• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2020

ЖҰРТЫНА КЕРЕК БІР ЖАҚСЫ ЕДІ…

Тақымындағы кер бестінің алтын қасты құранды еріне шалқалай жатып, көпшілікке әмір жүргізгісі келетін талай мықтының әуселесі елдің басына күн түскенде білінеді екен. Алқалы топта омыраулап, билік айтқанда ауыздыға сөз, аттыға жол бермейміз. Керіліп-созылған бейбіт заманда шетімізден батырмыз, шетімізден мәтіби. Халықтың басына қара бұлт үйіріліп, сең соққандай есеңгіреген кезде соңғы демі үзілгенше сол бір баладай аңғал, даладай дархан халқының қас-қабағына қарап, тік тұрып қызмет атқарған азаматты қалай құрметтесек те жарасады.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері, кеше ғана арамызда жүрген Мұрат Жарылғапұлы Сарыев осындай ардақты азамат еді. Коронавирус індеті ел ішіне таралған шақта, бар білімі мен ұзақ жылға созылған бай тәжірибесін, атан түйеге жүк боларлық азаматтығын сарқа жұмсап, сырқат жандардың денсаулығы үшін соңғы демі қалғанша арпалысқан марқұм Мұрат Жарылғапұлының өнегелі өмірі – өзгелерге үлгі боларлық. Адам баласымен атам заманнан бірге жасасып келе жатқан талай ізгі құндылықтар салмақсызданып, тек құлқынның қамын ойлап, алашапқын тіршілік үшін жапа-тармағай жанталасып кеттік-ау деп жүргенде, ар-иманын, тектілігін жоғалтпаған азаматтар бар болып шықты. «Құдайдан кейінгі бар үміті – дәрігерлерге қарап телмірген науқастарды қалайша тастап кетемін. Не болса да маңдайыма жазғанын көрермін» деп, жан сақтау бөліміне түскенше ауруханадағы барлық жұмысқа басшылық жасаған Мұрат Сарыев сынды жақсылардың ізгілікті өмірі өзгеше ойлауға итермелейді. Жан-жүрегімен қалаған мамандығымен ғұмыр бойы еңбек етіп, жайлы жер, жылы орын іздемей елдің алғысын алған осындай жандардың барлығына шүкіршілік етесің.
Ол 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген соң жолдамамен Жаңаөзенге келеді. Содан бергі ғұмыры мұнайшылар қаласында өтті. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аласапыран кезеңде еңбек жолын бастаған ол, бар білігін қаланың денсаулық сақтау жүйесінің жандануына жұмсапты. Ортасында беделді, халықтың арасында абыройы жоғары Мұрат Сарыев кезінде Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы лауазымын абыроймен атқарып, мұнайлы өлке тұрғындарының ыстық ықыласына да бөленіп үлгерді. Жаңаөзендіктер өздерінің мүддесін облыс деңгейінде қызғыштай қоритын бір азамат болса, ол Мұрат ­Сарыев деп танып, Маңғыстау облыстық мәслихатының бесінші шақырылымының депутаттығына да сайлады. Жаңаөзеннің көркейіп, гүлденуіне бір басшы азамат еңбек сіңірсе, оның Мұрат Сарыев екендігі де даусыз. «Жаңаөзеннің қатал климатына шыдас беріп, бар ғұмырын осы жерде өткізген Мұрат Сарыевқа жұртшылық дән разы. Қант диабеті сынды сырқаты бола тұра, бас амандығын ойлап, жоқтан өзгені сылтауратып, үйінде жатып алмай, ауруханадағы сырқаттарды емдеп, соңғы демі үзілгенше еңбек еткен мұндай азаматтың асыл бейнесін ұмытпауымыз қажет. Аман болсақ, Мұрат Сарыевтың есімін ұлықтау жолында талай шараларды жүзеге асырамыз» дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров.
Елдің ішінде үлкен құрметке бөленген ­Сарыевтар әулетін көптен білемін. Әулеттің алтын діңгегі Жарылғап ­Сарыев Түрікменстанда дүниеге келген. Сол жақтан арнайы оқу орнын бітіріп, Одақтық деңгейдегі құрылыс нысаны болып саналған Қарақұм каналына басшылық жасаған білікті маманның бірі болатын. Ақбибі ана екеуі алтын асықтай ұлдары мен бұрымды қыздарын елдің бір пайдасына жарайтындай етіп тәрбиеледі. Әсіресе, ұрпағының ішінде Мұрат Сарыев біліктілігімен көпшіліктің көзіне ерте ілінді. Жауапты қызметтің де тұтқасын ерте ұстады. Мұраттың тағы бір ерекшелігі – қай басшы қызметтің тұтқасын ұстамасын елдік мәселелерге қашанда уақыт тауып араласатын. «Ауызбіршіліктен асқан береке жоқ» деген қағиданы берік ұстана білген алтын жүрек азаматтың арамыздан тым ерте кеткені өкінішті.
Дүниежүзін шарпыған пандемия кезінде, жасыратыны жоқ, көптеген жайттарға тереңірек қарай бастадық. Мәселен, орынсыз бәсеке мен аста-төк ысырапшылдықтан гөрі қолдағы барды тиімді пайдалана білгеннің жөн екендігіне көзіміз жетті. Берекені қашыратын дау-жанжалдан гөрі айналаңмен ортақ тіл табысып, кез келген жүкті жұмыла көтерсең ғана жеңіске жететінімізді білдік. Қалаға тығылып, әркімнің босағасында пәтер жалдап, тиіп-қашты табыс тапқаннан гөрі туған ауылдың төсінде мыңғырта мал баққанның пайдасы шаш етектен екендігі өз-өзінен белгілі болды. Сенің денсаулығың үшін қас қақпай қызмет жасайтын ақ халатты жандардың қадірін кеш те болса сезіндік. Иә, олар өздерін «бүгінгі күннің қаһармандарымыз» деп есептемейді. Ардақтасақ, адам жанының арашасы бола білуден артық бақыт жоқ деп санайтын дәрігерлер қауымын ардақтайық.
57 жасында өмірден озған марқұм Мұрат Сарыев көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. «Құрмет» орденіне ие болған нағыз құрметті маман еді. Елімізде «Қазақстанның Еңбек Ері» деген ең жоғарғы атақ бар. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ерекше көзге түскен еңбек майталмандарына табысталады. Тұтас елдің тағдыры сынға түскен шақта, басын қорғалап, пана іздемей алдыңғы лектен табылып, халық үшін жанын пида еткен Мұрат Сарыевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біз сонда ғана өскелең жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті шынайы дарытып, індетпен күрестің алғы шебінен табылып, өмірлерін қиған дәрігерлер қауымының мәртебесін биіктете түскен болар едік.
«Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар» деп ақындар жырлағанындай, Мұрат Сарыев сынды халыққа керек бір жақсының нұрлы болмысын көз алдымызға келтіргенде, ойымызға оралған ойлардың бір парасы осындай. Иә, құдіреті күшті Құдайға да жақсылар керек екен...

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

840 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы