына түссін, керегіңді сосын айтарсың» деп отыратын. Содан шығар, еріме қоқысты төге салшы, нан ала келші деген ұсақ-түйек нәрселерді ешқашан айтпаймын. Шынында да, кез келген «ер-азаматтың көңілі жеті рет жетімсіреп,  сегіз рет семіреді» деген сөз бекер айтылмаған. Жалпы дала конституциясы деген түсінік бар, онсыз өзімізді елестету мүмкін емес.

– Ал ер мен әйел арасындағы қызға­нышты қалай басуға болады? Сіздің отбасылық өміріңізде Досхан ағамызбен сондай қызғаныш сәттері жиі орын алған кездер болды ма?

– Қызғанышты ақыл мен сабырға ғана жеңдіре аламыз. Біздің де арамызда қызғаныш болмады деп айта алмаймын. Біз алғаш үйленген кезде Досханға бір қыздан хат келген. «Сіз маған бір нәрсе айтқансыз, мен сізге ғашықпын» деген сияқты. Не айтып едіңіз деп қана сұрадым, ол кісінің тіпті есінде де қалмаған екен. ­Содан хатты ұмыттық. Қайдан, қашан, қалай деген сұрақтарды қоймадым. Біріншіден, ер адамға мұндай ұнамайтынын білемін. Екіншіден, артық мәселенің не керегі бар... Сосын қызғаныш деген «Біржан сал» фильмі түсірілетін кезде аздап оянды ғой деймін. Мен оған «қалай ойлайсың, сен бәрібір сол белгілі бір күйді бастан кешуің керек қой?» деп сұрадым. Сонда Досхан маған: «Қаракөз, ең алдымен, бұл менің мамандығым, актерлік шеберлігім. Басқа ешқандай әңгіменің болуы мүмкін емес. Менің өмірімдегі Ләйлімім сенсің» деді.

Ал Досханның да маған деген қызға­нышы бар. Бірақ ол кісі ақылға жеңдіреді және білдірмейді.

– Ұлт пен ұрпақ тәрбиесінде қыз баланың рөлі ерекше деп жатырмыз. Қазіргі аналар қыз тәрбиесінде нені ескеру керек?

– Жалпы бүгінгі күні аналар отбасылық өмірге қыз баланы барлық жағынан дайындау керек. Ол, ең алдымен, тұрмыстағы қажеттіліктерді үйрету керек. Тамақ пісіру, үйді жинау, төсектің өзін қалай жинау керек, киімді қалай үтіктеу керегін,  дастарқан жасау үлгісін, жалпы уақытты үнемдеуді үйрету керек. Екіншіден, қызға ата-анасының үйінде уақытша жүргенін, өз үйі бөлек екенін айту керек. Қазір кейбір аналар телефонмен қызының барған жерінің барлық жаңалығын сұрап, біліп отырады. Ең бастысы, қыз тұрмысқа шықты ма, анасы араласпау керек. Мысалы, қыздың үйінде болып жатқан жаңалықтың бәрін білу шарт емес. «Шыққан қыз, шиден ары» дейді дана халқымыз. Ер азаматтың қолынан ұстады ма, не көрсе де сонымен бірге көреді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Индира СӘТІМ

96 рет

көрсетілді

0

пікір
Келесі мақала Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІН ДЕ ЕМДЕДІК

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №43

22 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор